Читать книгу: «Күзгі романс»
Екі бөлімді драма
Негізгі кейіпкерлері:
Сайлау – режиссер, 45 жаста
Назым- Сайлаудың әйелі, 40 жаста
Сюзанна – 35 жастағы әйел
Әлібек – Сюзаннаның бұрынғы куйеуі, 37 жаста
Телефондағы дауыс
Бірінші бөлім
Осы заманғы үш бөлмелі, қалалық жайлы пәтер. Бірақ оның кіреберісі мен залы, есігі ашық тұрған жатын бөлмесінің бір бөлігі ғана көрінеді.
Үйдің іші мұнтаздай таза, жарық. Оның әрбір бөлмесі қазіргі замандық жоғары талғамға сай европалық гарнитуралармен, тұрмысқа қажетті басқа да дүние-мүлікпен жабдықталған. Қабырғадағы үлкен аспалы сағат түстен кейінгі з-ті көрсетіп тұр.
Сахна ашылғанда біз бір қолымен бүйірін таянып, бір қолымен аквариумдағы балықтарға жем салып, залға апарар есіктің қыр көзіндегі кіреберістегі киім ілгішке үстіндегі жұқа ақ сұр плащы мен басындағы сол түстес кепкасын іліп жатқан күйеуі Сайлауға зәрлі мысқылмен көз салып тұрған 40-45-тер шамасындағы оның Құдай қосқан қосағы Назымды көреміз. Оның үстінде – әдемі гүлді халат, аяғынжа – жұмсақ тәпішке.
Сайлау. Кәдімгідей жаурап қалдым-әй!.. 7-ші троллейбусты кемі бір 40-45минут күткен шығармын. Қарын да ашты. Назуша, тамақ дайын ба?
Назым. Ух, жулик, а, жулик!.. Еще ұялмай тамақ сұрайды бұл, ә?!
Сайлау. (Таңырқап). Ау, бәйбіше?..
Назым. Не, бәйбіше-бәйбіше!.. Осындай мәймөңкеңді қойшы!.. Мен саған бүгіннен бастап бәйбіше де, басқа да емеспін, білдің бе?
Сайлау. Ау, жарқыным, сен не деп кеттің?
Назым. Байғұс!.. Нақсүйерің ең болмаса тамағыңды да тойдырып жібермепті ғой. Үйінде мынаған беретін тамағы да жоқ шығар ол сорлының.
Сайлау. Кімнің?..
Назым. Кімнің-кімнің!.. Білмей тұрған шығарсың әбден кімнің екенін!..
Сайлау. Осының бәрін сен шын айтып тұрмысың? Түк түсінсем бұйырмасын.
Назым. Жоқ, сенімен ойнағым келіп, әзілім қысып бара жатқандықтан айтып тұрмын. Ух, жулик, а, жулик!.. Қазір ана киімдеріңді ал да, бұл үйден қараңды батыр! Қандай противный едің, а!? (Жыламсырап). Сен… сен бұрыннан сондай болатынсың!..
Сайлау. Қандай?..
Назым. Өшір үніңді!.. Бағана шашы жалбыраған бір албастының соңынан еріп, «Динамо» стадионына қарама-қарсы тұрған ана бес қабатты үйдің бірінші подъезіне кіріп бара жатыр едің ғой. Сүмеңдеп!… Ол түскі он екінің шамасы болатын. Ал қазір сағат неше?
Сайлау. (Қабырғадағы сағатқа көз салып). Үш…
Назым. Үш-үш!.. Үш болса, содан бері қайда жүрсің?!.
Сайлау. Қайда жүргенде… Қызықсың… Енді жүруге болмай ма?
Назым. Әй, сен бұлтағыңды қой. Одан да шыныңды айт, білдің бе!.. Кім ол?
Сайлау. Кімді айтасың?
Назым. (Күйіп кетіп). Әй, жаңағы күн көзінде жатып қалған шөмеледей сап-сары шашы жалбыраған албастыңды айтам!
Сайлау. Ол менің бір танысым. Досым…
Назым. Досым?! Сен кімді ақымақ қылып тұрсың?! О заманда бұ заман еркек пен әйелдің дос болғанын көрсем, көзім шықсын. Дос дейді-әй бұл!.. Саған дос болуға жарарлық бір еркек табылмады ма бұ дүниеден?.. Әлде мені мүлде жындандырғың келіп тұр ма? Қой, айналайын, менің сенімен жасырынбақ ойнауға уақытым жоқ. Айт шыныңды!.. Әйтпесе бар ғой…
Сайлау. Сенсең де, сенбесең де өзің біл. Біз ол екеуміз былтыр күзде танысқанбыз…
Назым. Былтыр күзде?!.. Ровно бір жыл болған екен ғой. Содан… Иә, айта бер. Мен сені мұқият тыңдап тұрмын. Сен енді бастаған екенсің, бәрін түк қалдырмай айтып шық. Дальше!..
Сайлау. Сен үшін соның бәрі соншалықты маңызды ма? Сол, таныстық…
Назым. Маңызды ма дейді-әй бұл кісіні күйдіріп!.. Егер мен басқа бір еркекпен тал түсте қолтықтасып, бір қаракөлеңке подъезге кіріп бара жатсам, саған маңызды болар ма еді, маңызсыз болар ма еді?!. Айтшы!.. Үндемейсің, ә!.. Ендеше, қазір менің алдымда түгін қалдырмай бар шындықты жайып сал! Бол!..
Сайлау. Онда ана залға барайықшы. Сонан соң айқайламашы, жарқыным. Мына көршілерден ұят-ты. Тіпті… кісінің жанын аласың ба?
(Сайлау аяқ киімін шешіп, залға қарай беттейді. Назым оны тап бастырмай өкшелеп келеді).
Назым. Ұялшағын бұның!.. Айқайлаймын. Білсін жұрттың бәрі сенің кім екеніңді!.. Әйтпесе, ол аңқау бейшаралар қайдан біледі сенің бір саусағын ішіне бүккен арамза екеніңді.
Сайлау. (Залдағы диванға отырып жатып, Назымға жалт бұрылады). Сен кісінің арына тимей сөйлесеңші! Кәдімгі адам секілді дұрыстап ұрсуға да болмай ма?
Назым. (Екі бүйірін таянып, Сайлауға жақындай түсіп). Мен саған дальше деп тұрмын ғой! Қалай ұрсуды сен маған үйретпе, білдің бе?! (Тістеніп). Дальше деймін мен саған!..
Сайлау. Дальше болса… Кәдімгі күз болатын. Сары ала жапырақтар жерге төгіліп жатқан. Дәл осы кездегідей, тамыз ба, қыркүйек пе, анық есімде жоқ…
Назым. Оны бағана айтқансың. Сары ала жапырақтар дейді ғой маған!..
Сайлау. Енді кісінің сөзі бөле бермесеңші! Өзі айт-айт дейді де…
Назым. Ойпырмай-ә?! Жарайды. Жалғастыр.
Сайлау. Әйтеуір Медеуде «Азия дауысы» фестивалі жүріп жатқан Жексен, Мұрат, мен – үшеуміз концерт көріп отырғанбыз. Стадионда. Бір кезде Жексен мен мұрат буфеттен сыра әкелуге кетті де, мен орнымызды біреулер алып қоймас үшін күзетте қалдым.
Назым. (Кекетіп). Әбден шөлдеп қалған екенсіңдер ғой!..
Сайлау. Күн ыстық болатын.
Назым. Саған сол сыраны қақаған қыста әкеп берсе де, бас тартпайсың. Білеміз ғой жайыңды.
Сайлау. Сен мені тыңдайсың ба, жоқ әңгімені осы жерден тоқтатайын ба?
Назым. (Кекетіп). Жо-жоқ, неге тоқтатасың, тоқтатпа, қызық жеріне жаңа ғана келе жатырмыз ғой.
Сайлау. Сонымен арасында сахнаға фестивальдің құрметті қонағы ретінде шақырылған Алла Пугачева шықты да, өзінің әлгі жиі айтатын әні бар ғой, «Күзгі романс» деген, соны орындай бастады.
Назым. Қандай-қандай?!. «Күзгі сүйіс» деген әні бар еді, мүмкін сол шығар… Так, сонымен…
Сайлау. Білмеймін, әйтеуір сол әнді Сюзанна «Күзгі романс» деп атайтын.
Назым. Сюзаннасы кім тағы?
Сайлау. Енді айтайын да…
Назым. (Ызалана мырс етіп). А-а-а, әлгі жалбыр шаш екен ғой! Сюзанна-мюзанна!.. Немене еді әлгі… Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп. О баста Салима ма, Сақыш па – әйтеуір сондай бірдеңе шығар. Сюзаннашылдарын өздерінің!..
Сайлау. Жоқ, паспортында да солай – Сюзанна…
Назым. Ім-м, паспортына дейін тексердім де…
Сайлау. Жо-жоқ. Бір рет аялдамада тұрғанбыз. Кісі көп. Соның арасынша троллейбус келіп қалда да, біздің кісілерді білесің ғой, жұрт бірін-бірі итере-митере есікке қарай лап қойды. Біреу Сюзаннаның сумкасын байқамай қағып кетті. Оның ішіндегілері жерге шашылып қалды. Сол шашылған заттардың арасында паспорты да бар екен. Мен шашылған заттарды жинастырып жүргенде, әлгі паспорттағы жазуға көзім түсіп кетті.
Назым. Шашылып қалған заттарына дейін жинастырып жүремін де. Менің заттарым шашылып қалса ғой, еңкеюге де ерінер едің. Ал қайдағы бір албастының заттары шашылса…
Сайлау. Сен біреудің арына тимей сөйлей алмайсың ба осы?!
Назым. Кімнің-кімнің?!
Сайлау. (Даусын көтеріп, орнынан ұшып түрегелді). Албастың не енді?! Ол да кәдімгі … Сен секілді… нормальный әйел…
Назым. Ойбай, мынау қайтеді-әй! Әй, сенің не қимаң қышып бара жатыр, а? Айтсам, мен сені емес оны айтып тұрмын ғой. Айтпақшы, осы жаңа сен не дедің?
Сайлау. Ол да сен секілді нормальный әйел дедім. Тіпті…
Назым. Тіпті?!. Ал сонан соң… Тіпті менен де артық демексің ғой. Кәне, жоғал, қараңды батыр бұл үйден! Қазірден бастап табаныңды жалтырат!.. Ойбай-ау, бұл бүгіннен бергісі аздай, тіпті дейді ғой маған!..
Сайлау. Сен шын айтып тұрсың ба?
Назым. Болды, сөйлеме! Қазір ана киім-кешектеріңді ал да, қайқай!..
Сайлау. Енді айтып болайын да аяғына дейін…
Назым. Өшір үніңді!.. Керек еді маған сендердің любовный историяларың. Мүмкін сенің маған онымен бірге қалай жатып шыққаныңды да айтып бергің келіп тұрған шығар?!
Сайлау. Түһ, сен де бір!.. Егер сенсең, екеуміздің арамызда дәл сен ойлағандай ештеңе болған жоқ! Қандай мнительный адамсың…
Назым. Немене-немене?..
Сайлау. Мнительный, күдікшіл деймін…
Назым. Ал сенің өзің ше? Сен сондай идеальныйсың, ә!?. Кереметсің, ә?! Сендей еркек дүние жүзінде жоқ, ә?! Ой, қандай противныйсың!.. Мен саған шық дедім ғой бұл үйден!
Сайлау. (Кенет батылданып). Қазір-қазір… Өзімнің де осы үйден қарамды батырғым келіп жүр еді…
Сайлау стенканың есігін ашып, біртіндеп киім-кешектерін, өзіне тиесілі басқа да заттарын жинастыра бастады. (Назымға бұрылып). Менің ана командировкаға шыққанда ұстайтын польский қара чемоданым қайда?
Назым. Мен сенің чемоданыңның күзетшісі ме едім? Тап өзің керек болса! Вообще, енді сен менен бірдеңе сұрағаныңды қой, біз екеуміз бүгіннен бастап айырылысқан адамдармыз!..
Сайлау. (Костюм-шалбарын, көйлек-көншектерін, іш киімдерін, шұлықтарын диванның үстіне пәттелеп қойып жатып). Жарайды, жарайды!.. Так… Заттар түгенделген сияқты. (Үстіндегі костюмінің қалтасын қарманып). Паспорт – қалтада. Енді чемоданды табу керек.
