Читать книгу: «Аққасқа»
Қараңғы түнді қақ жарып, рауандап таң атты. Қара таудың етегін пана қылған жүз түтін Қосүйеңкі ауылы дағдылы тіршілікке кірісті. Ауылдың шетінде баяғы қара қағаз төсеп, балшық шатырлы үш бөлмелі ескі тамға күн сәулесі бірінші түседі. Қалбақтап Сүлеймен ақсақал ескі ағаш есікті “қиииқ” еткізіп, аулаға шықты. Аула дейтін қоршалған ештемесі жоқ. Сексенді еңсерген шал ескіліктің адамы еді. Баяғы қара көз қазақтың ауласы, шекарасы болмаған-ды. Аталарынан естігені тек: «Шаңыраққа қара!» – деген сөз ғана. Мұнан артық қазақта жеке шекара жоқ-тын. Сүлеймен ата да, ауылдың күллісі темір сетка тартып, данғарадай дарбаза қойып қойса да, есігінің алдын қоршамаған-ды.
Оңға қарай қисайып, ақырын жүріп, ит аяққа кешкіліктен қалған көжені құйды. Мойнақ құйрығын бұлғаңдатып кеп, жуындыны іше бастады. Соңсоң кішкентай ошаққорадан екі уыс бидай алып, әрменірек барып шашып жіберді. Аздан кейін бір топ кептер қонды. Құстарға қарап, қара шал кеудешен ақ сақалын сипап, бір өзгеше рахаттанып тұрды.
Сүлейменнің кемпірі қайтқалы бес жылдан бері жалғыз тұрады. Бала-шағасы шетінен орыстың оқуын оқып, костюм киген шенді.
