Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап

Текст
0
Отзывы
Читать фрагмент
Отметить прочитанной
Как читать книгу после покупки
Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап
Шрифт:Меньше АаБольше Аа

Дизайнер обложки Анна Семенова

© Қанат Жойқынбектегі, 2021

© Анна Семенова, дизайн обложки, 2021

ISBN 978-5-0055-4947-1 (т. 1)

ISBN 978-5-0055-4948-8

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Сәскелік шақ
Бірінші кітап

Әділдік қусаң-Шоңға бар,

шариғат қусан-Алсай Кенежанға бар

(Би Тойымбек)

Шоңнын ауызға ілінуі

Қараағашта сонау 1834 Жылқы жылы, Тәңірбердінің Қорысбайының тоғыз болыс елінен адамдар келген, ел аузында қалған асынан кейінгі үлкен той осы болды… Бұл бас қосуды өткізіп отырған Ерназардың мықтысы, тоқсаннан асып бара жатқан Жанкелді би еді. Оның шөбересі Шоң Акмола қаласындағы үш жылдық орыс мектебінің бірінші жылын бітіріп келіп, бұл той соның құрметіне жасалып жатқан. Тойға исі Қуандық, Айтқожа, Барғана, Сатыпалдыдан тараған ағайындардың бәрі шақырылған еді, ал Қараағаштан отыз шақырымдай жердегі Балықтыкөл-Байатардағы отырған Елгелділерден ешкім шақырылмады, Бесімнен тараған ағайындар Елгелдіні ұмытып мәре-сәре болып тойға дайындалып жатқан. Сатыпалды балаларының ішіндегі үлкені осы Елгелділері еді. Баяғы заманда Сатыпалды Сыр бойынан келіп осы жаққа қоныс аударғанда аталары жаңа туған балаға Елгелді деп есім қойған еді. Сондықтан Елгелді ат тартып мінген шамада Қараағаш іргесіндегі Балықтыкөл жағасынан әкесі Сатыпалды баласына қоныс берген еді. Неге екенін кім білген, мал құтаймады. Сатыпалды балаларының ішіндегі ең кедейі осы Елгелді болатын. Қазақ әр уақытта байлықты қадір тұтқан халық қой. Бертін келе ағайындары Елгелділерді менсінбейтін болды. Мына тойға сол ағайындарының шақырылмауы соның бір белгісіндей еді. Елгелділіктерге айтпаса да, ұзын құлақтан Жанкелдінің Телқозыдан туған шөбересі Шоңға үлкен той жасап жатқанынан олар да хабардан болып отырған. Ал іргеде отырған туысқандары Ерназарлықтардың қылығына қарай-қылық жасауды көздеді. Кедей Елгелділіктер есе қайтаруды ойлады. Жанкелді балаларының үйір-үйір жылқыларын айдап әкетіп жаңадан қала болған Ақмола базарына апарып сатуды жоспарлаған болатын. Алайда, ауыл жастары үлкендерден ұялды. Ертеңгі күні олар біліп қалса үлкен жанжал болатынын түсініп, ақыры ауыл басшысы, Елгелділердің ең үлкені Таубаймен ақылдасуды жөн көрді. Оның тоғыз баласы болатын. Ақылымен де, батыл-жігерімен де бүкіл Сатыпалды руларының арасында аты шыққан адам еді. Шыққан тегі жақсы болатын. Балаларының есімдерін Айсары, Ақсары, Тоқсары, Еркесары, Тексары, Телсары, Ерсары, Байсары деп бір біріне ұқсас әрі ұйқас қойып еді. Таубай сонымен қатар батырлығымен де ел арасында танылған адам еді. Сонғы кезде жасы келіп қалған, қарт адамның ел алдында қанша қадірі бар екенін елемейтін, кейбір қазақтың мән бермейтін әдеті бар емес пе? Таубай да сондай күйді басынан кешіп отырған. Ерназарлық туыстарының жасап жатқанын естігінде, ол кісі де ренжіп қалған. Бірақ онысын балаларына да, ауылдастарына да сездірмеді. Ертеңіне, таңертең Таубай ауыл жастарын шақырып болы да:

– Сендер ертең бір-біріңді көрмейтіндей болмаңдар. Онда ағайын арасындағы туыстық кетеді. Шақырмаса шақырмасын, біз өзіміз барамыз, -деді. Ауыл ақсақалының бұл сөзіне ешкім қарсы келген жоқ. Түс ауа Таубайдың өзі бас болып жолға дайындалған еді. Жарысқа қатысатын жүйрік аттарын, әнші, күйшілерін қоса ала шыққан. Сол кезде ауылда аты ауызға ілінген Жәмке атты он үштегі баланы ертіп алған еді Тойға бара жатқандардың ішіндегі ең кішісі де осы еді.

Таубайдың батылдығы қазақ-қалмақ Аңырақай жотасындағы соғыстан кейін шыққан. Қалмақтар тас талқаны шығып жеңілсе де есе қайтару соғысын әлі қойған жоқ еді. Қазақтың да топ құрып оларға қарсы соғысып жүрген кезі. Тоқалардан шыққан осындай бір топты Таубай бастаған еді. Таубай он бес жасында атқа мініп, содан елуден асқанша аттан түспеген. Талай шайқастарға қатысып, батыр атанған. Қазір ел арасындағы құрметті ақсақалдардың бірі осы Таубай батыр еді. Жас келген соң ауру айналдырып, жүріс-тұрысы азайып отырып қалған болатын. Жанкелдіге өкпелі, барғысы келмей отырса да, жастар жанжалдасып қалмасын деген оймен өзі де атқа мінген еді. Шөбересінің құрметіне болып жатқан той атын естігені болмаса, басқасын онша біле қоймайтын еді. Кімдерді шақырып жатқаның толық білмейтін. Жолай келе жатқан кіші баласы Байсары естіген, оның айтуынша ағайындардың бәрі шақырылып, солардан өздерін қалдырғанын баласынан білді. Таубай түсініп болмайтын жағдайда беріліп келе жатыр еді. Содан соң барып сұрады.

– Осынша үлкен той не үшін жасап жатыр?

Баласы бәрін түсіндіріп айтты.

– Көке, мына Жанкелді замандасыңыздың шөбересі Ақмоладан орысша оқу оқып келгеніне той жасап жатқан көрінеді.

Баласының бұл сөзі оған ұнамады:

– Орысша оқығанға неге той жасайды? – Жақтырмаған сияқты.

– Кім білген, баланың оқуға баруына Жанкелдінің өзі себепші болыпты ғой.

Мына сөзге Таубай ойланып қалды да:

– Ол көреген, ертеңгі күнді болжап отырған шығар…

– Солай болса солай шығар. Кім білген, қазір Нұра бойына барсаңыз жер шолып жүрген орыстарды көресіз. Сол Жанкелді ауылынын іргесінде Басилий дей ме, бір орыс отырған көрнеді. Жанкелді балаларының көңілі сонымен жақын, -дейді елдегілер.

Мына сөзді естіп, Таубай реніш білдірді. Оның кәпірмен дос болғанынын түсінбеді.

Баласы әкесіне әрі қарай түсіндіре бастады.

– Осы жаққа орыстар көшіп келеді дейді біреулер. Солардың тілін білсін деген оймен оқытып жатқан болар.

Байсарының бұл айтқаны елдің алып қашпа сөзі еді, соны естіп әдейі не дейді екенін білу үшін әкесіне айтып отырған болатын. Баяғы заманы еске түсті ме, батырлығы ұстап кеткен болуы керек, айтқаны:

– Оларды қалмақтар тәрізді қумай ма?

– Орыстар қалмақтардан күшті дейді ғой.

– Күшті болғанда несімен күшті?

– Оқ+дәрімен атылатын мылтықтары бар көрінеді. Ал ол бізде жоқ. Есіл бойын жаулап алып, Ақмола атты бекініс салды ғой. Кенесарының өзін айдап шыққан жоқ па, бұл орыстарға одан кейін кімнің шамасы келеді.