Жан-жағына алақтап сәл тұрды да, жалма-жан астына орындық қойып, антресольдің ішін ақтара бастайды.
Назым. Ақтарма оның ішін, әдемі жинаулы тұрған заттарды бүлдіресің, бүлдіргі!..
Сайлау. Мен чемоданды іздеп жатырмын.
Назым. О жерде жоқ чемодан!…
Сайлау. Айтсаңшы енді, қайда?
Назым. Бүгіннен бастап біздер айырылысқан адамдармыз, менен енді ештеңе сұрама дегенім қайда жаңа ғана!? Не қылған кещесің!
Сайлау. (Басын шайқап, орындықтан түсіп жатып). Не деген мәдениеттілік!..
Назым. Мәдениетің өзіңе, білдің бе! Еще бұған мәдениеттілік керек!
Сайлау басын шайқаған күйі келесі бөлмеге қарай бет алды. Чемоданды іздеуге. Арғы бөлмеден чемодан іздеп жүрген Сайлаудың тасыр-тұсыры естіліп жатады. Арада 2-3 минут өткенде қолына спорттық сумка ұстап, залға қайта оралады да, сумкаға жаңағы диванның үстінде тұрған киім-кешектерін пәттелеп сала бастайды. Алайда, оқиғаның барысын мұқият бақылап тұрған Назым күйеуінің бар еңбегін жоққа шығарып, оның қолындағы сумканы жұлып алады да, ішіндегі заттарды қайтадан диванның үстіне ақтарып тастайды.
Назым. Тиюші болма бұған! Бұл – Арманжанның тренировкаға апаратын сумкасы!..
Сайлау. Чемодан болса жоқ, ал сумканы тағы бермейсің. Сонда мен мына киім-кешектерімді қайда салуым керек?
Назым. Қайда салсаң онда сал! Қапқа сал, дорбаға сал! Арманжанның сумкасына тиісуші болма!..
Сайлау. Оу, жарқыным! Осы үйге менің де бір сумканың құнына татырлық еңбегім сіңген шығар?..
Назым. Ешқандай да еңбегің сіңген жоқ! Пә»терді де он жыл кезекте тұрып өзім алдым. Мебельді де, бәрін де! Ең ар жағы телефонға дейін өзім құрғыздым ғой. Өтірік деші!.. Ал сен жүрдің ана шуылдақ әртістеріңді ертіп, гуляйтты салып! Зөіңше режиссермін, ондаймын-мұндаймын деп көкіректенесің. Ал қолыңнан түк келмейді. Міндетсіп тұрғаның менің етігімнің бір сыңарына да жетпейтін қайыршының асындай айлығың ба?! Ол өзіңнің ішіп-жеуіңнен де ауспайды, білдің бе! Өмір бойы менің мойныма мііп алғансың, ал мен байғұс осының бәрін тірнектеп жинаумен келемін. Арамтамақ!..
Сайлау. Так-так!..
Назым. Не так-так!.. Жиырма жыл театрда жүргенде ең болмаса жөні түзі бір спектакль қойсаң екен-ау! Кілең бір халтура! Өңшең бір – ах-ох!.. Уһ!.. Жалған патетика, өмір шындығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өтірік сюжеттер!.. Жөнді-жөнсіз айқай-шу, тасыр-тұсыр!.. Кілең бір Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Айман-Шолпан!..
Қай ғасырда өмір сүріп жатырсыңдар, жаратқандарым-ау?! Тым болмаса айналаларыңа бір мойын бұрып қарасаңдаршы! Өмір танымастай өзгерді, өзгермеген сендер ғана! Қазір Қазақстанда – капитализм, жан алысып, жан беріскен бәсеке, бірін-бірі жеп қойғысы кеп жанталасып жүрген адамдар, в конце концов свободный рынок! Ал сендердің театрларың ше? Сендердің театрларыңда – сол баяғы сүйегі әлдеқашан қурап қалған феодализм мен социализм… Кісінің жүрегін айнытатын жылымшы романтика! Прагматикалық салт-сана, ХХ ғасырдың соңындағы қатал өмір шындығы қайда?! Ол атымен мүлде жоқ! Жоқ и все… Өйткені сендер шеттеріңнен кембағал бейталанттысыңдар, примитивсіңдер! Өткенді ғана малданып әбден жаман үйренгенсіңдер, ал өздеріңнің қолдарыңнан жаңа бірдеңе жасау мүлде келмейді. Соған қарамай еще кеуделерің аяққаптай!
Не аузыңды ашып аңқия қалдың?!
Сайлау. Айт, айта түс! Мен өзім білмей жүрсем, сен әжептәуір сыншы екенсің ғой. Сені біздің театроведтермен таныстырып қою керек екен өзі.
Назым. Керек еді маған сенің сыншыларың!.. Сендерді бар ғой… бәріңді ана қызметтеріңмен қуу керек! Әлгі кім еді… Әртістер, драмттургтер сыншылар, ғалым-палымдар – бәріңді-бәріңді!.. Өйткені қоғамға титтей пайдаларың жоқ арамтамақсыңдар өңшең! Қолдарыңнан жоғарыдағы бастықтарға жағымпазданғаннан басқа түк келмейді. Дәмететіндерің – атақ, аброй, ақша және бір кішкентай кресло!.. Сөйтіп жүріп сендерден өнер, ғылым қайдан шығады, а, айтшы кәне?!
Сайлау. Сонда, сеніңше, Қазақстандағы бүкіл театрларды, ғылыми мекемелерді, тағы не еді… Иә, жоғары оқу орындарын, лабораторияларды – бәрін түгел жабу керек пе?
Назым. Іһ… Жапса несі бар екен?! Егер мен үкімет басшысы болсам, дәл солай етер едім! Мысалы, тап мына сенің орныңда Англиядан, как ни как Шекспирдің Отаны ғой, – бір-екі режиссер, драматург, ал ана сенің шуылдақтарыңның орнына Голивудтан бірнеше әртіс алып келіп, бәріңді түріп айдап шығар едім! Ал олар болса, Құдайға шүкір, өнерді де, нарықтық бәсекені де сендерден әлдеқайда жақсы біледі.
Сайлау. Үкімет басшысы болсаң, біздерді қоңыз тергізіп, қаңғыртып жіберетініңе шүбәм жоқ. Ал енді сонда ана жүздеген, мыңдаған ғылыми мекемелерді, онда істейтін қызметкерлерді қайтесің? Сен жалғыз театрда істейтіндерді ғана емес, жалпы, интеллигенция қауымын иттің етінен әрмен жек көресің ғой.
Назым. Оларды да түріп айдап шығу керек! Сендердің бәрің бір сорттансыңдар!.. Ал ғылыми мекемелерге, жоғары оқу орындарына келетін болсақ, олар жұмыстарын жалғастыра береді. Оларға біз ана Америка, Жапония, Англия, Франция,Сингапур, Қытай тағы да басқа алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің ғалымдарын шақырып әкеп, орналастырамыз. Дамытсын қазақтың ғылымын!.. Ақшаларын төлейміз дұрыстап, ақша болса, бәрі болады, білдің бе?!
Сайлау. Түсіікті, түсінікті… Бірақ олар сенің ана жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы жекеменшік дүкеніңнің ішіндегі заттар емес шығар.
Назым. Немене дүкен-дүкен!.. Біле білсең, сол дүкеннің арқасы шығар сенің осылайша талтаңдап жүргенің. Оны да мен аштым ғой талай чиновниктің есігін адақтап жүріп!.. Біреуін әкелеп, біреуін көкелеп. Қанша жүйкем, денсаулығым құрыды сол дүкенді ашқанша!.. Сен жүрдің шуылдақтарыңмен бірге анда-мұнда гуляйттап! Айтып отырмын ғой, сендердің бәріңді түріп айдап шығу керек деп! Сендер нағыз бүлдіргісіңдер!..
Сайлау. Сендерің кім сонда? Әлгі әртістер, ғалымдар, драматургтер, тағы кім еді, иә-иә, режиссерлер ме?..
Назым. Иә-иә, нақ солар!..
Сайлау. Ол енді қиындау болар. Оларды сен секілділердің талайы ғасырлар бойы қуғындап, бірақ ақыр аяғында түк шығара алмай, шаршап қойған. Айналаңа назар салшы, кімдердің ескерткіштері тұр біздің қаламыздың алаңдары мен скверлерінде, демалыс парктерінде?!. Бәрібір адамзатпен бірге мәңгі жасасып келе жатқан солар емес пе?
Назым. Өліп қалғаннан кейін қойылған көктастар кімге дәрі?! Маған бәрі тірімде керек, білдің бе?.. Ал, между прочем, ондай ескерткіштер бар ғой саған бұ дүниеде де, о дүниеде де қойылмайды. Іһ!.. Ызғыған режиссер мен әртістің бәріне бір-бір ескерткіштен қойсақ, сау-тамтығымыз қалмас! Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметі бойынша, Қазақстан адам индексінің дамуы жөнінен жер шарындағы 191 мемлекеттің ішінде 83-орында тұр. Демек, біз Африкадағы, Оңтүстік Америкадағы кейбір дамушы елдердің қатарындамыз. Сондықтан ондай сән-салтанатты біздің мемлекетіміздің бюджеті көтермейді. Енді түсінікті шыған саған?!
Сайлау. Маған ешқашан ескерткіш қойылмайтынын мен сенсіз де жақсы білем. Мәселе мен туралы емес, жалпы, өнер, ғылым жайында емес пе. Сен қазіргі замандық бизнестің озық ойлы өкілісің ғой, қалайша осындай жай нәрселерді түсінбейсің? Таңым бар. Әлде…
Назым. Әлде-әлдеңді қойшы, осы кісінің жынын келтірмей! Әй, айтпақшы, осы саған ерегіскенде, сондай ескерткішті мына мен өзіме дәл күні ертең орнатайын ба?
Сайлау. Мына сен бе?!
Назым. Иә, мына мен, Назым Еркеболатқызы.
Сайлау. Так-так, құлағым сенде…
Назым. Сен кісінің сөзін бөле бермей, дұрыстап тыңда. Құдайға шүкір, жаңағы сен айта беретін жекеменшік дүкенінің арқасында мен де қолында билігі бар, влиятельный таныстардың жеткілікті екенін өзің жақсы білесі. Ертең саған ерегіскенде қалалық әкімшілікте істейтін солардың біреуіне барамын да, – как раз біздің дүкеннің алдында бұрын шашлычный болған бір шағын алаң бар, – тап сол жерді ойып тұрып сатып алам. Сонан соң әлгі сенің Ермек деген бір бұйрабас, ішкіш скульптор жолдасың бар еді ғой, соған заказ беремін. Бейшара қазір болса да жұмыссыз қаңғып жүр ғой, мен бар шаруаны жиып тастап осы іске кірісем. Ертеңнен бастап! Осы келмей ме менің қолымнан, айтшы, а?!
Сайлау. Келеді-келеді. Бірақ мен бір нәрсеге түсіне алмай тұрмын.
Назым. Неғып сен осы бүгін бәрін түсіне алмайтын бола қалғансың! Әшейінде ауыздыға сөз бермейтін ақылдың кені данышпан едің ғой.
Сайлау. Айтайын да енді…
Назым. Айт-айт, бүлдіргі! Бүгін бар білгеніңді, көргеніңді айтып қал. Бүгіннен кейін сені желкемнің шұқыры көрсін!
Сайлау. Комплименттеріңе рақмет. Айтсам, мәселен, егер Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш тұрғызыла қалса, онда ол ескерткіш қазақ поэзиясының әрі соншама нәзік, әрі соншама өршіл рухын бір бойына жинақтаған асқақ жанның мәрмәр бейнесі көзге елестер еді, ал композитор Шәмші Қалдаяқовқа…
Назым. Әй, сен қойшы осындай әсіреқызыл, қысыр сөздеріңді! Кілең осылай жалпылама кетесің. Айтсаң, айтсаңшы былай… по существу, конкретно. Причем бұ жерде Мұқағали, Шәмші, әңгіме мына мен хақында болып отырған жоқ па?
Сайлау. Жоқ сонда енді сенің ескерткішіңнің жалпы нобайы қалай болмақ? Бұл өнер туындысының негізгі идеясы қандай шығармашылық концепцияға сүйенбекші сонда?
