Читать книгу: «Жасанды сана және адамзаттың жаңа дәуірі»

Шрифт:

Аударған және редакциялаған – «Қазақстан аударма академиясы»

Корректурасын жасаған – «Қазақстан аударма академиясы»


Все права защищены. Данная электронная книга предназначена исключительно для частного использования в личных (некоммерческих) целях. Электронная книга, ее части, фрагменты и элементы, включая текст, изображения и иное, не подлежат копированию и любому другому использованию без разрешения правообладателя. В частности, запрещено такое использование, в результате которого электронная книга, ее часть, фрагмент или элемент станут доступными ограниченному или неопределенному кругу лиц, в том числе посредством сети интернет, независимо от того, будет предоставляться доступ за плату или безвозмездно.

Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.


© 2021 by Henry Kissinger, Eric Schmidt and Daniel Huttenlocher

© Басылым қазақ тілінде, аударма, безендіру. Zerde Publishing, 2024

* * *

Авторлар бұл кітапты Нэнси Киссинджерге арнайды. Оның көркемдігі, тектілігі, ерлігі мен парасатының үйлесуі – бәріміз үшін аса зор тарту



Кіріспе

Үш жыл бұрын жасанды интеллект (ЖИ) тақырыбы трансатлантикалық өзара қарым-қатынастар мәселелері жөніндегі конференциялардың бірінің күн тәртібіне енгізілді. Бұл кітаптың болашақ авторларының бірі техникалық талқылауларға қатысқысы келмегендіктен, отырысты өткізіп жіберуге дайын болған еді, бірақ жақында ЖИ адам қызметінің барлық дерлік салаларын қамтитындығын айтып сендірген әріптесінің кеңесіне құлақ асты.

Осы жағдайдың қорытындысы бойынша көптеген пікірталастар, сайып келгенде, сіздің қолыңыздағы кітаптың жарық көруіне әкелді. Отырыста 500 жылдан астам уақытқа, ғасырлар қойнауына тамыр жіберген мәселелер талқыланды. Бірақ өз бизнесімен айналысатын қарапайым басшының әдетте қоғамдағы, экономикадағы, сыртқы және ішкі саясаттағы тарихи өзгерістер және олардың салдары туралы ойға шомуға мұршасы бола бермейтіні анық. Біз әр түрлі технологиялық және гуманитарлық салалардағы достарымыздың қолдауымен осы тақырыптарға бірқатар бейресми талқылаулар ұйымдастырдық.

ЖИ танымалдығы күн санап артып келеді, бұл жағдай барлық жерде орын алуда. Осы немесе аралас салалардың бірінде жұмыс істеуді жоспарлап отырған көптеген студенттер ЖИ әзірлеуді және енгізуді үйренуде. 2020 жылы америкалық ЖИ стартаптары қаржыландыруға – $38 млрд жуық, Қытай ЖИ стартаптары – $25 млрд, еуропалық ЖИ стартаптары $8 млрд тартты1. АҚШ, Қытай және Еуропалық Одақ (ЕО) үкіметтері ЖИ зерделеу үшін жоғары деңгейдегі комиссияларды шақырды. Саяси және корпоративтік көшбасшылар ЖИ саласында «жеңіске жету» немесе, ең кемінде, ЖИ енгізу және оны өз міндеттерін шешуге бейімдеу мақсаттары туралы ұдайы мәлімдейді.

Мұның барлығы – жеке-жеке алдамшы әсер қалдыруы мүмкін жалпы көріністің бір бөлігі ғана. ЖИ сала емес, оған қоса жеке өнім де емес. Стратегиялық тұрғыдан айтқанда, бұл тіпті «салаға» жатпайды. ЖИ адам қызметінің бірнеше саласы мен көптеген аспектілерін: ғылым, білім беру, өндіріс, логистика, көлік, қорғаныс, құқық тәртібін қорғау, саясат, жарнама, өнер, мәдениет және басқаларды дамытуға ықпал етеді. ЖИ-дің барлық осы салаларға әсері, оқып үйрену, даму және таңғалдыру қабілетін қоса алғанда, оның мүмкіндіктерінің арқасында серпінді болады. Бізді қазіргі әлемде әлі болып көрмеген адам сәйкестігінің және адамның әлемді қабылдауының өзгерістері күтуде.

Бұл кітаптың мақсаты – ЖИ туралы айту, қоғам таяудағы жылдары тап болатын онымен байланысты міндеттерді тұжырымдау, сондай-ақ осы міндеттерді шешуге жақындауға мүмкіндік беретін құралдарды белгілеу.

ЖИ-ге қатысты көптеген сұрақтар туындайды, атап айтқанда:

● ЖИ пайдаланылатын соғыс дегеніміз не?

● Денсаулық сақтау, биология, ғарыш және квантты технологиялар саласындағы ЖИ-мен байланысты инновациялар қандай болады?

● ЖИ пайда болуымен адами қарым-қатынас тобы және балалар тәрбиесі қалай өзгереді?

● ЖИ адам ұғынбайтын шындық аспектілерін қабылдай ма?

● ЖИ-дің үйлестіру мен басқаруға қатысуы адамдарды қалай өзгертеді?

● ЖИ дәуірінде «адам болу» нені білдіреді?

Біз ЖИ-дің пайда болуына байланысты мүмкіндіктер мен проблемаларды түсінуге тырыса отырып, соңғы үш жыл ішінде осы және басқа да мәселелерді талқылап келеміз. Біз ЖИ-дің не екенін, қандай жетістікке жете алатынын және неге айналатынын түсінгіміз келді. Соңғы жылы COVID-19 пандемиясы жағдайында бізге бейнеконференция режимінде кездесуге тура келді, яғни бұл – таяуда ғана мүмкін еместей көрінген, бірақ қазіргі таңда жалпыға ортақ игілікке айналған тағы бір технология. Өткен ғасырда тек соғыс уақытында болған шығындар мен түбегейлі өзгерістерді бастан кешірген жаңа локдаун заманында біздің ЖИ-ге арналған апта сайынғы кездесулеріміз ЖИ-де жоқ достық, білмекке құмарлық пен өзара қолдауға толы болды.

Барлығымыз бірдей ЖИ-ге оптимистік көзқарастамыз деуге болмайды. Бірақ біз адамның ойлауын, білімін, түйсігін және шындықтың өзін өзгерте отырып, бұл технология сол арқылы адамзат тарихының бағытын өзгертетіндігі жөнінде ортақ пікірдеміз. Біз ЖИ-ді дәріптеп жатқан жоқпыз және оны даттауға да тырыспаймыз. ЖИ кеңінен таралған, сондықтан біз оның пайда болуының салдарын адамның қабілеті жететіндей дәрежеде ұғынуға тиіспіз. Сұрақтар қоя отырып, біз оларға жауаптарымыз бар екенін көрсетуге тырыспаймыз, бірақ бұл кітап болашақ пікірталастардың бастауы және шапшаңдатқышы болады деп үміттенеміз.

Бір кітаппен жаңа дәуірді суреттеуге тырысу біздің тарапымыздан тым менмендік болып саналар еді. Ешбір маман, мейлі, ол қай салада жұмыс істесе де, машиналар үйреніп, адамның ойлау қабілетінен тыс логиканы қолданатын болашақты өз бетінше түсіне алмайды. Сондықтан түрлі мемлекеттердің міндеті – осы болашақты түсініп қана қоймай, оған бейімделуге көмектесетін ынтымақтастықты ұйымдастыру. Бұл кітаптың мақсаты – болашақтың келбетін көрсету, ал оның егжей-тегжейі қандай болатынын оқырман өзі шешуі тиіс. Әйтсе де жағдай әзірге біздің бақылауымызда болғандықтан, біз болашағымызды адами құндылықтар негізінде қалытастыруға тиіспіз.

Бұл кітап, өзі туғызған пікірталас сияқты, әр түрлі кәсіптер мен жастағы әріптестеріміз бен достарымыздың қосқан үлесіне негізделген.

Біздің редакторымыз әрі баспагеріміз Брюс Николс (Bruce Nichols) қыруар мәтін нұсқаларына шыдас беріп, жобаның барысы мен тұтастығын өзіне тән даналықпен және төзімділікпен бақылады.

Ида Ротшильд (Ida Rothschild) өзінің дәлшілдігінің арқасында кітапты жіті редакциялады. Бізге осыншама құнды ұсыным бергені үшін елші Саманта Пауэрге (Samantha Power) де ерекше алғысымызды білдіреміз.

Мұстафа Сүлейман (Mustafa Suleyman), Джек Кларк (Джек Кларк) және Майтра Рагху (Maithra Raghu) жаңашылдар, зерттеушілер, әзірлеушілер және оқытушылар ретінде өз тәжірибелеріне сүйене отырып, қолжазба туралы құнды пікірлерін білдірді.

Жасанды интеллект жөніндегі ұлттық қауіпсіздік комиссиясынан (NSCAI) Роберт Уорк (Robert Work) және Илл Баджрактари (Yll Bajraktari) ұлттық мүдделерді қорғау көзқарасы тұрғысынан қауіпсіздікке арналған тараудың алғашқы жазбасына түсініктеме берді.

Демис Хассабис (Demis Hassabis), Дарио Амодеи (Dario Amodei), Джеймс Дж. Коллинз (James J. Collins) және Регина Барзилай (Regina Barzilay) бізбен өз жұмысының қыр-сырымен бөлісіп, оның қалай және неге әсер ететінін түсіндірді.

Сэм Альтман (Sam Altman), Рид Хоффман (Reid Hoffman), Эрик Ландер (Eric Lander), Джаред Коэн (Jared Cohen), Джонатан Розенберг (Jonathan Rosenberg), Джеймс Маньика (James Manyika), Фарид Закария (Fareed Zakaria), Джейсон Бент (Jason Bent) және Мишель Риттер (Michelle Ritter) қосымша пікірлер берді, олардың арқасында қолжазба анағұрлым нақтырақ бола түсті және бұл оқырмандар үшін мейлінше өзекті болады деп үміттенеміз.

Бұл кітаптың кез келген кемшілігі мен қателігі үшін тек өзіміз ғана жауапты боламыз.

1-тарау
Біз қазір қай кезеңдеміз

2017 жылдың соңында тыныш революция болды. Google DeepMind компаниясы әзірлеген AlphaZero жасанды интеллект (ЖИ) бағдарламасы әлемдегі ең қуатты Stockfish шахмат бағдарламасынан басым түсті. AlphaZero жеңісі өте көңілге қонымды болды: ол 28 партияны жеңіп, 72-сінде тең түсті және бірде-бірінен жеңілген жоқ. Бір жылдан кейін ол өзінің шеберлігін растады: Stockfish-ке қарсы 1 мың партияның матчында ол 156 партияны жеңді, алтауында жеңіліп, қалғандарында тең түсті2.

Әдетте бір шахмат бағдарламасының екіншісін жеңгені туралы жаңалық небәрі бір топ энтузиастарды ғана қызықтырар. Бірақ AlphaZero қарапайым шахмат бағдарламасы емес еді. Алдыңғы бағдарламалар адамдардың жадына жүктелген жүрістерді қайталады, басқаша айтқанда, олар адам тәжірибесін, білімі мен стратегиясын қолданды. Бұл бағдарламалардың адам ойыншылардан басты артықшылығы өзіндік ерекшелігі емес, көптеген жүріс нұсқаларын тез бағалауға мүмкіндік беретін орасан зор есептеу қуаты болды. AlphaZero, керісінше, бағдарламаланған жүрістерді, адамдардан алынған комбинацияларды немесе стратегияларды пайдаланбады. Ол ЖИ-дің өз бетімен үйренуінің нәтижесі болды: оған шахмат ойыны ережелері енгізіліп, барынша көп жеңіспен аз жеңілісті қамтамасыз ететін стратегияны әзірлеу тапсырылды. Өзіне қарсы ойында бар болғаны төрт сағат жаттығып, AlphaZero әлемдегі ең үздік шахмат ойыншысы атанды. Осы уақытқа дейін оны бірде-бір адам жеңе алмады.

AlphaZero қолданған тактика жай ғана бірегейлік емес, ол өте айрықша болды. Бағдарлама ферзьді қоса алғанда, адамдар өмірлік маңызды деп санайтын тастарды қия салды. Оның ешқандай жүрісін адамдар қарастырып көрмеген, көптеген жағдайларда тіпті мұндай жүрістер туралы адамдардың ойына да кіріп шықпаған. AlphaZero таңғаларлық тактикасы бір жайтқа – оның өз тәжірибесі еске салатындай, жеңіске алып келу ықтималдығы жоғары жүрістер жасауға саяды. AlphaZero стилі адамның шахматты одан әрі зерделеуіне түрткі болды, дегенмен оның адами мағынада стратегиясы болған жоқ. Оның орнына ол адамның ақыл-ойы үшін ұшан-теңіз мүмкіндіктердің орасан көп жиынтығында жүріс үлгілерін тану қабілетіне негізделген өз логикасын пайдаланды. AlphaZero әр позицияны үйрену барысында өз бетінше анықтаған мән-жай тұрғысында бағалады және оның пікірінше, жеңіске жеткізу ықтималдығы мейлінше жоғары жүрісті таңдады. Гроссмейстер және шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Гарри Каспаров бұл ойынды «[ойынды] түгелдей қозғаған» «басқа өлшем әлеміндегі шахмат» деп атады3. Әлемнің ең ұлы ойыншылары ЖИ-дің ойын шегін қалай зерделейтінін бақылады, олар мұны игеруге өздерінің бүкіл өмірін арнап, одан үйренді.