Хан тұқымы Кенесарыны қуғанын естігеннен кейін Таубай басылып қалды.

– Ондай болса, орыстар шын мықты екен. Қап, әттеген-ай.

Оның неге өкініп отырғанын қасындағылар білмеді.

Жасының келіп қалғанына өкіне ме, әйтеуір, бір түсініксіз жай еді. Енді сөзін Жанкелдіге бұрып:

– Ойпырмай, ә-деді Таубай таңғалған рай танытып-Жанкелдінің мынасы қызық екен. Ең жақын туысқандарының бірі бізбіз. Үлкен той болса, бізге неге хабарламайды. -Өз айтқанына өзі мүшайман болып қалғандай. Баласы сөзін қоздыра түсті:

– Мына батысыңызда жатқан, ең ақыры, Темештерді де тойға шақырыпты. Олар таңертең кетті. Ал, іргеде отырған бізге айтпады, -деді Байсары тағы да.

Мына сөз ауыр тиіп тұрса да, Таубай енді Жанкелдіні ақтағандай етіп сөйледі.

– Жанкелдіні кінәламаңдар. Бәрін жасап отырған оның балалары. -Жас күнінен мінезін жақсы түсінетін ол Жанкелдінің олай жасамайтынына сенімді еді.

– Бәрін шақырыпты, бізді кедей болған соң көзге ілмейтін тәрізді. Осы манайдағы Алтай-Қарпық балаларына түгел хабарлапты. -Бұл сөзді айтып отырған тағы да кіші баласы Байсары еді. Тойға өздерін шақырмағанға ол қатты ренжіген.

– Казір адамнан гөрі, байлықты сыйлайтын заман туды ғой, -деді осы жастардың ішіндегі үлкені Ашықбай.

– Барып Жанкелдінің кез келген баласының бір үйір жылқыларын айдап алсақ, дұрыс болатын еді, -деді біреуі.

– Одан ел арасында жанжал туады, одан түк бітпейді. Ауыл арасы бүлінеді, ештеңе ұтпайсыңдар!

– Көке, сіз қалай түсінбейсіз, олар бізді кедей деп кемітіп отыр, -деді баласы Байсары тағы да.

– Олар кеміткенімен кем болмаймыз, Құдай кемітпесін, басқасы ештене етпейді…

Сатыпалды балаларының ішінде кедей болса да Елгелділер маңдайынан жүйрік ат арылған емес еді. Санрет ру аралық, аймақтық ат жарыстарында бірінші, ең бомағанда екінші орынды алып отыратын.1834 жылы өткен Тәнірбергеннің Қонысбайының асында «отыз желком» атанған Елгелдінің көкбестісі бірінші келіп, жарты жолдан қосылғанды шығарып сылтау айтып, басқарып жүрген Сапақ, Лау мен Телқозы билеп жүлде бергізбеген еді. Бұл да ұмытылмай іште жүрген өкпе болатын. Сондықтан бұл туыстардың арасында ауыларалық араздық бар еді. Содан бірімен бірі онша қатынаса қоймайтын. Жанкелді немересінің ішіндегі пысығы, барлық шаруаны басқарып жүретін Телқозыға өкпелері бар болатын бұлардың. Бір бірін суық ұстаудың бір сыры да осында жатыр еді. Бұл жолы да Елгелділер той жарысына ақ боз атты алып келе жатқан. Оның үстіне мінгізуге он үш жасар атқа мықты Жәмкені әкеле жатыр еді. Бұл бала атқа жақсы шабумен қатар, өлең-жыр айтуға шебер, ел арасында айтылып жүрген мың-сан қисаларды жатқа білетін. Әншілігі де күшті.

Ол кезде қай ауылда болсын үлкені де кішісі де қиса десе ауызынан суы құрып тыңдайтын. Елдің сондай қасиетін білетін Байсары әдейі елдің бетін өзіне қарату үшін Жәмкені алған болатын.