Назым. (Мырс етіп). Жалпы сен бар ғой, Құдай біледі, әбден қияли болып біткен адамсың. Маған ешқандай идеяның қажеті жоқ: әлгі сенің скульпторсымағың менің өзімді айнытпай бейнелесе болды. Жалпы, идеалист деген сөздің өзі идея дегеннен шыққанын сен білетін шығарсың. Ал мен миы шатасып кеткен идеалист емес, реалист адаммын. Бітті. Точка. Басқа сөздің керегі жоқ.
Назым бір орындықты бөлменің ортасына алып шығады да, оның үстіне шығып, өзінің болашақ ескерткішін бейнелеп қақиып тұра қалады.
Міне, дәл осындай болса болды. Ешқандай идеяның керегі жоқ.
Сайлау. Иегіңді сәл-пәл көтеріңкіре. Сонда салтанаттылау болады.
Назым. Ал… (Иегін көтереді).
Сайлау. Енді оң қолыңды көтеріп, біз секілді төменгі пақырларға бақытқа барар жолымызды сілтемейсің бе?
Назым. Ондай кеңесің өзіңе. Мен өйтетіндей коммунистердің көсемдерінің бірі емеспін. Фантазиясының жеткен жерінің түрін! Кілең штампқа, трафаретке еттері өліп кеткен.
Орындықтан түседі.
Сайлау. Енді көсем болмасаң да, қазіргі замандық бизнес лидерлерінің бірі емессің бе?!
Назым. Тоқтат бос сөзді! Әй менің саған бұл үйден кет дегенім қайда мана?! Ойбай-ау, мынау маған бірте-бірте мәміле айтып келе жатыр ғой тіпті…
Сайлау. Так… чемоданым қайда менің, чемоданым?.. (Тістеніп). Польский чемодан… Жалпы, берекесі кеткен бұл үйден бірдеңені табу мүмікн емес. Тіпті түйе жоғалып кетсе де табылмайды. Үнемі осы көрген күнің.
Аласұрып, чемоданды іздей бастайды.
Назым. Күңкілдеме, күңкілдеме!.. Сен әлі тауда ойнап жүрсің. Салулы төсек, салқын үй… Сюзанна-Мюзаннаңа барғаннан кейін көрерсің әлі көресіңді.
Сайлау. Ол… Ол сен секілді аузына не келсе соны айтпайды. Жаны нәзік, мәдениетті адам. Әкесі де, шешесі де мұғалім, нағыз интеллигенттер семьясынан шыққан. Ғылым кандидаты, институтта сабақ береді.
Назым. Імм, жаны нәзік, интеллигент адам де!.. Бәсе-бәсе, бір-бірлеріңе неғып ынтыға қалды десем!.. Соқыр атқа қотыр ат үйір демекші, ол да интеллигентсымақ екен ғой! Подумаешь, әкесі де, шешесі де мұғалім!.. Әй, сен сонда менің қойшының қызы екенімді подчеркивать етіп тұрсың ғой, ә?!.
Сайлау. Жоқ, сен өйтіп танба. Менің әкемнің ауылдан жіберген соғымын жылы үйде жатып алып талай кертіп жеп едің! Қарашы-ей, мынаның енді айтып тұрғанын!..
Сайлау. Мен олай деген жоқ дедім ғой саған! Не деген мнительный адамсың…
Назым. Немене-немене?!.
Сайлау.Не деген мнительный, күдікшіл адамсың деймін…
Назым. Ал сен керемет идеальный адамсың, ә? Сендей кркек жер жүзінде жоқ, ә? Өй, қандай противныйсың!..
Сайлау. Ал Сюзанна керісінше маған сен керемет, жаны жайсаң, ақ көңіл, жомарт жансың дейді.
Назым. Мына тап саған сондайсың дей ме?
Сайлау. Иә, тап мына мені айтады.
Назым. Жалпы, сенің соныңның бар ғой, бір шаригі жетіспейді, Құдай біледі.
Сайлау. Кімнің шаригінің жетіспейтінін әлі де байқап көру керек болар. Сен манадан бері оның сыртынан қаншама ғайбат сөз айттың. Ал Сюзанна болса үнемі маған: «Сайлау, сен жұбайыңды ренжітпе, сыйла, ол сенің балаларыңның анасы ғой» дейтін.
Назым. Керек еді маған соның жанашырлығы!.. Біреудәің сүттей ұйып отырған семьясын бұзған біреуді әлдеқандай қылады ғой маған!
Сайлау. Біздің екеуміздің арамыз әлдеқашан сүттей ұйып тұрмаған болатын. Біз тек инерциямен ғана бірге өмір сүріп келе жатқанбыз. Ал, Медеудегі сол концерт оны айқын дәлелдеді.
Назым. Бұрын кім білген, сенің ішің жатқан бір таусылмайтын қазына екен ғой! Сен бүгін менің ойым түгіл түсіме кірмеген жаңалықтардың бірінен соң бірін ақтарып жатырсың. Иә, сонан кейін… Сеің әлгі әбден шөлдеп қалған достарың оралды ма ақыры буфеттен№ Жоқ, со беттерімен жоғалды ма?
Сайлау. Біразға дейін оралған жоқ. Мана айттым ғой, Сахнаға Алла Пугачева шықты деп. Ол әлгі «Күзгі романс» деп аталатын әнді айтып тұрды. Бір кезде қарасам, менің жанымда отырған бір бейтаныс келіншек, – ол – Сюзанна болатын, – үн-түнсіз жылап отыр.
Назым. Е, аяқ астынан оған не болып қалыпты?
Сайлау. Сенде шыдам деген бола ма өзі? Кішкене шыдасаңшы. Айтайын деп келе жатырмын ғой. Жаным ашып кетті бір түрлі. Мен оның жанына жақындаңқырап: «қарындас, сізге не болды? Әлде бір жеріңіз ауырып отырған шығар, бәлкім, «жедел жәрдем» шақыру керек болар»» – дедім. «Жоқ ағай, ештеңені шақырудың қажеті жоқ, – деді ол басын шайқап. – Мен, жалпы, өзі жаратылысымнан осындай әсершіл жанмын». Сол кезде жексендер де жетті аларын алып. Біраздан соң ымырт үйіріліп, қараңғылық түсті. Концерт бітті. Қайтарда мен Сюзаннаны үйіне шығарып салдым. Біздің жақта тұрады екен. Осы арадан жақын. Бес-алты-ақ аялдама жер.
Назым. Жақыны жақсы болған екен. Әйтеуір кейде кешке қарай ізім-қайым жоғалып кететінің бар еді-ау…
Сайлау. Түу, сен бар ғой, бірдеңе болса оны міндетті түрде жаман нәрсеге жорисың. Нансаң…
Назым. Нансаң-нансаң!.. Нанбаймын мен саған ешқашан! Сен сол екеуміздің арамызда ештеңе болған жоқ демексің ғой. Сондай ертегіге мен ақымақ болып сене қалсам, иә?!. Әй, бірақ тек шыныңды айтшы. Егер шыныңды айтсаң бар ғой, менің бәрін кешіріп жіберуім мүмкін тіпті.
Сайлау. Шынымды айтсам, бірде Сюзанна екеуміз оның пәтерінде ептеп шарап ішіп, музыка тыңдап отырғанбыз.
Назым. Тағы да әлгі Пугачеваны ма?
Сайлау. Иә.
Назым. Со қатын сендердің миларыңды мүлде айналдырып жіберген ғой деймін. Ия, айта бер…
Сайлау. Бір кезде музыкаға елтіп кеткен ол менің мойнымнан құшақтады да, ернімнен әлсіздеу, солғын ғана сүйді. Нансаң, бар болғаны – осы.
Назым. Тым аз екен. Солғын ғана деймісің?..
Сайлау. Иә.
Назым. О, тоба, сондай да сүйіс болады екен!?.
Сайлау. (Күмілжіп). Қалай десем екен… Бәрібір сен оны түсінбейсің.
Назым. (Тұншығып). Әрине-әрине!.. Мен оны қайдан түсінейін. Сен секілді ерігіп, көрінгенмен сүйісіп жүр деп пе ең мені!.. Менің… менің ана екі бала мен сені қайтсем адам қылам, қайтсем ішіндірем-киіндірем деп жарғақ құлағым жастыққа тимей келе жатқан жоқ па өмір бойы. О, күйдіргі-күйдіргі! Ана Сәулеш пен Арман келмей тұрғанда қараңды батыр бұл үйден!
Назым жау қуғандай шалт-шалт басып, келесі бөлмеге кетеді де, көп ұзамай Сайлау көптен күткен польшалық қара чемоданды оның алдына лақтырып тастайды.
Мә, чемоданың!.. Енді менің көзіме көрінуші болма! Бар!..
Сайлау апыл-ғұпыл заттарын чемоданға салып алып, сырт есікке қарай беттейді.
Сайлау.(Костюмінің қалтасынан қарманып). Так… Паспорт – қалтада, заттар – чемоданда.
(Назымға бұрылып). Ал, жақсы… Бірақ есіңде болсын: енді қайтып мен осы үйдің есігін қайта ашады деп ойлама!..
Назым. Бар-бар!.. Жоғал! О-о-о, бүлдіргі-бүлдіргі!..
Сайлау сыртқы есікті тарс жауып, шығып кетеді. Назым екі қолымен бетін басып, залдағы диванға сыоқ етіп отырып қалады. Оның құлағына алыстан сыңсып осы жанжалға себепші болған Алла Пугачеваның «Күзгі сүйіс» әні талып жеткендей болады.
Екінші бөлім
Шымылдық қайта ашылғанда біз Сюзаннаның есігінің қоңырауын басып тұрған Сайлауды көреміз. Үстінде – өзімізге бұрыннан таныс жұқа ақ сұр плащ, басында – сол түстес кепкасы. Аздан соң есік ашылып, Ар жағынан Сюзаннаның басы қылтияды. Оның үстінде – үй ішіне киетін бояуы оңыңқырап кеткен ескілеу бомази халат.
Екі бөлмелі қалалық жайлы пәтердің дәлізінде екеуі бір-біріне қарап, әуелі сәл-пәл үнсіз тұрып қалды. Есігі ашық тұрған ас үй жақтан музыка үні естіледі. Қазақ радиосы халық әндерінен концерт беріп жатыр.
Сюзанна. (Сәл-пәл таңырқап). Сайлау?!
Сайлау. Кіруге бола ма?
Сюзанна есікті шалқайтыңқырап ашып, Сайлауға жол береді.
Сюзанна. Әрине.
Сайлау ішке енуін енгенмен, кіре берісте бір сәтке состиып тұрып қалды. Сюзаннаның көзі оның қолындағы чемоданға түседі.
Сайлау.Сюзанна, егер сен қарсы болмасаң, мен бүгін саған біржолата келіп тұрмын.
Сюзанна. Біржолата?!.
Сайлау. Иә.
Сюзанна. Немене, әйеліңмен ренжісіп қалдың ба? Чемоданыңды жерге қойсаңшы.
Сайлау чемоданын еденге қояды.
Сайлау. Мәселе тіпті онда да емес. Қалай десем екен… Мен одан баяғыда суынып біткенмін. Саған соны айтуға талай оқталғам, бірақ реті келмеген болуы керек. Міне, бүгін басыма азаттық алып, саған біржолата келіп тұрмын. Мына чемодандағы бар дүие мүкәммалым.
Сюзанна. Вот это сюрприз!.. Екеуміз қанша бірге жүргенде сен әйелің туралы бір рет те болса, мұндай сөз айтып көрмеген болатынсың. Қайта әңгімелеріңнен оны қимайтының байқалып тұратын.
Сайлау. Білесің бе… Енді…
Сюзанна. Жо-жоқ!.. Қайта маған сенің осы қасиетің ұнайтын. Көп жұрт үнемі бірін-бірі жамандауға даяр тұрады. Ал сен оларға ұқсамайтынсың.
Сайлау. Рақмет. Сюзанна. Сонымен сен мені қабылдайсың ба? Әлде…
Сюзанна. (Абдырап). О не дегенің!.. Әрине, жаным, әрине. Мен тіпті саған сенер-сенбесімді білмей тұр емеспін бе? Кәне, шешінсеңші!..
Сюзанна Сайлаудың плащын шешіндіруге ұмтылды. Сюзанна Сайлаудың плащы мен кепкасын киім ілгішке іліп болған соң, халатының түймесін шұқылып, төмен қарап қысыла күлімсірейді.