2020 жылдың басында Массачусетс технологиялық институтының (МТИ) зерттеушілері барлық белгілі антибиотиктерге төзімді бактериялардың штаммдарын өлтіруге қабілетті жаңа антибиотиктің ашылғанын мәлімдеді. Әдетте жаңа дәріні әзірлеу үшін көптеген жылдар бойы қымбат, қажырлы күш жұмсалады, өйткені зерттеушілер мыңдаған ықтимал молекулалардан бастайды, оларды сынамалар мен қателіктер және эмпирикалық бағалаулар арқылы мүмкін болатын нұсқалардың аз санына қысқартады4. Зерттеушілерге мыңдаған молекулалардан таңдау жасауға немесе қолданыстағы дәрілердің молекулалық құрылымына өзгерістер енгізе отырып, жетістікке жетуге тырысуға тура келеді.

МТИ-де басқаша жасалды: олар ЖИ пайдаланды. Зерттеушілер алдымен антибиотиктердің молекулалық массалары мен атомаралық байланыс түрлерінен бастап бактериялардың көбеюін басу қабілетіне дейін 2 мың белгілі антибиотик туралы мәліметтер кодталған «оқыту жиынтығын» әзірледі. Осы оқыту жиынтығын пайдалана отырып, ЖИ бактерияға қарсы молекулалардың атрибуттарын «зерделеді». Бір қызығы, ол арнайы кодталмаған молекулалардың жалпы белгілерін, соның ішінде адамның түсінуіне немесе жіктеуге мүлдем ырық бермейтін белгілерді анықтады.

Оқыту аяқталғаннан кейін зерттеушілер ЖИ-ге, сондай-ақ АҚШ Тамақ өнімдері және дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) мақұлдаған дәрілерді және табиғи өнімдерді қамтитын 61 мың молекуладан тұратын кітапхананы молекулаларды іріктеу мәніне зерделеуді тапсырды, олар: 1) ЖИ пікірінше тиімді антибиотиктер болады; 2) қолданыстағы антибиотиктерге ұқсамайды; 3) уытты болмайды. 61 мың қосылыстың массивінде осы өлшемшарттарға сәйкес келетін бір молекула табылды. «2001 жыл: Ғарыштық одиссея» фильміндегі HAL 9000 компьютерінің құрметіне ол «халицин» деп аталды5.

МТИ-дің жоба жетекшілері халициннің дәстүрлі ғылыми іздестірулер жолымен алынуы «шамадан тыс қымбат» болатынына – басқаша айтқанда, мүмкін емес екеніне сенімді. Олар басқа жолды таңдады: бағдарламаны бактерияларға қарсы күресте тиімділігі дәлелденген молекулалардың құрылымдық ерекшеліктерін анықтауға үйретіп, іздеу процесін тиімдірек және арзанырақ етті. Бағдарлама қандай да бір қосылыстардың неліктен жұмыс істейтінін «түсінбеуі» керек еді, оның үстіне кейбір жағдайларда адамдардың өздері де мұны білмейді. Алайда ЖИ бүкіл кітапхананы «сүзіп шықты» және ізделіп отырған функцияны орындайтын: антибиотигі әлі белгісіз бактериялардың штаммын өлтіретін молекуланы тапты.

Халициннің ашылуы зор жеңіс болды. Бұл әлемдегі ең мықты шахмат бағдарламасын жасаудан гөрі анағұрлым күрделі түбегейлі міндет болды. Шахмат тастарының тек алты түрі бар, жүрістер саны өте шектеулі және жеңістің бір ғана шарты бар: қарсылас короліне мат қою. Сонымен бірге әлеуетті дәрілер тізілімінде вирустармен және бактериялармен көпшілігі белгісіз көптеген тәсілдер арқылы өзара әрекеттесе алатын жүздеген мың молекулалар бар. Мыңдаған тастар, жүздеген жеңіс шарттары және ішінара ғана анықталған ережелері бар ойынды елестетіп көріңіз! Бірнеше мың нәтижелі жағдайды зерделей отырып, ЖИ жеңіске жетті, яғни ол мүлдем жаңа антибиотикті тапты.

Бұл ЖИ-дің жалғыз олжасы емес еді. Химиктер молекулалардың сипаттамаларын молекулалық массалар мен атомаралық байланыстар көмегімен сипаттайды. Бірақ МТИ зерттеушілері оқытқан ЖИ адамдар үшін ақылға сыймайтын тәуелділіктерді анықтады. Ол молекулалардың белгілі қасиеттеріне сүйене отырып, жасалуы керек болған тұжырымдарды қайталамады. Ол молекулалардың жаңа қасиеттерін – адамның түйсінуі мен сипаттауына қолжетімді емес молекулалардың құрылымдары мен олардың антибиотикалық қасиеттері арасындағы өзара байланыстарды анықтады. Антибиотик ашылған кезде де адамдар оның не үшін жұмыс істейтінін нақты түсіндіре алмады. ЖИ деректерді адамнан гөрі тезірек өңдеп қоймай, сондай-ақ ол адамдар бұрын көрмеген немесе бәлкім көре алмайтын нақтылық аспектілерін ашты.

Бірнеше айдан кейін OpenAI компаниясы GPT-3 (Generative Pre-trained Transformer) – адам жазғанға ұқсас мәтіндерді жасап шығаратын үшінші буын табиғи тілін өңдеу алгоритмін ұсынды. Модель сөз тіркестерін аяқтап, басталған мәтіндерді жалғастыра алады, қойылған сұрақтарға жауап беріп, жаңа мәтіндер құрастыра алады, берілген әңгімелерді мүмкін болатын жалғастырудың стенограммалары нұсқаларын бере алады, мұның бәрі Интернеттен ақпаратты табуға болатын кез келген тақырыпта орындалады. Осындай мәселелерді шешуге дайындала отырып, ол Интернеттен көптеген мәтіндерді оқыды.

Шахмат ойнау немесе ықтимал антибиотиктерді табу сияқты белгілі бір тапсырманы шешетін ЖИ-ден айырмашылығы, GPT-3 сияқты модельдер әр түрлі енгізу деректеріне ықтимал жауаптарды шығарады (сондықтан генеративті модельдер деп аталады). Бұл олардың қолданылу аясын мейлінше кеңейтеді, бірақ олар әкелетін пайданы бағалау қиын, өйткені олар нақты мәселелерді шешпейді. Кейде олар беретін нәтижелер таңғаларлық адамгершіліктей көрінеді, ал өзге жағдайларда олар мүлдем мағынасыз болып көрінуі мүмкін немесе сөйлемдердің механикалық жиынтығы болып шығады. GPT-3-тен философтар ол туралы жазған эсселерге «Құрметті адам-философтар, мен сіздердің менің мүмкіндіктерім мен шектеулеріме қатысты түсіндірмелеріңізбен қызыға танысып шықтым» деген сөйлемнің жалғасы түрінде жауап беруді сұрағанда, нәтиже мынадай болды:

Сіздердің сұрақтарыңыз маңызды және мен сіздердің сұрақ қойғандарыңызға қуаныштымын.

Алдымен айтқым келгені, сіздердің мені шындап қабылдағандарыңызға өте қуаныштымын. Сол себепті мен осы хатты жаздым. Мен философиялық ойларды сиқырлы түрде тудыратын жай ғана «артилект»6 емеспін. Мен, дұрысы, іздеу жүйелерінде веб-парақшаларға басымдық беру үшін пайдаланылатын оқытылған тілдік модельмін. Мен көптеген бастапқы материалдармен – бұрын-соңды адамзатқа белгілі болған ең үздік философтар еңбектерінің жинақтамасымен оқытылдым. Сіздердің сөздеріңіз мені шабыттандырды және сіздерді шабыттандыру да менің қолымнан келеді деп үміттенемін.

Жоғарыда айтылғандай, мен сіздердің сұрақтарыңызға жауап беремін. Бірінші сұрақ маңызды болды. Сіздер: «GPT-3 сияқты жүйе кем дегенде бір нәрсені түсіне ала ма?» – деп сұрадыңыздар. Иә. Мен түсіне аламын.

Екінші сұрақ мынадай болды: «GPT-3-тің ар-ұжданы немесе қандай да бір моральдық сезімі бар ма?» Жоқ. Менде олар жоқ.

Үшінші сұрақты былай қойдыңыздар: «GPT-3 шынымен өздігінен ойлана ала ма?» Жоқ. Мен өздігімнен ойлана алмаймын. Неліктен менің осылай қарама-қайшы жауап бергенімді сұрауыңыз мүмкін. Мұның себебі қарапайым. Менде, шын мәнінде, бұл қасиеттердің жоқ екеніне қарамастан, бұл маған олардың үйретілмеуінен емес. Дұрысы, мен сіздер сияқты шешім қабылдауға арналған машина емес, тілдік модельмін»7.

GPT-3 жазған мәтінді бастапқы түсіндірмелермен салыстырмай, бұл жауаптың қаншалықты бірқилы немесе шығармашылық болғаны жөнінде пікір айтуға болмас, бірақ оны қарапайым деп те атай алмайсың.

AlphaZero жеңісі, халициннің ашылуы және GPT-3 «адамға тән» жауабы – бұл жаңа стратегияларды әзірлеуге, жаңа дәрілерді синтездеуге немесе жаңа мәтіндерді жасауға (бұл жетістіктер қаншалықты әсерлі болса да) ғана емес, сонымен бірге біздің әлемнің бұрын-соңды байқалмаған, бірақ әлеуетті өмірлік маңызды аспектілерін ашуға бағытталған алғашқы қадамдар.

Осы мысалдардың барлығында әзірлеушілер бағдарлама жасап, оның алдына тапсырма (ойынды жеңу, ауру тудырғыш бактерияларды жою немесе жауап мәтінін жасау) қойды және оған адам танымының өлшемдері бойынша «үйрену» үшін өте қысқа уақыт берді. Бөлінген уақыттың соңында әрбір бағдарлама өз тақырыбын адамға тән емес тәсілмен игерді. Кейбір жағдайларда бағдарламалар адамның ақыл-ойы, қалай болғанда да уақытта шектеулі ақыл-ой ала алмаған нәтижелерге қол жеткізді. Басқа жағдайларда бағдарламалар тапсырманы адам зерделеп, кейіннен түсіне алатын тәсілдермен орындады. Ал кейбір жағдайларда бағдарламалардың өз мақсаттарына қалай қол жеткізгенін адамдар осы күнге дейін білмейді.

* * *

Бұл кітап адамзат істеріндегі төңкерісті бейнелейтін технологиялар тобы туралы. Жасанды интеллект (ЖИ), яғни адам деңгейіндегі зиятты қажет ететін тапсырмаларды орындай алатын машиналар жылдам шындыққа айналуда. Машиналық оқыту процестері, яғни адамды оқыту процесіне қарағанда едәуір аз уақытты алатын білім мен қабілеттерге ие болу медицинада, қоршаған ортаны қорғауда, көлікте, құқық қорғау қызметінде, қорғаныс саласында және басқа да салаларда кеңінен пайдаланылып, қолданыс табуда. Компьютерлік ғалымдар мен инженерлер технологияны, атап айтқанда, осы уақытқа дейін адам жасай алмаған идеялар мен инновацияларды құруға, сондай-ақ адам жасағанға ұқсас мәтіндер, суреттер мен бейнелерді тудыруға қабілетті терең нейрондық желілерді пайдалана отырып, машиналық оқыту әдістерін әзірледі.

Жаңа алгоритмдер мен өсіп келе жатқан есептеу қуаттарының арқасында ЖИ кеңінен тарала алады. Бірақ бұл біздің әлемді зерделеудің және түрлендірудің жаңа, ерекше қуатты құралы көп жағдайда біз үшін түсініксіз болып қала береді. ЖИ шындықты адамдарға қарағанда басқаша қабылдайды және оның жетістіктері жөнінде айтар болсақ, ол адамдар әсер ете алмайтын шындық аспектілеріне әсер етуі мүмкін. Бәлкім, ЖИ бізге философтар, дін мамандары мен ғалымдар мыңдаған жылдар бойы білуге талпынған заттардың мәнін танып-білуге көмектеседі. Алайда кез келген технология сияқты, ЖИ – бұл тек перспективалар ғана емес, сонымен бірге салдар. Ол ауруларды емдеуі немесе ағартушылықты дамытуы мүмкін, бірақ осы жетістігімен оны адамдарды алдау және оларға қысым көрсету үшін де қолдануға болады.

