Читать книгу: «Барби Бану»

Шрифт:

1 – бөлім

Бану мектеп бітіріп алғаш қалаға келгенде ұзын бойлы қыпша бел қыз болатын. Сұлуымен сымбаты жарасқан осынау талдырмаш қыздың қалаға келгелі қатты өзгергенін, туған шешесі Айымкүл де байқаған. Алайда, өз қызын жамандыққа қисын ба?! «Қызым, абыроймен оқуыңды тәмамда, жігіт деген ешқайда қашпайды» деп барынша ақылын айтқаны бар. Оның үстіне ауыл – аймақтан келген қыздардың қалаға келсе өзгере кететіні белгілі. Менің қызымда солардың бірі ғой деп өзін өзі жұбатып, жақ ашпай шығарып салған. Қалайша жақ ашсын қыркүйектің басында кеткен қызы, үш айды араға салып желтоқсанның соңында бір ақ келген. Балам, менің бауыр етім деп Айымкүлдің бар қызығы қазірше осы жалғыз қызы Бану ғана. Емпілдеп алып күндіз – түні осының ғана тілеуін тілеп жүр. Тіпті қымбат телефонын қолынан тастамай әлдекімдермен тасада сөйлесіп жүрсе де ақжүрек ана тың – тыңдауға ұялған. Ал қалаға жетіп бой түзеген Бану бұл күнде бір емес бірнеше жігітпен танысып үлгірді. Өйткені, ауылда туып ауылдан басқаны көрмеген қызға қаланың тіршілігі қатты ұнаған. Сондай – ақ қаланың аты қала оның үстіне өз білімімен ҰБТ – дан жиған ұпайы кез келген Универдің есігін теуіп кіруге мүмкіндік берді. Содан, міне, әсем қала Астанаға ат басын бұрып ЕНУ дің есігін аттады. Алайда ауылдағы жалғызбасты анаға жалғыз қызды қымбат қалада оқытуға шамасы келмесі анық. Ал ішкіліктен бері келмеген әкеден көз жазғалы қай заман. Оған да он жылдай уақыт өтіпті. Қайда жүр, кіммен жүр ол жағынан қызы Бану түгілі бір кездері сүйіктісі болған Айымкүл де хабарсыз. Ұзынқұлақтан естуінше шығыстағы Өскемен деген қалада тұрады дейді. Бірақ қайда жүрсе де өз әкесінің тірі екенін Бану біледі. Тіпті анасымен әкесінің арасында болған айқай да еміс – еміс есінде бар. Ал сол әкеден осы күні Бануда қалғаны телефонға көшірілген жалғыз сурет қана. Үйде жатқан жерінен суретке түсіріп әрлеп – сәрлеп жадына сақтап жүр. Бұл енді өшпейді , бұл менің әкем деп құрбыларына көрсетіп мақтанып алады. Өйткені бұл Астана жастарының жазылмаған заңына кіреді. Бұл қалада әкеңнің кім екені анаңның кім екені бәрі бәрі түптеп келгенде сұралады. Әрине сырт көзге бұл байқалмайды бірақ студенттер арасында әкеңмен шешеңнің бар – жоғы өте маңызды. Тіпті олардың қайда , қандай жұмыс істейтіні де біраз роль атқарады. Қызылға қызыққан қыз деген бар ау бірақ қазіргі жігіттердіңде сонысы бар. Әйтеуір, толыққанды бай қызына үйір ақ. Қысқасы ақшасы бар қыздың жолы болғыш келеді былайша айтқанда жігіт тапқыш келеді. Ал Бануға ұқсаған білімімен келгендерге былай тұр дейді. Себебі, оның оңды – солды шашып жүретін ақшасы жоқ, астында қымбат көлігі жоқ. Міне, осындай түйсікпен қазіргі жастар өмірін өлшейді. Содан болашағын байдың баласына не байдың қызына бодандап тұрып байлайды. Ал мұның соңы белгілі, бірін – бірі менсінбейтін еркетотайлар соңында ажырасып тынады. Қысқасы тең – теңімен тезек қабымен дегеннің уақытша ғана тап өзі. Бірақ, сен айналаға көз салсаң, бәрі тамаша, бәрі сүйкімді. Алайда ішіне үңілсең ұлыңнан намыс қызыңнан ұят кеткен қатерлі қоғам. Міне, Банудың да ана сүтін аттап қисық жолға түсуіне бірден – бір себеп осы. Сондағысы қатарынан кейін қалғысы келмейді. Солар жүрген жолмен жүріп солар киген киімді кигісі келеді. Соларға еріп қаланың қымбат дүкендерін аралағысы келеді. Ойын – сауық орталықтарына барып ойқастап ойран салғысы келеді. Міне осының бәріне Бану сұлу бірнеге мүмкіндігім бар деп есептейді. Біріншісі , ол мұның бұзылмаған бұйымтайы болса екіншісі, құдай берген көркі бар. Қысқасы қандай да бір ақшалы жігітті құрықтаса да мұндайға қол жеткізуге әбден болады. Тым болмаса студенттер арасында үрдіс алған дядкасы бар. Мұның ойынша осы дядка дегені сенімдірек сияқты. Естуінше сол дядкалар жастары біразға келген Ел ағалары дейді. Әрине, олар жас қыз десе ақшаны аямай шашатын қызқұмарлар. Сондай ақ олар ірі – ірі бизнесмендер, алпауыт компаниялардың басшылары немесе әкімқаралар. Былайша айтқанда, жер жұтқыр жемқорлар. Сосын осы Универдің басшы шөпкетышарлары. Өздерінше бұлар да бір төбе дейді. Міне, осының бәрін ойлап жатқан Бану сұлу әлдебір дыбысқа көзін ашып қарады. Анадай жерде өзімен бірге тұратын екі құрбысы сөйлесіп отыр. «Қалаған көлігіңді әперемін , тек менікі болсаң болды» деп айтты дейді Әсел құрбысы. Оған таң қалған екінші құрбысы Назима сұрақты үйіп төгуде.

– Тағы да не деді, маған пәтер керек деп айтпадың ба? Екеуміз тегін тұратын едік. Сосын көлігіңмен барып кеп жүруші едік. Өзі қандай адам өзі, былайша норма адам ба, тым кәрі емес пе, өзіңе қалай, ұнай ма. Бастысы ақшасын аямаса болды ғой, құрбым, деп жан алқымнан алып барады. Міне, осы сөздің бәрін де тыңдап жатқан Банудың тұла бойы түршіге бастады. Онан әрі естігісі келмей жұқа көрпеге бүркеніп алып ұйқыға кетті.

2 – бөлім

Әупірімдеп жүріп бірінші курсты аяқтауға жақындаған Бану шынымен де нағыз қалалық қызға айналды. Оның үстіне өз жерлесі Сәулемен танысқалы тіпті де қатты өзгергені бар. Алыста жүргенде кездескен ауылдасың әкеңдей көрінетіні рас. Сәуле мұның ауылдасы болмаса да екеуі бір облыс, бір ауданның қыздары. Тек бір жасқа үлкен демесең, түйдей құрдастар. Сосын Сәуле екінші курста оқиды. Демек Бануға қарағанда қаланың тыныс тіршілігімен етене таныс. Тіпті кіммен қалай сөйлесу керек екенін, қай жігіттің ақшалы екенінде біледі. Сонан болар екеуі ойда жоқта танысқалы өз бөлмесіне өтуге ұсыныс жасаған. Өйткені, Әсел бөлек кеткелі бөлмеде бір орын бос қалған. Міне, осы орынға Сәуле келіп екеуі ең жақын құрбыларға айналған. Бірақ анда – санда бұрынғы құрбысы Әселді көргенде қызыға да қызғана да қарайтыны бар. Өйткені ол қыз қатты өзгерген. Бұрынғыдай ақшадан проблемасы жоқ. Сондай – ақ осы Универге жақын жерде қымбат пәтерде тұрады. Сонда да таңертең көлігімен келеді. Қазірше өзі көлік жүргізе алмайды, жүргізушісімен келеді. Сосын сабақ біткен соң қайта алып кетеді. Кешке сол саябақ немесе қымбат кафелерден ішіп – жейді. Жақсы киінеді. Қымбат телефон сыйға тартқан. Әрине мұның бәрі жәйдан – жәй емес. Енді оған Назима да кеткісі кеп жүр. Бұл Бануға айтпаса да белгілі. Өйткені телефонға жармасып екеуінің өсегі бітпейді. Арасында тың – тыңдап қойып, әңгіменің өзегі төсекте екенін түсінеді. Демек, Әселдің асығы алшысынан түсіп тұр. Өйткені, аузынан тастамай жүретін дядкасына қол жеткізген. Бірақ оны кім біліп жатыр, ауыл алыста қалада ағайын, туыс жоқ. Бір сөзбен айтқанда Әй, дейтін әже Қой, дейтін қожа жоқ. Не істесе де өз еркі. Оның үстіне соңғы кезде қыз бол болма, жігітерге бәрі – бір үйлене салады деген түйсік миына ұялап алған. Несін жасырады тіпті жігіттердің өздері сайттарда солай жазып отырады. Қысқасы қазіргі жастар үшін ең бастысы сезім, махаббат болса болғаны, үйлене салады. Ал қыздық деп қақсайтындар олар сол баяғы ауылда қалған ағайындар. Егер де қазіргі көзбен қарасаң олар артта қалып кеткен қазақтар. Шынымен де солай ғой дейді. Қыздық түгілі қазақшасын білмейтін қалалық қыздардың да мал жаны аман ғой. Тіпті, ауыл қыздарынан ақылды, сұлу боп келеді. Сосын мұның ең жақсы тұстары да өте көп. Бастысы ақшаң, көлігің, үйің болады. Ол болса жігіт деген жүгірмегің төрт аяқтап өздері алдыңа келеді. Міне осының бәрін ой елегінен өткізіп жүрген Бану Сәуле құрбысымен ашық әңгімеге көшкен. Себебі, оңаша бөлмеде екеуі ғана. Ал Назиманы Әселдің дядкасы кешкі асқа шақырған. Ол сонда кеткен.

– Мен жүрегім жаралы қызбын, деп сөз бастаған Сәуле тоқтамастан сөйледі. Тіпті көп сөйледі. Сөйлемей қайтсін бір жігітке өлердей ғашық боп барын сыйлап, соңында айрылып қалғаны бар. Әттең өкініш өртеген өзегі өксікке толып тұр. Оған кінәлі осында оқитын Арсен деген жылпос жігіт. Биыл бітіруші курс дейді. Ал Арсен дегенге елең ете қалған Банудың тұла бойы мұздап сала берді. Өйткені ол Арсенді бұлда таниды. Өзі өте сымбатты, ұзын бойлы жігіт. Сырт көзге жігіт сұлтаны дерсің. Ақшасы да жоқ емес, қымбат көліктермен келеді. Міне, сол Арсен бір кездері мұны да кафеге шақырған. Ол кезде жаңа келген кезі ғой қорқақтап бармай қалған. Бірақ сол Арсен жайлы басқа қыздан да естігенде өз – өзіне сенбеген. Өйткені, ол махаббатқа тұрақсыз көрсеқызар жігіт. Осы Универдің қыздарына қырғидай тиіп жүрген жігіт. Ол үшін маңыздысы төсек қана. Сүйем – күйем деп алдап соғып өте шығатыны бар дейді. Ал мына бейбақ Сәуле де соның құрбандарының бірі. Әлі де сүйемін деп езіліп отыр. Бірақ уақыт емші деп қояды, жан жарам да жазылар дейді. Қысқасы бұл әңгімеден түйгені мынау болды. Енді Сәулеге де бәрібір. Әселге ұқсап ақшалы дядкалар ұсыныс жасаса қарсы емес. Етегіне жармасып жүре бермек. Сонда Банудың жалғыз өзі ғана қалады. Демек кеш қалуға болмайды, қадірің барда қамданғаның жөн, жігіт табылса кет әрі емеспін деп шешкен. Оның үстіне бұл қалада сондай сөз салғанның бәрі бай. Тіпті бірінен бірі өткен бай. Ақшаның бәрі осында ма екен дерсің. Сонау тәулігі жүз мыңнан миллионға дейін барады деген қонақ үйлерді естігенде аузы айқарадай ашылған. Ол рас енді. Мұнда көк қағазды уыстап шашатындар жетерлік. Бірақ сондай байлардың өзін емес ұлын құрықтасам дейді. Бұл тек қана мына екеуінің емес осындағы барлық қыздың арманы. Қысқасы ой үстінде көп жүрген Бану бір күндері өзі ұнатқан жігітке жолықты. Бұл мамырдың соңы бірінші курсты тамамдап үйге қайтқалы жүрген кез. Енді мұның алдында өзі үшін үлкен бір проблема тұрды. Ол шешесін қалайда көндіріп, осы қалада қалып жұмысқа тұру. Мұнысы өзіне дұрыс сияқты. Өйткені ауылға барғанда не істейді, босқа жүреді. Бірақ оған шешесі көне ме?! Егер шешесі көнбей ауылға қайтса онда сөзімен сымбаты жарасып сезімі ояна бастаған мына Ерланнан айрылуы керек. Әрине үш ай деген зу етіп өте шығары сөзсіз. Бірақ сол үш ай бойы Ерлан мұны күтіп жүре ме. Кеше ғана сүйем ғой жаным осында қалшы деп қос қолын ұсынғаны бар. Ал енді кетіп көр, қимай тұр. Міне бұл махаббаттың бастауы. Мұнымен ауылға жеткен соң үш ай үш жылдай созылары анық . Өйткені бұл жігітті өзі де сүйеді. Бірақ амалы жоқ. Ауылдағы анасы қарсы тұрды.

– Оқуың біткеннен қайт, сені сағындым ғой қызым деп телефоннан жеткен ана дауысы жүрегін езіп жіберді. Оның үстіне сонау қаңтардан бері көрмеген анасын өзі де қатты сағынған. Осылайша анамен ауылға деген сағынышы қосылып анашым күт мені деп қол бұлғап қала берді …

3 – бөлім

Анасына үш ай көзді ашып жұмғанша өте шықты. Ал Бану үшін үш ай үш жылға созылды. Тіпті күн санап жүріп тамыздың соңын әрең келтірді. Оқуы басталуға апта қалғанда арқаланып алып қалаға ұшты. Ұшпай қайтсін телефонда сөйлесіп жүрген жігітке өлердей ғашық болды. Қолына бір құшақ гүл ұстап вокзалда тұрғанын көргенде тіпті де есі кетті.

– Жаным менің! Мен сендікпін сен мендіксің. Енді бізді ешкімде ажырата алмайды, деп көлік тізгіндеген жігіттің қойнына тығыла берді. Қысқасы махаббатқа масайрап тәтті қиялдарға барып қайтты. Осылайша қос көзіне Ерланнан басқа ешкім көрінбеді. Сымбатты ғой сымбатты, өйткені, бұл менің ғана падишахым дейтін болды. Тіпті басқа қыздармен көрсе құрақ ұшып қызғанатынды шығарды. Соңында Универдің жатақханасын тастап Ерланның пәтеріне ауысты. Енді мұның соңы белгілі ғой тал бойын өртеген ыстық құшағына құлады. Сонан соң он сегіз жыл сақтаған бұйымтайынан бір түнде айрылды. Сонда ғана аяғын шалыс басып мүлт кеткенін түсінді. Өйткені арадан екі ай өтпестен падишахы болған Ерлан өзгеріп сала берді. Тіпті пәтерге келмей қойды. Қысқасы іс бітті қу кеттінің кебін кигізді. Міне, бай баласын аңсаған ауылдық қыз абыройынан осылай айрылды. Ал үш айдан соң басы салбырап бұрынғы жатақханасына қайта келді. Енді мұның өмір жолы бұрынғысынан да шиеленісе түсті. Ерланға ерегіскен күй танытып басқа жігітпен жүріп көрді. Бірақ онымен де көпке бармады. Өйткені сезім құрғырды сезіне алмады. Содан махаббатсыз дүние бос екен соңында Сәулеге соқтықты.