Кешір… Үйде ешкім жоқ болған соң, ескі халатыммен айдап жүргем. Мен қазір… Ал сен анда, ас үйге бара бер. (Қуақыланып). Мен тез-тез: Айнн момент!.. Жарай ма?
Сюзанна шапшаң басып, төргі бөлмеге өтіп кетеді де, Сайлау ас үйге қарай өтеді. Арада екі-үш минут өткенде манағы ескі халатты мойны ашық әдемі қынама көйлекпен ауыстырған Сюзанна көрінеді.
Сюзанна.(Күлімсіреп). Қайырлы кеш, қадірлі Сайлау Біләлұлы!.. Сіз мені көп күтіп қалған жоқсыз ба?
Сайлау. Қайырлы кеш, ханым!.. Оқасы жоқ, ондай-ондай бола береді.
Сюзанна. Мерси.
Сюзанна жайнаңдап, Сайлауға қарама-қарсы орындыққа келіп отырады. Ас үйдегі шағын үстелдің үстінде – шайға қажетті тәттілер, әр түрлі тамақтар, ас-сулар. Сюзанна екеуіне шай құя бастайды.
Ал енді мен өзімнің тікелей міндетіме кірісейін. Сайлау, сен мені мақтап жүреді екенсің: кешкі шайды алдыма алып жатқаным осы жаңа ғана болатын.
Сайлау. Енді сені мақтамағанда… шындығына келсем, бұ дүниеде екі балам мен сенен өзге жақын кімім бар менің.
Сюзанна. Рақмет, жаным, рақмет!.. Ой-й, өзі басыңы бақыт қонайын десе, аяқ астынан екен ғой!.. Шынымды айтсам, кей-кейде өзіммен-өзім оңаша қалғанда: «Шіркін, Сайлау менің заңды күйеуім болып, екеуміз бірге тұрсақ қой!..» деп армандайтынмын. Және сол арман ешқашан орындалмайтындай тәрізді болып көрінетін. Сонан соң, сенсең, көзімнен жас шұбырып, жалғыздықтан жаным жабығып, үнсіз жылайтынмын.
Сюзаннаның көзіне жас келеді.
Сайлау. Қойшы, жыламашы Сюзанна!.. Әй, сенің осы тым әсершілдігің-ай…
(Сайлау орнынан тұрып, Сюзаннаның жанына барады да, оның көздерін сүйеді).
Енді болды ма? Сабаңа түстің бе?..
Сюзанна. (Көзін саусақтарының ұшымен сүртіп жатып). Болды-болды!.. Жарайды, кешір мені. Орныңа барып, тамағыңды іш.
Сайлау. (Орнына отырып жатып). Шынымды айтсам, Сюзанна, мен сені бәрінен бұрын осындай риясыз адалдығың үшін жақсы көретін болуым керек. Жалпы, сен жер жүзіндегі ең адал, ең қайырымды, ең сұлу әйелсің!..
Сюзанна. (Күлімсіреп). Ал сен мен үшін дүниедегі ең талантты, ең ақылды еркексің!
Сайлау. Айтпақшы. Жаңа мен жолшыбай бір бөтелке шарап ала салып едім, на всякий случай. Осы кездесуімізді сонымен атап жіберсек қайтеді.
Сюзанна. Менің түк қарсылығым жоқ. Жалпы есіңде болсын: сен не айтсаң, сол – мен үшін бұлжымас заң.
Сайлау. Онда қазір…
(Сайлау кетеді. Сәлден соң ол чемоданнан шарап алып, өз орнына қайта оралады да, бөтелкенің тығынын аша бастайды. Тығыны ашылған шараптан бокалдарға толтыра құйылады).
Сайлау. Иссыкский рислинг… Сенің жақсы көретін шарабың. Сюзанна. (Бокалдардың бірін қолына алып). Онда, кәне, екеуміздің денсаулығымыз, бақытымыз үшін! Кеттік пе?!.
Сайлау. Кеттік!
(Екеуі де бокалдарындағы шарапты алып тастайды).
Сюзанна. (дастарқандағы палау салынған тарелканы нұсқап). Сайлау, мынадан ыстықтай жеші, қазір біраздан соң суып қалады. Жалпы, білесің бе, сенің тамақ жегенің маған қатты ұнайды. Сен тамақты сондай бір… Қалай айтсам екен… Иә, сондай бір керемет аппетитпен жейсің!..
Сайлау. (Палауға шанышқысын салып жатып). Одан да керемет бір ашқарақтықпен десейші. Есіңде болсын, еркектердің бәрі ашқарақ келеді.
Сюзанна. Не-ет, это не то слово. Сен тамақ жеген кезде өте сүйкімді болып кетесің.
Сайлау. (Күліп.) Ха-ха-ха!.. Сүйкімді?!.
Сюзанна. Иә-иә. Шын айтам.
Сайлау. Қызық екен. Онда саған ұнау үшін маған тамақты көп жеуге тура келетін болды ғой.
Сюзанна. Дәл солай. Ендігі менің ең негізгі жұмысым саған тәтті-тәтті тамақтар әзірлеу болады.
Сайлау. Рақмет! Айтпақшы, Әділ көрінбейді ғой.
Сюзанна. Ол кеше ауылға кеткен. Папамдардікіне. Ертең келеді.
Сайлау. Осы Әділдің жасы нешеде?
Сюзанна. Биыл он төртке шықты ғой. Құдайға шүкір, адам болып қалды. Айтпақшы, өткенде «Көшеден Сайлау ағаны көрдім» деп келді. Екеуің біраз әңгімелесіпсіңдер ғой.
Сайлау. Иә, шамалы сөйлестік. Оны-мұны туралы. Сюзанна, ол екеуміздің заңды түрде қосылуымызға қалай қарайды деп ойлайсың?
Сюзанна. Менің байқауымша, оң қарайды. Білесің бе, ол сені жақсы көреді. Жуырда мынадай бір қызық болды. Мен неге екенін білмеймін, кешқұрым өз-өзімнен көңіл-күйім бұзылып, терезеден сыртқа көз салып тұрғам. Кенет біреу келіп, сыртымнан жаймен құшақтап алды. Қарасам, Әділім. «Мама, құлағыңа бірдеңе сыбырлайын ба?» дейді. Мен: «Сыбырлай ғой, жаным» дедім. Сөйтсем: Жоқ, сыбырламай-ақ айта берейін. Мама, күйеуге шығып алмайсың ба, папаның үйленіп кеткеніне үш жыл болды, енді саған ол оралмайды» дейді. Мен ұлымның мына қылығына аяқ астынан жадырап, күліп жібердім. «Балам-ау, кімге шығам күйеуге, сенің жаман шешең кімге дәріЮ» дедім ол не дер екен деп. Сөйтсем, ол екеуміздің арамыздағы жағдайды жақсы білетін сияқты, сәл-пәл ойланып барып: «Сайлау ағаға» деп қарап тұр. Мен де тағы қарап тұрмай: « Сайлау ағаңның өзінің семьясы бар ғой» дедім. Ол: «Онда сол кісі секілді басы бос бір жақсы адам тауып ал» дейді. Ал керек болса! Мен не дерімді білмей, тосылып қалдым. Тіпті баламның алдында ұялғаннан қызарып кетсем керек. Ничего не скажешь, ныне вот такая молодежь пошла!
Сайлау. Оны түсінуге болады. ХХ ғасыр, акселерация. Сонда «Сайлау ағаға тұрмысқа шығып ал» деді деймісің?
Сюзанна. Шын айтам.
Сайлау. Жалпы, Әділ бар ғой, өте қайырымды, ақылды бала. Саған тартқан.
Сюзанна. Оның рас.
Сайлау. Сюзанна, енді менің балам екеу емес, үшеу. Сәуле, Арман, Әділ… Мен бай адаммын.
Сюзанна. Әрине байсың. Үш баласы, екі әйелі бар адамды кедейлердің тобына жатқызу қиын шығар.
Сайлау. Ха-ха!.. Осы жолы тауып кеттің!
Сюзанна. Между прочим, қажет десең балаларыңның саы төртеу де, бесеу де, тіпті алтай да болады. Менің жасым қазір 35-те. 45-ке дейін екі-үш қарадомалақты тауып беруіме болады өзіңе ұқсаған.
Сайлау. Келістік. Жалпы, ата-анадан қарындасым екеуміз ғана болғасын ба, мен отбасында баланың көп болғанын жақсы көрем.
Сюзанна. Мен де. Осы Әділден кейін бір жылдан соң тағы бір бала көтерейін деп едім, Әлібек: «Хватить разводить нищету!..» деп, үзілді-кесілді қарсы болды. Ол кезде басымызда баспанамыз жоқ, бір кемпір-шалдың үш бөлмелі үйінің бір бөлмесін жалдап тұратынбыз. Жалпы, ол, Әлібекті айтам, жаратылысынан прагматик адам. Үнемі заманның алдында жүргісі келеді. Осы қайта құру басталғаннан бұрынғы қызметін тастап – ол да мен секілді ғылым кандидаты болатын, биология ғылымдарының – бірден бизнеске кірісті. Мені де: «Ғылымды ғой, ол сені енді асырамайды» деп, азғырып көрген, бірақ мен өзімнің сүйікті ісімді тастап кете алмадым. Ал ол заман ыңғайын тез байқап, бұрынғы қызметіне қолын бір сілтеді де, жүре берді. Ақмола астана боларда да жұрттан бұрын солай қарай ауысып алды. Сол жақта жүріп институтты жаңадан бітірген бір қызға үйленді. Үйленгенін маған бар болғаны телеграммамен білдірді ғой.
Сайлау. Қазір ең болмаса Әділмен хабарласып тұра ма енді? Сюзанна. Осыдан бір жарты жыл бұрын бір рет телефон шалған. Содан кейін хабар жоқ. Қойшы, мейлі, не болса да аман болсын. Одан да өзіміздің жайымызға көшейікші. Сайлау, сенің маған біржолата келгенің рас па? Әбден ойланып-толғанып алдың ба өзі бәрін?
Сайлау. Сюзанна, бұл – ақи-тақи шешілген мәселе.
Сюзанна. Менің күтпеген бақыттан басым айналып отыр. Шарабыңнан құйшы тағы.
(Сайлау шараптан құяды).
Сюзанна. Ендігі тост кезегі – сенікі.
Сайлау. Менікі болса… (Сәл-пәл ойланып алып). Сюзанн, мен бұл тосты тек сен үшін көтергім келеді. Неге десең, қарап отырсам, осы кезге дейін сен өз бақытыңды өзгелердің жолына құрбандыққа қиюмен келіпсің. Сол үшін және ешкімді же жазғырмапсың. Жұрттың өзіңе деген әлімжеттіктерін, жаманшылықтарын үнсіз кешіре беріпсің. Өзіңді тастап кеткен бірінші күйеуіңнің де, одан кейін жолыққан менің де қателіктерімді де осылайша үн-түнсіз мойныңа ала беріпсің. Ендігі кезек, ендігі бақыт сондықтан сенікі болуға тиіс. Шын айтам, сен соған лайықсың. Кәне, сол үшін!.. Сонымен кеттік пе?
Сюзанна. (Жүзі бал-бұл жанып). Кеттік!.. Айттым ғой әлгінде, сенің айтқаның мен үшін бұлжымайтын заң деп.
(Екеуі де бокалдарын жартылай алып тастайды).
Сайлау. (Әндетіп). Бүгінгі күн тамаша…
Сюзанна. Бүгін нұрлы аймақ…
Сайлау. Бүгін міне қосылды…
Сюзанна. Арманменен арман… Ой, Сайлау, осының бәрі өң бе, түс пе? Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін ғой, түс демекші, осыдан он шақты күн бұрын мен бір керемет түс көрдім. Алтын күз екен деймін. Сап-сары жапырақтар сауылдай төгіліп жатқан атшаптырым үлкен бір бақтың ішімен қол ұстасып жүріп келеміз, жүріп келеміз. Күзгі күннің жанға жайлы шуағы тұла бойымды балқытып барады. Төңірек тым-тырыс-ау, тым-тырыс: бейне мына әлемде бір сәтке екеуміз-ақ қалған сияқтымыз. Алыстан ұшар бастарын алтын күннің сәулесі шалған тау жарқырайды. Біз жұтқан ауа да, төбемізден мейірлене төнген шайдай ашық аспан да бейне тамып кеткісі келгендей мөлдіреп тұр. Ал біз сол үн-түнсіз күйімізде жүріп келеміз, жүріп келеміз…
Білесің бе, қазір менің басыма мынадай біржақсы идея келіп отыр: күздің дәл сондай жайма-шуақ күнінде екеуміз бір сары ала бақтың ішінде қол ұстасып суретке түсейік те, соны өзіміздің жатын бөлмеміздің қабырғасына үлкейтіп іліп қояйықшы, ә?!. Бір жақсы ырым болсын.