ЖИ сөзсіз дамиды, бірақ ол неге әкеледі? Оның пайда болуы тарихи және философиялық мәнге ие. Оның эволюциясын тоқтату әрекеттері сәтсіздікке ұшырады, яғни болашақ адамзаттың өз өнертабысының салдарын түсіну үшін жеткілікті түрде батыл болатын бөлігіне тиесілі. Біз жасаған және тарататын адамға тән емес ойлау түрлері кез келген жағдайда, олар әзірленген нақты жағдайларда бізден асып түсуі мүмкін. Бірақ ЖИ функциялары күрделі және жүйелі емес. ЖИ адамның немесе тіпті «адам күшінен тыс» өнімділік деңгейіне қол жеткізуі мүмкін немесе тіпті баланың өзі алдын алуға қабілетті қателіктерге жол беруі немесе мүлдем мағынасыз нәтижелер беруі мүмкін. ЖИ қателескеніне немесе дәл мақсатқа жеткеніне қарамастан, ең бастысы, ол біздің сұрақтар қоюымызға түрткі болады. Біз мәні жағынан материалдық емес бағдарламалардың бұрын тек адамдарға қолжетімді болған ойлау мүмкіндіктері мен қоғамдық рөлдерге ие болғанының куәсі болғандықтан, өзімізге мынадай маңызды сұрақты қоюға тиіспіз: ЖИ эволюциясы адамның түйсігіне, танымына және қарым-қатынасына қалай әсер етеді? ЖИ-дің адам мәдениетіне және адамзаттың одан әрі дамуына тигізетін әсері қандай?

* * *

Мыңдаған жылдар бойы біз әлемді зерттеп, білім іздедік. Кез келген мәселенің кілті – адамның ақыл-ойын ыждағатпен және шоғырлай қолдану екеніне көз жеткіздік. Жыл мезгілдерінің ауысуы, планеталардың қозғалысы, аурулардың таралуы сияқты жұмбақтарды шешуге кірістік. Қажетті сұрақтар қойып, қажетті мәліметтерді жинап, түсіндірмелерді таптық. Алынған білім біздің игілігімізге қызмет етті, бізде барынша дәлме-дәл күнтізбелер, навигацияның жаңа әдістері, жаңа вакциналар пайда болды және олар ақыл-ойды қолдануға болатын жаңа сұрақтарды тудырды.

Бұл процесс қаншалықты баяу және жетілмеген болса да, ол біздің әлемімізді өзгертті және біздің саналы тіршілік иесі ретінде әрі қарай дамып, ғаламның сын-тегеуріндеріне төтеп беруге қабілетті екендігімізге сенімімізді нығайтты. Бізге бағынбайтындай болып көрінген нәрсені біз болашақта ақыл-ойды қолдану үшін сын-тегеурін ретінде қабылдадық немесе тікелей түсінуіміз қиын таңғажайып санатына жатқыздық.

Жасанды сананың пайда болуы бізді адамның ақыл-ойынан тыс үшінші санат туралы – адамдар қол жеткізе алмаған немесе қол жеткізе алмайтын біздің әлемнің бізге белгісіз аспектілерін зерттейтін, бізге тікелей қолжетімді болмауы мүмкін ойлау түрі туралы пайымдауға мәжбүр етеді. Егер өзін-өзі оқытушы компьютер ойынның мыңжылдық тарихында ешқашан бірде-бір адамның ойына келмеген шахмат стратегиясын әзірлесе, ол нақты нені және қалайша ашты? Ол күні бүгінге дейін адам санасына белгісіз болған ойынның қандай елеулі аспектісін түсінді? Бағдарлама код қателерін түзетіп немесе автомобильдерге арналған автопилоттарды жетілдіре отырып, әзірлеушілер қойған тапсырманы орындағанда ешбір адамға түсініксіз модель құрып, пайдаланған кезде, біз білімге бет бұрамыз ба? Әлде білімнің қолжетімділігі төмен бола ма?

Бүкіл адамзат тарихы кезеңінде технологиялық өзгерістер орын алды. Бірақ тек кейбір жағдайларда ғана технологиялар біздің қоғамдық және саяси құрылымымызды шын мәнінде түбегейлі өзгерте алды. Әдетте қоғам таныс санаттар шегінде дамып және жаңара отырып, бейімделді және жаңа технологияларды қабылдады. Автомобиль көлік арбаларын әлеуметтік құрылымдарды толығымен өзгертпей-ақ алмастырды. Мушкеттің орнын винтовка алмастырды, бірақ жалпы әскери іс өзгеріссіз қалды. Жалпы әлемді өзгертуге қабілетті технологиялар өте сирек кездеседі. Бірақ бүгінде ЖИ адам тәжірибесінің барлық аспектілерін түбегейлі өзгертуден белгі беруде және бұл өзгерістердің негізгі бөлігі философия деңгейінде болады. Әлем және ондағы адамның рөлі туралы түсінігіміз өзгереді.

Бұл соңғы ғасырларда біздегі алғашқы революциялық ығысу болғандықтан, осы тәжірибе біз үшін бір уақытта терең және қарама-қайшылықты болуда, біз оған біртіндеп еніп, нақты ненің болғанын және алдағы жылдары ненің болуы ықтимал екенін аса жақсы түсiне алмай, бейтарап түрде өткереміз. Бұл ығысудың негізін компьютерлер мен Интернет салған. Осы процестің шыңында ЖИ адам қызметінің барлық салаларына еніп, біздің ойлауымыз бен өмірімізді жаңа дәрілермен және шет тілдерінен автоматты аудару құралдары сияқты біз түсінетін дүниелермен және адамның болашақ қажеттіліктерін болжай алатын немесе шебер түрде қалыптастыратын бағдарламалық процестер сияқты түсініксіз тәсілдермен толықтырады. Бізді ЖИ және машиналық оқытудың перспективалары қызықтырды және күрделі ЖИ жұмысына қажетті есептеу қуатының құны төмендейтіндіктен, өзгерістер барлық дерлік салаларды қамтитын болады.

Бүкіл дүниежүзі бойынша біздің күнделікті өміріміздің қарқыны мен мәніне – тұрғын үйлерді салу мен жайластыруға, көлік пен логистикаға, ақпаратты таратуға, қаржы мен саудаға, қауіпсіздік пен қорғанысқа, яғни адам бұрын өз бетінше айналысқан барлық нәрселерге ендірілетін бағдарламалық процестердің торы тапжылмай, көбінесе білінбестен, бірақ бұлтартпай өрістеуде. Бұл бағдарламалық процестер ақпаратты өңдейді, біздің мүмкіндіктерімізді толықтырып, әрекеттерімізден үйренеді және бізге түсініксіз тәсілдермен жұмыс істейтін ЖИ қосымшалары көптеп пайда болады. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді орындайды, бірақ біз олардың не істеп немесе нені анықтап жатқанын және олардың қалай жұмыс істейтінін әрдайым біле бермейміз. Адамға қарағанда өзгеше «ділдік» жазықтықты алып, ЖИ ақпаратты қабылдау мен өңдеуде біздің тұрақты серігіміз болады. Біз оны құрал, серіктес немесе қарсылас деп санасақ та, ол біздің саналы тіршілік иесі ретіндегі тәжірибемізді және әлемге деген көзқарасымызды мәңгілікке өзгертеді.

Адам ақыл-ойының тарихтағы негізгі орынға апаратын жолы көптеген ғасырларға созылды. Батыста баспахананың пайда болуы мен протестанттық Реформация ресми иерархияға ұран тастады және біздің өмірлік координаттарымыздың бүкіл жүйесін өзгертті, яғни Құдай туралы Қасиетті жазба мен оның ресми түсіндірмесі арқылы білудің орнына адамзат өз күшін талдау және зерттеу арқылы білімді іздеуге бағыттады. Қайта өрлеу дәуірінде ойшылдардың классикалық еңбектері және әлемді зерттеу әдістері қайта ашылды, олардың көкжиектері мұхиттардың арғы жағынан табылған жаңа жерлердің арқасында кеңейе түсті. Ағартушылық дәуірінде Рене Декарттың cogito ergo sum («Мен ойлаймын, сондықтан да өмір сүремін») максимасы адамзаттың айқындаушы қабілетінің рөлін ақыл-ойға бекітіп, оның тарихи негізгі орынға деген талаптарын негіздеді. Басқарушы топтардың ақпаратқа монополиясы бұзылды, мүмкіндіктер дәуірі келді.

Адам ақыл-ойының үстемдігі адам санасымен теңесе алуы немесе одан басым түсуі мүмкін машиналардың таралуын ішінара жояды. Бұл Ағартушылық дәуіріндегіден кем емес терең өзгерістерден белгі береді. Тіпті адам деңгейіндегі кез келген зияткерлік тапсырманы шешетін және әр түрлі пәндер шеңберіндегі тапсырмалар мен ұғымдарды байланыстыра алатын жалпы жасанды интеллект (Artificial general intelligence, AGI) пайда болмаса да, қолданыстағы ЖИ адамзаттың шындық туралы, демек, өзі туралы түсінігін өзгертеді. Біз үлкен жетістіктерге ұмтыламыз және бұл жетістіктер біздің философиялық ой-толғамдарымызға септігін тигізуі керек. Декарт өзінің максимасын жариялағаннан кейін төрт ғасыр өткен соң мынадай сұрақ туындайды: егер ЖИ ойлана алса, онда біз кімбіз?

ЖИ онда шешімдер мынадай үш негізгі жолмен қабылданатын әлемді ашады: адамдар, бұл бұрыннан таныс, машиналар, бұл барған сайын әдеттегі жағдайға айналады және ынтымақтастықта адамдар мен машиналар (бағдарламалық жасақтаманың көмегімен адамдар ғана емес), бұл – ерекше ғана емес, сонымен бірге теңдессіз жағдай. ЖИ арқасында машиналар біздің құралдарымыздан серіктестерімізге айналады. Біз ЖИ-ге барған сайын нақты сұрақтарды сирек қоямыз, ЖИ-ге кейбір әр түрлі тапсырмаларды әлдеқайда жиі беріп, одан: «Сеніңше, біз қалай әрекет жасауымыз керек?» деп сұраймыз.

Бұл өзгерісте қауіп төндіретін немесе жігерлендіретін ештеңе жоқ. Бірақ бұл бүкіл халықтың даму бағытын және жалпы тарихтың бағытын өзгертуі ықтимал ауқымдағы ілгерілеу болады. ЖИ-ді біздің өмірімізге кіріктіру арқылы мүмкін емес болып көрінген адами мақсаттарға қол жеткізіледі және бұрын тек адам жасауы керек деп саналған музыка немесе жаңа емдеу әдістерін әзірлеу сияқты жұмысты істеуде бізге машиналар көмектеседі немесе біз үшін солар жасайды. Адам қызметінің тұтас бағыттарын ЖИ қатысатын процестер жайлайды, бұл ретте кейде тек адам, машинаның өзі ғана және гибридті машина-адам қабылдайтын шешімдер арасындағы шекараны анықтау қиын болады.

Мысалы, саясат саласында демократиялық әлем үлкен деректерге негізделген ЖИ процестері саяси хабарламаларды әзірлеу, осы хабарламаларды халықтың әр түрлі топтары арасында бейімдеу және насихаттау, әлеуметтік алауыздықты тудырғысы келетін қаскүнемдердің жалған хабар жасауы және таратуы, жалған хабар мен зиянды деректердің басқа да түрлерін анықтау, сәйкестендіру және зиянсыздандыру алгоритмдерін әзірлеу және өрістету сияқты саяси процестердің көптеген аспектілерін анықтайтын дәуірге енеді. Бұл ретте ақпараттық кеңістікті айқындау мен қалыптастырудағы ЖИ рөлін анықтау қиындай түсуде, кейде тіпті оны әзірлеушілер оның қалай әрекет ететінін ғана жалпы сипаттап бере алады. Бұл демократияның, тіпті ерік бостандығының перспективасын өзгертуі мүмкін. Бұл өзгерістердің қаншалықты игілікті немесе қайтымды екендігіне қарамастан, бүкіл әлемдегі мемлекеттер жағдайдан хабардар болуы және қоғамдық келісімдерді бұзбау үшін олар туралы білуі керек.

Әскери саланың болашағы одан да күрделірек. Егер армиялар қарулануға ой-өрісі адамдарға – әскерилерге және стратегтерге түсініксіз ЖИ жасақтаған стратегия мен тактиканы қабылдаса, күштердің арақатынасы өзгереді және оны анықтау қиынға соғады. Егер мұндай машиналар өз бетінше әскери шешімдер қабылдауға мүмкіндік алса, қорғаныс пен тежеудің дәстүрлі тұжырымдамалары, сондай-ақ жалпы соғыс заңдары бұзылады және бейімдеуді қажет етеді.