Ал Сәуленің тағдыры бөлек әңгіме. Ол бейбақтың Арсеннен алданып қалғаны бар. Бұл бейбақ Ерланнан қалды. Тіпті мұны осындағыларлың біразы біледі. Сырт көзге сынай қарағанмен ешкім беттеріне басып айтпайды. Айтпайтын да себебі бар. Мына жиырма бірінші ғасырда ол сынайтындай нәрсе емес. Тіпті мектептен құрып келгендердің де мал жаны аман, ел қатарлы оқып жатыр. Әсіресе қалалық курстастары. Кеттік те кеттік деп қатарына қосып алған. Әрине ауылдық қыздар барғысы келмейді. Бірақ бармасқа амалы жоқ. Ауылбайка мәмбетка деп бетке басады. Осылайша ауылмен қалалық боп манкурткамен мәмбетка боп қақ бөлінеді. Мына Астананың қысымен қатар өмірі де қатал. Өйткені бұл топта қалалықтар басым. Сонан болар олардың ығына жығылғаннан басқа жол жоқ. Міне бүгінде сол, қыстың аязына қарамай қаланы қыдыруға шыққан. Бұл желтоқсанның қақ ортасы. Күн қағаған аяз. Бас аяғы он шақты қыз көше кезіп жүр. Коньки тебеміз дейді. Ал мына Бану коньки көріп пе, қалқалап барып мұрттай ұшып құлап түсті. Оң жақ тізесі шым деп қатты ауырып тұр. Сүйретіліп шетке шықты. Ақсаңдап жүре алмай келеді. Ал киім ауыстырар жерге дейін әлі біраз бар. Енді мына аяқпен жатақанаға жетуді айт. Күтпеген жерден бір кісі көмектесе кетті. Аяғымен әуреге түскен Бану көз салып қараған да жоқ. Әйтеуір бір жанашыр мұсылман екені анық. Сүйемелдеп кеп қан шыққан тізесіне үңілді.

– Қарындас! Сізге медициналық көмек керек, қаны шығып тұр деп емпілдей жөнелді. Сонда ғана Бану көз салды. Жас шамасы қырықтың үстіндегі жігіт ағасы екен. Киімін ауыстыруға көмектесіп конькиін шешіп өз аяқ киімін кигізді. Сонан соң қолтықтай жүріп қымбат көлігіне отырғызып емханаға тартты. Қызықтың қызыға сол емханада болды. Мына кісіні көрген дәрігерлер құстай ұшып аяғын әп – сәтте рентгенге түсірді. Сонан соң кеп отчёт берді.

– Сынған да шыққан да емес, тек тізедегі етке аздап зақым келген. Қорқатындай ештеңе жоқ. Қаласаңыз ертең де әкеліңіз сіздің қарындасыңыз үшін бәріне дайынбыз деп қол қусырып шығарып салды. Мұны көргенде Банудан ес кетті. Айтқандай "дядка" дегенің осылар болса керек деп топшылады. Қысқасы сол күні ақ ағасымен номер алмасты. Осылайша ойда жоқта басына бақ қонды. Өйткені сол емханаға ертесіне де барды. Әрине бейтаныс ағасы апарды. Онан шығып қымбат рестораннан тамақ жеді. Ал арадан апта өткенде дядкасының құшағында түнеді. Сол түннен бастап бәрі де өзгерді. Бәрі өз орнына келгендей болды. Сонан кездесу жиіледі. Ыстық құшақтар айқара ашылып қайта жабылды. Сүйісіп жатып сырласу басталды.

– Ұнайсың жаным дейді ағасы көзін қадап.

– Сізде ұнайсыз дейді қарындасы қиылып. Осылайша сөйлесе келе жаңа жылға Астанада қалатын боп келісті. Бұл енді Банудың алғашқы дядкасы болды. Сөйтіп, жүріп екінші курсты ойдағыдай аяқтады. Өйткені барлық мәселені осы дядкасы арқылы шешіп отырды. Қысқасы қалтасы томпайып шыға келді. Қалалық қыз боп қатарға қосылды. Қымбат киімнен бастап жүргізуші куәлігіне дейін әперді. Тіпті он күнге шет елге жүр деп ұсыныс жасап үлгірді. Бірақ келесі оқу жылынан бастап басы салбырап тағы да жалғыз қалды. Себебі дипломат дядкасы шет ел асты. Жұмысы жоғарылап Монголияға кетті.

4 – бөлім

Ағасымен бірге Банудың да күйі кетті. Өйткені бұрынғыдай арқа сүйер адамы жоқ, жалғыз қалған. Оның үстіне жақын құрбысы Сәуле де өз теңін тапқалы қашан. Теңі деп теңі емес өзінен әлдеқайда үлкен жігіт. Бақандай 14 жасқа үлкен. Бірақ жұптары жарасып жүр. Жағдайы да біршама жақсарып қалған. Тек оқуымды күтіп жүрмін дейді. Алла қалап осы Универді тәмамдаса, екеуі отау тігуге дайын. Ал Әселдің кеткені қашан, сабақта көргені болмаса оның өмірі де бір арнаға түсіп алған. Тіпті астындағы қымбат көлікті, өзі жүргізетін дәрежеге жеткен. Бануға болса әлі екі жыл бар. Универді бітірем дегенше жалғыз қалуға болмайды. Оның үстіне тез арада қалталы жігіт таппаса өз тобындағы шибөрілерге жем болары анық. Өйткені қымбат киім киіп, қымбат косметика қолданып жүрген Бану қазір сұлулана түскен. Сұлулық дегенің көздің құрты ғой өткенде кеткенде сөз салып тиісіп қалатын боп жүр. Тіпті соңғы кездерде бұл қыз жәй ғана Бану емес Барби Бану деген атқа ие болған. Бұл сөзге сырттай қарсылық жасап менің басқалардан артық жерім жоқ қой дегені болмаса іштей қуанышында шек жоқ. Міне, тап қазір де Бану отырған скамейкаға қипақтай басып екі жігіт жақындап, тиісе бастады.

– Қарындас, танысып қоймадық па?! Атым Нұрсұлтан,– деп қолын созды ұзын бойлы жігіт.

– Менің атым Бану, – деп орнынан тұрды біздің қыз. Сөйлегендері таза қазақша демек өзім сияқты алыс провинциядан келген жігіт деп топшылады. Қысқасы осы жігітпен сөзі жараса кетті. Сұраса келе ойынан жаңылмағаны белгілі болды. Бұл да ауылда туып ауылда өскен жігіт екен. Өзімен түйдей құрдас, сөзге тым шебер. Жаста болса тойларда жүретін тамада екен. Өзі сымбатты, түр десе түрі бой десе бойы бар. Тек ағасы сияқты ақшасы жоқ, бір кемшілігі сол ғана. Түптеп келгенде біздің Бану үшінші курсты осы жігітпен бастады. Екеуінің жұптары жазылмай көп жүрді, көп қыдырды. Алайда ақшаның жетпеуі Барби қызды ағасына қарап жетелей берді. Өстіп жүргенде бір күні белгісіз номерден қоңырау келіп:

– Қалайсың, жаным, – деген жылы сөзді естіді.

Мына дауысты жазбай таныған Бану айқайға басты.

– Бәрі жақсы бәрі, өзіңіз қалайсыз, қайдасыз, келдіңіз ба? деген сұрақтарды үйіп – төгіп арадан көп өтпей таксиге отырды. Осылайша жігіт Нұрсұлтан шетте қалды. Ал сағынышын арқалаған Бану дипломат ағасына жетті. Бірақ қыз қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені бары жоғы қырық күндік демалысқа келген ағасы шет елдегі жұмысына жол тартты. Ал тұрақсыз Банудан көңілі қалған Нұрсұлтан бас тартты. Кешірім сұрап қайта баруды Бану да жөн санамады. Қысқасы екі айдан соң басы салбырап тағы да жалғыз қалды. Міне, осыдан соң бүлдіршіндей сұлу қыз өз тағдырын тартысқа салып, көптен бері қылқылдап жүрген тағы бір ағасын құрықтауды ойлады. Өзінің адам қызығар жері болмасада қалтасы қалың бай кісі. Айтқаныма көнсең аспаннан ақша жаудырам сұлуым деп бірнеше рет айтқаны бар-ды, елеңдеп соны іздей бастады. Бірақ Астанадай алып шаһарда оны табу оңайға түспесі анық. Әйтеуір осы Универ маңында көп көруші едім, демек жұмысы жақын жерде болғаны ғой деп бір күні кешкілік сондағы көлік тұрағына келді. Дегенмен "қотыр атқа соқыр ат үйір" дегендей екі күннен соң дәу қара Djeepтен шикі сары басын қылтитты. Содан соң Бануды көріп безілдей бастады.

– Қарындас, жауап бермейсің ба? Мен сені күтіп жүргенім қашан? Айттым ғой, қалағаныңды әперемін. Ақшадан мүлдем проблемаң болмайды деп бұрынғы әуеніне басты. Осылайша көп өтпей ессіз қызбен ессіз еркек бір көлікте отырды. Алайда Мұрат есімді жаңа дядкасы дипломат ағасындай болмады. Өйткені өзі өте дөрекі мазасыз кісі. Қайта – қайта қоңырау соғып шақыра беретін. Оның үстіне уәдесінен де шықпады. Жоқ, жоқ. Ол Бануды ақша жағынан тарықтырмады, ай сайынғы пәтерін, киімін, ішіп – жегенін берді. Барам деген жеріне апарды, әкелді. Бірақ уәде еткен көлігін әпермеді. Ал Бануға керегі сол көлік қана. Өзінше Әселден қай жерім кем дейді. Айттым ғой сол Әсел қазір жеке көлігімен жүр. Сондай өз көлігіңнің болғаны жақсы, барам деген жерге барып, келем десең келесің. Әрі мына кәрі қақпастан да аулақ жүрермін деп ойлаған. Оның үстіне қалтасында дипломат ағасы әперген көлік жүргізу куәлігі бар. Ол ағасы әперерме еді кім білсін, жұмысы ауысып шет ел асқан соң ол жайлы жақ ашпаған. Ал мынаусы бір жүрген қыртубай болды. Қолынан түк келмесе де шақырса болды жетіп баруың керек. Тіпті сабақтан шығар шықпас қоңыраулатып пәтерге жеткенше есіңді шығаратыны бар. Өзі бір жүрген бізтұмсық бастықсымақ. Тек ақшасы бар демесең шәңкілдеген шегірткенің айғыры сияқты біреу. Сосын төсекке де тартымы жоқ. Жаным, күнім деп бұтыңнан басын алмайтыны болмаса бұйымтайы да өзіне ұқсаған басын көтере алмайтын бейшара. Сол үшінде зіркілдеген мына сұмырайдан енді тез арада құтылу керек. Қой құрсын, ақшасы да басқасы да өзіне. Көлік әперем деген уәдесінде тұрмаса да тұрмысқа шығам десең босатамын, қалған өміріңе араласпаймын деген уәдесінде тұрса болды, ертең ақ бұл пәтерден кетемін деп өзінше тон пішкен Бану дядкасына қоңырау соғып:

– Пәтерге қашан келесіз, екеумізге сөйлесу керек еді, – деп күмілжіді. Алайда арғы жақтан жеткен дауыс қызға жекіп тастады.

– Айттым ғой жұыстарыммен жүрмін деп. Бізде комиссия бар, министерстводан комиссия кеп жатыр. Қолым босағанда өзім барамын, жарылып кетпессің қоя тұр деп тұтқаны тастай салды. Осылайша торға түскен торғайдың күнін кешкен Барби қыздың тағдыры қиындай түсті.

5 – бөлім

Мұраттан қанша құтылуға тырысқанымен Банудың дегені бола қоймады. Қайда барса да әккі шал жас қыздың соңынан қалмады. Кейде тіпті тұтқаны көтермесе Универ алдына іздеп келетінді шығарды. Бұл дегенің жас қыз үшін барып тұрған масқара, шалдың көлігін көргеннен межелі жерге қарап кеткеннен басқа амалы жоқ. Өйткені қыз қызығына құныққан шал әй шәйға қарамайтын түрі бар. Басқа жаққа бас бұрса қайтта қайт деп айқай салуға дайын. Ал мұны группаластары көрсе масқараның масқарасы сонда болмақ. Онсызда гу – гулеген өсекке ілінгені бар. Бірақ Бану қыз өсек үшін қайғырмайды. Өйткені ауыл алыс, жер шалғай. Бұл қалада туғаны да туысқаны да тіпті ауылдасы да жоқ. Оның үстіне дядкалап жүрген жалғыз бұл ғана емес. Ондай қыздар бұл Универде жетерлік. Осылайша шайпау қыз шатақ шалдың ермегіне айналды. Бірақ ойнақтап жүріп шалыс басқан аяғын қайта жинауға енді кеш еді. Ал күндер болса зулап өтіп жатты. Соңында шатақ шалдың ыңқыл қыңқылы көбейді. Арадан көп өтпей емханаға түсіп ай жатып соңында шет ел асты. Сондағана Банудың басына бостандық тиді. Алайда ақшаға құныққан қызға бұлда сабақ болмады. Өйткені қымбат пәтерден жатақханаға қайта келуге ұялды. Оның үстіне жатақханада оқуға жаңадан түскендер тұрады. Ал үшінші курсты аяқтауға аз қалған Бану олармен бірге тұруды өзіне ұят деп санады. Сөйтіп жүріп тағы да бір имансыздың құрығына ілінді. Бірақ бұл кезде Бануда біразды көріп білген әккі қызға айналған еді. Сонан болар о бастан ақ бұл еркекпен күйеуім бар деп танысты. Сөйте тұра ойланайын уақыт бер деп үмітінде үздірмеді. Ал онан басқа жолы да жоқ еді. Өйткені шал төлеп кеткен пәтердің уақыты таяп қыспаққа ала бастады. Соңында көзді жұмып барып Мэльс атты мына еркектің құшағына тығылды. Енді ақша төлеген еркек қойсын ба бұғанда тәуелді күндері басталды. Басында күйеуім бар деп айтқаны болмаса соңы сұйылып шыға келді. Қысқасы қыз басын қараға тағы да өзі апарып ілді. Өйткені ақша деп алақан жайғаны жайған болды. Қит етсе ақша дейтінді шығарды. Ал ақша берген еркек кездесуге шақыруды жиілетті. Осылайша байым бар деген қыздың беті ашыла түсті. Тек бар білгені жалғыз тұрса да пәтеріне жолатпады. Өйткені ойда жоқта кіріп келер деп шалдан қатты қорықты. Бірақ шатақ шал шыныменде хабарсыз кетті. Қысқасы Бану қыз үшінші курсты осылай бітіріп ауылға келді. Ал қызының қатты өзгергенін көрген анасы күдіктің кебін кигендей күйге түсті. Бірақ не десін не деп айтсын, қызым аман – сау оқуыңды бітірші, жігіт деген ешқайда қашпайды дегеннен әрі аса алмады. Осылайша жалғыз қызын жамандыққа қимаған ақ жүрек ана қолына барын ұстатып қайта шығарып салды. Енді міне қызықтың көкесі қыз қалаға келгенде басталды. Себебі, арадан көп өтпей шет елге емделуге кеткен шал жетті. Ол аздай шетте жүрген дипломат ағасы келісім шарты бітіп бұл жетті. Ал қалаға келгенде сағынышын арқалап Мэльс ағасы күтіп тұрды. Міне осымен Бану үшін ақиқи өмір басталып үш еркектің арасындағы қуыршаққа айналды. Бірақ бұл Бану о бастағы аңғал да аңқау Барби Бану емес еді. Бұл Бану етек жеңін жинаған, көпті көрген, нағыз көкжал Бану еді. Міне, осы тәжірибесінің арқасында қызық қуған үш еркекті шыр айналдырып ұршықша иірді. Себебі екі жылда келген ағасында, алты ай құрып кеткен шалды да сосын мына ақшаға қатты Мэльсті де алдап соқты. Сол ақылының арқасында осы үшеуін де өз дегеніне көндірді. Басты тапқан ақылы ол күйеуім бар дегенді тапты. Онан ауылдан енем келді олда бар дегенді шығарды. Тіпті өзім звондамағанша ретсіз звондап мазамды алмаңыздар, күйеуім жұмыста кезде енем болады деп қоңырау соғуды өз қолына алды. Әрине өз кезегінде бұлда өте табылған ақыл болды. Қыздан қулық асқанба ақша бергеніне көбірек жазып кездесіп жүрді. Ал күйеуім бар дегенге сенген сорлылар сағыныштарын күндіз ғана смс пен ватсапқа жазғаннан әрі аса алмады. Бірақ олар үшеуі де бірін бірі мүлдем танымайтын білмейтін адамдар еді. Қысқасы Банудың қулығы осылайша жалғаса берді. Ал қызға қызыққан үш еркек ақшаны шаша берді…