Сайлау. Оригинальная идея!.. Я за.
Сюзанна. Жалпы екеуміздің өткен өмірімізге қарап отырсам, біз үшін күз айлары үнемі қуанышты болыпты. Екеуміз күзде танысып, күзде табысыппыз. Тіпті біздің танысуымызға себепші болған Пугачеваның әні де күзгі сүйіспеншілік жайында екен. Сонымен бірге, міне, күздің жайма-шуақ күндерінің бірінде сен маған біржолата келіп отырсың.
Сайлау. Оның рас.
Сюзанна. Қазір мен Алла Борисовнаның сол әнін қосып қояйыншы магнитофонды осында әкеп. Сонан соң әлемдегі теңдессіз сол бір ғажайып музыка үшін бір тост көтерейік.
(Сюзанна төргі бөлмеден магнитофонды алып шығып, ас үйдегі шкафтың сөресіне қояды да, оның іске қосу тетігін басып қалады. Бөлме ішін музыка үні кернеп жүре береді. Екеуі де әнге арбалып қалғандай бірер минуттай үнсіз қалады. Біраздан соң Сайлау орнынан тұрып, шалбарының қалтасын қармана бастайды.).
Сюзанна. Қайда барасың?
Сайлау. Балконға. Темекі тартқым келіп тұр. Сюзанна. Осы жерде отырып тарта бер.
Сайлау. Сенің басың ауырады ғой.
Сюзанна. Ауырмайды. Сен барда менің еш жерім ауырмайды. Маған тек сен болсаң болды, жаным. Қасымнан ешқайда кетпеші.
(Сайлау қалтасынан оттық алып, шылымын тұтатады да, орнына қайтып отырады).
Сюзанна. Сайлау, тыңдашы. Неткен дауыс, неткен ғажайып үн!.. Мен бар ғой, егер еркек болсам, тек осы әйелге ғана ғашық болар едім.
Сайлау. (Шылымының түтінін бұрқыратып). Әр еркектің талғамы әр түрлі ғой.
Сюзанна. Сайлау, менің жаныма келіп, бірауық құшақтап отыршы.
(Сайлау оның жанына келіп құшақтап отырады).
Міне, осылай отыра берейік. Бір-бірімізді құшақтап. Қашан әбден қараңғы түскенше.
Сайлау. Жарайды. Бүгін – біздің күніміз. Енді не істесек те бәрі де өз еркімізде.
Сюзанна. Как хорошо мне с тобой в этом чарующем мире!..
Сайлау. Маған да.
Сюзанна. Шын ба?
Сайлау. Құдайақы.
Сюзанна. Мен саған сенем. Сен өтірік айта алмайсың. Сайлау, осы саған менің қай жерім ұнайды?
Сайлау. Барлық жерің.
Сюзанна. Ну, сонда да. Айрықша ұнайтын біор жерім бар шығар?
Сайлау. Көздерің. Сенің көздерің терең, біртүрлі сырға толы…
Сюзанна. Ал сенің маған тамақ жеп жатқан кезің ұнайды. Сол кезде сен біртүрлі күнәсіз жас бала секілді болып көрініп кетесің.
Сайлау. Қызық екен…
Сюзанна. Рас. Сайлау, давай, екеуміз жаймен қосылып ән салайықшы.
Сайлау. Давай…
(Дәл осы кезде есіктің қоңырауы шырылдап қоя береді).
Сюзанна. Әділ ауылда, ол ертең кешкілік келеді. Кім болса да, есікті ашпаймыз.
Сайлау. Дұрыс айтасың, ашпаймыз. Бүгін – біздің күніміз.
Сюзанна. Бүгін бізден басқа ешкім жоқ бұл әлемде. Сайлау, мен біраз қызып қалған сияқтымын: шараптан ба, әлде сен сыйлаған тосын бақыттан ба – өзім де білмеймін.
Сайлау. Басқалар секілді біздің де бір мезгіл бақытты болуға хақымыз бар шығар.
Сюзанна. Дұрыс айтасың, алтыным.
(Қоңырау қайтадан шырылдайды).
Сайлау. Бұл кім өзі? Көршілердің бірі емес пе?
Сюзанна. Біздің көршілердің ішінде мұндай бейбастағы жоқ секілді еді. Жарайды, отыра бер. Айттық емес пе жаңа, бүгін бұл әлемде тек екеуміз ғана деп. Бұл шамасы ғарыштың бір түкпірінен НЛО-мен ұшып келген басқа планеталықтардың біреуі болуы керек адасып жүрген. Адасса, адаса берсін. Біздің ондағы шаруамыз қанша?
(Қоңырау тағы да бір шыр етіп барып басылады).
Сайлау. Дегенмен кім болса да, мынау менің нервіме тие бастады.
Сюзанна. Успокойся. Ты уже у меня такой славный.
Сайлау. Сонда да…
Сюзанна. Кәне, жаңа жайымен ыңылдап ән айтамыз дегеніміз қайда?
Сайлау. (Сәл-пәл көңілденіп). Іһм… Қай әннен бастаймыз?
Сюзанна. Білмеймін, өзің әйтеуір бастасайшы, мен қосылайын.
Сайлау. Алматының гүл бағын аралаймыз ұзақ…
Сюзанна. Қиялменен кетеміз кейде алысқа ұзап…
(Осы кезде сырттағы кісі қоңырауды қойып, есікті қолымен дүңкілдетіп ұрғылай бастайды).
Сайлау. Ну, это же слишком!.. Сюзанна, есікті не де болса ашайық. Мен білсем, мынау бәрібір бізге жуық арада тыныштық бермейді.
Сюзанна. Солай ма?
Сайлау. Солай. Кім болса да, бұл қадалған жерінен қан алмай қоймайтын настырный бір пәле секілді.
Сюзанна. Олай болса, есікті мен ашам. Сен отыра бер.
Сюзанна барып есікті ашады. Ішке оның бұрынғы күйеуі Әлібек келіп енеді.
Әлібек. Туһ, немене, кеш батпай ұйықтап қалғансың ба? Сәлем!..
Сюзанна. (Селқос). Сәлем… Сен бұл үйді баяғыда ұмытқан сияқты едің ғой. Неғып жүрсің?
Әлібек. Самолеттен жаңа ғана түстім. Ақмоладан. Сонан соң… Ну, сендерге соғайын деп… Енді өз үйіме келуге хақым бар шығар?
Сюзанна. Қателесіп тұрсың. Дегенмен келіп қалған екенсің, аяқ киіміңді шешіп, ас үйге өт. Біз тамақ ішіп отырғанбыз.
Әлібек. (Аяқ киімін шешіп жатып). Бізің кім?
Сюзанна. (Ас үйден). Қазір көресің…
Аяқ киімін шешіп, ас үйге бет алған Әлібек төрдегі орындықта отырған Сайлауды көргенде, есіктің кіре беріс көзінде бір сәтке состиып тұрып қалады.
Жоғарылай бер. Бұл – менің болашақ күйеуім Сайлау.
Әлібек аң-таң қалыппен Сюзанна нұсқаған есік жақтағы орындыққа келіп отырады.
Сайлау, сен де танысып отыр. Бұл – менің бұрынғы күйеуім. Аты – Әлібек.
Әлібек. (Өзін-өзі әзер билеп, Сайлауға оқты көздерімен сынай қадалып). Імм, солай де!..
Сюзанна. (Әлібекке шай құйылған кесені ұсынып жатып). Иә, солай…
Әлібек. (Мырс етіп). Тұрмысқа шыққалы жатырмын де…
Сюзанна. Шықса, несі бар екен. Сайлау, кәне кесеңді берші, ыстықтай құйып жіберейін.
Әлібек. Сонымен бұл кісі нешіншің?
Сюзанна. Қай нешіншіні айтып отырсың?
Әлібек. Мен осы үйден кеткелі бергі нешінші күйеуің дегенім ғой.
Сайлау. Жігітім, тіліңді тарта сөйлегенің жөн болар. Бұл үйде сенен басқа адамдардың отырғанын ұмытпағайсың.
Әлібек. (Ызалана мырс етіп). Адам сонда сен бе?!.
Сайлау. Иә, мен!..
Әлібек. Ал онда, Адам, сенің бұл үйден шыға тұруыңа тура келеді. Менің әйеліммен оңаша сөзім бар.
Сайлау. Ол енді сенің әйелің емес.
Әлібек. Сюзанна, мына Адам не деп тұр?
Сюзанна. Сайлаудікі дұрыс.
Әлібек. (Шарасыз қалыппен саусақтарының ұшымен үстелдің үстін тықылдатып). Так-так… Солай де. Дегенмен, Сюзанна, менің сенімен бес-он минут сөйлесетін сөзім бар. Мына Адамың есік алдына шығып, кішкене серуендеп келсін.
Сайлау. Мен ешқайда шықпаймын. Және дәл қазір серуендегім келіп тұрған жоқ.
Сюзанна.(Сәл-пәл ойланып). Сайлау, өтінем, есік алдына бір он шақты минут шығып келші.
Сайлау.Мен ешқайда да шықпаймын дедім ғой.
Сюзанна. (Табанды түрде). Сайлау, мен сенен өтініп тұрмын ғой.
Сюзанна Сайлауға жалынышты жүзбен қарайды.
Сайлау. (Әрі-сәрі бір сәттік күйден кейін). Жарайды онда. Тек естеріңде болсын, тек он минутқа ғана…
Сюзанна. Иә, он минутқа…
Сайлау сыртқа шығып кетеді.
Ал… бірақ бәрін қысқаша айт.
Әлібек. Әділ қайда?
Сюзанна. Демалысқа папамдардікіне кеткен. Ертең келеді.
Әлібек. Імм, баланы әке-шешемдікіне жіберіп, өзім еркектермен оңаша сауық-сайран құрып жүрмін де.
Сюзанна. Әлібек, егер сен сөзіңнің тонын өзгертпейтін болсаң, онда әңгіме қысқа – мен сенімен сөйлеспеймін.
Әлібек. Кешір. Сюзанна, егер мен шынымды айтсам… осы жолы бар ғой… Осы жолы… өзіңе біржола келіп отырмын.
Сюзанна. Біржола?! Келіншегіңді қайтпексің?
Әлібек. Құрып кетсін келіншегі де, басқасы да!.. Ол аферистка біреу болып шықты. Жап-жас болып… Түсінесің бе, бір сөзбен айтқанда, ол мені сазға отырғызып кетті. Сен мені кешірші, жаным. Міне, алдыңа басымды иіп келіп отырмын. Ақымақ болыппын. Саған ешкім жетпейді екен!.. Құрысын, өткеннің бәрін ұмытайықшы… Бәрін қайтадан бастайықшы. (жалынышты үнмен). Сюзанна!..
Сюзанна. Жоқ. Әлібек, енді бәрі кеш.
Әлібек. Неге кеш?!.
Сюзанна үнсіз.
Әлде сен жаңағымен болып қойдың ба?
Сюзанна. (Басын шайқап). Әлі түк өзгермепсің.
Әлібек. Неменеге өзгеруім керек?
Сюзанна. Жоқ, біз екеуміз мүлде қарама-қарсы типтің адамдарымыз. Сондықтан да біз ешқашан келісе алмаймыз. Кезінде мен сенің жолыңа кесе-көлденең тұрғам жоқ, еркек болсаң, бұл жолы сен де маған кедергі жасама.
Әлібек. Сюзанна, кешірші мені!.. Менде басқа барар жер, басар тау қалған жоқ!..
(Әлібек жалма-жан Сюзаннаның алдына тізерлей отырып, оның қолын ерніне тигізеді. Сюзанна сыпайы ғана қолын тартып алады.).
Сюзанна. Тұр орныңнан!.. Мұның не?.. Не болып кеткенсің өзің?
Әлібек тұрады.