Елгелділіктер түс ауа Жанкелді ауылына жақындап келді. Айналасы қаптаған киіз үйлер. Жік жоқ. Жанкелдінің өзі келген қонақтарды төбе басында қарсы алып отыр. Төрт жағы ашық, күн түспесінмен төбесіне ши ұстатып, биіктеу жерде отырған. Бұлай етіп жасап қойған себебі, шығыстан да, батыстан да, оңтүстіктен де, терістіктен де келген қонақтарды Жанкелді бірінші көру үшін әдейі осылай жасаған еді. Кешеден бері осы жерде отырып қонақтарды қарап отырған. Таусылар түрі жоқ. Шығыстан Қаржастар, Каракесектер, оңтүстіктен Тамалар мен Наймандар, батыстан Темештер мен Нұра бойынан ағайындас Жабағы, Құлымбет, Тілен, іргедесі Тиес, Аққошарлар он-жиырма атты болып келіп жатыр. Әуелі биікте қырқа басында отырған Жанкелдіге сәлем беріп, бәрі төменде тігілген киіз үйлерге жайғасып жатқан еді… Бүгін соңғы күн еді, ертең той басталады. Күн бесіндіктен асқан кезде батыстан он шақты салт атқа мінген адамдар көрінді. Көруі нашарлай бастаса да Жанкелдінің кәрі көзі шалып қалып:

 

– Менің көзім онша анықтай алмай тұр, мыналар кім? -деп сұраған қасында отырғандардан.

– Бұлар дәуде болса «отыз желком» Елгелділер болар, -деді біреуі.

– Қой, олай демеңдер, естіп қалса бұл Елгелділер шамқой ел, жанжал шығаруы мүмкін, -деді Жанкелді. Алайда, іргеде отырып кешігіп келе жатқан Елгелділерге ренішті еді. Ең жақын туыстардың бірі ең соңынан келе жатқаны қалай екенін түсінбей отырған Жанкелді. Бірақ бұл туралы ешкімге ештеңе айтпады.

Ауыл сыртынан қонақтарды қүтіп алып жүрген жігіттер, Таубайларды қарсы алып Жанкелді отырған араға қарай бағыттап жіберді. Таубай келіп бірінші болып аттан түсті. Жасы келіп бойы біраз отырса да әлі бойшаң еді Таубай. Сондықтан еңкейіп келіп түкті кілем үстінде отырған Жанкелдіге сәлем берді.

– Таубай батыр, жер алыс болған соң кешігіп қалдың ба? Бұл сөзде ашу да, әрі өкпе де бар еді.

– Жәке, менің келмей қалуым да мүмкін еді. Дәл іргеде отырған бізге той болатынын неге хабарламаған?

Жанкелді қасына отырған үлкен баласы Зейнетке қарады.

– Сендер Елгелділерге алдымен хабарламайсыңдар ма?!

– Әке, ол жағын мен білмеймін. Хабарлау жағын басқа біреулер алып жүрген.

– Егер мына Таубай айтқандай, хабарламағандарың рас болса, ұят болған екен…

– Туыс адамдар шақыруды күтіп жата ма, өздері келе бермей ма? -деді тағы да баласы Зейнет.

– Міне, келіп отырмыз ғой, шақыру адамды сыйлау, қадірлеу болып табылады. Жасың бірталайға келді, өзің де біздей шал болдың. Сен бәрін біліп отыруға тиістісің, ол жағын ұмытпа, -деді Таубай Зейнетке.

Бұл Елгелдіктер енді сөзді көбейтіп жібереді. Алдияр тақсыр, кешірім өтінемін, -деді Зейнет. Оның мына сөзінде бір кекету, әрі кесірлік бар еді. Таубай оны сезді. Алайда, Жанкелді алдында дауласуды жөнсіз көрді.

Таубай ойлады, рас болса рас шығар бір жағынан, бір-біріне сеніп, шатасып жүріп ұмытқан шығарға болжаған. Кеудедегі реніш әлгі Жанкелді сөзінен кейін осылай оп-оңай тарқағандай. Сол-ақ екен, көңілшек Таубай Жанкелдіні құшақтап қайыра төсін түйістірді. Бұл бауырластықтың, туыстықтың белгісіндей еді.