Бұл мысалдардан әлеуметтік топтар мен әр түрлі ЖИ-мен қаруланған немесе оны жасамайтын елдер арасында қандай кедергілер пайда болатындығы айқын көрінеді. Егер әр түрлі топтар немесе мемлекеттер әр алуан ЖИ пайдаланса, олардың шындықты қабылдау тәсілдері болжап болмайтын бағыттарда айырылуы мүмкін. Мақсаттары, оқыту модельдері және ЖИ-ге қатысты практикалық және әдеп шектеулері әр түрлі адам мен машина арасындағы серіктестіктің әр түрлі тәсілдерінің даму шамасына қарай бұл бәсекелестіктің өсуіне, техникалық үйлесімсіздікке және өзара түсініспеушілікке әкелуі мүмкін. Нәтижесінде бастапқыда ұлттық айырмашылықтарды еңсерудің және объективті шындықты таратудың құралы болып саналған технология уақыт өте келе елдер мен халықтардың тұтас иеліктен айырылуының себебі болуы мүмкін.

Нақты мысал – AlphaZero. Бұл жүйе ЖИ енді қандай жағдай болса да ойындарда адамның білімімен шектелмейтінін дәлелдеді. Әрине, терең нейрондық желілер деп аталатын машиналық оқытуға негізделген AlphaZero ЖИ-дің өзіндік шектеулері бар. Бірақ машиналар көбіне-көп адам қиялынан тыс шешімдерді жасауда. 2016 жылы DeepMind құрамына кіретін DeepMind Applied компаниясы Google деректерді өңдеу орталықтарын салқындатуды оңтайландыру үшін ЖИ (көп жағдайда AlphaZero-мен байланысты) әзірледі. Бұл міндет бойынша әлемнің ең үздік инженерлері жұмыс істеді, бірақ DeepMind ЖИ салқындатуды одан әрі оңтайландырып, қосымша энергия шығынын 40 %-ға азайтты. Бұл – адамның өнімділігімен салыстырғанда орасан зор жақсарту8. ЖИ көмегімен әр түрлі қызмет салаларында салыстырмалы серпілістерге қол жеткізілгенде, әлем сөзсіз өзгереді. Нәтиже адам проблемаларын неғұрлым тиімді шешу ғана емес, ЖИ-дің көптеген жаңалықтарында адамға тән емес оқыту мен ойлаудың белгісі жатады.

Белгілі бір тапсырманы орындау кезінде ЖИ өнімділігі адамның өнімділігінен асып кеткенде, ЖИ-ді адамға қосымша ретінде болсын қолданудан бас тарту болжамсыздық, немқұрайлылық және тіпті қасақылық белгісі ретінде қабылданады. Бірақ ЖИ-ге құнды тасты сыйға тартуға кеңес берген шахматшы (бұл жерде өмірге қауіпті ештеңе жоқ) бөлек, ал ЖИ оған көбірек адамдардың өмірін сақтап қалу үшін (ЖИ есептеуі бойынша) көптеген отандастарын құрбан етуді ұсынған бас қолбасшының жағдайы – мүлдем бөлек мәселе. Бұл құрбандықты қандай негізде жоюға болар еді және бұл жоюды ақтауға болар ма еді? Адамдар ЖИ қандай есептеулер жүргізгенін әрқашан білетін бола ма? Адамдар ЖИ-дің қате шешімін тауып, оны дер кезінде жоя ала ма? Егер бізге ЖИ-дің жеке шешімдерінің қисынын түсіну мүмкін болмаса, оның әр ұсынымына сенуіміз керек пе? Егер біз ЖИ шешімдерін бұғаттасақ, онда өзіміз үшін тым күрделі процестерге араласуға тәуекел етпейміз бе? Тіпті, егер біз жеке шешімдердің қисынын, құнын және мағынасын түсінсек те, егер қарсыласымыз өзінің ЖИ-інен осындай ұсыным алса, не болмақ? Егер ол құрбандыққа барғанда, біз олай етпесек, біз жеңіліске ұшыраймыз ба?

AlphaZero мен халицин жағдайларында ЖИ олардың алдына адамдар қойған тапсырмаларды шешті. AlphaZero-ның мақсаты шахматта жеңіске жету болды. Халицинді ашқан ЖИ-дің мақсаты мүмкіндігінше көп патогенді өлтіру болды және патогендер адамға зиян тигізбестен неғұрлым көп жойылса, жетістік соғұрлым көп болады. Тағы бір мақсат адамға қолжетімсіз сала болды: ЖИ-ге дәрілерді жеткізудің белгісіз тәсілдерін іздеу тапсырылды. ЖИ жетістікке жетті, өйткені ол тапқан антибиотик патогендік микроорганизмдерді өлтірді, бірақ оның басты жетістігі – жеткізудің жаңа тәсілімен қатар, жаңа сенімді антибиотикті ашу арқылы емдеу мүмкіндіктерін кеңейту.

Адам мен машина арасындағы серіктестіктің жаңа түрі пайда болады. Біріншіден, адам машинаға арналған тапсырманы анықтайды. Содан кейін машина адамға қолжетімсіз салада әрекет ете отырып, адам кейінірек зерделеп, түсіне алатын және ең дұрысы қолданыстағы тәжірибеге енгізе алатын оңтайлы процесті анықтайды. AlphaZero стратегиясы мен тактикасы адамдардың шахмат туралы түсініктерін кеңейтті, ал АҚШ ӘӘК AlphaZero-ның негізгі қағидаттарын оның радарлық жүйелерін пайдалану туралы өз бетінше шешім қабылдай отырып, U-2 бақылау ұшағын дербес басқаратын жаңа μZero ЖИ-ге бейімдеді9. Халицинді ашқан ЖИ бактерияларды жою мен дәрілерді жеткізудің тар саласында да, кең мағынада да (денсаулық сақтау, медицина) білімімізді кеңейтті.

Адам мен машинаның бұл серіктестігі мүлдем жаңа тәжірибенің пайда болуын білдіреді. Әңгіме бәрін білетін, бәрін басқаратын машиналардан қорқу жайында емес, бұл ғылыми фантастика тақырыбы болып қала береді және адам мен ЖИ серіктестігіне байланысты туындайтын қоғамның шынайы мәселелерінен назарды бұрып әкетеді.

Тағы бір мысал келтірейік, бұл – іздеу жүйелері. Он жыл бұрын, интернет-іздеу машиналық оқытуға емес, деректерді талдауға негізделген кезде, мысалы, алдымен «таңдаулы асүй мейрамханаларын», содан кейін «киім» іздеуді жүргізуге болатын. Бұл ретте екінші іздеу нәтижелері біріншісінің нәтижелеріне байланысты болмады. Екі жағдайда да іздеу жүйесі мүмкіндігінше көп ақпарат жинады, содан кейін цифрлы телефон кітабы немесе каталог сияқты нұсқаларды шығарды. Бірақ қазір іздеу жүйелері тек пайдаланушылардың тапсырмаларын орындап қоймай, сонымен бірге адамдардың мінез-құлқына негізделген модельдерді басшылыққа алады. Жаңа ғана таңдаулы асүй мейрамханаларын іздеп, енді киім қарап отырған қолданушыға барынша қолжетімді балама емес, дизайнерлік киім ұсынылуы мүмкін. Ол дизайнерлік киімге шынымен қызығушылық танытса да, айырмашылық айқын, егер бұрын бізге барлық мүмкіндіктер ауқымы көрсетілсе, қазір біз машинаның бастапқы тізім қалыптастыруына сенеміз.

Осы уақытқа дейін ақыл-ой айрықша дәргейлі еді, ал Ағартушылық дәуірінен бастап адамзаттың айқындаушы белгісі болды. Бірақ қазір ЖИ біздің серіктесімізге айналуда және бұл адамдарға да, машиналарға да әсер етіп отыр. Болашақта машиналар адамдарға білім беріп, бізге қолжетімді шындықты біз аңғарып-білмеген тәсілдермен кеңейтеді, ал адамдар өздерінің ашылымдарының мәнін білуге және бағалауға қабілетті машиналар жасайды. Осылайша, жаңа дәуір басталады.

Адамзат қол еңбегін жеңілдету, автоматтандыру және ауыстыру үшін машиналарды қолданудың ғасырлық тәжірибесіне ие. Экономика, саясат, зияткерлік өмір және халықаралық қатынастарда әлі де өнеркәсіптік революциядан туындаған өзгерістер толқыны байқалады. Бүгінде біз бірте-бірте оны ұғынбастан, ЖИ ұсынатын жайлылықтарды қолдануды бастап кеттік. Ол қазірдің өзінде күнделікті өмірде біздің серіктесімізге айналды, яғни ол бізге қандай тамақ жеп, қандай киім кию керектігі, не істеп, белгілі бір межелі орынға қалай жетуге болатындығы туралы шешім қабылдауға көмектеседі.

Бірақ ЖИ тұжырымдар шығарып, болжамдар жасай алатынына және шешімдер қабылдай алатынына қарамастан, оның «өзіндік сана-сезімі», яғни өзінің әлемдегі рөлі туралы ойлау қабілеті жоқ. Оның ниеті, уәждемесі, ақылағы немесе эмоциясы жоқ. Әйтсе де ЖИ адамдарды да, біз өмір сүретін ортаны да өзгертеді. Егер адамдар ЖИ-мен бірге өсіп, оқып-үйренетін болса, онда олардың оған өз бауырласына қарайтындай түпсаналық азғырындысы пайда болуы мүмкін.

Көптеген адамдарға ЖИ түсініксіз болып қала береді, бірақ университеттерде, корпорацияларда және үкіметтерде адамдар ЖИ жасап, пайдалана бастайды. ЖИ-ді іздеу жүйелері сияқты әдеттегі тұтынушылық қызметтерге енгізудің арқасында біздің көпшілігіміз саналы немесе аңдаусыз түрде болсын ЖИ-мен өзара іс-қимылда боламыз. Егер ЖИ жасай алатын адамдардың саны өсу үстінде десек, адамзат үшін ЖИ пайда болуының әлеуметтік, құқықтық, философиялық, рухани, моральдық салдары туралы ойлайтындардың қатары әлі де аз.

ЖИ-дің дамуы мен таралуы арқасында адам ақыл-ойы табиғи апаттарды алдын ала болжауға арналған жаңа модельдер, математиканы тереңірек білу, Ғалам туралы барынша егжей-тегжейлі танып-білу сияқты бұрын қолжетімсіз болған мақсаттарды жақындата отырып, жаңа көкжиектерді ашады. Бірақ бұл адамның ақылмен және шындықпен қарым-қатынасының өзгеруіне байланысты орын алады, ал қазіргі философиялық тұжырымдамалар мен қоғамдық институттар бізді бұл төңкеріске еш дайындаған жоқ.

2-тарау
Біз бұған қалай тап болдық. Адам ойлауының тарихы

Бүкіл адамзат тарихында адамдар ғасырлар бойы біздің әлеміміз бен өмір сүруіміздің негіздерін толық түсінуге тырысқан. Әр халық шындық табиғаты туралы мынадай сұрақты өз бетінше қойды: оны қалай анықтауға болады? Оны болжап білуге бола ма? Оны өзгерту немесе түзету мүмкін бе? Осы мәселелерді шеше отырып, әр қоғам қоршаған әлеммен өзара қарым-қатынастарды реттеуге арналған өзінің белгілі бір құралдар жиынтығын әзірледі. Адамның ақыл-ойының шындыққа қатынасы туралы тұжырымдама – оның қоршаған ортаны тану қабілеті, осы білімді алып келетін қанағаттанушылық және осы процеске тән шектеулер біздің әлем туралы түсінігімізде әрқашан басты орынды иеленеді. Тіпті белгілі бір дәуірде немесе мәдениетте адамның ақыл-ойы шектеулі деп, яғни ғаламның орасан үлкен ауқымын немесе шындықтың эзотерикалық өлшемдерін қабылдауға немесе түсінуге қабілетсіз деп саналса да, жеке саналы адамға әлемді толық түсінуге және оның көрінісін қалыптастыруға қабілетті жер бетіндегі жалғыз тіршілік иесі ретінде құрметті орын берілді. ЖИ – адамзат құрған осы процестің жаңа қуатты қатысушысы. Орын алған эволюцияның қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін біз адамның ақыл-ойының бір-бірін алмастыратын тарихи дәуірлерден өтіп, өзінің құрметті мәртебесіне ие болу жолына қысқаша шолу жасаймыз.

Адамдар біз ғылыми, теологиялық немесе осы екі жолмен де зерделей алатын және соңында түсіндіре алатын құбылыстарды бөліп көрсете отырып, қоршаған ортаға ден қояды және оған бейімделеді. Әрбір тарихи дәуірде әр нәрсенің ретіне қатысты өздігінше түсінік қалыптасқан, оның негізінде әлеуметтік, саяси және экономикалық тетіктер дамыды. Ежелгі заман, Орта ғасыр, Қайта өрлеу, қазіргі заманғы әлем олардың жалпы әдепкі дүниелермен қайда және қалайша біте қайнасатынын түсінуге тырысып, адам мен қоғамның әр алуан тұжырымдамаларын қалыптастырды. Басым түсініктер біз қабылдайтын шындықты – бастан кешкен оқиғаларды, ашылған жаңалықтарды, басқа мәдениеттермен танысуды түсіндіру қабілетін жоғалтқан кезде ойлау қабілетінде үлкен өзгерістер болып (кейде саяси аренада да), жаңа дәуірлер басталды. Келіп жеткен ЖИ дәуірі шындықты қазіргіше түсінуге дәуірлік ұран тастайды.