Сенсең, мен сені баяғыда-ақ кешіріп қойғам. Менің қатыгез адам емес екенімді өзің де жақсы білесің ғой.
Әлібек. Білем, жаным, білем!..
Сюзанна. (Басын шайқап). Өй, Алла-ай, не болып кеткенсің?..
Әлібек. Ешкім де, ештеңе де болған жоқ. Мен өзіңнің баяғы… өзің білетін Әлібегіңмін. Дегенмен, Сюзанна, сен менің қадірімді біл!..
Сюзанна. Қадірімді деймісің?.. Кімнің қадірін кімнің білмегенін бір Жаратқан білер. Үйленген күннің ертеңінен бастап, алдыңнан кесе өткенім жоқ – мен үшін сенің ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс болды. Қызмет еттім, отыңды өзім жағып, асыңды өзім түсірдім. Одан қалды, қолым кішкентай қалт етсе, азық-түлік іздеп, қаланың дүкен біткенін жалғыз өзім адақтадым. (Жыларман болып). Тіпті Экспериментальды биология институтында істеп жүргеніңде, лабораторияға жылу жібермей жатыр, кроликтер мен тышқандар тоңып өлетін болды дегеніңде, соларыңа дейін үйіме әкеп бақтым ғой. Сонда да жақпаппын саған. Өтіпік пе осыным?..
Әлібек. Рас-рас! Мен ақымақ болыппын. Кешір!..
Сюзанна. Жоқ, сен ешқашан ақымақ болған жоқсың. (Даусын қатайтып). Әлібек, шын айтсам, енді бәрі кеш.
Әлібек. Неге?!
Сюзанна. Мен басқа адамды сүйем.
Әлібек. (Өзіне өзі келіп). Бағанадан бері солай демеймісің! (менсінбеген үнмен). Сонда жаңағыны ма?
Сюзанна. Иә.
Әлібек. Оның қай жеріне ынтығып жүрсің? Сол көтерем тоқты секілді тырбиған бейшараның?!
Сюзанна. Сен бәрібір оны түсінбейсің.
Әлібек. (Кекетіп). А-а-а, мен түсінбейді екем ғой!.. Түсінікті-түсінікті.
Сюзанна селқос тыңдап тұра береді.
Иә, шынында да, мен қайдан түсінбекпін ондай күрделі мәселелерді. Сен секілді түсінігі мол адам емеспін ғой. Айтпақшы, әлгі көтерем тоқтың қай жерде істейді, что-то түрі таныс сияқты… Мамандығы не өзінің?
Сюзанна. Оның бәрінің не қажеті бар саған?
Әлібек. Не қажеті бары қалай – бәсекелесімді жете білуім керек емес пе?
Сюзанна. Ол – режиссер…
Әлібек. (Өп-өтірік күліп). Ә-ә, қиялилардың бірі десеңші. Бәсе-бәсе, сенімен қалай тіл табысып жүр десем…
Сюзанна. Сонда мені де қияли демексің ғой.
Әлібек. Иә-иә!.. Сен де сондай болатынсың. Және әлі ешқандай өзгермепсің, сол баяғы ауру қалпың. Иә-иә, біле білсең, бұл да ауру. Адам бойындағы психологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан болатын ауру.
Сюзанна. Рақмет.
Әлібек. Немене үшін?
Сюзанна. Бойымдағы кеселімнің диагнозын қойып бергенің үшін. Мүмкін оның емін де айтарсың?
Әлібек. (Бөлмені әрі-бері қазбалана кезіп). Өкінішке орай, бұл – ем қонбайтын ауру. Түсінемісің, ем қонбайтын!.. шынымды айтсам, мен сені дәл осыншалықты жеңілтек деп ойламаппын. Рас айтам. Мені қалай тез ұмытып үлгергеніңе таңмын.,
Сюзанна. Мен бе сонда ұмытшақ? Жоқ, қателесесің. Сен бізді тастап кеткен жылы алғашқы айларда мен кейде түн ортасында шошып оянатынмын. Сонан соң жалма-жан жау тигендей сыртқы есікке қарай жүгірем бірдеңеден құр қалып қойғандай. Маған сондайда біреу сыртқы есікті қағып тұрғандай көрінетін. Ол сен екенсің деп ойлайтынмын. Неге екенін қайдам, маған әйтеуір сен бір күні бізге, балаң екеумізге, міндетті түрде оралатындай болып көрінетінсің. Кілті жоқ қой, түн ішінде үйге кіре алмай тұрған шығар деп сені аяйтынмын. Алайда, орнымнан апыл-ғұпыр апыт тұрып, жалаңаяқ, жалаң бас, ішкөйлегіммен есіктің алдына жүгіріп барып, қанша тың тыңдасам да, үнемі есік қаққан ешкім жоқ болып шығады. Алқынып, дір-дір етіп, табалдырықтың көзінде жын қаққан адамша тұрам солай тағы бір бес-он минут. Бірақ ешкім жоқ. Дүние мылқауланып алған, тым-тырыс. Бөлмедегі аспалы сағаттың сыртылы мен менің алқынған жүрегімнің дүрсілінен өзге дыбыс атаулы естілмейді.
Сонан соң бірауық терезенің алдына барып, түн қараңғысына тағы біраз телмірем. Кей-кейде түнгі ауысымнан, немесе қонақтан қайтқан бірлі-жарым ер адамның сұлабасы қарауытса, мүмкін осы Әлібек шығар деп, солай қарай қадала қалатынмын. Бірақ олар үнемі бейтаныс басқа біреулер болып шығатын. Содан төсегіме келіп құлаймын баяғы. Таң ағарып атқанша кірпігім ілінбейді. Өңшең көңілсіз, сұрықсыз бір ойлар жан-жағымнан аш қасқырлардай қамап алып, түнімен талап шығады.
Ақыры арада бір жылдай өткенде сенен біржола күдерімді үздім. Қазір менің жүрегім тас болып қатып қалған. Ол енді менің өзіме де бағынбайды. Сондықтан сен мені қинама, басыма азаттық бер. Ендігі істеген жақсылығың сол болсын…
Әлібек. Сюзанна, өтінем. Әуелі мені тағы бір дұрыстап тыңдап алшы. Рас, мен ақымақ болдым. Тағы да қайталап айтам, қажет болса, аяғыңа жығылайын, құлың болайын. Жаңа айттым ғой, менің әлгі екінші әйелімнің аферистка болып шыққанын. Ол шын мәнінде меніңқойнымда жатқан сұр жылан болып шықты. Өзінің ішкі істер органында істейтін любовнигімен, басқа да сыбайластарымен бірігіп алып, мені банкрот қылып, сазға отырғызып кетті ақыры. Бірақ менің олардан жасырып қалған біраз қаржым бар. Мен жуырда қайтадан фирма ашам, қайтадан жаңа бір жоба бойынша іске кірісет. Ол жобаның барлық бүге-шегесі ойластырылған. Майда-шүйде детальдарына дейін. Енді маған сенуіңе болады, бір жылдан кейін мен қайтадан байимын. Миллионер болам! Доллармен есептегенде!.. Осы уәдемді орындамасам, ит болып кетейін! Рас, мен соңғы жылдары басымды тауға да, тасқа да соқтым. Бірақ оған пәлендей өкінбеймін. Өйткені соның арқасында ақша жасауды үйрендім. Білесің бе, жоқтан ақша жасауға болады! Өте көп ақша!.. біреудің өмір бойы тырбаңдап тапқан-таянғанын мен бір-ақ операциямен түсірем!.. Бір-ақ операциямен түсірем!.. Естіп тұрмысың, Сюзанна, мен жер бетіндегі ең ұлы өнерді – ақша жасау өнеріе – үйрендім! Так што, бір жылдың ішінде сені үлде мен бүлдеге бөлеп қоймасам, бетіме түкір! Бір-ақ жыл! Сонан соң Батыс Европаға, не Америкаға кетеміз. Әділ сондағы престижный университеттердің бірінде оқитын болады. Ал сен үлде мен бүлдеге оранып, әлемді шарлайсың. Дүниенің қызығын көресің қалған өміріңде! Айтшы, біз не көрдік осы өмірден№ Түк те! Егер маған сенсең, біз мынау дүниеден мына жартылай қайыршы елден басқа түк те көргеніміз жоқ!
Сюзанна. Жоқ, Әлібек! Мен ешқайда бармайым. Құдай басыма не салса да, жаңағы сен айтып отырған жартылай қайыршы елмен бірге көрем. Сүйегім солармен бірге осы жерде, ата мекенімде шіриді. Ертең сол менің топыраққа араласып кеткен шіріген сүйегімнің үстінен ерте көктемде туған жерімнің бір шоқ қызғалдағы самалмен тербеліп тұрса, менде басқа арман жоқ. Сен сенесің бе осыған?!
Мейлі, мен бәзбіреулер секілді кекірігім азғанша тамақ ішіп, былқылдаған шетелдік автомашиналарды мінбей-ақ қоярмын, сен айтып отырған Америка мен Европаны бұл өмірде өңім түгіл түсімде де көрмей өтермін, менің қала сыртында екі қабат, үш қабат виллаларым ешқашан болмас, бірақ менің жаңағы шіріген сүйегім тыңайтқыш болып сіңген топыраққа өзім туған өлкенің жып-жылы жаңбыры нөсерлетіп төгіп тұрса, менің рухым сол жып-жылы нөсердің шуылын естіп жатса, мен бақыттымын! Сенсең, маған содан басқа түктің де керегі жоқ!.. Кесіп айтайын, мен ешқашан басымнан саулатып алтын құйып қойсаң да, арамдықпен жиналған ақшаға ортақ бола алаймын.
Әлібек. Түу, Сюзанна!.. қайдағыларды айтасың. Қазір жұрттың бәрі адам танымастай өзгерді. Өзгермеген сен ғана. Құдайақы, баяғы сол шіп-шикі қалпыңда қалғансың да қойғансың! Адалдық, арамдық деген не пәле?! Бұ дүниеде барлық нәрсе салыстырмалы. Арамдық, адалдық туралы сенің түсінігің әлгіндей болса, басқалар ол жөнінде мүлде өзгеше ойлайды, ал үшінші біреулердің ойлары тіпті бөлек. Түсінсеңші, бұл күнаһар тіршілікте сенің бай, бақытты өмір сүруіңе не нәрсе қызмет етсе, соның бәрі – адал. Мынау адал, мынау арам деп таңбаланып қойылған ештеңе жоқ. Олардың бәрі кейбір романтиктердің ойдан шығарып алып жүргендері ғана! Жасың қырыққа келді, реалист болу керек қой. Мәңгі сәби болып қалуға болмайды. Бұл – нонсенс! Шекспир ме еді, кім еді әлгі «Өмір – үлкен театр, біз адамдар, соның актерларымыз» дейтін. Кім айтса да, өте дәл айтқан. Сен әлгі радио мен теледидардан мынау аңқау, топас жұртқа жалған моральдарын оқитын журналистер мен жазушылардың, депутаттардың саяси ұпай жинау үшін айтылатын ертегілеріне алданумен келесің. Есіңде болсын, лоарға ешқашан сенуге болмайды! Өйткені олардың шындықтары, адалдықтары тәтті тілдерінде, алдамшы үндерінде ғана! «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап» Бұны айтқан мен емес, Абай! Сен пір тұтатын Абай! Әлгі Сайрағыштардың бәрінің демей-ақ қояйын, жүзінің тоқсан тоғызының артында әрқилы саяси алпауыттар, қаржы магнаттары тұр. Олар солардың бақтарындағы бұлблдар.
Сюзана, тағы да қайталап айтам, бұ дүниеде арамдық, адалдық деген ештеңе жоқ» Адамдардың мүдделері деген ғана бар!.. Сондай-ақ, тіршілікте таза арам адам, адал адам деген жоқ. Күшті адамдар, әлсіз адамдар деген ғана бар. Алдыңғылар – аз, соңғылар – көп, құмырсқалар секілді өріп жүр. Соңғылар алдыңғыларға қызмет ету үшін жаралған. Мен, мәселен, өзімше шартты түрде, әрине, – алғашқыларды қасқырлар, соңғыларды топас қойлар деп атаймын. Өзің жаратылысқа қарашы: қойлар не үшін жаралған? Әрине, қасқырларға жем болу үшін. Осы әділетті ме? Жоқ, әділетті емес. Бірақ қатал шындық – осы, ақиқат – осы, өмірдің заңы – осы. Табиғатқа, жаратылысқа ештеңе істей алмайсың, сондықтан оның заңдарына тек қана бағыну керек, онымен үйлесу керек. Депутаттар мен жазушылардың, журналистердің, саясаткерлердің ертегілеріне емес, табиғатқа сену керек, өйткені ол бәрінен де дана. Сондықтан мынау күнаһар тіршілікте біздің, адамдардың алдында бір-ақ таңдау бар: не қой болып қасқырларға жем болу, не қасқыр болу. Сюзанна, түсінемісің, менің қой емес, қасқыр болғым келеді!..