6 – бөлім

Үш еркекпен ұрын кездесіп жүрген Банудың биыл бітіретін жылы. Соңғы курс болған соң бұрынғыдай жазу, сызу азайып практика деп жүру көбейген. Бұл өз кезегінде олармен көбірек кездесуге мүмкіндік берді. Себебі, бос уақыты жетерлік. Жаста болса бәленің бәрін білетіні тағы бар, мейлінше қорғанып бақты. Ал бірін – бірі білмейтін үш еркек өздерінше мәз. Өйткені, Банудай жас қызды иемдену бұлардың жасына келіп, көптің қолынан келе бермейді. Алайда мұнда бір шикіліктің барын сезді ме әлде өзі тобасына келді ме үшеудің ішінен алғашқы боп бас тартқан – дипломат ағасы болды. Оны Бану да сезіп жүрген. Өйткені, соңғы бір – екі кездесуінде ол ағасы көңілсіздің күйін кешкен. Не болса да іштен тынып жүр, мүмкін жұмысында келеңсіздік болған шығар деп ойлаған қыз үндемеген. Бірақ, бүгінгі кездесуде екеуміз сөйлеспесек болмайды дегенде Бану да өз ойынан адаспағанын түсінді.Ия, ия сөйлессек сөйлесейік деген бұл да іші алай – дүлей боп. Сонымен, белгіленген уақытта межелі жерге жеткен қыз терезеге үңілді. Бұл оның біраздан бергі әдеті. Себебі, терезе ернеуінде отырып, күлімдеп қарсы алатын ағасына бауыр басып қалған. Ал бұл жолы ондай бола қоймады. Қанша мойнын созса да күлімдеп тұратын ағасы көрінбеді. Сонан болар үнсіз ғана номер есігіне таяп тұтқаны басып ұрлана кірді. Сонда ғана терезе пердесінің артына жасырынған ағасын көрді. Мынаған не боп қалған өзі дейді таңданысын жасыра алмай іштей күбірлеп. Себебі, таң қалатындай бар, бұрын бар киімін шешіп лақтыра кететін ағасы бүгін тіпті галстугін де шешпепті. Оның үстіне жүзі солғын, жабырқаулы күйде тұр. Жақындай түскенде ғана анық көрді, еркек сорлы қартайып кетіпті. Тіпті арақ иісі мөңкіп сала берді.

– Қысқасы осымен бәрі бітті, қолымнан келгенді жасадым, жаным. Міне, мына ақшаны ал, уәдем бар еді ғой, көлігіңді аларсың, – деп бірнеше пәшке ақша тастады. Сонан соң бетінен шөп еткізіп сүйіп құшақтай сап сөзін жалғастырды.

– Сен өте сұлу қызсың, мен сені ешкімге қимаймын, жанёк. Бірақ, біз екеумізге енді ажырасатын уақыт келді. Өз теңіңді тап та бақытты бол жаным – деп жағасын жөндеп шығып кете барды. Ештеңе түсінбеген күйде Бану қалды. Бірақ ақшаға құныққан қыз ағаның мұңын саралап отырмады, қол сөмкесіне төрт пәшке көк қағазды салды да шығып алып бұл да өз жөніне кетті. Осымен алғашықысы болған ағасынан айрылды. Демек ендігі медет шалмен Мэльсте деп шешті. Ал ақшасы болмаса шалдан қайран жоқ екенін о бастан ақ белгілі болған. Өйткені, секеңдеп келіп санын сипатқаннан әріге аспайды. Әйтеуір айда бір екі рет қоқиқаз сияқты қоқаңдап алады. Бұл әрине жас қызға ұнамайды. Ұнамаған да шынымен де ұнамайды тек кәрі қораз қонақтай алмаса ақша бермей ме деп қорқады. Мұның көкейін тескен сол ақша ғана. Өйткені буынына түсіп жатып ақша сұрап үйренген. Ал санын сипағанға уыстап ақша беруі екі талай. Ол санды үйіндегі кемпірі де сипайды. Тіпті тегіннен тегін сипайды. Бірақ мына құтырған шалға сол да жеткілікті, жетпейді десе жол ашық әне тұр. Ал онан кейінгі сенетіні Мэльс көкесі. Бұл кісі өзі момындығы бар өте аңғал кісі. Құдайдың берген байлығын қызға шашты демесең басқа ештеңемен ісі жоқ Бану не десе де бұлжытпай орындайды. Тіпті ерте күзден ақ қымбат шуба алдырып қойған. Ал ол сорлының шуба киюге әлі ерте екенін байыптайтын миы жоқ. Айнала көше әлі жеңіл желпі киіммен жүр. Бірақ оған Бану қыз не айтса сол болады, бітті қып – қызыл документ дерсің. Осылайша ағасы кетіп екі еркекпен қалған қызға бұл да аздық етті. Өйткені кез келген қыз баласы болашақта өз теңін табуды ойлайды. Себебі, қашағы бұлай жүре бермек. Күндердің күнінде бұл екеуінен де айрылады. Демек қамдану керек, жаны жарап тұрғанда жағдайын жасап алуы керек. Ол үшін ең бастысы пәтер алдыру керек, көлік ешқайда қашпас. Міне осыны ойлаған Бану қыз қамдана бастаған. Сонан болар соңғы кездерде екі дядкасы мезі боп қашқақтайтынды шығарды. Тіпті шегірткенің айғырындай шал да қоңырауын бірде көтерсе бірде көтермей жүр. Сондай – ақ Мэльс ағасы да «шет елге кетіп барам» деп тұтқаны қоя салған. Ал енді қайтсем екен, бұлай жүре берсем бұл екеуінен де айрылып қалармын, онан да екеуін де мықтап тұсап тастайын. Сосын қашып көрсін менен құтылып көрсін, қане. Сағынғанда кел де кел деп талай зіркілдеген еді. Соңында үндері өшіп бастарын бұғып қалғысы келіп жүр екен ғой. Көрсетейін бұларға, ойым оңынан келсе екеуін де жіпсіз байлап алармын әлі деген қыз тағы да бір қулықтың басын шығарды…

7 – бөлім

Соңғы төрт жылда Банудың беті ашылғаны соншалық, баяғы ауылдық қыздың жүзінен жұрнағы да қалмаған. Ойлағаны қулық, аңдығаны қалтадағы ақша болды. Енді дипломат ағасы кеткен соң, басын шырмап алған тағы да бір бұйымтай, соны қайтару ғана. Ол үшін не істеуі керек? Әрине, бірден – бір жолы, сізден екіқабат болдым деп айтуы керек. Өйткені, мына екеуіне «күйеуім бар» деп қойған. Бұл екеуіне бәрібір. Және бұл екеуіне қарағанда дипломат ағасын жақын тартады. Не десе де ақшалыдан келгенде алғашқысы ғой. Бірақ ол ағасынан тап қазір күй кеткен, өйткені өз отбасында проблемасы боп жүр. Қысқасы, солға тартқан жүрісін министрдің қызы кешіре алар емес. Ал бұл ағасының мына жүрісі сол бәйбішенің арқасы. Әкесі білдей бір министр қыз, бұл соның күйеу баласы. Сол үшінде бәйбішенің айтқаны бұйрық. Өткендегі дипломат боп Монғолияға кетуіне де осы бәйбіше себепші болған. Қолда бар ғой, қонышынан басып дамыған Еуропа елдеріне жіберсе де болар еді. Бірақ адам төзгісіз аңызаққа, Монғолияға айдап салған. Бұл бәйбішенің өзіндік бір жаза ретінде қолданғаны еді.

Міне, осылайша ерке қыз әкесіне айтып күйеуін алысқа аттандырып, көзіне көк шыбын үймелетіп тобасына таяған. Қысқасы, ағасының өрімдей жас Банудан бас тартып артына қарамай кеткені де осы еді. Оған себеп те жоқ емес Бануға дейінде жұмысындағы хатшы қызбен әмпей жәмпейі болып ол барып бәйбішенің құлағына тиген. Сонан бері бұл отбасының шырқы бұзылған. Бірақ бұл жерде әлі Банудың қосар үлесі жоқ. Мұның үлесі енді болмақ. Әрине, сізден екіқабатпын, не істеймін деп жаза салу қиын емес бірақ мұның соңы не болмақ. Қысқасы Бану қыз көп ойланып отырмады. Нәзік саусақтарымен жаза сап, дипломат ағасының электронкасына лақтырып жауап күтіп жатты. Арадан көп уақыт өтпеді.

– Қайдасың, сөйлесе аласың ба деген жауап жетті.

– Бір бес, он минуттан соң звондаңыз. Жолдасымды жұмысқа шығарып салайын, кеткелі жатыр, деп қулыққа басты қыз. Осылайша дипломат ағасымен қайта тілдесті.

– Жолдасым іссапарда болды ғой, сол күнге сәйкес келіп тұрғанын қараңызшы, енді қайттім, сезіп қойса өлдім ғой деп жыламсырады. Ол ол ма бұл қыз онан кейін де тоқтамады.

– Ол кезде жолдасым жоқ болатын. Сізбен кездескен күні деп қойып уақыты сағаты тіпті датасына дейін айта кеп, осыдан он күн бұрын келуі керек болған қызыл әскердің қатты кешігіп жатқанын айтып тағы да қынжылды. Бірақ дипломат ағасы да ақымақ емес.

– Жолдасың он бес күнге кетпеуші ме еді. Өзің айттың емес пе он бес күн үйде он бес түзде деп. Осы он бес күннің әрі берісі бар ма, қайдан біліп жатыр деп даусы дірілдеп күмілжіді. Алайда бұған да қу қыздың берер жауабы дайын еді.

– Айттым ғой сізге. Сол кеткенде кезектесіп келмей қалып бір айға қалған. Ал бір ай деген ол білетін еркекке көрініп тұрады. Сосын сізді түсінбей тұрмын сонда сіз өз балаңыздан бас тартпақсыз ба? Мүмкін сіздің күмәніңіз бар шығар бірақ менің күмәнім жоқ. Мен ғой ешкімге айтпаспын, алайда жолдасым күдіктеніп экспертизаға апарса не болмақ. Әрине ондайдың беті аулақ бірақ солай болып жатса мен сізден басқа кімді көрсетемін. Мойындағаннан басқа амалым қалмайды ғой деп жылап тұтқаны тастай салды. Міне осыдан соң дипломат ағасы құрдай жорғалады. Бір айдай хабарсыз кеткен еді, енді үсті – үстіне хат хабарламаны үйіп төкті. Ол аздай үш – төрт рет қоңырауда соқты. Бірақ қулыққа басқан қыз тұтқаны көтермей өз жеңісін тойлап отыра берді. Бұл енді дипломат ағасы үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Қалайда кездесіп Банудың аузын жабу керек, онсыз болмайды. Осылайша амалы таусылған ағасы қайта қайта хат жазып бұрынғы қонақүйге шақырды. Жанын қоярға жер таппай зыр жүгірді. Жүгірмей қайтсін бәйбішенің қаһарына ұшыраса қаңғып кетерін біледі. Онсыз да хатшы қыз оқиғасынан соң бәйбіше суып барады. Әйтеуір бұрынғыдай емес жүгенсіз құлдың күйін кешіп жүрген сияқты. Егер мынаны еститін болса онда мұны ешқашан кешірмейді. Көзіне түртіп тұрып тұңғиыққа жібереді. Еркектің ез болуы деп осыны айт. Бұл осы заманғы ақиқат, таң қалуға болмайды. Есеппен үйленген сорлылардың соңы осындай болмақ. Бұл бір деп қойсақ енді мұның екінші жағы да бар. Екіншісі ол махаббатсыз дүние бос, сезім жоқ, ғашықтық жоқ, тек есеппен үйленген соң төсектен ерте жеріп шыға келді. Содан болар айналаға көз салып көзге тартар қыз іздеді. Міне мына жағдай тап сондай жағдай. Бәйбішесі қызықтан қалып қыз қырқын жағалаған ағаның жағдайы осы. Басқа бермесін. Ал он сөзге бір жауап берген Бану қызықтың көкесін көрсетті. Әупірімдеп жүріп қонақүйге жеткенше не сұраймын деген ойға батты. Көлігім бар, киімім бар, қарным тоқ. Универді бітіруім проблема емес. Оны анау шалға айтса да дипломын әпереді. Сосын әне – міне дегенше ауылға қайту керек. Сонда барып мектепте қағазбасты боп жүрген мұғалім анасына қолғабыс болуы керек. Бірақ бұл Банудың ауылға қайтқысы жоқ. Тіпті мынандай өмірден соң ауылда тұруды көз алдына елестете алмайды. Оның үстіне ауыл жігіттері алып қашып кетер деп қорқады. Өйткені ауылда ең алдымен арыңды сұрайды. Онсыз сенің бақытты болуың екіталай. Сол үшін де қалада қалып бақытын осы қаладан іздеген дұрыс деп шешті. Демек дипломат ағасынан пәтер сұрайды. Үш бөлменің кілтін қолына алса жерден жеті қоян тапқаннан қымбат қой. Алайда үш бөлме десе шошып түссе не болмақ. Бірақ несіне қорқады не сұрайсың не қалайсың сонымен бәрін доғарайық деп бір емес бірнеше рет өзі жазды емес пе?! Үш бөлме десем тым болмаса екі бөлме әперсе де құдайым бергені ғой. Бірақ бір бөлмеге өлсем де келіспеймін. Өйткені, бір бөлме деген ол тар қапас түрме сияқты. Төрт қабырғаңа қарап жатпасаң басқа түкте істей алмайсың. Негізі осы Бану өткенде шалдың үйіне барған. Өзің қатарлас қызым бар, мына бөлме соның бөлмесі деп ішінде спорттық құралдар тұрған кең бөлмені көрсеткен. Яғни жатын төсегі бар, компьютері бар бәрі бәрі ішінде тұрған кең фитнес бөлме. Бұл фитнес деген өзі жас қыздар үшін аса қажет екен. Балтырыңды келтіріп қос анарыңды алға шығарып көркейте түседі дейді. Онсыз да сұлудың сұлуы болған Бануға , міне, осындай ой сап ете қалды. Сұлу десе сұлу екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Барби атанғаны да тегіннен тегін емес. Барби десе Барби кукладай бар өзі. Әсіресе соңғы кездері қып – қызыл көлігіне отырып қайда бармасын еркек біткен қырылып қала жаздайды. Тіпті аяқ алып жүруден қалған. Ендігі жетпей тұрғаны осындай кең пәтер ғана. Пәтерлі болса болды басқаның бәрін қойып өзіне өмірлік серік іздейді. Мұндайда жігіт проблема болмасы анық. Кез келген жас жігітті қалпақпен ұрып алары сөзсіз. Қысқасы, осындай арманмен тәтті қиялға берілген қыз қонақүйге жетті. Тіпті бұл кездесу өзі ойлағаннан да олжалырақ болды. Өйткені, дипломат ағасы бір пәшке көк қағазды тағы да қолына ұстатты. Сонан соң алдағы күндері екі не үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстайтынын айтып қуантты. Сондай – ақ біраз сағат құшақтап жатып мауқын басты. Бірақ басы қайғыда жүрген еркек қатты адасқанын білмей ішкі дүниесі алай – дүлей күй кешті. Баланы алдырмаймын дегенді дұрыс айтасың, жаным, алдырма. Ол менің балам деп қолдай кетті. Түптің түбінде Бану өз жолдасынан ажырасса, бәйбішемен бөліске түсер деген оймен бар жиғанын Бануға беретінін де сөз етті. Міне, бұл оның ең басты қателігі еді…

8 – бөлім

Дипломат ағасын діңкелеткен Банудың назары енді шалға түсті. Былайша айбат шегіп әкіреңдегені болмаса бұл шалдан келер қауіп жоқ. Оның үстіне өткен жылғы қаңбақтай құлап қатты ауырғаны еңсесін езіп тастағаны бар. Сол үшін де көп ойланып отырмастан, сұңғақ саусақтарымен хабарлама, жазып жауабын күтіп жатты. Қысқасы бәрі де ойдағыдай.