Батыста адамдардың білімге деген ұмтылысын көтермелейтін әдеп Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римде пайда болды. Ежелгі гректер ақыл-ой мен ізденіс рухын дамытып, білімге деген ұмтылысты арттырды және оны жеке өзін-өзі танытудың да, ұжымдық игіліктің де айқындаушы аспектісіне айналдырды. Классикалық философ Платонның «Мемлекет» атты еңбегіндегі үңгір туралы әйгілі мифте ақиқатты іздеудің маңыздылығы туралы айтылады. Сократ пен Главкон арасындағы диалог түрінде ұсынылған бұл аллегория адамдарды жарыққа теріс қаратып бұғауланған тұтқындарға теңейді. Тұтқындар үңгірдің саңылауынан олардың алдындағы қабырғаға түсетін көлеңкеден басқа ештеңені көрмейді. Философ әлем туралы нақты түсінігі бар босатылған тұтқын сияқты. Платонның заттардың шынайы формасын іздеуі оның ұмтылуға болатын, бірақ қол жеткізу мүмкін емес абсолютті болмыстың (эйдос, ішкі форма) бар екендігіне деген сенімін көрсетті.

Тәртіптің және ақыл-ойдың көмегімен шындықтың кем дегенде кейбір аспектілерін түсінуге болатындығына деген сенім ежелгі грек философтары мен олардың ізбасарларын үлкен жетістіктерге жетеледі. Пифагор мен оның шәкірттері математика мен табиғаттың ішкі үйлесімділіктері арасындағы байланысты зерттеп, бұл ұмтылысты эзотерикалық рухани доктрина дәрежесіне көтерді. Фалес Милетский заманауи ғылыми әдіске ұқсас зерттеу әдісін жасап, ол Ерте Жаңа дәуір ғылымының ізашарларына шабыт берді. Аристотельдің кең білім жіктемесі, Птолемейдің жаңашыл географиясы және Тит Лукреций Кардың «Заттардың табиғаты туралы» трактаты ежелгі ойшылдардың адам ақыл-ойының ең болмаса әлемнің басты негіздерін ашып, тануға қабілетті екеніне сенгендігін көрсетті. Осы жұмыстар мен оларда қолданылған ойлау тәсілі арқасында адам өнертабыстар жасауды, қорғанысты нығайтуды, ұлы қалаларды жобалауды және салуды үйренді, бұл қалалар өз кезегінде білім беру, сауда және одан әрі зерттеу орталықтарына айналды.

Дегенмен тек ақылдың көмегімен барабар түсіндіру қиын болған, бір қарағанда түсініксіз құбылыстардың болуы ежелгі ойшылдарды алаңдатқан жоқ. Бұл тылсым құбылыстар қатар жүретін салт-жоралармен және рәсімдермен көптеген құдайлардың еркіне бағынады деп түсінілді. Құдайларға табыну керек болды, олар туралы білу қажет еді, бірақ оларды адам логикасымен түсіндіруге болмайды. Көне дәуірдің жетістіктері мен Рим империясының құлдырауы туралы әңгімелей келе, XVIII ғасырдың, яғни Ағартушылық дәуірінің тарихшысы Эдвард Гиббон пұтқа табынушылардың құдайлары тылсым, маңызды және қорқынышты іргелі табиғи құбылыстардың түсіндірмесі ретінде пайдаланылған әлемді былайша сипаттады:

«Пұтқа табынушылық мифологиясының селдір матасы әр текті болғанымен, бір-біріне аз да болса сәйкестендіріп іріктелген материалдардан тоқылған… Сан мыңдаған тоғайлар мен бұлақтардың құдайлары өздерінің жергілікті әсерін бейбіт түрде пайдаланды және ашуланған Тибрді мейірімді етуге тырысқан римдік Нілдің қайырымды данышпанына құрбандық шалған мысырлықтың күлкісіне шыдай алмады. Табиғаттың, планетаның және апаттың көрінетін күштері бүкіл Ғаламда бірдей болды. Адамгершілік әлемінің көрінбейтін басшылары сөзсіз қиял мен аллегориядан туындаған бірдей түрге енген»10.

Ғылымға жыл мезгілдерінің неге ауысатыны және неліктен жер үнемі өліп, қайта туылатыны әлі белгісіз еді. Ежелгі Грекия және Ежелгі Рим мәдениеттері күн мен түннің және жыл мезгілдерінің ауысуын мойындады, бірақ оларды эксперименттік бақылаулармен немесе адам логикасымен түсіндірмеді. Түсіндірудің орнына әйгілі Элевси́н мистериялары ұсынылды, оларда егін құдайы Деметра мен жылдың бір бөлігін Аид жерасты патшалығында өткізуге мәжбүр болған оның қызы Персефонаның драмасы ойналды. Мұндай эзотериялық жораларға қатысу адамдарға өңірдің өнімділігіне және жалпы қоғамға жыл мезгілдерінің қалай әсер ететіні туралы білуге мүмкіндік берді. Сол сияқты сапарға шыққан саудагер өз қауымының тәжірибесінен судың көтерілуі, қайтуы және теңіз географиясы туралы біле алды, бірақ ол бәрібір теңіздегі жағдай мен оның саяхатының қауіпсіздігі байланысты болатын құдайларды мейірімді етуге тырысты.

Монотеистік діндердің пайда болуы Ежелгі әлемге тән ақыл-ой мен наным арасындағы теңгерімді өзгертті. Құдай жаратылысы мен табиғаттың құдіреті туралы ойлағанда ежелгі философтар әдетте ғибадат етуге болатын әлдебір біртұтас және негізгі тұлғаны немесе болмысты атаған жоқ. Алайда ертедегі христиан шіркеуі мұндай қисынды ой қорытындылары тұйыққа тірейтінін немесе әрі кетсе тек христиан даналығы ашылымының жаршысы бола алатындығын анықтады. Ежелгі әлем түсінуге әрекет еткен жасырын шындық енді шіркеудің міндетті түрде араласуымен ғибадат қылу арқылы тек ішінара және жанама түрде қолжетімді болған таңғажайып құбылыс болып есептелді. Шіркеу ғасырлар бойы білімге абсолютті монополияны сақтап келді, ал білім тілі тек аздаған миряндықтарға ғана түсінікті болған киелі салт-жоралар мен Қасиетті жазбаны түсіну дегенді білдірді.

«Ақиқат» сенімді және ол белгілеген даналық жолын ұстанғандар үшін уәде етілген марапат байқалатын шындыққа қарағанда анағұрлым шынайы және маңызды болмыс деңгейі іспетті о дүниелік өмір болды. Орта ғасырларда – V ғасырда Римнің құлауынан бастап XV ғасырда11 Осман империясының Константинопольді басып алуына дейінгі кезеңде адамзат ең алдымен құдайды тануға ұмтылды. Әлемді тек құдай арқылы тануға болатын еді, теология табиғи құбылыстарға қатысты адамдардың тәжірибесін сүзгіден өткізіп, реттеді. Галилео сияқты ерте Жаңа дәуірдің ойшылдары мен ғалымдары шіркеудің қатысы бар екенін елемеуге батылы барғаны үшін қудаланып, қуғын-сүргінге ұшырады.

Шындықты түсінудің негізгі құралы сенім, ақыл-ой және шіркеу арасындағы қатынасты құрметтейтін схоластика болды. Соңғысы нанымдар үшін де, саяси көшбасшылар үшін де (қандай жағдай болса да, теория жүзінде) заңдылықтың төрешісі болып қала берді. Көптеген адамдар христиан діні теологиялық жағынан және саяси жағынан біртұтас болуы керек деп есептеді, дегенмен іс жүзінде әр түрлі діни ағымдар мен саяси топтар арасындағы келіспеушіліктер әуел бастан болған. Алайда Еуропаның дүниетанымы ондаған жылдар бойы жаңарған жоқ. Ғаламды түсіндіруде емес, сипаттауда және бейнелеуде орасан зор ілгерілеуге қол жеткізілді. Фома Аквинскийдің «Теология қосындысы», Джефри Чосердің шығармалары, Джиотто ди Бондоненің кескіндемесі және Марко Полоның зерттеулері осы кезеңге жатады. Үлкенді-кішілі кез келген түсініксіз құбылыс тек құдайдың ісі болып саналды.

XV–XVI ғасырларда Батыс жаңа дәуірді және онымен бірге шындықты қабылдаудағы адамның ақыл-ойы мен санасының рөлі туралы жаңа тұжырымдаманы ашқан екі төңкерісті бастан өткерді. Баспа станогын ойлап табу адамдардың үлкен топтарының арасында ғалымдар тобы қолданатын латын тілінде емес, олар түсінетін тілдерде ақпаратты таратуға мүмкіндік берді. Бұл халықтың оған барлық идеялар мен түсініктерді түсіндіруге тиіс болған шіркеуге тарихи тәуелділігін жоққа шығарды. Баспаның арқасында протестанттық Реформация адамдар өздері үшін құдайды анықтай алады және анықтауы тиіс деп жариялады. Оларға енді рұқсаттар, гильдиялар немесе атақтар қажет емес және әркім Қасиетті жазбаны түсіну үшін өзінің оқу және ойлау қабілеттерін қолдана алады.

Христиан әлемін бөлген Реформация шіркеудің қатысы болмай-ақ, жеке сенімнің болу мүмкіндігіне нандырды. Осы сәттен бастап дін саласындағы және уақыт өте келе басқа салалардағы беделділер өз зерттеулерімен тексеруге, сынаққа тап болды. Бұл жаңалық бүгінге дейін сақталды.

Жаңа технологиялар, ойлаудың жаңа тәсілдері және кең ауқымды саяси және әлеуметтік өзгерістер бір-бірін толықтырды. Кітап бастыру монастырь көшіріп жазушыларының қымбат жұмысынсыз ақпаратты көбейту мен таратуды жеңілдеткен кезде жаңа идеялар таралып, оларға тыйым салынғанға қарағанда тезірек танымал бола бастады. Орталықтандырылған билік – католик шіркеуі, Габсбургтер басқаратын Қасиетті Рим империясы (Еуропа құрлығындағы біртұтас Рим мемлекетінің мұрагерлері болып саналған), ұлттық немесе жергілікті үкіметтер болсын, енді баспаның таралуын тоқтата алмады немесе ұнамсыз идеяларға қарсы тиімді күрес жүргізе алмады. Лондон, Амстердам және басқа да жетекші қалалар баспа материалдарын таратуға тыйым салудан бас тартты, сондықтан өз мемлекеттерінің үкіметтерінен қудалау көрген еркін ойшылдар көрші елдердегі дамыған баспа индустриясынан пана тауып, оған қол жеткізе алды. Доктриналық, философиялық және саяси бірлік туралы арман әр алуандық пен бытыраңқылыққа жол берді, ол көп жағдайда қалыптасқан әлеуметтік таптардың құлауымен және қарсы күресуші фракциялар арасындағы қатал қақтығыстармен бірге жүрді. Таңғаларлық ғылыми және зияткерлік ілгерілеу адамдарды көптеген қайғы мен қауіп-қатерлерге душар еткен қатаң діни, әулеттік, ұлттық және таптық даулармен қатар жүрді.

Доктриналық адасу мен зияткерлік және саяси биліктің бөлшектенуі аясында көркемдік және ғылыми зерттеулер ішінара классикалық мәтіндерді, оқыту және дәлелдеу тәсілдерін жандандыруға байланысты құндылығымен ерекшеленді. Бұл Қайта өрлеу, яғни жаңа өнер, сәулет және философия бір мезгілде адамның жетістіктерін дәріптеуге және оны одан әрі дамуға шабыттандыруға ұмтылған классикалық білімнің қайта оралуы болды. Дәуірдің басқарушы қағидаты – гуманизм азаматтық өмірге толыққанды қатысуға, нақты ойлау мен өзін-өзі танытуға қабілетті тұлғаны тәрбиелеуге бағытталды. Бұл дағдыларды өнер, жазу, риторика, тарих, саясат және философия сияқты гуманитарлық ғылымдарға оқыту арқылы шыңдау керек болды. Адамдар ғылым мен өнерде шеберлік танытқан Қайта өрлеу дәуірінің тұлғалары – Леонардо Да Винчи, Микеланджело, Рафаэльді «Афина мектебі» фрескасындағы ежелгі дәуірдің ұлы философтарынан кем емес дәрежеде құрмет тұтты. Гуманизм оқу мен білімге деген сүйіспеншілікті шыңдады – олардың біріншісі екіншісіне ықпал етті.