– Таубай, інім денсаулығың қалай? -Жанкелді Таубайдан бір жылдай үлкендігі болатын. Соны пайдаланып атына інімді қосып сөйлейтін.

– Жәке, бұрынғыдай емес, жүріс азайып кетті. Жас кезде алған жаралар, сыр беріп жүр. Сізбен де жолықпағалы бір талай заман болды. Әйтпесе, баяғыда келіп амандасып кетемін ғой.

Жанкелді қазақ-қалмақ соғысына қатысқан жоқ болатын. Жастық шағының бәрін сонау Самарқант, Бұхара қалаларынан әртүрлі бұйымдар әкелумен өткізген еді. Саудамен айналысқан. Содан жастайынан-ақ байып кеткен. Ел арасында жақсы мінезімен, байлығымен аты шыққан. Оның үстіне ананы-мынаны шалатын ақылы да бар. Сонысы үшін ағайындары қатты сыйлайтын. Бесімдіктер Жанкелдімен ақылдаспай қимылдамайтын. Бұл келіс немересі Телқозыдан туған шөбересін қолпаштау емес, Жанкелді шақырған соң келе жатқан адамдар еді.

Жанкелдінің арқасында мал да, басқа да байлықтар мол жинаған балалары Зейнет, Жәмет, Әнет, Байқозы, Қарақозының аттары байлықпен шыққан. Бұл балаларының әрқайсысы әкелерінің арқасында мыңды айдаған байлар еді. Олардан туған балалары да бай болатын. Сондықтан малдары бүкіл Қараағаш бойына сыймай жататын. Байлық адамды кеуделі етеді. Жақын туыстары Елгелділерді менсінбей, оларды ұры атауының бір сыры, сонда жатқан еді. Мына тойға шақырмаудың бір сыры осында еді. Қатар өскендіктен бе, Жанкелді Таубайды қадыр тұтып, жақсы көретін. Баяғыда, он жеті-он сегіздегі кезінде Бұхардан дүние алып келе жатқан Жанкелдінің керуеніне қазақтардан бет қарамайтындай болып жеңілген қалмақтар енді ашық соғысқа шықпай керуен жолдарын андитын. Ойламаған жерден елге жақындай бере Жанкелділер соларға кездесіп қалған болатын. Олар дүниелерін алып қана қоймай, адамдарын да қырып тастайтын, болмаса байларын құлдыққа алып кететін. Кейін құн сұрайтын. Жанкелдінің ажалы жоқ па, қалмақтар соңына түсіп жүрген Таубайлардың жасақтарына кездесіп қалып, Жанкелдіні сол жолы бір ажалдан құтқарып қалған еді. Сан жылдар өтсе де Жанкелді Таубайдың сол жақсылығын ұмытқан емес. Қазір де сол алыста қалған күндер еске түсіп сөз бастаған.

– Бұл Елгелдінің Төлекбай атасынан бастап бар өмірі қалмақтармен соғыста өтті ғой. Бұлардың қазақтар алдында еңбегі зор. Соны ұмытпауларың керек.-Бұл сөзді балаларына арнап айтқандай еді. Қазір өзі де шал болып қалған Зейнет үндемеді. Таубай оның үнсіз қалғанын жақтырмады. Алайда, оған тиіспеді. Басқаша сөйледі.

– Жәке, оны елдің бәрі білуі міндетті емес, сіздің ұмытпағаныңызға рахмет, Алла жарылқасын. Уақыт өтеді жақсылықта та, жамандық та ұмытылады. Анау Тәңірбергеннің «бес перені»ағаларының асында ат жарысынан бізге бас сыйлықты бермеді ғой, баяғыда. Сол есімнен кетпейді.

– Өзің айтып отырсың ғой, өткеннің бәрі ұмытылады деп, сенде ұмыт, оны ендеше, -деді Жанкелді.