– Қайдасың, балапаным, қазір жетемін. Қонақ үйге жүре бер деген жауап алды.

Осылайша арадан көп өтпей бұрыннан таныс қонақүйде шал бөлмесінде отырды. Әңгімені балпылдаған шал бастады.

– Сағынып қалдым депсің рас па, балапаным? дейді.

– Әрине рас, сізді сағынбасқа амалым жоқ болып тұр ғой, деді Бану қыз. Міне, енді бұл сөзге емпілдеп кеткен шал көпіре бастады.

«Сен менің айымсың, күнімсің, балапанымсың. Общым барғой жүрегімнің жүрегісің жаным» деп барып бір ақ тоқтады. Сонан соң келіп қапсыра құшақтап қыз денесін аймалап сүймекші болды. Әрине, бұл Бану күткен жағдай еді. Өйткені, бұл шалдың мұндай қылығына еті үйреніп кеткен. Бірақ тап қазір еркіне жіберуге болмайды. Ішке түйгенді айтып қалуы керек. Сол үшін де көйлегінің түймесін қайта қадаған қыз орнынан тұрып кетті. Мұндайды күтпеген шал бір гәптің барын біліп онан сайын безілдей жөнелді.

– Жаным – ау сені көрмегелі бір жұмадан көп болды ғой. Сағындым ғой, жаным, сағындым сені. Келші бері, тай құлындай мүсініңді сүйдірші. Көркіңе тояттап мауқымды басып алайыншы, ботам. Не болса да сонан соң көрерміз, сезіп тұрмын көңіл – күйің болмай тұр. Алайда, мен қатты сағындым сені, – деп жалбақтай жөнелді. Бірақ шалдың бұл сөзімен қу қыз келісе қоймады. Өйткені бар ойлағаны бір ғана нәрсе, кәрі шалға қалай да өз ойын жеткізу еді. Негізі мұнысы ой дейтін ой емес, іште жатқан қулығы ғана. Дегенмен мен сізден екіқабатпын деп айта салу әрине, ауызға ғана оңай. Бірақ мұның соңы не болмақ, мәселе сонда ғой. Көзі аларып ат тонын алып тұра қашса қайтпек? Болмаса айқайға басып байың бар емес пе, басқа кімнен таптың деп құтырып кетсе ше? Өйткені бұл шал болса да дипломат ағасындай момын емес, бірде бие, бірде түйе мінезді адам. Бірақ әрқалай реакцияға әртүрлі жауап дайындап келген Бану қыз да осал емес. Қайдан шықса сонан шықсын.Тым әріге барса тастап қашар, болмаса өз балам деп мойындар, тап қазір айтамын деп шешті. Қысқасы Бану қыздың бұл тірлігі де өзі ойлағандай аяқталды. Мен сізден екіқабатпын дегенді естіген шал онан сайын құтырды. Жаумасаң да күркіре деген осы болса керек.

– Ай, ай, балапаным ай менің, айттым ғой саған айттым ғой. Ағаңның әлі де бір – екі патроны бар дедім емес пе? Дөп соғыппын ғой, дөп соғыппын. Әне, солайда солай. Мен негізі атпайын, атсам қағып түсетініме күмәнім жоқ. Қысқасы, бұл енді жалғыз тұяқ Марленімнің соңынан ерген Арсен болады. Айттым ғой саған, менің үш қыз бір ұлым бар, деп барып тоқтай қалды . Ал мына сөзге қыз жауабы да дайын еді.

– Әрине, Арсен болса Арсен болар. Бірақ қазірше Ханзада ма, Ханшайым ба ол жағы белгісіз ғой. Енді маған күтім керек, денсаулық керек. Ол үшін әрине ақша керек. Қысқасы мынандай жалдамалы пәтер емес жекеменшік үй керек. Осыған келіссеңіз Марленіңізге ерген тайтұяқ болсын. Ал қарсы болсаңыз онда аман болыңыз деп есікке беттеді. Осылайша Бану қыз қырсық шалды да қалпақпен ұрып алды. Енді әне – міне дегенше дипломат ағасы айтқан пәтерде дайын болмақ. Өйткені кеше ғана ол ағасынан хабарлама жеткен.

– Әңгіме сөз болмасыншы, құжаттары келесі апта бітеді. Үш бөлмені айта алмаймын ал екі бөлме дайын тұр. Тек сабыр сақташы, өзім хабарын беремін деп жазыпты. Бұл әрине ағасынан келген өте қуанышты жаңалық. Оның үстіне мына шалдан да құр қалмасы анық. Бұған да амалдап үй алдырса болды. Сонан соң бұл шал сеспей қатса да Бануға бәрібір. Өйткені, жүректен кеткенін біледі. Өткен жыл шет елге барып жүрекке қандай да бір қосымша аппарат салдырғанын өзі айтқан. Бір күн болмаса бір күн сол аппарат істен шықса шалдың күні бітті дей бер. Сол үшінде тездетіп желіккен шалды желкесінен түйіп отыруы керек. Мұның ақшасы жетеді, тарықпайды, қамықпайды. Өйткені Астана, Астана болғалы бір бұрышын дүркіретіп ұстап тұрған адам бұл. Қымбат көлікті бәтеңке ауыстырғандай ауыстыратын мына шалға үй дегенің түк емес. Кезінде құлай сүйдім деп уәдені үйіп төккен кәрі қақпасқа енді менің уысымнан шығып көрші дейді. Осымен қатарынан екінші жеңісін тойлаған қыз уыс ақшаны ұстап өз жөніне кете барды. Алайда енді мұның алдында қалай болмасын екіқабат болу керек деген басты проблема тұрды. Ол енді проблема дейтін проблема емес – ау бірақ кімнен деген бар ғой, міне осынысы проблема. Ал, сымбатты деп жүрген дипломат ағасы ат құйрығын үзген. Сонда анау дәуқарадан тумақ па, әлде мына шалдан тумақ па? Жоқ, бұл шалдан туғанша шатым айрылсын. Ал анау дәуқараның да тұқымы керек емес. Демек түзден іздеген дұрыс деп шешкен Бану қыз енді жас жігіттерге көз сала бастады…

9 – бөлім

Қотыр атқа соқыр ат үйір деген ғой, жігіт іздеген Бануға көп өтпей көңілге қонғаны жолыға кетті. Өзінен үш жасқа үлкен демесең, сыр сымбаты келіскен ұзын бойлы қалалық жігіт. Қалалық дейтіні Астананың өзінен емес осында жақын орналасқан Есіл деген қаланікі. Есімі – Марат. Тек орысша қосып сөйлегені болмаса басқалай кінәрат жоқ. Негізі бұл қыздың іздегені де осындай жігіт еді. О бастан орысшаны жақсы меңгерсем сосын қалада тұрсам деп армандайтын. Сол арманына бүгін қол жеткізгендей болды. Себебі, Банудай сұлуға бұл жігітте жүрегін ұстап құлаған. Тіпті, көп өтпей ыстық құшағын айқара ашып тұңғиыққа сүңгіп шыққан. Әрине, жастың аты жас емес пе, шіркін – ай соққысының өзі неге тұрарлық деп сүйсінеді. Өйткені қыртыс – қыртыс терімен май басқан қарыннан басқаны көрмеген Бануға мынауың бір алапат көрінді. Былайша айтқанда дене бітімі тығыз, салауатты өмір салтын ұстанатын қазіргі жастардың үлгісі боларлық спортик өзі. Қысқасы нағыз жігіт cұлтаны дерсің. Міне, бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы, көп күттірмей тізерлеп тұрып, менікі болшы деп ұсыныс жасады. Оған жерден жеті қоян тапқандай қуанған Бану қарсы болмай құшағына құлай кеткен. Сонан бері апта өтсе де жұптары жазылмай жүр. Ал дипломат ағадан хабар келуге жақын. Негізінде Бану балпылдаған шалға сенбесе де, осы ағасына қатты сенетін. Сол сенімі алдамаған екен, хабарлама жеткенде төбесінен жай түскендей болды. Ескі вокзал маңынан екі бөлмелі пәтердің мекен – жайы жазылып, сонда өзі қарайлас бір қыздың кілтпен тұрғанын жазыпты. Сондай – ақ құжаттың бәрін сол қыз жасап беретінін айта келе болашақта бақытты болуына тілектес екенін қоса жазыпты. Мына хабарға қатты қуанған Бану көлігіне отырып сонда жол тартты. Тек ескі үйдің бесінші қабаты демесең, бұл район сол кездегі ең қолайлы жер. Өйткені темір жол вокзалы тиіп тұр. Сондай – ақ админ орталықтар да қол созым жерде. Демек бәрі жақсы бәрі ойдағыдай бітті. Қуанышында тіпті шек жоқ. Енді жігітімен осында кеп тұра берсе болады. Осы кезге дейін «мамама не айтамын» деп жүрген қыздың осымен бар түйіні шешілді. Өйткені мұнда қалуға «мамам не дейді, мамама не айтамын» деп көп ойлайтын. Алайда сөз арасында ана байғұс:

– Қызым қалаған жігітіңе бар, өз жарыңды өзің таңда, мен қарсы емеспін. Қайда жүрсең де бақытты боп, жыламай жүрсең болғаны дейтін. Демек менің қалада қалуыма қарсы болмас деген қыз мамасына қоңырау соқты. Түптеп келгенде бастан аяқ бәрін баяндап бір жігітпен сөйлесіп жүргенін де айтып салды. Ана жүрегі кең ғой қызым аман – сау оқуыңды бітірші. Сосын келіп бір – екі жыл жұмыс істе. Жігіт деген ешқайда қашпас, сені керек қылса, сол бір – екі жылды күтер деген. Алайда, ана сөзін телефонда ғана мақұлдаған Бану мұндағы тірлігін қайта бастады. Тіпті өз теңін тапса да, құлқынның құлы болған сорлы қыз қос шалға қоңырау соққанын қоймады. Сондағысы, осы екеуінен бір – бір пәтерден иемдену еді. Сол үшін де бұл екеуінің күс басқан қолымен құшақтағанын есінен шығарар емес. Дәніккеннен құныққан жаман деген осы болса керек, әсіресе, ауру шалдың алқымынан ала бастады. Өйткені мына ескі үйден жаңа соғылып жатқан үй әлдеқайда жұмақтай көрінді. Қала болса күннен күнге көркейіп барады. Бірінен – бірі өткен зәулім үйлер бой көтеруде. Әсіресе Есілдің сол жағалауы тіпті де керемет. Және бай – бағланның бәрі сол жақта тұрады. Менің олардан қай жерім кем, су жаңа көлігім бар, қарным тоқ көңілім шат дейді. Бір сөзбен айтқанда солармен бой теңестіргісі келеді. Қысқасы осындай пиғылда жүріп өзінің тойымсыз екенін ұмытқан қыз жолдан тайды. Бұл сонау Универді бітіретін жыл. Әне – міне дегенше оқуы бітіп еліне қайтуы керек. Бірақ «маған елге қайту жоқ , қалайда осында қаламын» деп шешкен Бану көтеріп те үлгірді. Ал енді бұл ауылдағы анаға да ауыр салмақ болды. Қайтсін сорлы, өз қолын өзі қолын шапсын ба, жылап келген байғұс, жылап кетті. Екі ортада әкесі белгісіз бала көтеріп шалдарды да шідерлеп бітті. Ол аздай, арасында дипломат ағасына жазып бала үшін деп ақша алып жүрді. Осылайша тойымсыз қыз, төрт бірдей отбасына ойран салды. Бірақ ең сорақысы сол, соңғы жігітті де отбасынан айырып тынды. Ессіз еркек қос құлынын тастап қыз қолына кірді. Міне, сонда ғана Бануға бақыттың ауылы жақын тұрғандай көрінді. Тіпті өз – өзіне сүйсініп мұның бәрі сұлулығымның арқасы деп ойлады. Өйткені арадан көп өтпей жаңа қонысын тойлады. Осылайша шалдың атаған сыйын алды. Алайда анасымен қоса екі бірдей періштені жылатқан қыздың алған алғысынан қарғысы көп еді. Бірақ Бану мұны ойлайтын қыз ба, көлігіне отырып жігітімен ауылына тартты. Көңілі құлазыған ана азын – аулақ ырымын жасап батасын берді. Қысқасы қу қыз осылайша уақытша болса да бәрін жеңді. Күндер болса зулап өтіп жатты. Ал томпиған қарын өсіп үлкейе түсті. Соңында ай – күні жетіп, торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Енді міне, ұл үшін нағыз тартыс басталды. Марленнің соңынан ереді деген шал Арсен деп шықты. Үйдегі еркек өзіме ұйқас болсын аты Самат деп шықты. Тіпті дәуқара да қалыс қалмады. Үнсіз кеткен тек дипломат ағасы ғана болды. Қысқасы бұл бала бірін – бірі көрмеген білмеген үш еркектің басты дауына айналды. Соңында сорлы қыздың олардан қашқаннан басқа амалы қалмады. Өйткені телефоны тыным таппайтындай күйге жетті. Әсіресе қақпас шал қыңқылдап қанын ішті. Ұл дегенді естігелі әй – шәй жоқ қоңырау соғатынды шығарды. Апта сайын шақырып көргісі келетінін жасырмады. Ал қандай да бір шикіліктің барын сезген үйдегіден күй кетті. Оған не десін, Бану қыз жақ аша алмайтын дәрежеге жетті. Өйткені шал сыйлаған пәтер соның атына жазылған, қит етсе сырт айналып өте шығуға дайын жүргенін білді. Осылайша Бану қыздың басы үлкен дауға қалды. Әсіресе көресіні анау шалдан көрді. Тіпті Марленіммен таныстырамын деп айғайға басты. Мұндайды күтпеген қыздан шыдам бітті, соңында қолындағы телефонын атып ұрып, быт – шытын шығарды. Міне, тап осы сынған телефон Бану қыздың кешірілмес қатесі еді…

10 – бөлім

Телефоннан құтылған Бану расымен де өз өмірін басқа арнаға бұрғысы келген. Табан асты торсықтай ұлды туып алған соң өмірдің бар қызығы тырбаңдаған осы балада тұрғандай көрінетін. Әрине, бала бауыр етің, тәтті ғой шіркін, тәтті. Оның үстіне жақында ғана ескі үйден жаңа үйге көшіп өткен. Бұл енді Есілдің сол жақ жағалауы бай бағландар мекені. Ал мұндағы өмірге Бану о бастан-ақ қатты қызығатын. Алғаш Астанаға келгенде құрбыларымен жүріп сол жағалауды қыдырғаны бар. Бұл жерде бәрі ыңғайлы әрі өте әдемі. Әне әнеубір қол созым жерде тұрған бұл Бәйтерек, сол кездегі Астананың символы. Айналасы мұнтаздай таза әсіресе жазды күн улап-шулаған жастарға тола. Бүгін міне Бану қыз сол арманына қол жеткізіп өткен кеткенді еске алып тұр. Терезеден көз жүгіртіп күңгір – күңгір күбірлеп қояды. Сондай қызық қой, ия, дейді өз – өзіне тамсанып. Өмір деген қызық, бас аяғы үш -төрт жылда осының бәріне қол жеткізгенім, бұл менің жеңісім. Ал қалай жеттім, ол менің жеке шаруам. Айтқандай әкіреңдеген шалдардан құтылғаным қандай жақсы болды. Енді олар менің өзіммен бірге о дүниеге ала кететін құпиям болмақ. Енді олардың менімен шаруасы болмасын. Тек анамның кешегі сөзі көкейімде қалғаны болмаса басқасы бәрі жақсы дейді. Анам демекші осы Бану босанғаннан кейін ауылдан арқаланып анасы жеткен. Жұмысынан жауап сұрап, Астанада апта жүріп кетерінде қолқа салғаны бар. «Сен менің жалғыз қызымсың ғой, сені той-томалағыңды жасап, қолымнан ұзатсам деп армандайтынмын. Ол мен ойлағандай болмады, қызым. Жарайды, бағыңа байлау болмайын, бірақ тап осы отырысыңда бір құпия бар сияқты. Өйткені, алыстан ат терлетіп мен келдім. Келгеніме апта болды. Не алдымнан атаң шықпады, не енең шықпады. Не күйеу бала жарытып көзге түспеді. Бұл не отырыс сонда. Тым болмаса араласып жөн-жоспарын жасамай ма? Мен сонау Тараздан келгенде олар мына тұрған Есілден келе алмағаны ма?» деген Алайда қу қыз бұл сұраққа да жауап тапқан.