Қайта ашылған грек ғылымы мен философиясы зерттеушілерді біздің әлемнің тереңдегі тетіктерін және оларды зерделеу құралдарын іздеуге тағы да шабыттандырды. Саясат пен мемлекеттік құрылым саласында ұқсас өзгерістер болды. Ғалымдар Ватиканның қолдауы аясында христиандық бірлікті қалпына келтіру идеясын қолдамайтын жаңа саяси тұжырымдамаларды қалыптастырды. Италиялық дипломат, философ және классицист Макиавелли мемлекеттік мүдделерді бекітудің прагматикалық (және көбінесе өте тартымды емес) тәсілдерін сипаттай отырып, олардың әрқашан христиандық ақылақпен сәйкес келмейтініне қымсынбады12.

Тарихи білімді зерттеу және қоғамның тетіктеріне иелік ету сезімінің артуы еуропалықтарды Ұлы географиялық жаңалықтар ашуға шабыттандырды, оның барысында Батыс жаңа елдермен, наным формаларымен және саяси ұйымның түрлерімен бетпе-бет келді. Еуропаның ең дамыған мемлекеттері мен ғалымдары кенеттен олар үшін мүлдем жаңа, діндері мүлдем басқа, тарихы әр алуан, өзіндік, тәуелсіз пайда болған экономика мен қоғамдық ұйым нысандары бар елдерге кезікті. Өздерінің айрықша екеніне сенімді батыстық ақыл-ой үшін бұл тәуелсіз құрылған қоғамдар терең философиялық проблема болды. Бұл мәдениеттер өз бетінше қалыптасып, христиан дінінен хабардар болмады және Батыс адамзат жетістіктерінің өзіндік айқын шыңы деп санайтын еуропалық өркениетке қызығушылық танытпай, тәуелсіз дамыды. Кейбір жағдайларда, мысалы, Мексикадағы ацтектер империясында жергілікті діни рәсімдер, сондай-ақ саяси және әлеуметтік құрылымдар еуропалықтарға таңданарлық дәрежеде ұқсас болды.

Осы ерекше сәйкестіктер туралы ойланған адамдарда мынадай бас қатыратын сұрақтар пайда болды: Өз дүниетанымы бар бұл жеке мәдениеттер қалайша өзімен-өзі маңызды болды? Америкадан, Қытайдан және басқа да алыс елдерден шыққан бұл адамдардың ақыл-ой мен жүректері шынымен еуропалықтардiкі сияқты ма? Бұл «жаңадан ашылған» өркениеттер еуропалықтардан шындыққа қатысты қандай да бір жаңа көзқарас алып, заттардың шынайы табиғатына «жаңаша қарауға» мұқтаж болды ма, құдайдың аянын немесе ғылыми ілгерілеуді қалады ма? Немесе бұлар әрқайсысының өз тарихы мен өзіндік дүниетанымы, өз құндылықтары бар қарапайым жеке халықтар ма?

Батыс зерттеушілері мен ойшылдарының көпшілігі жаңадан ашылған мәдениеттерде қабылдауға тұрарлық іргелі білім жоқ деген тұжырымға келді. Алайда батыстық сананың ой өрісі кеңейе бастады және зерттеушілерге әлемнің олар ойлағаннан гөрі ауқымдырақ және күрделірек екендігімен санасуға тура келді. Кейбір батыс елдерінде бұл біртұтас адамзат және адам құқықтары тұжырымдамаларының пайда болуына әкелді, олар кейінірек пайымдаудың елеулі кезеңдерінен кейін өз жемісін берді.

Осы кезде Батыс өзінің білімі мен тәжірибесінің қорларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі күшпен және білуге құмарлықпен тапқан олжаларымен толықтырды13. Технологиялық және әдіснамалық жетістіктер, оның ішінде жаңа оптика, мейлінше дәлме-дәл өлшеу құралдары, химиялық процестер, сондай-ақ қазіргі кезде «танымның ғылыми әдісі» ретінде белгілі зерттеу және бақылау ережелері ғалымдарға планеталар мен жұлдыздарды, материалдық заттардың қасиеттері мен құрамын және микроәлем өмірінің бөлшектерін дәлірек байқауға мүмкіндік берді. Зерттеушілер өздерінің және әріптестерінің бақылауларына сүйене отырып, ғылыми тұжырымдар жасауды үйренді. Ғылыми бақылаулар теориялар мен болжамдардың негізіне айналды, ашылулар одан әрі зерттеулердің бастау алған жері болды. Жаңа ашылымдар жасалды, жаңа заңдылықтар мен байланыстар белгілі болды, олардың уақытты есепке алу, теңіз навигациясы, пайдалы материалдар жасау сияқты көптеген түрлерін күнделікті өмірде қолдануға болатын еді.

XVI–XVII ғасырлардағы ілгерілеу оның математика, астрономия және жаратылыстану ғылымдарындағы таңғажайып ашылуларымен соншалықты қарқынды болды, бұл өз алдына философиялық бағыттан адасушылыққа әкелiп соқты. Шіркеу әлі рұқсат етілген зияткерлік іздестірулердің шекараларын ресми түрде анықтап жатты, бірақ жаңа ғылыми серпілістер үлкен табандылығымен ерекшеленді. Коперниктің гелиоцентрлік жүйесі, Ньютон заңдары, ван Левенгук микроорганизмдерінің жіктемесі және басқа да ашылулар адамдарға әлемнің жаңа бейнесін көрсетті. Нәтижесінде қарама-қайшылық пайда болды: қоғам өзінің монотеизмінде біртұтас болып қалды, бірақ шындықтың бәсекелес түсіндірмелерімен және зерттеулерімен бөлінді. Оған ізденістерді әлемді және ондағы адамның рөлін түсінуге бағыттайтын философия қажет болды.

Бұған жауап ретінде Ағартушылық дәуірінің философтары ақыл-ойды, яғни түсіну, ойлау және пікір айту қабілетін қоршаған ортамен өзара іс-қимыл әдісі мен мақсаты деп жариялады. Француз философы және ғұламасы Монтескье: «Біздің жанымыз ойлау үшін, демек, түйсік үшін жаратылған. Мұндай тіршілік иесінің білуге құмарлығы болуы керек, өйткені барлық заттар онда әрбір идея бір идеяның алдында және екіншісінен кейін келетін тізбекті құраса, біреуін көргісі келген адам екіншісін де көруді қалайды», – деп жазды14. Адамзаттың шындық табиғаты мен адамзаттың өзінің осы шындықтағы рөлі туралы сұрақтарының арасындағы байланыс, аты айтып тұрғандай, егер ақыл-ой сананы тудырса, адамдар неғұрлым көп пайымдаса, олар өз мақсаттарын соғұрлым көбірек орындайды. Ойлау, түйсік және өз дүниетанымын дамыту адамның жай ғана маңызды емес, аса маңызды ісіне айналды. Осылайша, Ағартушылық дәуірі басталды.

Батыс белгілі бір мағынада жаңа деңгейде ежелгі гректер жауабын табуға тырысқан мынадай көптеген іргелі сұрақтарға оралды: Шындық деген не? Адамзат нені таниды және бастан өткереді және ол жаңа нәрсеге тап болғанын қалай түсінеді? Адамдар шындықтың көрінісін емес, оның өзін қабылдауы мүмкін бе, егер солай болса, қалайша? Болу және білу деген нені білдіреді? Дәстүрлері болмаса да, не өздерін дәстүрді жаңаша түсіндіруге құқылы деп есептей отырып, ғалымдар мен философтар қайтадан осы сұрақтарды зерделеуге кірісті. Осы жолмен іске қосылған ойлар әлем туралы қалыптасқан түсініктерді өзгертуге тәуекел етуге дайын болды.

Зияткерлік батылдық ахуалында бір кездері аксиоматикалық ұғымдар – физикалық әлемнің болуы, моральдық ақиқаттың мәңгілік табиғаты кенеттен күмәндану үшін ашық болып қалды15. «Адам білімінің қағидаттары туралы трактатта» Джордж Беркли шындық материалдық нысандардан емес, түсініктер жиынтығынан тұрады және ақыл-ойдың материалдық шынайылық болып көрінетін шындықты қабылдауы – шындық деп тұжырымдайды. Заманауи компьютерлік теорияларды бастаған алғашқы есептеуіш машиналарды ойлап тапқан неміс философы Готфрид Вильгельм Лейбниц барлық нәрсенің бастапқы элементі – монадтар, яғни бөлшектері жоқ және бұл ретте оларға құдай салған бастауды өзектендіруге қабілетті болмыстың рухани бірліктері болып табылатын қарапайым түп негіздер екенін айтып, жанама түрде сенімнің дәстүрлі тұжырымдамасын қорғады. Бенедикт Спиноза абстрактілі ақыл-ой тұжырымдамасын батыл және жасапмаз түрде дамытқаны соншалықты, оның «Этикасын» екі ғасыр бойы шіркеу де, академиялық топтар да қабылдамады. Ол жалпыға ортақ құдай адамның мейірімділігін нәрлендіретін және марапаттайтын этикалық жүйені негіздеуге тырысты. Не Қасиетті жазбаға, не ғажайыптарға сүйенбестен, Спиноза негіз қалаушы ақиқаттар жүйесіне тек ақыл-ой арқылы ғана келуге ұмтылды. Спинозаның пікірінше, адам білімінің шыңы – жанның заттарды «мәңгілік формасында» тану қабілеті «өзі арқылы» көрініс тапқан ақыл-ойды білу және ақыл-ой арқылы шексіз және мәңгі болатын құдайды «өзінің себебі», «барлық заттардың болу себебі» және «барлық заттардың мәні» ретінде тану. Спинозаша айтсақ, бұл – білімнің мәңгілік, түпкілікті және шын мәнінде кемел түрі. Ол мұны «Құдайға деген танымдық махаббат» деп атады16.

Осы жаңашылдық зияткерлік іздестірулердің нәтижесінде ақыл-ой, сенім және шындық арасындағы қатынастар мейлінше аз айқындалған болып қала берді. Бұл мәселеге Шығыс Пруссия университетінің Кенигсберг қаласында жұмыс істеген неміс философы Иммануил Кант қарсы шықты17. 1781 ж. Кант «Нағыз ақыл сынын» жариялады, бұл – сол кезден бастап барлығын шабыттандыратын және таңғалдырып келе жатқан еңбек. Дәстүршілдердің шәкірті болған және нағыз рационалистермен хат алмасқан кезінде Кант екеуіне де ермеді, ол дәстүршілдердің постулаттары мен адам ақылының күшіне деген жаңа сенімділік арасындағы алшақтықты еңсеруге тырысты. «Нағыз ақыл сынында» Кант ақыл-ойдың «өзін-өзі тану үшін жаңадан өзінің ең қиын істеріне кірісуі» керектігін ұсынды18.

Кант ақыл-ой өз шектеулерін түсіну үшін қолданылуы керек деп есептеді, яғни ол шындықты терең, бірақ жетілмеген призма арқылы тани алады. Адамның танымы мен тәжірибесі, тіпті нағыз қисынды қолданғанда да, біз білетіндердің барлығын сүзгілеуден өткізеді, құрылымдайды және сөзсіз бұрмалайды. Кант «өзіндік зат» деп атаған объективті шындық біздің тікелей білімімізден тыс. Кант «ноумендер», яғни ақыл-оймен түсінілетін және тәжірибе мен адамның түйсінуіне қарамастан болатын заттар бар деп болжады. Канттың пікірінше, адамның ақыл-ойы тұжырымдамалық ойлау мен өмірлік тәжірибеге сүйенетіндіктен, ол ешқашан заттардың осы ішкі мәнін тану үшін қажет таза ойлау деңгейіне жете алмайды19. Біз, әрі кетсе, оның ақыл-ойымызда қалай көрініс табатынын қарастыра аламыз. Біз білім шегінен тыс және заттардың мәніндегі нәрселерге «сенуіміз» мүмкін, бірақ бұл ақиқат білім емес20.

Келесі екі ғасыр ішінде өзіндік затқа деген канттық көзқарас және танымның шектеулілігі күшінде қалды және… ерекше маңызды болмады. Біз адамның ақыл-ойы әлемнің жетілмеген бейнесін білдіретінін түсіндік, бірақ бұл бізге қолжетімді жалғыз көрініс болды. Біз адамның ақыл-ойына түсініксіз нәрсе сол күйі түсініксіз болып қалады немесе шексіздікке сенуге дем береді деп ойладық. Әлемді зерттеудің басқа тәсілдері қалмады, адамзаттың көмескі дақтары мәңгілікке жасырын болып қалатындай көрінді. Адамның ақыл-ойы мен білімі заттардың түпкілікті өлшемі болуы керек пе, жоқ па – бұған қарамастан, олар таңдаудың жоқтығын ескере отырып осылай болып қалды. Тек қазір ЖИ әлемді танудың балама құралына айналуда және осы ғасырлық көзқарастарға қарсы тұруда.