– Жай, сөз реті келген соң айтып отырмын.– Бұл арада Жанкелді балаларына өкпе бар еді, бірақ оны ашық айтпады Таубай. Және оны айтудың мына арада орынсыз екенін білген ол.

– Байлық деген қызық, біреулерге сәтін салады да, содан кейін байып кетеді. Тәңірбергеннің балалары да сондай сәтімен байыған адамдар еді. Сен байлықты ойлама, аталарымыз айтатын байлық бір жұттық дейтін. Тек ауылдың өсуін ойла.-Жанкелді Таубаймен кездескен сайын осы сөзді айтатын. Таубай да бұл сөзде үлкен мән беріп айтатынын жақсы түсінетін. Қазір де соны қайталап айтып отырған.

Бірақ қазақ кім көрінгенге қыздарын бере бермейді. Оның иелігіндегі малдарына қарайтын. Ал, Елгелділерде мал жағы аз еді, сондықтан бірен-саны болмаса Елгелділер екі әйел ала алмайтын. Мыңды айдаған байлар оларға қыздарын бермейтін. Би сайлауына да қатыстырмайтын. Жанкелді оның бәрін білетін. Бұларға әуелден байлықты мандайларына жазбағанын бір өкінішпен айтып отыратын. Өздерімен бірге туысқан Сатыпалдыдан тараған, оның үлкен баласы Елгелді ұрпақтарының осындай кедей болғанына іші ауыратын. Әуелінде әкелері үш баласына да бірдей байлықты бөліп берген. Басқалары байып кеткенде Елгелділерге мал құтаймай қойған. Содан ба олардың, Темештерден, алыста жатқан Қаракесектерден мал ұрлайтыны да бар еді. Олар дау шығарып, Жанкелді би алында сан келген. Бірге туған туыстарын қалай сатсын, сендер әуелі анығына жетіндермен қайтарып жіберетін. Сондықтан олар есе қайтару үшін Тоқалардың да малдарын ұрлайтын. Содан ба, Тоқалар арасында Елгелділер ұры деген лақап ат тарап кеткен. Сондықтан ұрласа да, ұрламаса да ұры атанған.

Жанкелді мына Таубайдың ренжіп келіп отырғанын біліп, біраз әнгімелесіп отырғаннан кейін Жанкелді немересі Телқозыны шақырып алды да:

– Сен мына әкен Таубайды жайлы үйге орналастыр, -деді.

– Жәке, дұрыс айтасыз, расында біз біраз дем алайық, жол ұзақ болмаса да мен шаршап қплыппын, -деді Таубай.

– Бұл сөзіңнің жөні бар. Менің басымда да сондай жағдай бар. Мына ұрпағым Телқозыдан туған Шоң шөберем ерте туған бала. Осында әлгі ағаш кесетін орыстан, соның тілін үйренген жастайынан. Содан мына Ақмолаға оқуға жіберіп едім. Сол оқудың бір жылын бітіріп келіпті. Оның үстіне қанша тірлігіміз қалды дейсің, талай адамдарды көрмегеніме көп болды, сағынған туыстармен жүздесу үшін әдейі осы тойды өткізуге өзім себепкер болып едім.

– Жәке, дұрыс жасағансыз. Енді түсіндім. Келешекте ұрпақтарымызды не күтіп тұрғанын кім білген, жауымыз Шығыстан деп жүр едік, батыстан мына орыстар шықты. Оның дос, дұшпан болатынын кім білген… Баяғыда Төлекбай атам айтты деуші еді, алдымен достың да, дұшпанның да тілін үйрен деп. Сол сөзде жөнділік бар-ау деймін, мына шаруаңыздан соны біліп отырмын. Дұрыс жасағансыз.

– Әрине, тіл арқылы бәрін білесің, тілмен басқа елдің өнерін үйренуге болады. Байқаймын, бізден гөрі орыстар өнерлі тәрізді. Олардан үйренгеннің кемшілігі жоқ. Жолдан шаршап келдің, дем ал.-Немересі Телқозыға:

– Сен мына Таубай әкенді кең, әрі бір жайлы киіз үйге қондыр.-Жанкелді айрықша сыйластық көрсеткісі келді ме, екінші рет қайталап айтты Жанкелдінің балалары әр ру басына жеке-жеке үй тіккен.-Сен Таубайға жеке үй бер, -деді немересінің адамдарды кедей, байға бөлетінін білетін Жанкелді, бұл сөзді әдейі қайталап айтып отырғаны сондықтан.