– Ой мам, олар орыстанып кеткен кәрі кісілер ғой. Оның үстіне мен босанған соң, той жайын кейінге қалдырғанбыз. Алла қаласа, бала қатайғанда той да болар, құда да түсер. Қойыңызшы соларды. Сізге солардың шүберегінен пайда бар ма? Бәрінен де менің бақытты болуым маңызды емес пе, деп сытылып шыққан. Міне осы сөзді түсінбеген анасы мең-зең күйде қайтып ауылға аттанған. Бірақ оны ойлайтын Бану ма, тап қазір бұл анау екі шалдан құтылғанына қуанып тұрған жайы бар. Өйткені шәңкілдеген шалдың хабарсыз кеткеніне айдан асты. Ал дипломат ағасы жыл болды қарасын батырды. Тіпті анау дәуқара әумесер де зым-зия боп жоғалған. Негізі ғой солардың жоғалғаны жақсы. Себебі телефонды да бекер сындырған жоқ қой, құтылғысы келді. Енді оларды өз өміріне кіргізгісі келмейді. Егер тым болмаған жағдайда дипломат ағасына ғана үміт бермек. Өйткені, соған ғана салқын болса да суып бітпеген сезімі бар. Ал ана екеуін тек ақша үшін ғана ермек қылған. Қысқасы бұл ретте де анасын алдап құтылған Банудың бойы біраз жеңілдеп қалған. Бой демекші осы қыздың өзіне жарасар ұзын бойымен сұлулығы біраз еркектің басын әлі де айналдыруға бар. Өйткені көшеге шықса болды қисалаңдап кеп көз салған еркек табыла кетеді. Ал бай дейтін байсымақтың түрі анау, бір күн үйде, бір күн түзде, тағы бір күн Есілде. Бірақ оны бір Алла біледі, ол Есілде жүр ме әлде ескегін есіп қалада жүр ме, әйтеуір бір жұмбақ жүріс онікі. Былайша өзін ұнатқаны болмаса, Банудың да оны құлай сүйгені шамалы. Айтуынша, ол бұрын да бір үйленген жігіт бірақ тұз несібесі жараспай тарқасқан дейді. Және де орыс мінезді сорлы еркекке бәрібір сияқты. Өйткені, оны ештеңе қызықтырмайды, балаға да басы айналмайды. Ал бала демекші, бұл баланың әкесі кім екенін Банудың өзі де білмейді. Қайдан білсін, сол кездерде үш еркекпен арпалысып күнде ханталапайға түскені бар. Соңы міне, нақты «кімнен» деген ой өзін де мазалайды. Бәрінен бұрын соны көп ойлайды. Алайда теледидар үстінде тұрған көлік кілті безілдей жөнелгенде селт ете түсті. Содан жалма – жан қолындағы баланы қоя салып жүгіріп барып балконға үңілді. Құдай сақтасын, өз көзіне өзі сенбей қатты да қалды. Өйткені қызыл шамдары жанып өшкен көлік дөңгелегін тепкілеп тұрған шалды көрді. Ия, ия тап сол, тентек шалдың өзі . Анықтап тағы да бір қарады. «Қап, қайдан ғана кеп қалды, қырсық» дейді. Тіпті қыз көлігінің жанына бұқадай ғып өз Джипін қойып алыпты. Сонан соң дөңгелегін теуіп шиқылдатып, қыздан хабар күтіп тұр. Сонда ғана ақымақтығым – ай, деген бейбақ қыз телефоннан құтылғанымен мына шалдан құтылу жоғын түсінді. Мұндайда белгілі ғой өлімнен ұят күшті деген бар. Егер қылмысы ашылып жатса онда құрыдым дей бер. Болашаққа деген ынтасымен қосылып қу қыздың өзі де құрдымға кетпек. Бірақ беті ашылған қыз, мұнан да құтылудың жолын тапты. «Әу» деп алып, дым көрмегендей балконнан басын шығарып айқайға басты.

– Қазір түсемін ғой, күте тұрыңызшы. Шиқылдатқанды қойыңыз, ел – жұрттан ұятты, – деп қайта жоғалды. Ал қызды көрген шал онан сайын құрақ ұшты. Тіпті ұят жоқ, қысылу, тартыну жоқ. Жарығым, күнім осы, жаным осы деп балпылдап жатыр. Алайда, бұл екеуінің әңімесі ұзаққа бармады. Балам ұйықтап жатыр сосын күйеуім келетін уақыты боп қалды деген қыз, тез оралды. Әккі шалдың аракідік айтқан сөздерін құлаққа да аспады. Бірақ, келесі күн сол шал тағы да келді. Өйткені, Банудың телефонымды сындырып алдым содан хабарсызбын дегеніне сенген сорлы жаңа телефон сыйға тартты. Ал құлқынның құлы болған сорлы қыз тағы да жоқ дей алмады. Алғысын жаудырып жаңа телефонды қалтаға басты. Осылайша екеуінің тышқан – мысық өмірі жалғасып жатты. Ол аздай дәуқара да бір күні төбе көрсетті. Бірақ шым – шытырман мынандай өмір қашанғы жалғаса бермек. Үйдегі еркек үн қатты, қысқасы күңкіл шығып, шаңырақ шайқала бастады. Міне, мұның соңы белгілі, жәйбасар сорлы деп жүрген жігіті жалт берді. Осылайша, не қолында неке қағазы жоқ, не құжаты жоқ қыз, үйден айрылды. Ал оны даулап арыз жазуға абыройынан қорықты. Қысқасы, ұрыны қарақшы басты дегені осы болды. Бас аяғы бір жылда жылпос жігіт үйлі боп қыз далада қалды…

11 – бөлім

Жөргектегі баланы жерге түсіргенде қылышын сүйреп қыс жетті. Ал Бану қыз баяғы тірлігін жалғастырып еріккен екі шалдың ермегіне айналды. Тек үйіне ғана кіргізбейді, оған себептер де жоқ емес. Басты себеп күйеуі жоқ екенін білсе, тыным бермес деп қорқады. Шықпай қалуға ақшаның қажетігі тағы бар. Ал бай деп тапқан байсымақтан айрылғалы қашан. Тап қазір басты

проблемаға айналғаны да сол байсымағы болып жүр. Өйткені кеше ғана қоңырау соққан анасы біраз жерге барған.

– Қызым, ауылдағы ағайынан ұятты . Коллективім тағы бар, той жайлы айтып көрмедің бе күйеубалаға, жыл болды ғой деген. Сорлы ана сұрамай қайтсін жалғыз қызының тойын ол да көргісі келеді. Дүркіреп өткен той көз алдына елестейді. Соны жасап дос-дұшпаннан құтылсам дейді. Ел қатарлы құдағи атанып марқайып қалсам дейді. Бірақ ол күйеу баланың кеткеніне екі айдай

болды. Онан бері бала еңбектеуге жетті. Тіпті тәй – тәй басып тәнтіректеп жүріп кетуі де ғажап емес. Өйткені күндер зулап өтіп жатыр. Уақыт деген сағым, қолыңмен ұстап, көзіңмен көрмесең де алға түсіп сырғып барады. Міне Бануды да тап осы ой мазалайды. Қайтсем екен, бар шындықты анама айтып салсам ба екен деп оқталады. Бірақ жарымжан ана көңілін қимайды. Ал екі шалға керегі тек бала ғана. Әшейінде Шанхайдан шықпайтын дәуқара да соңғы күндері Бануға үйір боп алған. Аптаның екі күнінде әдейі ат басын осында бұрады. Сондағысы көлікте отырып баласымен ойнап мәз болады. Ессіз еркекті қой мұны, есіл ғана ерлерім дерсің. Ақшаның буына бұрқырап қаршадай қызға ұл таптырдым деп ойлайды. Мұншама да көрсоқыр, қуыс кеуде болар ма еді. Әй, шәй жоқ бала сенікі десе сене қалатын сорлы қабақтар-ай. Түптеп келгенде мұның бәрі қыздың қулығы емес, екі есалаңның ессіздігінде жатыр. Мейлі, кәрі көкжалды ғой түсінсе болады, өйткені үш қыздан соң жалғыз ұлы бар дейік. Ал мына дәуқараныкі не жүріс? Айтуынша мұның ұлы да қызы да жеткілікті, анау сияқты жалғыз тұяқты емес. Қысқасы, Бану қыз көп ойланып көп толғанды. Сонан болар бар шындықты бастан аяқ анасына айтуға бел буды. Себебі бір күн болмаса бір күні шындықтың беті ашылары сөзсіз. Демек ештен кеш жақсы айту керек деп, айтып салды. Түк түсінбеген ана байғұс еңіреп тұрып жылап берді. Әрине, қанша күбірлесе де шындықтың түбіне жете алмады. Өйткені қу қыз ақиқатын айтпай бүгіп қалды. Сорлы қыз қайтсін қолындағы бала кімнің баласы екенін өзі де білмейді. Тек құжат бойынша кеткен жігіттікі боп қала берді. Ал сынықтай сырды өзіммен бірге о дүниеге ала кетемін, ешкім білмейді деп ант ішті.

Бірақ тағдырдың тәлкегі әлі де алда еді. Сөйтіп жүргенде көп өтпей кәрі шал сап тыйылып жоқ болып кетті. Арадан біраз күндер өтті, тіпті ай өтсе де шалдан хабар болмады. Осымен қыздың үміті үзілді. Соңында «керек едің» деп қолды бір сілтеп дәуқараға жүгінді. Ал оның да көктем шыға бизнесі төмен домалады. Бұрынғыдай аста төк ақша болмады. Сауда дегенің карта ойыны ғой бірде бар, бірде жоқ нәрсе. Сонан болар ұрын келгенді бұл да азайтты. Тіпті ол сорлыға өз арендасының ақшасын төлеу мұңға айналды. Міне, сонда ғана Бану үшін сын сағаты туып, нағыз өмір басталды. Енді бұрынғыдай еркелеп жатып ақша табатын заман өтті. Өйткені, Астана сондай қала, жүгіре жортып күн көретін қала. Ал Бану сияқты қолында баласы бар созылғандарға жол жабық. Ол үшін не біреудің тоқалы боласың, не екі – үш жұмысты қатар алып жүресің. Сонда ғана бұл қалада толыққанды өмір сүресің. Демек таңдау өзіңнен. Бірақ бұл жолы көпті көріп тісқаққан қыз дұрыс таңдау жасады. Әупірімдеп жүріп вокзал маңындағы пәтерді толықтай атына өтірді. Енді бұл үйге ешкімнің таласы жоқ, аузы күйгеннен үрлеп ішті. Сонан соң ана сөзіне құлақ асып жалға беріп өзі ауылға тартты. Осылайша Бану қыздың бас қалада өткен бес жылы бітті. Бірақ бұл тағдырдың тосын сыйы бәрібір соңынан қалмады. Себебі, ауылға келген соң күңкіл шыға бастады. Айымкүл апайдың жалғыз қызы ажырасып кепті, деген өсек гу ете қалды. Тіпті біреулері өзі мұғалім ғой, оқушыларға қандай тәрбие береді, қызының жүрісі анау деп соқты. Енді біреулері тоба десе біреулері таба деді. Осылайша ел құрметтеген ұстаз ұлтараққа айналды. Тіпті бұрынғыдай бас көтеріп жүруден қалып бұқпантайлай бастады. Осылайша, қыз қылығы ана байғұсты есеңгіретіп тастады. Бірақ бауыр еті жалғыз қызға не десін бармағын шапсын ба, бәріне төзіп бақты. Ал уақыт деген емші бар екені рас. Сол уақыт өте келе қыз өмірі бір арнаға түсе бастады, белгісіз бала көше баласына айналды. Қысқасы күн соңынан күндер, ай соңынан айлар жалғасып жылдар өтті. Осылайша өткеннің бәрі ұмыт болып Бану қыз да алаңсыз өмір сүріп жатты. Бірақ, бір күні тыныштықты, ауылға келген қымбат көлік иесі бұзды. Көрші – қолаңнан сұрап білген көлік иесі, қыз үйінің алдына кеп тоқтады.

12 – бөлім

Кішігірім ауыл болған соң күндізгі күн келген кеткен көліктер көзден таса қалмайды. Оның үстіне мынандай дәу көлік бұл ауыл түгі, ауданда бірен – саран. Сондай – ақ шаңқай түсте кеп есік алдына тоқтаған көлікті ауыл балалары қоршап алған. Кім болса да, алыстан келгені белгілі құдалардан хабар болмасын деп Айымкүл апай қарсы жүрді. Ал көліктен түскен бала құдаға ұқсамайды. Күйеу бала дегенге тіпті де келмейтін сияқты. Бірақ жақындай келе көзі жетті, мүлдем бейтаныс біреу. Сонда да қонақ келсе құшақ жая қарсы алатын қазақпыз ғой, Банудың үйіме екен деп сұраған балаға «тап өзі» деп жақындай түсті. Бұл кезде есік алдындағы дыбысқа елеңдеген Бануда сыртқа шыққан. Сонда ғана таныс көлікті көргенде құты қалмаған қыз қатты да қалды. Бірақ бұлай тұра беруге болмайды, сыртта дос көзі бар, дұшпан бар мамасын ішке тартқылай түсті. Ал ештеңеден хабары жоқ ана байғұс ес жия алмай әлек. Тек аузына түскені ішке кіріңіз деп айту ғана болды. Әрине мұнан соңғы әңгіме өткен тарихтан өрбіді.

– Апа ешқандай алаң болмаңыз, қорықпаңыз. Менің де өзіңіздей анам бар. Кеше біраз жұмыстарым шығып Алматыға келгенмін. Сонан әкемнің өсиеті деп ат басын бұрғаным еді, айыпқа бұйырмаңыз, атым Марлен болады, деп барып тоқтап қалды. Өйткені анасының артында тұрған Бануды көргенде ішкі сырын ұққандай болды. Бірақ айтарын айтып бастаған жігіт сөз соңын басқа арнаға бұрып әкете алмады. Ал сөз төркінін түсінгендей болған Айым апай төтелей түсіп бірінен кейін бірін сұрақ жаудырды.

– Қайдан боласың балам? Жалпы сен кімсің, кімнің баласы? Сонан соң әкемнің өсиеті дегенің не сөз, әкең кім еді, түк түсінсем бұйырмасын, деп қызына қарады. Қыз не десін, көлікті көргеннен – ақ шалдан хабар келгенін түсініп қойған. Тіпті өзінен біраз жас үлкендігі бар мына баланың да Марлен екенін айтпаса да сезіп тұр. Бірақ әкемнің өсиеті дейді, демек, шал сорлының бақилық болғаныны ғой. Енді маған онан қауіп жоқ, деп топшылағанша болмады ана сөзі ойын бөліп кетті.