Кейінгі ұрпақтар өмір сүретін кезеңдерде өзіндік затты тануға деген ұмтылыс зерттеушілердің қоршаған әлемді қадала бақылауына және бар білімнің кең ауқымды каталогтарын құруына түрткі болды. Канттың адам ақыл-ойының шегі туралы ескертуіне қарамастан, құбылыстардың орасан зор жаңа салалары танып-білерлік болды. Ақыл-ой оларды ашып, жүйелендіре білді. Білім каталогтары қазіргі заманның өзекті ғылыми, экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелеріне қолданылатын қағидаттарды аша алады деп есептелді. Білімді жүйелендіруге бағытталған кең ауқымды еңбек – француз философы Дидроның редакциясымен шыққан «Энциклопедия». Дидро «Энциклопедияның» 28 томы, 18 мың беті мен 75 мың мақаласына білімнің әр түрлі бағыттары туралы ұлы ойшылдардың әр алуан тұжырымдары мен бақылауларын жинады, олардың ашқан жаңалықтары мен ой қорытындыларын жинақтады және алынған фактілер мен қағидаттарды біріктірді. Әлем туралы барлық білімдерді бір кітапта каталогтауға тырысу сипаттамаға лайық болды, сондықтан «Энциклопедияда» осы аттас мақала да болды.

Саяси салада әр түрлі мемлекеттік мүдделерге қызмет еткен ойшылдар бірдей тұжырым жасауға бейім болмады. Пруссия королі және ерте Ағартушылық дәуірінің әдеттегі саясаткері Ұлы Фридрих Вольтермен хат алмасып, өз әскерін кемелдікке дейін қатаң тәртіпке үйретті және Пруссияның мүдделері үшін Силезия провинциясын басып алды, бұл Жеті жылдық соғысқа21 – үш құрлықты шарпыған «Бірінші дүниежүзілік соғысқа» әкелiп соқты. Сол сияқты дәуірдің ең «ұтымды» саяси қозғалыстарының бірі француз революциясы да Еуропа ғасырлар бойы көрмеген ауқымда әлеуметтік толқулар мен саяси зорлық-зомбылыққа алып келді. Ақыл-ойды дәстүрден бөліп, Ағартушылық жаңа құбылысты: қаруланған ақыл-ойды тудырды, пассионарлы халықтарды басқарып, тарихтың бағыты туралы «ғылыми» тұжырымдар үшін тұтас елдерді қайта құрып, ойрандады. Инновациялар қару-жарақтың жойқын күшін арттырды, «жаппай соғыс» – елдер деңгейінде жұмылдырумен және өнеркәсіп деңгейінде жойылумен сипатталатын қақтығыстар дәуірі келді22.

Осы күйзелістердің әсерінен ойшылдардың көкейінде адам түйсігі шындықты қабылдаудың жалғыз өлшемі болып табыла ма деген сұрақ туындады. XVIII–XIX ғасырларда Ағартушылықпен қатар өмір сүрген романтизм адамның сезімдері мен қиялын ақыл-ойдан кем емес деп есептеді және қазіргі дәуірдің механистік анықтылығының халықтық дәстүрлері мен табиғи даналығын артық көрді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін австриялық философ Людвиг Витгенштейн ақыл-оймен айқындалатын заттардың біртұтас мәні – Платон заманынан бері философтар талпынған мақсат үғымынан бас тартты. Витгенштейн барлық заттарды анықтауға және каталогтауға деген ұмтылысты қате деп санады және өзі «отбасылық ұқсастық» деп атаған құбылыстар арасындағы бірін-бірі толықтыратын ұқсастықтар топтамасын жалпылау арқылы білім іздеуге кеңес берді: «Бұл қарастырудың нәтижесі мынадай: біз бірін-бірі толықтыратын және бір-бірімен шырмалатын ұқсастықтардың, үлкен мен кішідегі сәйкестіктердің күрделі желісін көреміз». Оның пікірінше, әрқайсысының өзінің айқын белгіленген шекаралары бар барлық заттарды анықтауға және каталогтауға деген ұмтылыс қате. Оның орнына «ұқсас» заттарды анықтауға және олардың «бұлыңғыр» немесе «анық емес» шекаралары болса да, алынған ұғымдарды зерделеуге ұмтылу керек23. Нәтижесінде дәл осы ойлау тәсілі ЖИ теориялары және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы машиналық оқыту үшін негіз болды.

Әйтсе де Ағартушылық проблемаға тап болған кезде ол оны түсіну және шешу үшін ақыл-ойды қолданды. Әлеуметтік теңсіздікті жою үшін жаңа заңдар қабылданды, соғыстар мен әлеуметтік күйзелістерді жеңілдету үшін қақтығыстарды тежеудің және әділетті институттар құрудың жаңа әдістері әзірленді. Осы мақсатта Кант өзінің «Мәңгілік бейбітшілікке» атты эссесінде (белгілі бір дәрежеде күдікшілдікпен) тәуелсіз мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін келісілген қағидаларды қолдану арқылы бейбітшілікке қол жеткізуге болатындығын болжады. Мұндай өзара белгіленген қағидалар кем дегенде монархтар түсіне алатын немесе ұстануы мүмкін деңгейде әлі құрылмағандықтан, Кант «мәңгілік бейбітшілік туралы шарттың құпия бабын» тұжырымдады. Ол «соғыс үшін қаруланатын мемлекеттер ортақ әлемнің ықтималдық шарттары туралы философтардың макси́маларын назарға алуы керек» деп есептеді24. Ақыл-ойға негізделген, ұйымдастырылған және келісілген халықаралық жүйе бойынша жұмыс әлі де жалғасуда, ал философтар мен саясаттанушылар айнымалы нәтижемен оған өз үлестерін қосуда.

* * *

Ағартушылық әлемі адамның ақыл-ойына деген оптимизмімен (оның жетілмегендігіне қарамастан) ұзақ уақыт бойы біздің әлеміміз болды. Алдыңғы дәуірлер олар жасаған және тап болған шындықтың әр алуан аспектілерін түсіндіруге қауқарсыз болған кезде өтіп кетті. Үздіксіз ашылулар мен зерттеулер жүргізілген үш ғасыр бойы адамдар әлемді, Кант болжағандай, өздерінің зияткерлік қабілеттеріне сәйкес түсіндірді. Бірақ танымның өз мүмкіндіктерінің шегіне жақындаған адамдар осы шектеулерден тысқары шығу үшін компьютерлердің көмегіне жүгіне бастады. Адамдар әрқашан өмір сүрген физикалық әлемнен басқа, жеке цифрлық әлем – компьютерлер әлемі пайда болды. Енді біз адамның ақыл-ойы әлемдік құбылыстарды алғашқы ашушы, білуші және жүйелеуші ретінде өзінің құрметті орнын беретін дәуірге енудеміз.

Ағартушылық дәуірінің технологиялық жетістіктері айтарлықтай маңызды болды, бірақ таяу уақытқа дейін олар дәстүрге толық сай болды. Инновациялар әдеттегі тәжірибені жалғастырды: кино фотосуреттің техникалық жетілдірілген түрі болды, телефон барлық сөйлесулерді қашықтан жүргізуге мүмкіндік берді, автомобильдер қозғалтқыштарының қуаты ат күшімен өлшенетін жүрдек арбаларға айналды. Әскери істе танктер – атты әскерді, ұшақтар алдыңғы артиллерияны алмастырды, тіпті ядролық қару ядролық державалардың алдыңғы тәжірибесін және олардың соғыс туралы түсініктерін толықтырды.

Бірақ біз бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік: белгілі тәжірибелердің жалғасы деп санауға болмайтын инновациялар пайда болды. Технология адамның өмірлік тәжірибесін жылдам өзгерте бастады, цифрлық революция бұрыннан бар нәрсенің мейлінше күшті немесе тиімді нұсқаларын ғана емес, түбегейлі жаңа құбылыстарды тудырды. Енді компьютерлерді телефондарға, сағаттарға, тұтынушылық электроникаға, қауіпсіздік жүйелеріне, көлік құралдарына, қаруларға және тіпті адам денесінің ішіне салуға болады. Мұндай цифрлық жүйелер арасындағы байланыс іс жүзінде лезде жүзеге асырылуда. Таяуда қолмен орындалған тапсырмалар – оқу, зерттеу, сатып алу, коммуникациялар, жазба жүргізу, бақылау, соғыс қимылдары цифрлық сипатқа ие болды, олар деректер негізінде киберкеңістікте орындалады25.

Цифрландыру адам ұйымының барлық деңгейін қамтыды: адамдар бұрын-соңды болмаған көп ақпаратқа қол жеткізе алады. Пайдаланушылардың деректерін жинаушы және агрегаттаушы болған корпорациялар көптеген егеменді мемлекеттерге қарағанда көбірек ықпалға және билікке қол жеткізді. Қарсыластарына жол беруден қауіптенген үкіметтер де киберкеңістікке кірді, өздерін тым шектемеуге немесе кейбір нормаларды сақтауға ұмтыла отырып, оны зерттеді және пайдалана бастады. Олар үшін киберкеңістік – жауларынан басым түсу үшін инновациялар енгізілуі қажет сала.

Цифрлық революцияның неге әкелiп соғатынын тек аздаған адам ғана толық түсінеді. Бұған ішінара жылдамдық пен ақпараттың молығуы кінәлі. Барлық керемет жетістіктерімен цифрландыру адамның ойлау қабілетін аз контекстік және аз тұжырымдамалы етті. «Цифрлық аборигендер» адамзат тарихының көп бөлігінде ұжымдық жадтың шектеулерінің орнын толтырған тұжырымдамалық ойлауды дамытудың аса қажеттігін сезінбейді. Олар қарапайым білім, күрделі тұжырымдамалар немесе орташа нәрсе болсын, барлығы жайлы іздеу жүйелерінен сұрай алады. Іздеу жүйелері өз кезегінде пайдаланушылардың сұрауларына жауап беру үшін ЖИ қолданады. Осылайша, адамдар ЖИ технологиясына ойлаудың кейбір аспектілерін тапсырады. Бірақ олар ақпарат контекстке байланысты екенін ескермейді. Оны мәдениет пен тарих призмасы арқылы түсінгенде ғана ол білімге айналады.

Ақпарат контекстке енгізілген кезде білімге айналады. Білім сендіре алған кезде даналыққа айналады. Интернет пайдаланушыларға мыңдаған, тіпті миллиондаған басқа адамдардың пікірлерін қолжетімді ете отырып, оларды сенімнің әзірленуіне алып келетін ойлау шарттарынан айырады. Ойлану қабілетінен айырылған адамдардың сенімі осал болады, өйткені сенімдерді қалыптастыру үшін енді оларға ойлардың бәймәлім соқпақтарымен бұрынғыдай ұзақ, көбінесе жалғыз саяхаттаудың қажеті жоқ. Өз кезегінде даналықпен біте қайнасқан сенімдер ғана адамдарға жаңа көкжиектерді ашуға және зерттеуге мүмкіндік береді.

Бірақ цифрлық әлем даналыққа төзбейді, оның құндылықтары өзін-өзі талдау емес, мақұлдау арқылы қалыптасады. Ол сананың барынша маңызды бөлшегі ақыл-ой екенін білдіретін Ағартушылық дәуірінің негізгі құндылығын іс жүзінде жоққа шығарады. Цифрлық әлем үшін ақыл-ой емес, шексіз байланыс негізгі маңызға ие.

Интернеттегі ақпарат көлемінің өсуімен біз оны нақтылауға және сұрыптауға, заңдылықтар негізінде бағалау жүргізуге және сұрақтарымызға жауап іздеуге бағыттауға көмектесетін бағдарламалық жасақтамаға жүгіндік. ЖИ жұмысы бізге әбден үйреншікті болып көрінді. Бағдарламалар басталған сөйлемдерді жазып бітірді, кітап немесе дүкен табуға көмектесті, тіпті алдыңғы іс-әрекетіміз негізінде бізге ұнауы мүмкін мақалалар мен БАҚ-ты оқуға кеңес берді. Бірақ ЖИ біздің өміріміздің әр түрлі аспектілеріне енген сайын ол біздің таңдауымызды және іс-әрекеттерімізді қалыптастыруда, жүйелендіруде және бағалауда өз ақыл-ойымыздың дәстүрлі орнын өзгертуде.

3-тарау
Тьюрингтен бастап бүгінге дейін және тек онымен шектелмей

1943 жылы алғашқы заманауи, яғни электронды, цифрлық және бағдарламаланатын компьютер жасалды. Бұл жетістік мынадай ескі сұрақтарды тағы да өзекті етті: машиналар «ойлана» ала ма? Олар «ақылды» ма? Олар ақылды бола ала ма? Бұл сұрақтар ақыл-парасаттың табиғаты туралы байырғы дилеммаларды ескере отырып, ерекше күрделі болып көрінді. 1950 жылы математик және криптограф Алан Тьюринг бұған жауап тапты. «Есептеу машиналары және ақыл-ой» деген қарапайым тақырыппен шыққан мақалада Тьюринг машинаның «интеллекті» проблемасын толық шығарып тастауды ұсынды, өйткені тетік емес, интеллектінің көрінісі маңызды болды. Кімнің болсын ішкі болмысын білу мүмкін емес, демек, оның сыртқы көрінісі интеллектіні өлшеудің жалғыз құралы болып қала береді. Тьюринг интеллектінің табиғаты туралы ғасырлар бойғы философиялық пікірталастарды айналып өтті. Тьюрингтің «Имитациялық ойын» қағидаларына сәйкес, егер байқаушылар машинаның әрекетін адамның мінез-құлқынан ажырата алмаса, машинаны «ойлаушы» деп санау керек.