Қойларды әлеуметтану ғылымының терминімен айтқанда тобыр десек те болады. Бұл – солардың екінші аты. Есіңде ме, сол тобыр жөнінде өзің пір тұтатын ақын Абай, ұстаз Абай не деуші еді?
Сюзанна. Иә, айта берші…
Әлібек.Айтсам, Абай былай дейтін: «Сократқа у ішкізген, Ионна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – тобыр, ендеше тобырда ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал».
Сюзанна. Ұмытпасам, Абай тобыр емес, көп дейтін сияқты еді ғой…
Әлібек. Жарайды, солай-ақ болсын. Көбі не, тобыры не, – сайып келгенде, екеуі бір-ақ нәрсе емес пе?! Кейбіреулер оларды халық деп те атайды. Меніңше, сол үшеуінің ішіндегі олардың нақты мазмұнын дәл бейнелейтіні – осы тобыр. Себебін айтайын. Тыңда. Мәселен, қазаққа, көпке, халыққа жаны ашып, шын көңілмен, бар ынты-шынтымен қызмет еткен адам сол Абайдай-ақ болар. Келісесің бе осыған? Келісесің. Ал сол көп, Сол халық Абайды қайтті? Өмірінің соңында «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» деп көкірегін шерге толтырмады ма, « Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп кейінгі ұрпағына мұңын шақтырып, бебеулетпеді ме? Кешір турасын айтқаныма, сен сүйегіңді сол тобырмен, сол көппен бірге шіріткің келе ме?
Рас, клісем, бақытты өркениетті қоғамның кепілі – әділет пен шындық, демократия. Бірақ сол әділет пен шындық, демократия өз аяғымен қазаққа құлдық ұрып, жүгіріп келмейді, ол үшін бейнеттеніп еңбек ету керек, тер төгу керек, тіпті қажет болса, алысып, арпалысу керек. Бірақ сенің көбіңнің, қазағыңның әділет пен шындықтың қоғамда салтанат құруы үшін тер төкпек түгіл шөп басын сындырғысы да жоқ. Оларға бәрін біреулер жасап беру керек сияқты, ал жасап берсе, дайын асқа тік қасық бола қалмақшы. Қазір де олардың түсінігі баяғы Абай заманындағыдан көп ұзап кете қойған жоқ. «Бермесе де, бай жақсы, Жемесе де, май жақсы» «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап». Міне олардың ең басты өмірлік принциптері. Сондықтан мен мынау азғантай ғұмырымды олармен бірге қор қылып өткізгім келмейді.
Менің күшті болғым, қасқыр болғым келеді!.. Сюзанна. Біле білсең, адалдық, анау-мынау, пәлен-пәштуан деп мораль соғатындардың бәрінің де күшті болғысы келеді. Бірақ бойларында күштілерге лайық қайрат жоқ, сонан соң малтасын езіп, отырғандары. Жалпы, мораль – әлсіздердің, топас қойлардың қорғаны, солардың шындықтан қашып барып паналайтын жұлым-жұлым жыртық күркесі.
Сюзанна. Әлібек, болдың ба айтарыңды айтып.
Әлібек. Болдым. Саған айтарым көп сияқты еді, алайда бүгінге осы да жетер.
Сюзанна. Онда мені өзімнің жыртық күркемде қалдырып, жөніңе жүре беруіңді сұраймын. Біз екеуміз бір-бірімізге ұқсамайтын мүлде бөтен жандармыз. Мен бүгін осыны бұрынғыдан айқынырақ сезіп тұрмын.
(Осы кезде есіктің қоңырауы шар ете қалды да, іле-шала сырттан Сайлау кіріп келеді).
Сайлау. (Қолындағы сағатына қарап). Ровно жиырма минут!..
Осыны айтады да, киім ілгішке плащын іліп, төрге қарай озады.
Сюзанна. (Жардағы сағатқа көз салып). Иә, жиырма минут. Мана Сайлау кеткенде сағат 6-дан жиырма минут кеткен болатын. Қазір алтыдан қырық минут кетті…
Әлібек. (Сюзаннаға бұрылып). Бұл енді кеті кезегі сенікі дегенің ғой? (Сюзанна үнсіз. Әлібек қипақтап шамалы тұрады да, Сюзаннадан жауап болмағаннан кейін, киім ілгіштен плащын алып киіне бастайды).
Әлібек.(Киініп жатып, Сайлауға бұрылып). Айтпақшы, бұл Сіздің нешінші рет бақытыңызды сынауыңыз? Әдетте, әртістер, режиссерлар, сол секілді басқа да қиялилар кемінде төрт-бесрет үйленбей тыныштық таппаушы еді?
Сайлау. Құдай сақтасын, мен өзіңіз секілді екінші рет бақытымды сынаумен тоқтаймын. Уәдем – уәде.
Әлібек. Сендердің уәделеріңе сенуге болмайды! Айтатындарың да, жазатындарың да, көрсететіндерің де шылғи өтірік. Сендер үнемі осылайша өтірік әлемінде өмір сүресіңдер. Және жайларыңмен жүрмей, басқаларды да сол жалған әлемдеріңе сүйрейсіңдер! Сөйтіп тып-тыныш жатқан жұртты дүрліктіресіңдер! Сондықтан да қоғамның тынышын алмас үшін сендерді мына өмірден әлеуметтік тип ретінде мүлде жою керек, білдің бе?!.
Сайлау. (Басын шайқап). Менің бұрынғы әйелім де солай дейтін.
Әлібек. Онда ол ақылды әйел екен.
Сайлау. Иә, сен секілді өте ақылды адам. Ол да сен секілді іскер.
Әлібек. Бұл не, кекету ме? Сайлау. Жоқ, имандай шыным.
Әлібек. Біле білсең, дүниені ұстап тұрған – мына біздер, іскер адамдар. Біз сендер секілді арамтамақтарды киіндіреміз, ішіндіреміз. Халыққа жұмыс тауып береміз.
Сайлау. Және сол халық бейшараның соңғы тиын-тебеніне дейін алдап-сулап қағып аламыз дегенді қосуды ұмытпа.
Әлібек. Қағып аламыз ба, жоқ па, ол – біздің шаруа. Ал сендер ше? Сендер нағыз кещенің өздерісіңдер. Айталық, Совет үкіметі сендер секілділерді әртіс, режиссер, суретші, тағы немене еді… иә, жазушы, тағы сол секілді пәлен-пәштуандарды әспеттеудей-ақ әспеттеді кезінде. Мыңдап, он мыңдап гонорартөледі. Қазынадан пәтер берді. Сендердің кещеліктерің сол – сөйткен Совет үкіметіне де опа бермедіңдер ғой жан-жағына жабыла түртпектеп. Ақырында не болды, айтшы!.. Ақырында жалаңаяқ, жалаңбұт қалдыңдар, міне!.. Тоқтай тұрыңдар – сендерге бұл әлі аз! Көресілерің алдарыңда!.. біз әлі сендердің көздеріңе көк шыбын үймелетіп, алдымызға құрдай жорғалатып қоямыз. Біз дәл осылай етеміз!.. Сонда көрермін мен сендердің әуселелеріңді!..
Сайлау. Солай де…
Әлібек. (Тістеніп). Иә солай!..
Сайлау. Жарайды, Айтатыныңды айтып болсаң, әне, есік ашық. Сендердің әрбір минуттарың қымбат қой, енді бос әңгімемен уақыт алмайық.
Әлібек. Әй, шілтиген неме, сен мені үйретпе, білдің бе!..
Сайлау. Үйретіп тұрған мен емес, сен шығарсың.
Әлібек. Мен саған үйреткеннің қалай болатынын көрсетем қазір!..
Әлібек жүгіріп барып, Сайлаудың жағасынан ала кетеді. Сайлау оның қолын қағып жіберіп, жұдырықпен бір переді: екі еркектің алқын-жұлқын алыс-жұлысы басталады да кетеді. Алғашында оларға бірер минуттай сырттай жайбарақат көз салып тұрған Сюзанна мәселенің тым шиеленісіп бара жатқанын көзі жеткеннен кейін, айқайлап жібереді.
Сюзанна. Тоқтатыңдар! Бұл не деген бассыздық!..
Бірақ бұл – еркектерге шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Не істерін білмей дағдарысқа ұшыраған Сюзанна жан-жағына алақтап сәл-пәл тұрады да, кенет оның есік алдында жарға сүйеуілі тұрған швабраға көзі түсе кетеді. Ол жалма-жан шваброны екі қолымен ұстап, екі еркектің арасына барып килігеді. Сюзанна қолындағы «қаруын» бір-екі рет оңды-солды сілтеп қалады: шваброның сүйретпесі Сайлаудың шекесін сүйкеп өтеді де, сабы әлібектің ернінің ұшын жырып кетеді. Алайда, еркектердің алыс-жұлысы бұдан кейін күшейе түспесе, бәсеңдей қоймайды. Салы суға кеткен Сюзаннаның назарына енді телефон аппараты ілігеді. Ол еркектерге қыр көрсеткендей аспай-саспай жай басып барып, қолына телефонның трубкасын алады да, жайбарақат қалыппен оны тере бастайды.
Алло-алло! Бұл полиция ма? Алло, полиция!..
Жанжал су сепкендей сап тыйыла қалады. Төбелесті тоқтатудың ең тиімді әдісіне ие болған Сюзаннаның даусы енді өктем шыға бастайды.
Мен сендермен ойнап тұрғам жоқ – қазір полиция шақырам! Не боп кеткенсіңдер? Осы күнгінің еркектері ең болмаса дұрыстап төбелесе де алмайды екен ғой өзі!.. Алло!.. Алло!..
Әлібек. Жарайды, болды енді. (Ерніндегі болмашы қанды сүртіп жатып). Мына шілтиген немең ғой… Әуелі…
Сайлау. Жарқыным, тіліңді тарта сөйле!
Сюзанна. (Телфон трубкасын қолына қайтадан алып). Әлібек, енді кетсеңші. Сенің салған лаңың бір кісіге жетерліктей болған жоқ па осы кезге дейінгі?!
Әлібек амалсыз қалыппен сыртқы есікке қарай беттейді.
Әлібек.(Бір қолымен сыртқы есіктің тұтқасын ұстаған қалпы Сюзаннаға бұрылып). Ал, қош!.. Ана тыртиған немең сенің бақытқа қарық қылса, көрермін. (Енді екеуіек кезек көз салып). Бірақ естеріңде болсын – житья вам от меня не будет, это я вам твердо обещаю!..
Сайлау. Жарайды-жарайды! Қолыңнан келгеніңді аяма!..
Әлібек үйде қалып бара жатқан екеуге соңғы рет кектене бір көз салады да, есікті тарс жауып, шығып кетеді. Үйде қалған екеу екі-үш минуттай үнсіз қалады. Аздан соң Сюзанна асханаға өтіп, сондағы орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кетеді де, екі иығы бүлкілдеп, үн-түнсіз жылайды. Сайлау келіп, оның иығына қолын салады.
Сайлау.Сюзанна, жыламашы. Болды енді… Мен тұрғанда саған түк те болмайды.
Сюзанна жылауын тоқтатпайды. Сайлау оның иығынан қолын алып, терезенің алдына барып тұрады.
Сюзанна, ештеңеден қорықпа дедім ғой. Оныкі – құр қоқанлоқы.
Сюзанна. (Жасын сәл-пәл тыйып, ықылық атып). Мен түктен қорқып отырғаным жоқ. Мәселе басқада емес пе?
Сайлау. Неде?
Сюзанна. Сайлау, осы неге адамдар бір-біріне өш. Татуласудың, қауымдасудық орнына қит етсе, бір-бірлеріне жауығып шыға келеді? Мынау өмірдің мәні осында ма сонда?