– Сен бала неге жалтақтап отырсың, не айтсаң да ашып айтшы осында. Мен ештеңе түсіне алар емеспін. Сенімен менің қызымның арасында не бар. Сонша жерден ат басын бұруыңа не себеп?! Сосын әкең кім, айт енді, айт бәрін деп алқымнан ала түсті. Мына сөзден қысылған бала қатты састы. Көзі жалтақтап анаға бір қызға бір қарады. Ал ашу қысқан ана оныменде тоқтамады.

– Шеш аяқ киіміңді, төрге шық. Мән – жайды бастан аяқ баяндап бермегенше кетпейсің. Егер сен екеуіңнің араңда әңгіме болса мына көлігіңе өзім салайын қызымды. Сонан соң өлігі келсін, ризамын. Ал сен қаншық, бар да шәй қойып қазанға қара деп қызына бұрылды. Осылайша ойда жоқта қыз қулығының беті ашылды. Бауырымды іздеп келдім деген бала тіпті көлікте қалған келіншегін шақырды. Қысқасы осыдан соң ғана Айымкүл апай мән жайға қанық болды. Бірақ өз бармағын өзі шапсын ба, алыстан келгендерге оғаш мінез көрсетпей сыйлап бақты. Ал Марлен де әкелген сыйлықтарын бауырына ұстатып жас бүлдіршін мәз боп жатты. Тіпті болар емес таудай тарту әкеліпті. Ол аздай бала қолына бір уыс ақша ұстатты. Міне, осымен әкесіз балаға бауыр табылды. Бауыр болғанда да жәй емес Астананың бір ауданын уысында ұстап тұрған бауыры боп шықты. Қысқасы құдай жоқтан бар жасап, Бану қыздың бағы жанды. Бірақ ана көңілі құлазып қызына деген құлшынысы құлап бара жатты. Өйткені, ауыл ішін тағы да күңкіл жайлады. Біреулер Айымкүл апайдың қызы Астана әкімінің көңілдесі екен деп шықты. Тіпті кейбір құмалақшылар құмалақ сап той жасап тастады. Кейбір балгерлер бал айын шет елде өтіріп тастады. Міне, мұның соңы апайды төмен қаратты. Осылайша отыз жылдық өтілі бар ұлағатты ұстаз жұмысын тастап қалаға көшті. Әрине әкім бауыры аянбай көмектесті. Оның үстіне мұнда үйі бар Бануға бұл көш қиындық тудырмады. Өйткені, о бастан ақ арманы қала болған қыз қалалық болды. Енді міне Бану қыздың қаладағы күні қайта басталды. Ұлды анаға тастап бизнес -жоспарын жүзеге асырды. Бұрынғыдай бейсауат жүрісті қойып, белді бекем буды. Қысқасы қолдаушысы барда қоныштан басты. Қаланың қақ ортасын жер алып кішігірім дүкен соқты. Қозғалғанға құдайдың қазынасы көп деген, бизнесі өрге домалап шыға келді. Осылайша, арадан үш жыл өткенде Астананың бизнес ледилері қатарына қосылды. Бұл кезде белгісіз балапан да мектепке барды. Әрине жәй қатардағы мектеп емес, бай балалары мектебіне барды. Осылайша Банудың арманы орындалғандай болды. Бірақ ес кіріп есейген бала, ағасынан алшақ кетті. Өйткені әкіммен де, әкім баласымен де Бану баласында ешқандай ұқсастық көрінбеді. Әрине бұл Банудың көңіліне кірбің түсірді. Енді мұны бауыры деп жүрген әкім әйелі де аңғарып сөз қылды. Тіпті өз анасы Айымкүл де ұқсастық таппады. Қу қыз енді тығырыққа қайта тірелді. Өйткені бәрінен бұрын анасы Айымкүлден қорықты. Енді ешқашан кешірмейтінін ойлап қу басымен құрдай жорғалады. Бірақ сол аралықта ешкім күтпеген жағдай болды…

13 – бөлім

Соңғы күндері Бану қыздан күй кетіп жүр. Оған өзі ғана білетін бір емес бірнеше себептері бар. Өйткені, күні кеше жұмыстан келгенде анасы Айымгүл әкімдіктен келген қағазды қолына ұстатқан. Әрине, ештеңеден хабары жоқ ана байғұстың қуанышында шек жоқ. Немересін үздік оқушы деп мараппаттап жолдама бергеніне қай ана қуанбасын. Бірақ, бұл жолдамаға Бану қыз қуана қоймады. Себебі мына шақырту қағазының астарында үлкен бір жұмбақ жатқан болуы мүмкін. Әйтпесе әкім ағасымен араның алшақтай бастағанына жарты жылдың жүзі болған. Бұрынғыдай көп қоңырау соға бермейді. Баланың да жағдайын осы жарты жылда екі үш рет қана сұраған. Сонда қалай, ойда жоқта жасөспірімдер ойын – сауық орталығына тегін шақыртудың сыры неде?! Бұл әрине сол ауданның білім саласын басқарып отырған Гүлшаттың жоспары болса керек. (Айта кетейін Гүлшат дегенің бұл Марленнің әйелі). Пайымдауынша баланы алдап алып, соңын тексермек қой яғни, тегін тексермек. Міне, мұны ойлаған Банудың қалайша жүзі қуансын. Ойда жоқта ұрлығы ашылып жатса жүзіқара болмасына кім кепіл? Қысқасы шақшадай басы шарадай болған сорлы қыз сөзге көшті.

– Мен жалғыз ұлымды ешқайда жібермеймін. Баратын жеріне өзім – ақ апарамын, өкіметке қарап қалған күнім жоқ, деп шорт кесті. Қызының мінезіне таң қалған анасы не десін, өз еркің білсін қызым деп әрі қарай үнсіз қалған. Алайда арадан апта өткенде сау ете қалған қонақты көргенде Бану қыз шынымен де сасайын деді. Екі ұлын соңына ертіп босағадан аттаған Гүлшатпен әкім ағасы баланы құшақтай алған. Көз үйренген балалар ғой бірі – бірімен шүйіркелесіп үй ішін басына көтерген. Бәрі қуаныштың үстінде, бәрінде көтеріңкі көңіл – күй. Тек үнсіз ғана іштен тынып отырған Банудың өзі ғана. Тыныштықты әкімнің әйелі бұзды.

– Алдағы жексенбі атамыз қайтқан күн еді. Соған арнап қалалық мешітте Құран бағыштасақ деп едік. Сіздерді шақыра келгеніміз, ішінде бәріміз де болсақ. Қу тіршілік біткен бе сол күні бір төбеге жиналсақ. Сонан соң балалардың басын қосып саяжайға жіберсек деп едік дейді. Мына сөзді ойында түк жоқ Айымкүл құптай жөнелді. Ал әкім ағасы телефонын алып терезеге беттеген. Жұмыс басты адам ғой енді, шұғыл шаруасы болып біреумен сөйлескеніне ешкім де көңіл бөлмес. Оған көңіл бөлген тек Бану ғана. Өйткені осы адамның қас қабағына қарайды. Бірақ оғаш мінезді ештеңе таппады. Ал әңгімесін айта кеп, әкім бала қайта отырды. Содан өзара ақылдасу басталды. – Алдағы жексенбі сол айтқан садақамызды жасап жіберсек. Сосын мына үш балапанды лагерге жібереміз. Ол біткенде менің демалысым келеді. Гүлекеңмен шет елге кетеміз. Сосын апа, сізге де 55 жасыңызға жолдама әперсем, шет елді көріп қайтсаңыз. Оған дейін мұндағы құжаттар дайын болса, бір мәнісі болар деп барып тоқтады. Мына сөзге енді Банудың жүрегі зырқ ете қалды. Құдай-ау ол қандай құжат сонда. Айттым ғой, бұлар менен баланы алдап алып, жасырын сараптама жүргізбекші. Ал анам сорлыны шет елге жолдама беріп, сонда ұстай тұрмақшы. Не істесем екен. Негізі мұның бәрі мына Гүлшат қатыннан келді. Осы қатын қақшаңдап алып бәленің бәрін бастап жүрген. Өйткені екі балада ұқсастық жоқпа деп, о баста сыбырлап сұраған да осы қатын. Бірақ ол жайлы Марленнің өзі маған жақ ашқан емес. Тіпті, жақ ашпаса да аяғын алыс алғанынан белгілі. Гүлшат оған айтпады емес, айтты. Сол үшін де арамызды алшақ ұстады. Бұрынғыдай қоңырау соғуды қойды. Енді қандайда бір жолын тауып мыналардан құтылу керек. Сол үшін де мына Марленнің өзімен жеке сөйлеспесем болмайды. Ал тап қазір ол не құжат деп сұраудың қажеті жоқ. Анау отырған анам естімесін, ол естісе бұл менің анық құрыған жерім деп ойлаған қыз әңгімені басқа арнаға бұрып жіберіп шәй қояйын, қазан асайынға басты. Бірақ нан ауыз тиген қымбат қонақ көп отырмады. Шақыруға арнайы келгендерін айтып есікке беттеді. Міне, бұл негізі Бану қыздың тағы бір адасуы болды. Өйткені оның ойындағының бірде-бірі не Марленнің, не Гүлшаттың ойында жоқ еді. Ал араның алшақтауы ол қалада үйреншікті жағдай. Өйткені қала ауыл емес үй арасы алыс әрі жұмысбасты адамдар. Мұнда ауылдағыдай көлеңкеге жиналып карта ойнаған еркектерді көрмейсің. Немесе көшеде кездейсоқ кездесіп қап өсек соққан қатындарды да көрмейсің. Мұнда әркімнің өз тірлігі бар, бет бұратын шама жоқ, тыным таппайсың. Ал Марленнің құжат дегені ол негізі Банудың дүкенінің құжаты. Енді сол құжаттарды бұл жөндеуі керек. Ол құжат жайлы Бану білмесе де сауатты жігіт әкім біледі. Есінде бәрі. Өйткені Банудың кішігірім минимаркет соққанына биыл үш жыл. Осы үш жылдан не салықшылар, не басқа басқасы есігін қаққан емес. Заң бойынша бұл сондай. Кәсіпкерді үш жылға дейін ешкім мазаламауы тиіс. Сол үш жыл жақында бітеді, демек Бануға біраз құжаттарды жөндеуі керек. Әйтпесе, бұл әкімнің соңына сөз боп ереді. Не көп әкімдерде, дұшпан көп. Бәрі де аяқтан шалуға дайын тұрады. Намысы бар гой бірақ бұл биліктің көлеңкесінде жүргендердің бұрыннан әдеті. Аяғыңды шалт бассаң болды, қит етсе қағып түседі. Соңғы әкім болған бес жылда Марлен мұндайдың талайын көрген. Оның құжат деп жүргені де сол. Ал оны түсінетін Бану қайда, құжат дегенді естігенде құдай ұрғандай құтыра кетті. Көңіл күйдің жоғы да міне, осында. Қысқасы, арадан көп өтпей, жексенбі жеткенде шалдың ұрпағы бір төбеге жиналып ұлан – асыр ас берілді. Сонда ғана Бануға әкім баламен тілдесудің сәті түсіп сөзге тартты.

– Не ойлағаныңыз бар айтыңыз. Пайымдауымша, әңгіме менің балам жайында сияқты. Қалай болғанда да, бұл менің балам. Мен баламды өз еркімнен тыс ешқайда жібермеймін. Ешкімге бермеймін. Керек емес санаториге апарып, өзіммен бірге қалады. Әуре болмаңыздар деп қатты кетті. Мына сөзден түк түсінбеген әкім, аң-таң күйде қалды. Осылайша ақымақ қыз жоқ жерден жік шығарды. Әрине, қыз ойлағанды әкім ойламағаны анық. Балалардың бірі -біріне ұқсамайтынын сөз қылған тек Гүлшат қана еді. Онда да әкеден қалған жалғыз тұяқ деп Марленге бұл жайында жақ ашпаған. Демек мына Гүлшат Бану ойлағандай ақымақ емес еді. Айтса бұл оның өз ойы, сол үшін де сөздің шетін Бануға ғана айтқан. Ал Бану болса бәрінің басына су құйды. Құймай қайтсін, арты қуыс қой бұл қылығы әкім баламен Бану арасына сызат түсірді. Қысқасы құжаттарды дайындап, оған қоса қала сыртынан да жер берген әкім, «бауырыма ес кіргенде өзі іздеп келер» деп аяғын жинады. Осылайша бейбақ Бану жалғыз қалды. Бірақ бұл өмірдің қуанышымен қайғысы қатар жүретіні белгілі, бұл қызға күтпеген жерден тағы да тағдырдың тосын сыйы кезікті.

Ол былай болған. Бұл Астанада ақшалы адамдар қаланың қақ ортасына емес қала сыртына қоныс тебеді. Сол үшін де әкім берген жерге үй соғуды көздеген қыз көктем шыға жұмысшылар іздей бастаған. Себебі, жекеменшік коттеджің болмаса басқа байлығың бір тиын, бұл сондай бәсекелестер қаласы. Соған бригадам бар деп хабарласқан бейтаныс жігітпен телефонда тілдесіп мекен жайын айтқан. Ертесіне түс ауа сол жігіт қоңырау соқты.

– Мен кеше қоңырау соққан едім, айтқан мекен жайыңызға келіп тұрмын, шығып кетсеңіз дейді. Дүкен ішінде ұсақ түйекпен әуре болған қыз көп күттірмей жүгіріп шықты. Сонымен үй кескінін қолдарына ұстап екеуара саудаласуға көшті. Соңында қала сыртындағы жерді көретін боп көлігімен сонда тартты. Әрине, жол жөнекей әңгімеге бас қойды, сұрасу басталды.

– Есімім Бану болады деп таныстырды қыз өзін.

– Менің есімім Асқар болады. Жасым 27 де. Осында құрылыс саласында бригадам бар. Өзіңіз сияқты үй соққысы келетіндердің үйін соғып береміз. Әрине ақшасына келіссек деді жігіт.

– Түйдей құрдас екенбіз деді қыз. Осылайша жас жігітпен жас қыз тезде тіл табысып кетті. Содан барып жерді көрді, қолындағы қағазға қарап қазығын қақты, ақшасын келісіп қол берісті, сөз берісті. Қысқасы Наурыз мерекесі өткен соң бастайтын боп жігіт кете барды. Бірақ қандай да бір тылсым күш қызбен жігітті бірі-біріне тарта түсті. Тіпті Әз наурызбен құттықтап жігіт бірінші қоңырау соқты. Онан Бану да қалыс қалмады. Қоңырауға қоңыраумен жауап қатты. Ал соңғы кездері аралары тіпті де жақындай түсті. Наурызға шығып бірге қыдырды. Араларында махаббат ұшқыны пайда болды. Бұл кезде Бану қыз өзін бақытты сезінді. Күтпеген жерден бақыттың кілтін тапқанына қуанды. Жігіт те кет әрі болмады. Таңның атысымен күн ұясына батқанша тыным таппай екеуі сөйлесумен болды. Сөйтіп жүргенде асыға күткен наурыз да өте шықты. Уыстап ақша алған жігіт қыз үйінің құрылысын бастап жіберді. Ал араларының жақындай түскенін анасына айтпаса да Бану қыз көрсін дегендей болды. Қит етсе жігітті үйіне шақырып, ақшасын беретін болды. Әрине, құрылыста жүргенде кез келген ұсақ – түйек үшін үй иесіне хабарласасың. Соның бәрінде қыз жігітті үйіне тартты. Енді бұған үйдегі ананыңда көзі үйрене бастады. Тіпті қызымның теңі деп, тілеуін тілеп жүрді. Осылайша қызбен жігіт жақындай түсті. Бір қарағанда екі жасқа ешқандай кедергі жоқтай көрінді. Алайда… Бану қызды тағдырдың тартқылауы мұнымен де бітпеген еді…

14 – бөлім

Соңғы күндері үйге келгіштеп кеткен балаға Айымкүл де зер салып қарай бастады. Өйткені қызының қыңыр мінезін біледі ғой ойда жоқта аяғын тағы да шалыс баса ма деп қорқады. Бірақ тап қазір Бану қыз ақыл тоқтатқан, бұрынғыдай еркек десе емешегі езіліп тұратын жаста емес. Әне міне дегенше отызға толады. Оның үстіне ақшадан проблемасы жоқ. Өз тапқаны өз өзінен асып жатыр. Дегенмен мына бала қызымен бас қосып жатса құба – құп екен. Себебі жас шамалары қарайлас, өзі де сыр сымбаты келіскен жігіт. Былайша айтқанда Банудың нағыз сыңары болатын жігіт. Сөзді нақтап сөйлейді, артық күлкі қиғаш оғашы жоқ. Тіпті анда – санда оң қабағын қаққаны әлдекімді еске түсіреді екен. Енді жұмыр жүрек секем алған соң қайтсін Айымкүл апай келесі келгенде осы баламен ашық сөйлесем деп шешкен. Өйткені қазақ бұрыннан да болашақ құдалары жайлы ұзынқұлақтан болса да біліп отырған. Ал мына жігіттің келгіштеуіне қарағанда қызының сенімді өкіліне айналған сияқты. Себебі соңғы күндері бұл жігітті дүкен тауарына да жұмсап алады. Тіпті телефонда ананы ала салшы, мынаны төлей салшы деп бұйрық беріп, Бану отырады. Мұның бәрін байқап жүрген анасы екеуінің арасында бір құпияның барын айтпасада түсінген еді. Міне сорлы ананың сол ойы шындыққа айналғалы қашан. Өйткені жігіт қызды, қыз жігітті ұнатып араларында ұшқын пайда болғанды. Әрине екеуінің де бастары бос адамдар. Қыз ғой біраз еркекке қылығын көрсетіп үлгірген. Ал жігіт әлі сүрбойдақ, үйленбеген. Өткенде ол бір сөзінде Бануға ақтарылғаны бар.