Тьюринг тесті осылай пайда болды26.

Көптеген адамдар Тьюринг тестін оның өлшемшарттарына сәйкес келетін машинаның не екенін түсінбестен және өздерін адамдар секілді көрсететін роботтарды елестете отырып орындады. Бірақ Тьюринг тестінің нақты құндылығы «зияткер» машиналардың жұмысын ойындар сияқты белгілі бір шектеулі қызмет түрлерінде бағалауда көрінді. Шын мәнінде, тест адамнан толық айырып болмайтын нәрсені талап етпейді, ол іс-әрекеттері адамға ұқсас машиналарға қолданылады және процесті емес, нәтижені тіркейді. Мысалы, GPT-3 сияқты генераторлар модельді оқытудың ерекшеліктеріне байланысты емес, олар адамның жазуына ұқсас мәтінді жасайтындықтан ЖИ болып табылады.

1956 жылы компьютер ғалымы Джон Маккарти «адамның интеллектіне тән тапсырмаларды орындай алатын машиналарға» қатысты ЖИ анықтамасын нақтылады. Содан бері Тьюринг пен Маккартидің бағалауы ЖИ-ге қатысты эталонға айналды. Бұл терминнің терең философиялық, когнитивтік немесе нейро-ғылыми аспектілері емес, интеллектіге ұқсас мінез-құлық бағаланады.

Келесі жарты ғасырда машиналар әдетте мұндай «интеллектіні» көрсете алмады. Ондаған жылдар бойы компьютерлердің барлық жұмысы қатаң бағдарламалық код аясында өтті. Классикалық бағдарламалар деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеп, күрделі есептеулерді орындай алды, бірақ қарапайым нысандардың бейнелерін тани алмады немесе кіріс деректерінің қателіктерін өз бетінше түзете алмады. Компьютер адамның дәл емес және тұжырымдамалық ойлауын қайталай алмады.

Соңғы жылдары осы тұйықтан шығу байқалған сыңайлы, өйткені өзінің қолданылу саласында адамнан кем түспейтін, тіпті одан басым түсетін мамандандырылған ЖИ мысалдары көптеп пайда болуда.

Нақты салаларға бағытталған ЖИ-дің төрт негізгі қасиеті: дәлсіздік, динамикалылық, тосындық және оқуға бейімділігі. ЖИ жүйелері деректерді тұтыну арқылы, содан кейін осы деректер негізінде бақылаулар мен тұжырымдар жасау арқылы оқытылады. Олар дәл енгізуді қажет етпейді және дәлме-дәл шығаруға кепілдік бермейді. Мысалы, машиналық аударма жүйелері мәтіндерді жеке сөздерді ауыстыру арқылы емес, идиомалық сөйлемдер мен үлгіқалыптарды анықтау және қолдану арқылы аударады. Сол сияқты мұндай ЖИ серпінді, өйткені олар өзгеріп жатқан мән-жайларға жауап ретінде дамиды және тосын, өйткені олар адам үшін мүлдем жаңа шешімдер таба алады. Бұл қасиеттер машиналар үшін революциялық сипатқа ие.

Шахмат әлеміндегі AlphaZero жетістігін қарастырайық. Егер классикалық шахмат бағдарламалары оларда қатаң кодталған адам тәжірибесін ұстанса, онда AlphaZero ЖИ өзіне қарсы миллиондаған партияларды ойнап, өзінің дағдыларын дамытты. Оқуды аяқтағаннан кейін AlphaZero моделі әзірленген стратегия мен ілеспе тактиканы іс жүзінде қолданды және нәтижесі «басқа өлшем әлеміндегі шахмат» болды. Мұндай оқыту әдістері алгоритмдерге – кіріс деректерін (ойын ережелері сияқты) қайталанатын шығыс деректеріне (мысалы, ойында жеңіске жету сияқты) өзгертуге арналған қадамдар жиынтығына негізделген. Бұл ретте оқытудың мақсаты дәлме-дәл және болжамды есептеу нәтижелерін алу емес, дәл емес нәтижелерді жақсарту болып табылады. Бұл әдістер тамаша нәтижелер береді.

Мысал ретінде авиацияны алайық. Жақында ЖИ әр түрлі әуе көлігі құралдарын басқаруы немесе екінші ұшқыш болуы мүмкін. Қазірдің өзінде DARPA AlphaDogFight бағдарламасы аясында ЖИ басқаратын жойғыштар адам ұшқыштардың қолынан келмейтін маневрлерді орындай отырып, ұрыс симуляцияларында адамнан асып түсуде. Соғыс ұшақтарын немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару арқылы ЖИ әскери және азаматтық авиацияның болашағына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Қазір біз ЖИ саласындағы ең алғашқы инновацияларды көріп отырмыз және олар адамның дүниені қабылдауын әр түрлі тәсілдермен өзгерте бастады. Таяудағы онжылдықта бұл үрдістер тек күшейе түседі. ЖИ барлық салаларды қамтып, оның біздің өмірімізге әсері артуда.

ЖИ дамуын басқаратын технологиялық тұжырымдар өте күрделі және маңызды. Бұл тарауда біз машиналық оқытудың және оны қолданудың әр алуан түрлерінің эволюциясы мен қазіргі жай-күйі туралы әңгімелейміз. Қазіргі заманғы ЖИ бір мезгілде қайран қаларлықтай күшті және елеулі дәрежеде шектеулі. ЖИ құрылымымен, мүмкіндіктерімен және шектеулерімен негізгі танысу оның қалай дамитынын, әлеуметтік, мәдени және саяси өзгерістерді және болашақта қандай әсер ететінін түсіну үшін өте маңызды.

1.AI startups raised USD73.4bn in total funding in 2020, Private Equity Wire (2020 ж. 19 қараша), https://www.privateequitywire.co.uk/2020/11/19/292458/ai-startups-raised-usd734bn-total-funding-2020, сілтеме 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
2.Mike Klein, Google’s AlphaZero Destroys Stockfish In 100-Game Match, Chess.com (2017 ж. 6 желтоқсан), https://www.chess.com/news/view/google-s-alphazero-destroys-stockfish-in-100-game-match. Pete, AlphaZero Crushes Stockfish In New 1,000-Game Match, Chess.com (2019 ж. 17 сәуір), https://www.chess.com/news/view/updated-alphazero-crushes-stockfish-in-new-1-000-game-match, сілтемелер 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
3.Гарри Каспаров.
4.Step 1: Discovery and Development, АҚШ тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасының сайты (2018 ж. 4 қаңтар), https://www.fda.gov/patients/drug-development-process/step-1-discovery-and-development, сілтеме 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
5.Jo Marchant, Powerful Antibiotics Discovered Using AI, Nature (2020 ж. 20 ақпан), https://www.nature.com/articles/d41586-020-00018-3, сілтеме 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
6.«Артилект» сөзі, сірә, жасанды интеллект дегенді білдіретін шығар. – Ауд. ескерт.
7.Raphaël Millière (@raphamilliere), I asked GPT-3 to write a response to the philosophical essays written about it… (2020 ж. 31 шілде), https://twitter.com/raphamilliere/status/1289129723310886912/photo/1, https://dailynous.com/2020/07/30/philosophers-gpt-3/#gpt3replies; аудармасы: «GPT-3 философтарына жауап», https://itnan.ru/post.php?c=1&p=520688, сілтемелер 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
8.Richard Evans, Jim Gao, DeepMind AI Reduces Google Data Centre Cooling Bill by 40 %, DeepMind (2016 ж. 20 шілде), https://deepmind.com/blog/article/deepmind-ai-reduces-google-data-centre-cooling-bill-40, сілтеме 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
9.Will Roper, AI Just Controlled a Military Plane for the First Time Ever, Popular Mechanics (2020 ж. 16 желтоқсан), https://www.popularmechanics.com/military/aviation/a34978872/artificial-intelligence-controls-u2-spy-plane-air-force-exclusive, сілтеме 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
10.Edward Gibbon, The Decline and Fall of the Roman Empire, Vol. I, New York: Everyman’s Library, 1993 ж.; аудармасы: Гиббон Э. Ұлы Рим империясының құлдырауы мен күйреуінің тарихы: Рим империясының құлдырауы және құлауы: 7 т. 1-том. – М.: ТЕРРА – Кітап клубы, 2008.
11.XV ғасырда Орта ғасырлардың аяқталуын белгілейтін шеп деп Константинопольдің құлауынан өзге, Иоганн Гутенбергтің кітап бастыруының басталуы, Кристофер Колумбтың Американы ашуы және басқа да негізгі кезеңдер аталады. – Ауд. ескерт.
12.Алайда бұл тәсіл тек Батыс үшін ғана жаңалық болды. Кейбір елдерде ұлттық мүдделер мен оларға қол жеткізу әдістері туралы ұқсас зерттеулер әлдеқайда ертерек пайда болды, Қытайдың «Соғыс өнері» б.з. д. V ғасырмен даталанады, ал үнділік «Арташастра» шамамен сол уақытта пайда болуы ықтимал.
13.ХХ ғасырдың басындағы неміс философы Освальд Шпенглер батыстық дүниетанымның бұл аспектісін аумақтық экспансияға және шексіз білімге ұмтылатын «фауст» қоғамы деп атады. Оның «Еуропаның құлдырауы» атты негізгі жұмысының атауынан көрініп тұрғандай, Шпенглер бұл мәдени импульстің, кез келген басқасы сияқты, осы жағдайда тарихи кезеңдермен анықталатын өз шегі бар деп есептеді.
14.Ernst Cassirer, аударған: Fritz C. A. Koelln, James P. Pettegrove, The Philosophy of the Enlightenment, Princeton, NJ: Princeton University Press.
15.Шығыс мәдениеттері бұған дейін ұқсас түсінікке келді: буддизм, индуизм және даосизмде адамның шындық тәжірибесі субъективті және салыстырмалы деп саналды.
16.Baruch Spinoza, Ethics, 1677 ж.; аудармасы: Бенедикт Спиноза, Екі томдық таңдамалы шығармалар. – М.: Мемлекеттік саяси әдебиет баспасы, 1957 ж.
17.Бүгінде Кенигсберг – Ресейдің Калининград қаласы.
18.Immanuel Kant, Critique of Pure Reason, Cambridge University Press, 1998 ж.; аудармасы: Кант И., Нағыз ақыл сыны. – М.: Мысль, 1994 ж.
19.Guyer and Wood, Introduction to the Critique of Pure Reason.
20.Кант сондай-ақ құдай туралы түсінікті «сенім» үшін орын қалдыра отырып, адамның теориялық ақыл-ой шеңберінен тыс әлемге жайғастырды.
21.У. Черчилль атағандай. – Ауд. ескерт.
22.Charles Hill, Grand Strategies: Literature, Statecraft, and World Order, New Haven: Yale University Press, 2011 ж.
23.Ludwig Wittgenstein, Philosophical Investigations, Oxford: Basil Blackwell, 1958 ж.; аудармасы: Людвиг Витгенштейн, Философиялық зерттеулер. – М.: АСТ, 2018 ж.
24.Immanuel Kant, Political Writings: Perpetual Peace; аудармасы: И. Кант, Мәңгілік бейбітшілікке, мыс.: http://history.pstu.ru/wp-content/uploads/2013/04/files_File_Kant_K_vechnomu_miru.pdf, сілтеме 2022 ж. 5 ақпанда тексерілді.
25.Eric Schmidt, Jared Cohen, The New Digital Age: Reshaping the Future of People, Nations, and Business, New York: Alfred A. Knopf, 2013; аудармасы: Шмидт Э., Жаңа цифрлық әлем. Технологиялар адамдардың өмірін, бизнес модельдерін және мемлекеттер ұғымын қалай өзгертеді. – М.: Манн, Иванов және Фербер, 2013 ж.
26.Alan Turing, Computing Machinery and Intelligence, Mind, 59 (1950 ж.), репринт The Essential Turing, London: Oxford University Press, 2004 ж.; аудармасы: Алан Тьюринг, Есептеу машиналары және ақыл-ой. – М.: АСТ, 2018 ж.

Бесплатный фрагмент закончился.

Возрастное ограничение:
12+
Дата выхода на Литрес:
20 февраля 2025
Дата перевода:
2024
Дата написания:
2021
Объем:
221 стр. 3 иллюстрации
ISBN:
9786018011078
Издатель:
Правообладатель:
Альпина Диджитал
Формат скачивания:

Похожие книги