Сайлау. Мынауың енді қиын сұрақ екен. Дегенмен, меніңше, өмірдің мәні мүлде басқада…
Сюзанна. Неде сонда?
Сайлау. Махаббатта, бақытта…
Сюзанна. Ал адамдардың бақытты болуына, олардың бір-бірін жақсы көруіне жол берілмесе ше?..
Сайлау. Жол берілмесе, күресу керек.
Сюзанна. Қашанғы күресе бересің? Адам байғұс күресуден шаршайды емес пе? Күресе-күресе әлі құриды, қажыры қайтып, мұқалады ғой. Сонда оның қашан басы көрге кіргенше күресе беруі керек пе?
Сайлау. Сюзанна, осы философияны қояйықшы. Одан да екеуміздің алдағы өмірімізді бір сәт көз алдымызға елестетіп көрелікші.
(Сайлау Сюзаннаның жанына келіп, қолын қайтадан оның иығына салады).
Сюзанна, жаным, көрерсің әлі, түбінде біз бақытты боламыз. Қиыншылықтардың бәрі көрген түстей ұмыт болады. Сюзанна, тыңдашы мені… Жуырда бар ғой… менің өткен айда премьерасы болған жаңа спектакльім бар емес пе – соны Мәдениет министрінің өзі көріп, риза болды. Маған: «Құдай қаласа, осы спекткаліңді келесі жылы Францияда өтетін халықаралық театр фестиваліне апарып көрсетеміз» деді. Егер со жылы жолымыз болып, жүлделі орындардың біріне іліксек, бір-ақ күнде байып шыға келеміз. Түсінемісің, бір-ақ күнде!.. Бәлкім, үкіметтің мейірімі түссе, тіпті халық әртісі атағын да алуым ғажап емес. Шын айтам, біз бақытты боламыз.
Сюзанна. Сайлау осы бақыт деген не?
Сайлау. (Қабағын тыржитыңқырап ойланып). Бақыт деймісің? Ну, енді бақыт деген… оған бір сөзбен анықтама беру қиын ғой. Бақыт… бақыт деген, меніңше, жайлы тұрмыс, мол ақша дәне шынайы махаббат.
Сюзанна. Махаббатты ең соңғу орынға апарып қойдың ғой.
Сайлау. Орында тұрған мәселе жоқ. Махаббатты, қаласаң, бірінші орынға да қоюға болады: қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосынды өзгермейді.
Сюзанна. Дегенмен, байқаймын, сен де жайлы тұрмыс, мол ақшажөнінде жиі айтатын болып барасың соңғы кездері.
Сайлау. Сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші… Айналаң түгел ақша-ақша деп ақшаңдап бара жатса, енді қайтпексің? Жалпы, сенің бұрынғы күйеуің Әлібек пен менің бұрынғы әйелім Назымның сөздерінде бір рационалдық дән бар – біздің да қатал болса да мына өмірдің реальды заңдылықтарына қарай бейімделуіміз керек. Онсыз күн көру қиын.
Сюзанна. (Басын шайқап). Білмеймін, білмеймін… Мен ешқашан бақытты бола алмайтын сияқтымын. Айтшы өзің, қалай бақытты болуға болады. Айналаң толы екіжүзділік, әділетсіздік, алдау-арбай болса. Құдай-ау, бір-бірімізді алдап-арбамай-ақ, бір-біріміздің жүрегімізге тілкемдеп жара салмай-ақ, шындықпен, әділетпен өмір сүруге де болады емес пе? Неге сөйтпейміз? Мына азғантай тіршілікті неге ит-ырқылжыңмен өткізуге құмармыз шетімізден?..
Шынымды айтсам, дәл осы сәтте өзімді-өзім сұмдық жек көріп отырмын. Қазір ғой сенің әйелің төсекте жаны шырқырап жылап жатыр. Екі балаң болса жетімсіреп, мұңайып отырған болар. Солар сөйтіп жатқанда мен қалай бақытты бола алам? Айтып отырмын ғой, осының бәріне кінәлі – мен, мен!..
Сайлау.(Бөлмені әрі-бері кезіп). Сюзанн!.. Әй, сенің осы бір тым әсершілдігің-ай!.. Неменеге керек осындай альтуризм? Сол Назым егер сенің орныңда болды ғой, сені аямақ түгілі, соңыңнан ит қосып қуалар еді! Ал сен!.. Түсінсеңші, бұл жерде сенің титімдей де кінәң жоқ. Біріншіден, мені үйімнен түріп айдап қуып шыққан сен емес, сол Назымның тап өзі!.. Екіншіден, менің балаларыма келсек, Құдайға шүкір, олардың екеуі де ер жетті. Сәулеш уже 18-де, білдей екінші курстың студенті. Ал Арман… Арман 10-класта оқиды. Қазір бойы менен ұзын. Уже қыздармен жүреді… Так что, олардың енді маған күні қарап тұрған жоқ.
Сюзанна. Дегенмен бала ғой…
Сайлау. Түу, сен де бір!.. Енді маған не қыл дейсің? Бәлкім, онда мына менің асылып өлуім керек шығар? Әлде өзімді өз үйімнен қуып шыққан әйелдің аяғына жығылып, біржолата масқара болуым керек пе? Айтшы енді өзің?!
Сюзанна. Кешір… Нансаң, дәл қазір мен ештеңе түсіне алар емеспін.
Осы кезде телефонның қоңырауы шылдырлап қоя берді.
Алшы трубканы…
Сайлау. Алло… Алло!.. Сізге кім керек?…
Телефон байланысының арғы жағынан қыз баланың дауысы естіледі.
Телефондағы дауыс. Папа, бұл мен ғой, танымай қалдың ба?
Сайлау. Сәуле?!. Сәулеш, сен бұл үйдің телефон номерін қайдан алып жүрсің?
Телефондағы дауыс. Сенің ескі блокнотыңнан… Үйге қалдырып кетіпсің… Тумбочканың үстінде жатыр екен. Кабинеттегі…
Сайлау. Так-так!..
Телефондағы дауыс. Ну, сонан соң звонить етіп отырмын. Пап, ренжімеші, жарай ма?
Сайлау. Жарайды-жарайды… Так, айта бер.
Телефондағы дауыс. Айтсам, мамам қатты ауырып қалды. Жаңа «скорыймен» алып кетті. Давлениесі 180 болып кетіпті.
Сайлау. Оның давлениесі бұрыннан да сондай жоғары болатын. Қорықпа, дәрігерлер укол салған соң, қалпына келеді.
Телефондағы дауыс. Пап, почему ты такой ко всему абсолютно равнодушный!.. Мен айтып тұрмын ғой саған – 180 болып кетті деп. Сенбеймісің?.. И, вообще, если хочешь знать, менің де жан дүнием біртүрлі болып тұр: в душе как-то тревожно. А Арман заперся в своей комнате: есікті жауып алып, ешкімді кіргізбейді. Папа, приходи скорее, а?! Правда ведь, ты же нас любишь?
Сайлау. Вас – да. Ал шешеңді… Шешең екеуміз бір-бірімізді иттің етінен әрмен жек көреміз. Ол өтірік ауырып жатыр. Бір-екі сағаттан кейін түк болмағандай жазылып кетеді. Білем ғой мен оның жайын!.. Ал Арман екеуіңмен біз басқа жерде кездесіп тұратын боламыз. Нейтральное поледе. Мен сендерді бұрынғыдай театрдағы жаңа спектакльдерге апарып тұратын болам. Бұрынғыдай спектакль біткен соң оны үшеуіміз бірігіп талқылаймыз. Так что, Сәулешка, ештеңені уайымдама. Енді мен ол үйге оралмаймын. Арманға да осылай түсіндіріп айт. Түсінемісің – шешең екеуміздің арамыз әлдеқашан суысқан. Бүгін ол мені үйден қуып шықты! В буквальном смысле этого слова!.. Енді ұқтың ба?
Телефондағы дауыс. (Жыламсырап). Пап?!.
Сюзанна бұдан әріге шыдай алмай, орнынан ұшып тұрып, трубканы Сайлаудың қолынан жұлып алады.
Сюзанна. Сәулешка, жылама. Қазір папаң барады.
Телефондағы дауыс. Бұл кім? А-а, это вы, тетя Сюзанна? Тетя Сюзанна, вы уж меня извините, ято так получилось.
Сюзанна. Ничего, детка. В жизни всякое бывает. Ал, жақсы, әзірше…
Телефондағы дауыс. Сау болыңыз…
Сюзанна телефонның трубкасын тұғырына қойып, жанында самсоз болып тұрып қалған Сайлауға бұрылады.
Сюзанна. Сайлау, үйіңе бар. Баршы, өтінем…
Сайлау. (Сазарып). Мен ешқайда да бармаймын.
Сюзанна. Өтінем.
Сайлау. Ешқайда да бармаймын дедім ғой.
Сюзанна. Осы жолы баруың керек. Егер мені сыйлайтының рас болса…
Сайлау. (Екі ойлы, дүдәмал үнмен). Сен де мені қуайын дедің бе?
Сюзанна. Сондай бос сөздердің не қажеті бар? Баршы енді.
Сайлау солбырайып есікке бет алады. Сюзанна оның киімілгіште ілулі тұрған плащын алып киіндіре бастайды.
Жарайды, бара ғой, жаным!..
Сайлау. Мен бәрібір онымен тұрмаймын. Мен бәрібір өзіңе қайтып келем.
Сюзанна. (Өп-өтірік көңілденіп). Әрине! Келмей көр осыдан!.. Ал жарайды енді, жолың болсын…
Сайлау кетеді. Сюзанна кіре берісте сам-соз боп, біреу сол жерге шегелеп кеткендей бірер минут қақшиып қалады. Сонан соң өзінен-өзі бірдеңелерді күбірлеген күйі екі қолын кеудесіне айқастырып, дәлізді әрі-бері мақсатсыз кезіп кетеді.
Бәрі кетті. Фарс аяқталды. Тағы да мен байғұс жападан жалғыз қалдым. Түк түсінсем, бұйырмасын. Маған келгенде дүниенің осылайша кері кететіні несі?! Жазығым не, Жасаған-ау?! Мені неғып осылайша жұрттан оқшау етіп жараттың?! Өзің айтшы шындығын, мен жұрттың бәрін түсінуге тырыстым ғой! Өмір бойы солардың қас пен қабақтарына қарап, жалпақтаумен келем. Ал олар болса… Олар болса, маған дегенде құлақтарын мақтамен тығып алғандай саңырау!.. Жасаған, мені де неге солардай саңырау етіп жаратпадың?! Бәлкім, бақыт дегенің өзі сол саңыраулық шығар?! (Даусын көтеріп, айқайлап жібереді). О. Адамдар, екі аяқты пенделер, естимісіңдер мені?! Әне, айттым ғой, ешкім де естімейді, тіпті естігісі де келмейді! Тағы да бәрі құлақтарына мақта тығып алғандай жым-жырт… Енді не істеймін, енді не істеймін?! Қайда барып күн көрем?!.
Сюзанна алқына басып, асханаға келеді. Манағы бөтелкенің түбінде қалған шарапты бос бокалдардың біріне шүмпілдете құяды да, тартып салады. Сонан соң орындыққа отырып, үстел үстінде жатқан қораптан бір тал шылым алып, саусағы дір-дір етіп, сіріңкемен темекі тұтатады да, артына бұрылып, ту сыртындағы шкафтың сөресінде тұрған магнитофонның іске қосу тетігін басып қалады. Іле-шала магнитофоннан Пугачеваның оның сүйікті әні «Күзгі сүйіс» сыңсып қоя береді. Темекінің көк түтініне оранған Сюзанна көзінен жас шұбырған күйі ен-түнсіз қалған.
Электротаблода: «Бұл сайтан алғыр дүние құрыса құрып-ақ кетсінші, тек онымен бірге музыканың жоғалып кететіні өкінішті. Л.Н.Толстой» деген ірі әріптермен бедерленген жазу пайда болады. Сахна төріндегі экраннан жапырақтары төгілген күзгі сары ала бақты кешіп, қол ұстасқан күйлері алыс көкжиекті бетке алып кетіп бара жатқан орта жастағы ер мен әйелдің силуэті көрінеді.
Музыка үні бірте-бірте бөлмені кернеп, үдей түседі.
Шымылдық
e-mail: serik051@mail.ru