– Үйде әкем бар, сосын аурушаң анам бар. Өзімнен кейін бір қарындасым бар. Әкем анамнан алыстап шыға алмайды, сол үшінде жұмыста жоқ. Ал қарындасым студент оның оқу ақысы бар. Қысқасы осының бәрі менің мойнымда деп мұңын шаққан. Әне сол әңгімеден кейін екеуі сырлас боп аралары онан сайын жақындай түскен. Тек көпті көрген қу қыз құшағына құлай кетуден қорқып ойланып біраз жүрді. Бұл дегенің аузы күйген үрлеп ішедінің кебі. Қашан ақ некеден өтіп, ақ босағаны аттамағанша жігітке жоламаймын деп ант су ішкен. Оның сыры белгілі ғой тап осы жүрісте қарны қампайып шыға келсе анасы Айымкүл күйіктен өлер. Сол үшін де мына жігітті үгіттей бастаған.

– Егер де әке шешең қарсы болмаса, мен саған кет әрі емеспін. Қазақтың азаматы есебінде маған ұнайтының рас. Айттым ғой бұрын тұрмыста болғанмын, тұз несібеміз жараспаған соң қазір басым бос. Жалпы мен өткен өмірімді есіме алғым келмейді. Ол жайлы жақ ашпаймын десең мен ойланайын деп үміт берген. Бұл сөзге жігіт не десін, әрине деп қоштай кеткені бар. Себебі өзі жас, өзі сұлу әрі жеке бизнесі бар Банудай қызға қай еркек болмасын есі кетері анық. Ал қыздың ары қыз пәктігі деген ол бұрында болған. Қазір ол жайлы ойлайтын заман емес. Қазір досың да дұшпаның да қолыңмен қалтаңа қарайтын заман. Міне осыны білетін жігіт Бану қызға онан сайын ынталана түскен. Осылайша екеуінің арасында махабат пайда болған. Сонымен бәрін қойып сөз соңын үй құрылысы біткенде үйленетін боп шешкен. Бірақ мұны Айымкүл апай білмейді. Жүрегі ғана секем беріп жүр. Ал неден секем алады оны өзіде түсінбейді. Әйтеуір мына жігіт біреуге ұқсатты да тұрды. Қас қаққаны енді онан сайын үрейлендіре түсті. Сонымен міне, есіктен кірген жігітті шәйға шақырып үстелге отырғызды. Сонан соң жәй басып жүріп ананы, мынаны сұрай бастады.

– Балам сен өзің қай жақтың баласысың, елің не. Әке шешең барма, жасың қаншада шәй қайнағанша әңгіме болсыншы? Жалғыз өзіме шәй батпай отыр еді деп қасына келіп қисая кетті. Бала не десін, елімен жерін қоса айтып сал боп қалған шешесінде сөз қылды. Тіпті анасына қарап үйінде отырған әкесінің аты жөнін айтып телефондағы отбасылық суретін көрсетті. Мұны көргенде ана жүрегі тоқтап қала жаздады. Ал телефонына шұғыл қоңырау келген жігіт шәйға қарамады. Кешіріңіз, кетуім керек деп нан ауыз тидіде сыртқа жүгірді. Оған тоқта деп айтуға ана жүрегі дауаламады. Осылайша Айымкүл ана ширек ғасыр өткенде өз күйеуін көрді. Көргенде де бір ұл, бір қызы бар бақытты отбасын көрді. Жүрек құрғыр қан жылап тұрды. Өмірінде өшпестей із қалдырған еркекті әлі де ұмыта алмағанын түсінді. Сол сәтте көз алдынан студенттік жылдары жүгіріп өтті. Өз группаласы болған осы Мұхтарға өлердей ғашық болғанын есіне алды. Соңынан тұрмысқа шығып, екі жас маман қол ұстасып сол кездегі Жамбылға аттанды. Соңынан тұз несібесі жараспай жолдары қақ айырылды. Оған себеп сымбатты жігіт Мұхтарға ауданнан бір хатшы қыздың көңілдес болуы себепші еді. Қызғаныш деген қызыл ит жанын жеп тыным бермеді. Ақырында айқай – шу, ұрыс – керіс көбейді. Оның үстіне ішкілікке бір табан жақын еркектен ертерек құтылсам деп те ойлады. Тіпті бұл еркек үшін жастық дәуреннің бір елесі екенін де ескермеді. Қайран жиырма бестің жұмбағы боп қаларын білмеді. Сол үшін де сөмкесін арқалап көшеге шыққан еркекке қайт демеді. Мені шын сүйеді, қашан болмасын қайтып келеді, деп нық сеніммен жүрді. Бірақ қатыннан қатты көңілі қалған еркек қайтып есік ашпады. Тіпті хабарын алмады, іздемеді, қоңырау да соқпады. Ал сағыныштан сарғайған ана Мұхтарсыз өмір сүре берді. Қайта тұрмысқа шығуды ойламады. Осылайша жалғыз қызды құшақтап жүріп ширек ғасыр өткенін білмей қалды. Бұл енді Айымкүл үшін өмір бастамасы ғана еді. Өйткені бәрінен бұрын бұл жайлы Бануға айту мұң болды. Қалай айтсын не деп айтсын. Мына бала сенің бауырың десін бе? Араларында жақындық барын байқаған, құрсын құшағына құлап үлгірген болса ше. Бұл дегенің енді сұмдық қой, Құдай кешірмес күнә. Егер солай болған болса осының бәріне жүзіқара Айымкүл кінәлі. Қайран дүние, қай қайдағымен табыстырып сұм тағдырдың бұл не сыйы маған? Өкініштен өзегі өртенді. Е, Алла, абыройымнан айыра көрме, деп жалғыз қалып еңіреп жатты.

15 – бөлім

Мына сөзді естігелі Айымкүл апайдан күй кетті. Содан кешке дейін тағат таппай Бануды күтумен ғана болды. Ал Бану ғой келер бірақ Айымкүл оған не дейді, не айтады. Жалпы қалай айтады, қалай жеткізеді. Әрине бұл сырт көзбен қарағанда оп – оңай ғана оқиға. Ал шын мәнінде мұндай тағдырдың тәлкегіне түскенде кез – келгеннің еңсесін езіп жіберетін оқиға. Өйткені қарашы, арадан қаншама жыл өтті. Тіпті заманы өзгеріп алысты жақындатқан ұялы телефондар пайда болды. Әлеуметтік желілер пайда болды. Әртүрлі сайттар пайда болды. Демек бұл заманда іздегеніңді табу түкке де қиын емес. Тек тірі жүрсе болғаны ол адам табылады. Бірақ осы өткен жиырма үш жылда Айымкүл апай күйеуін бір ретте іздемепті. Қатыннан көңілі қалған еркек бас сауғалап кеткеннен хабарсыз кетіп, ол да іздемеді. Сонда да Бану үшін сұрқия тағдырдың сыйы бітпеді. Ол міне мына бүгінгі оқиға. Сезім құрғырды сезіне бастаған адамың өз бауырың боп шықса не болмақ. Мұнан өткен масқара бар ма?! Ал Айымкүл апайдың құдайдан тілеуі біреу ғана. Ол мына көгермегір қу жалғыздың мына баладан арының таза болуы. Айтып болама онсызда о бастан ылаңы көп қызынан қатты қауіптенгені рас. Қазіргі жастарға сенім жоқ, олар үшін о заманғыдай махаббат маңызды емес. Маңыздысы ақша ғана. Міне, осыны ойлаған ана байғұс есіктен кірген қызын құшақтап алып еңіреп берді. Ештеңе түсінбеген Бану болса сорлы ананы айналып толғанып не болғаные сұрап әлек. Осылайша екеуіне де сын сағаты туды. Ал асхананы меңзеген ана қызын сонда жетеледі. Көз жасын сүртіп үстелге отырды. Содан таңырқап тұрған қызына қарап ширек ғасырлық құпияны ақтарды.

– Қызым, мына жігіт кім айтшы деп сұрақ қойып сөзін бастады. Сорлы қыз не десін.

– Жұмысшы ғой, жәй құрылысшы, не болды мам деп шәңк ете қалды.

– Жәй құрылысшы болса болар. Бірақ қызым менің, қызғалдағым менің. Тек төсектес болдық деп айта көрмеші маған. Тіпті арамыз жақын деп те айта көрме. Егерде солай болса онда мен тап қазір өле салайын. Өлімнен ұят күшті деген осы екен. Әй, қу тағдыр сынағыңнан сүрінбесек екен, қызым сен сүрінбесең екен деп налып айқайлап жылап берді. Ал бұған сорлы қыз не десін, оның ойы бөлек. Оның ойында бұл үйге не дәуқара келіп кетті не дипломат ағасы келіп кетті. Сол екеуінің біреуі ғана. Басқа қорқатындай дәнеңе де жоқ. Ұрының арты қуыс деген осы болар. Қауіп сол екеуінен келуі мүмкін. Өйткені оның екеуіне де кезінде бала сенікі деп ауыздарын аңқайтты емес пе. Қысқасы, қыздың іші алай дүлей боп не болғанын түсіне алар емес. Ал өксігін баса алмаған ана жарытып ештеңе айталмай отыр. Бірақ бұл қашанғы жалғассын, ана байғұс тағы да сөзге көшті.

– Қызым, мына балаға жолама бұл сенің туған інің, бауырың. Бүгін түсте келгенде бәрін сұрап білгенмін. Әйтеуір көзқарасы, оң қабағын қағуы бәрі – бәрі әкеңе ұқсап жүрген. Кешір мені, ішіме сыймай сұрап алдым. Күдігім күмән келтірмепті жарықтық. Әкеңнің жас кезі, құйып қойғандай көшірмесі өзі. Міне, мұны білгенде төбемнен жай түскендей отырған жайым бар. Ал енді араларыңда не барын білмесем де Алладан сұрағаным сенің арыңның таза болғаны. Масқара қызым, масқарамыз шықпасын. Ия, қызым, ия, таң қалмағайсың бұл сенің туған інің. Бұл сенің әкеңнің баласы, екеуіңнің бойларыңдағы қандарың бір. Міне, барлық әңгіменің төркіні осы деп барып Айымкүл ана бір ақ тоқтады. Ал Бану болса бұл кезде басқа бір ғаламға еніп кеткендей күйде еді. Себебі, бұл балаға деген сезімі әлдеқашан оянып сүйіп қалғаны бар. Тіпті көлік ішінде отырып талай рет сүйісіп талай рет аймаласқан. Дегенмен құдайдың өзі сақтаған екен, қипақтаған балаға ақ босағаңды аттамағанша ол жайлы сөз айтпа деп бірнеше рет бетін қайтарған. Мұндайда жігіттен не кінә, құлындай қыз құлай кетсе тақымға салмақ ойы болған. Дегенмен еркекті кешіруге болады. Көрікті қыз көзін сүзсе кез келген еркек белдігін үзе салмай ма. Бірақ әбиүір болғанда белден төмені аман. Міне, бұл да бір періштенің қаққаны десек, Бану қыз қазір бұрынғы Бану емес. Қазір ес жиып ақыл тоқтатқан ақылды қыз. Қайран – ай жастық па әлде мастық па ол заманы өтті ғой. Тіпті қайнары да қаймағы да жоқ кәрі шалдың көлік үшінде құмарын басқаны есінде. Құдайдың өзі кешірсін осы күнге жетем дегенше қу басынан нелер өтпеген қыз бұл. Тіпті бір күнде үш еркектің ебін тауып өз орындарына қойып қойғаны бар. Соның бәрі тап қазір көз алдынан қаз қатар боп өтіп жатыр. Ал жүйрік қиялы құрғырың жүрегін езіп барады. Енді қайтпек, әрі қарай не істемек, ес жия алар емес. Өйткені шынымен де өз бауырына өлердей ғашық болғанын қарашы. Әттеген – ай анамның мына сөзі жалған болса екен дейді. Сосын мына солтүстігіңмен шығысыңның шорқақтығы тағы бар. Себебі Бану жігіт Асқардан ру сұрамады емес, сұрады. Ол бала болса міңгірлеп шыға келді. Сонда бұл сорлы өз руында нақты білмейтін болғаны ғой. Негізі Өскеменіңнің бәрі осы. Ауыл аймағын қайдам ал қаласы нағыз қараңқалғыр қала. Өйткені бұл қалада жастар жағы ру сұраспайды, сұрасса да бір атадан әрі аспайды. Міне, бұл соның себеп салдары. Соңы осындай опасыз тағдырдың құрбанына айналады. Ал негізі қазақ деген дана халық қой, жеті атаға дейін қыз алыспай, ұрпақ тазалығын сақтайды. Бірақ не десекте Бану үшін болары болды, бояуы сіңді. Демек өткенді ұмытып бәрін жаңадан бастамаса болмайды. Онсыз да бұл қыздың ұмытылмай жүрген құпиясы көп. Міне осыны ойлаған Бану орнынан тұрып үстелде жатқан телефонына жармасты. Содан дірілдеген саусақтарымен Асқардың номерін терді. Ал зуылдаған гудок көпке бармай арғы жақтан, жігіттің даусы шықты.

– Да жаным, айта бер. Сағынып қалдың ба не дейді. Мына сөзді естіп күрсінген қыз қалтырап кетті.

– Тез үйге келші, сенімен сөйлесетін шаруа болып тұр деп тұтқаны қоя салды. Әрине, жаным, әрине деген жігіт жауабын да күтпеді. Осылайша бір сұмдықты сезген жігіт көлігіне жүгірді. Осыдан соң қыз үйінде тыныштық орнады. Алла деп аңыраған ана өз бөлмесіне тартты. Басын ұстаған Бану мұңға батты. Алайда арадан жарты сағат өтпей есік қағылды. Сүйретіліп барып есік ашқан қыз бұрынғыдай ернін ұсынбады, құшағын да ашпады. Тек асханаға кіргізіп анасына шақырды. Бірақ бейбақ анадан хабар болмады. Өйткені ол сорлының баланың бетіне қарауға шамасы жетпеді. Сол үшін де барлық оқиғаны бастан аяқ Банудың өзі баяндап көз жасын көл қылды. Мұны естіген жігіттің тұла бойы мұздап сала берді. Жұмыр жүрегі мәңгіге тоқтап қалғандай болды. Бірақ тағдырына жазғаннан озған адам жоқ. Басқа салса бәрін көресің. Көресің де көнесің. Осылайша қызбен жігіттің жолы қақ айрылды. Екі жас бірі біріне қарайтын бет болмай бастарын төмен салды. Алайда үнсіздікті жігіт бұзды, есті де ақылды бала ғой.

– Енді бізге өкінгеннен пайда жоқ. Кешіріңіз мені, Алла сізді де кешірсін. Айтайын дегенім, әкемнің көңіл күйі болмаған күні анам маған айтушы еді. Әкеңнің ішінде мұң бар. Әкеңнің Тараз жақта әйелі болған, сонан бір қызы бар. Бүгін сол қызын сағынып отыр деп сыбырлаушы еді. Сол қыз сіз болдыңыз ғой. Сізді ғой білмеймін ал мына менде арман жоқ, өйткені мен сіздерді таптым. Шынымды айтсам қуанышым қойныма сыймай тұр. Енді бізге өткенімізді айтудың қажеті жоқ. Сізде өкінбеңіз әпке, арыңыз таза ғой. Тап қазір мен әкеме қоңырау соғайын, сөйтіп сүйіншісін алайын. Естісе анамның да қуанышында шек болмас. Әттең, анам менің сөйлей алмайды, төсек тартып жатқанына біраз болды деп сізге айтып едім ғой есіңізде ме деп сағатына үңілді. Бірақ сағат тілі кеш боп кеткенін ескеріп телефонын қайта салды. Ал мына жігіттен әпке деген сөзіне күтпеген жерден Банудың жүрегі елжіреп сала берді. Қысқасы әп – сәтте сезімдері сөніп, өзара бауырластық басталды. Ал ақылды жігітттің сөзін естіп Айымкүлдің де төбесі көкке жетті. Көз жасын көл ғып жатқан, енді оның жүзіне күлкі үйірілді. Осылайша болашаққа деген үміті қайта оянды. Бәрінен де бұрын жасында сүйіктісі болған Мұхтарды көргісі келді. Әу дегенше болмады арманмен қиял қосақтасып алысқа жетелей жөнелді. Соңында ширек ғасыр деп күбірлеп барып бір ақ тоқтады. Әрине Айымкүл апай Мұхтар жайлы ешқашан ағынан жарылған емес. Тап қазір соның сәті туды. Оның үстіне мама, мам келсеңізші. Енді сіз мағанда мама боласыз деген бала даусына атып шықты. Міне осыдан кейін екі баласына ақ жүрек ана ағынан жарылды…

16 – бөлім

Ұнжырғасы түскен үшеуі сол түні үш түрлі ойға батты. Бірақ бұған бәрінен бұрын Айымкүл апай қатты қуанды. Қуанбай қайтсін баланың айтуына қарағанда Мұхтары мұны әлі де іздейді, сағынады. Тіпті кейде қызым бар деп амандығын тілеп, сөз қылады дейді. Демек жиырма үш жыл өтсе де Мұхтар мұны ұмыта алмаған. Бұл соның қуанышы. Ал сен балам кетпейсің, осында қаласың, сен енді менің баламсың дегенді Айымкүлден естіген Асқардың қуанышында шек жоқ. Өйткені, ана аузынан мұндай жылы сөзді естімегелі қай заман. Құдайдың қалауымен өз анасы тілден қалып оң аяқ оң қолы істемейтін тірі өлікке айналған. Оған қарап бабын жасап отырған әкесі ғана. Әкесі демекші, әкесі қандай еді нағыз еркектің сұлтаны еді. Тек соңғы бес жылда қою қара шашын ақ қырау шала бастады. Оның себебі баршаға белгілі, ауру анамен арпалысқан өмірі. Сонда бұл баланың әпкесі алдында ұятқа қалып өкінгені болмаса мұныңда төрт құбыласы осымен түгенделді. Енді ол жайлы сөз қылу түгі ойлаудың өзі ұят. Ал өз бөлмесіне кіріп өксігін баса алмаған тек Бану ғана. Өкініштен өзегі өртеніп тұр. Өйткені ұнатып қалған жігіт өз бауыры екенін естігенде төбесінен жай түскендей күй кешкен. Әлі де сол күйден айыға алмай жатыр. Сай санасы жан жақта басы мең – зең. Дегенмен ақылды бала ертесіне ақ бәрін өз орнына қойып үлгірді. Еркек емес пе таңғы шәйға тұрғанда анасы Айымкүлмен алдағы жоспар жайлы ақылдаса бастады. Тіпті бұл бала өз әкесіне түнде ақ қоңырау шалғысы келген алайда мұндағылар естерін жисын деп кейінге қалдырған. Ақылды десе ақылды ғой өзі, бүгіннен бастап сіз де менің мамамсыз деп алып әңгімеге көшті.

– Өз анамның ауырғанына бес алты жыл болды. Әкем соған қарайлап үйден шыға алмайды. Мен бұл жайлы әпкеме айтқам. Сосын міне мына фотоларға қараңызшы. Бұл менің жан дегенде жалғыз ғана қарындасым, аты Айымгүл. Қазір студент, Өскеменде жоғарғы оқу орнында оқып жатыр деп барып бір ақ тоқтады. Қыздың атын естігенде өгей ана селк етіп ойға батты. Өйткені қыз аты өзімен аттас. Тек Айымкүл емес Айымгүл дейді, сонда адасқаны бір әріп қана. Демек мұнысы жәй ғана кездейсоқтық емес, мұның атын Мұхтардың өзі қойған болып тұр. Шіркін, мен ғана ұмытпадым ба десем олда ұмытпаған екен ғой. Қайран махаббат. Қайран босқа кеткен 23 жыл. Құрдымға кеткен жастығым деп өкінген ана телефонға үңіле түсті. Астапыралла, көргенімнен көрмегенім көп екен ау. Бануымнан аумайды ғой, аумайды. Құдды бір құйып қаптап қойғандай. Мұншама да ұқсастық болар ма. Е жаратқан Ием, құдіретің күшті құдайым. Тап қазір-ақ ұшып барғысы келіп тұр. Міне, ана жүрегі деген осы, бала дегенде бәрін ұмыта салып Бануды шақыра бастады.

– Әй қызым, қызымка. Мына сіңліңді қарашы. Аумайды ғой сенен аумайды, ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті бар ғой қызым, аты да менімен аттас екен, қарашы деп телефонды алып қызына жүгірді. Бұл біріншіден мына фотоны қызына көрсету болса екіншіден көңілін аулап сөзге тарту еді. Осылайша ақылды ана мен ақылды бала Бану қызды сөзге қосты. Бірақ мына кісінің аты Айымкүл екенін естігенде балада таң қалды. Осы үш айда бұл үйге қанша рет келсе де атын сұрамапты, бұл ешқандайда сәйкестік емес. Қарындасымның атын әкем қойған. Демек сізді әлі де сүйеді екен деп айтып салды. Міне осыдан соң үшеуінің де жыртығы жамалып, төбедегі келді. Бірін – бірі бұрынғыдай жатырқамай өзара ақылдаса бастады. Ең бастысы ұл мен қыз қосылып анаға қолқа салды.

– Әкемізге тап қазір қоңырау соғамыз , екеуіңіз сөйлесесіздер деп тұрып алды.

– Қазір емес кейін деп бейбақ ана қашқақтаған болды. Бірақ онысынан түк шықпады. Апалы, інілі екі бауыр дегендерінен қайтпады. Сөйтіп тұрғанда бәрі күткен тәңірден сыйы келді. Айымкүлдің қолындағы телефон безілдей жөнеліп, «Әке» деген жазу шықты. Мұны көргенде ана жүрегі толқып кетті. Кеудесін кернеге сағыныш жарылатын сәт туды. Әкелерінің қоңырауын көрген ұл мен қыз телефонды алмай қойды.

– Сөйлес те сөйлес, әкемізге сюрприз болсын деп тастап қаша жөнелді. Ал жалғыз қалған ананың сөйлескеннен басқа амалы қалмады. Телефоны құрғыр қайта – қайта безілдей берді. Шыдам бітті, тағаты таусылды. Үшінші қоңырауды мүлт жібермей қағып алды. Балам қалайсың деген еркек дауысын жазбай таныды. Сонан соң аз ғана үнсіз тұрып амандық саулық сұрады. Ал Айымкүлдің даусын естіген еркек таңданысын жасыра алмады.

– Даусыңыз таныс сияқты, кім болдыңыз деп қайта – қайта сұрап жатты. Осылайша бірін – бірі ширек ғасыр көрмеген екі ғашық мұңдаса бастады. Алайда еркектен жеткен соңғы хабар көңілге қонымсыз болды. Үйіндегі ауру ана күн санап төмендеп жатқанын айтты. Бұл енді бәрінен де бұрын Асқарға қатты тиді. Енді не болмақ , не істемек, қалай болмақ. Өйткені Асқарға еріп Өскеменге кетуге Айымкүл қарсы болды.

– Балдарым. Тап қазір менің барғаным ыңғайсыздау болар. Сен екеуің барып қайтыңдар, мен кейінрек барармын, ел жұрттан ұятты деп бет бақтырмады. Бірақ оған ұл қойсын ба, – Сізде менің анамсыз, Алладан келген іске айтарым бар ма, бізбен жүріңіз. Көзі тірісінде менің анамды сізде көріңіз деп жалынған бала көзіне жас алды. Қысқасы ақылдаса келе сол күні үшеуі бірге Өскемен деп жолға шықты…

17 – бөлім

Өскеменге жеткенде Айымкүлдің күйі бәрінен де өзгеше болды. Өйткені ауру әйелдің орнына өзін қойып көрді. Тым ыңғайсыз, ерсі сияқты. Тіпті өлгеннің жылы толмай жатып үйленіп кеткендерді бұрында еститін. Ойбай пәленкестің күйеуі әйелінің сүйегі кеппей жатып үйленіп кетіпті, өлдің өштің деген осы екен ғой деп ел шошитын. Содан соңы ұмыт болғанша өсекке қалып келесі бір жағдайда тілге тиек болатын. Міне осыны ойлаған Айымкүлдің бармаймын деп байбалам салатын жөні бар еді. Алайда Мұхтардан қоңырау жетті.

– Өткен өтті, қайтып келмейді. Енді бәрін де ұмытайық. Мен қатты шаршадым. Саған деген бір ғана өтінішім, сен осы сапардан қалмағайсың. Өйткені бұл менің ғана емес мына Хадишаның да өтініші. Өз көзіммен көріп тілдессем дейді. Сені естігенде әупірімдеп жатып соны айтты. Ұлмен қыздан қалмай жолға шық, амандықтарыңды тілеп біз отырайық деген. Міне, Мұхтардың мына сөзі бәріненде асып түсті. Хадишаның өзі тілдеспекші дейді, сонда қалай. Ол өзі өліммен арпалысып жатқанда мені неғылсын. Қап ұят ай бәрін мына Асқар бүлдірген екен ғой. Жалпы Асқар ғана емес Мұхтар кінәлі сияқты. Әйеліне айтып несі бар. Не деді екен қалай айтты екен. Алғашқы махаббатым келе жатыр деді ме екен. Айтатыны жоқ, енді не болса да болары болды бояуы сіңді. Тағдырдың жазғанын көрермін деген Айымкүл көліктен түсіп айналаға көз жүгіртті. Кәдімгі қаланың көпқабатты үйлері бұрынғы. Әрі бері ағылып теңселген адам. Ал анадай жерден аяңдаған бір адам көрінді. Жүрісінен жазбай таныды. Жүрегі алқымына тығылды. Аяқ қолы дегеніне көнбей қатты да қалды. Құдай ай сол тұрысы ғой баяғы. Тіпті де өзгермепті. Сол баяғы Мұхтарым менің дегенше болмады. Әкемен ұл құшақтаса кетті. Онан амансың ба қызым, кешірші мені деп қызды құшағына қысты. Сонан соң ғана Айымкүлге жетті. Бауырына тартып сөйлеп жатты. Бірақ бұл сөздерді Айымкүл естімеді. Не десе де жақсы сөз айтып жатқаны анық. Сол үшін де жүзінен күлкі көрінді көзіне жас үйірілді. Біраздан соң ғана «Мама потеря боп қалды» деген Банудың сөзінен соң ес жиды. Ал арадан көп өтпей табалдырық аттады. Сонан соң барып төрде жатқан науқасқа жетті. Ол болса ерні жыбырлап сөйлеп жатты. Мұхтардың айтуынша ол бейбақ кешірім сұрап жатыр. Кешірім сұрайтындай не болды екен деп таң қалды. Сонан соң бетіне қайта үңіле түсті. Түрі таныс сияқтыма қалай өзі. Әлде шатасып тұрмын ба? Жо, жоқ есіме түсті, деп шошып кетті. Әй, мына кісі аудандағы хатшы қыз ғой деп Мұхтарға сыбырлады. Мұқаң не десін, үнсіз ғана басын төмен салды. Демек, Айымкүл апай өз ойынан қателеспеді. Содан іштей түртіп санай бастады. Банумен Асқардың арасы екі жасқа жетпейді. Ия ия бәріде түсінікті, тап өзі. Бұл мені сырттай жақсы таниды. Бұл менің кезіндегі күндесім болған қыз. Алайда, тап қазір оны ойлайтын уақыт жоқ, үшеуара қалып аманатын тыңдады. Әрине қолынан ұстап тілі күрметілген сорлы ойын жеткізді. Сондағы түсінгені мынау болды. Ең бастысы бәрі үшін кешірімін сұрады. Қолындағы ұлмен қызды аманат етіп тапсырды. Мұхтарды бұл да ессіз сүйгенін жеткізді. Болашақта бақытты болып балалардың қызығын көруге тілектес екенін айтты. Сонан соң барып жансыз қалып науқас ана бақилық болды. Ал Мұхтар жесір қалды. Асқар жетім қалды. Жазмыштан озмыш жоқ деген күн бастарына туды. Қысқасы Бануға деген тағдырдың тосын сыйы осымен бітті. Өйткені бұралаңдаған бес адамның өмірін соңында әкеп бір арнаға қосты. Өйткені жөн жоралғысын жасап жылы өткенде Мұқаңмен Айымкүл бас қосты. Ал құпияға толы Бану тағдыры бәрінен бөлек. Тап қазір қырыққа келсе де теңін таппай теңселіп жүр. Ал Асқардың өз түтіні, өз отбасы бар. Қазіргі күні Астананың тұрғыны. Ал оқуын бітірген Айымгүл қыз жұмыс бабымен Оңтүстікте кеткен. Сол жақтың жігітімен көңіл қосып, Тараз қаласының тұрғыны атанды. Ал бәрінен бұрын үш шалдың баласы болған Арсен әскерден келді, атасымен әжесінің қолында. Енді бұларға сырттай қарасақта іштей қарасақта бақытты бір әулетке көреміз. Мүмкін, міне осындай бақыт үшін Банудың былығы себепкер болған шығар. Алайда оның бағасын беретін мен емес, сіздерде емес. Адамның тағдыры бір ғана Алланың қолында!

П/сы : Банудың Дипломат ағасы осы күн үлкен бір министрлікте жұмыста. Бірақ қазірше Арсенмен немесе Банумен қатынасы жоқ. Айтуынша, Арсен білмесе де Бану біледі. Ал Дәуқара мүлдем хабар ошарсыз кеткен. Кезінде Шанхай базарының бір ұшын ұстап тұрған бұл ағамыздан ешқандай белгі жоқ. Ал шегірткенің айғыры болған шалдың ұлы Марлен бұл күні ол да бір дөкей. Бірақ, соңғы жеті – сегіз жылда Банумен араны үзген. Оған себеп бәйбішенің бәдігімен Банудың бас тартқаны екен.

Қалай болғанда да, Арсен бала тағы да бір шығарманың кейіпкері болуы әбден мүмкін!

Соңы.

Возрастное ограничение:
18+
Дата выхода на Литрес:
22 января 2022
Дата написания:
2021
Объем:
60 стр. 1 иллюстрация
Правообладатель:
Автор
Формат скачивания:

Похожие книги