Телқозы Елгелділерге ренішті еді, Кербестінің бір тұқымын сұрағанда бермеген, оның себебі, Корыспайдың еске алу жиынындағы ат жарысында Сапақты жақтап кеткені де содан болатын. Телқозының Елгелділерге, олардың бұған теріс қарап кеткені содан еді. Көнілі қаламай тұрса да атасының жасап, Таубайдың бір өзін жеке киіз үйге жайғастырып, қасындағыларды түгел бөлек бір үйге түсірді. куәсіндей бәрі дерлік он екі қанат ақ үйлер еді. Таубайлар орналасқаннан кейін дастархан жасалып, ас келді. Қасындағылар тамақ ішіп алғаннан кейін жолдан шаршап келген Таубайдың демалуын ойлап, жеке қалдырып тамақтан соң Ашықбай бастаған басқалары тысқа шықты. Сыртта бәйгеге әкелген боз аттың қасында жүрген Жәмке жүгіріп келді.

– Аға, -деді Байсарыға- Біздің атты бір кісі қарап жүр.

Ол солай қарай беттеді. Расында, қаз-қатар байланған жылқылардың қасында бір адам жүр екен. Байсары бірден таныды.

– Көбеке, амансыз ба?

Көбен сыншы да бұл кезде сексенді алқымдап қалған кез еді. Содан да бір көрген адамын танымайтын болған. Әйтпесе, Елгелділердің талай жүйрігін жақсылап сынап берген кезінде. Көбеннің айтқаны мүлт кетпейтін еді. Бірақ қазір Байсарыны танымай қалған ол:

– Сен қай жақтан келдің?

– Мен мына Балықтыкөл-Байатардағы Елгелді боламын. Атым Байсары, танымадыңыз ба?

– Жас келді бұрынғыдй емеспін. Ылғи шатастырып аламын. Кешір, бауырым, сенің атың қайсы?

– Мына алдыңызда тұрған боз ат!

Осы арада Көбеннің көрегендігі ұстап кеткен тәрізді.

– Бұл Тәнірбергеннің Корысбайының асында шапқан Кербестінің тұқымы ма?

– Дәл өзі. Оны қайдан білдіңіз?

– Білген соң сұрап тұрмын ғой, бұл неше жаста?

– Биыл бестен асып барады…

– Ендеше, дәл бабында тұрған кезі екен.

Байсары да жас болса да жылқы жағдайын жақсы білетін. Ағаларына болмай осы бозды алып келген, сол еді.

– Кербесті қайда? -деп сұрады Көбен.

– Ол ақсап қалған.

– Одан неше тұқым алдындар?

– Содан туған жеті-сегіз жылқы бар. Бағын сынамақшы болып осы боз қасқаны алып келдік.

– Түр келбетіне қарағанда жүйрік ат болуы керек.

– Нешінші орын алады деп ойлайсыз?

– Өзінің бабында болса бірінші, не екінші орынды алуы мүмкін.

Көбен өзінің ат таңдағыш қабілетін түсіргісі келмей ме, біліп тұрса да жүйрік аттар осылай бірінші, екіншімен сөзін бітіретін, ылғи.

– Сіз осылай, бірінші, екінші деп айтасыз. Сыншы болған соң бірінші, екінші орын демей, туралап, бөліп-жармай айтпайсыз ба?!

– Айта алмаймын, – деді Көбен сыншы, -Өз қазақтарың айтады, ат шаппайды, бап шабады дейді. Осы тұрған аттардын бәрі де жүйрік. Айта алмаймын, -деді Көбен сөзін қайталап. Оның үстіне атпен шабатын балаға да байланысты. Ол атты қалай басқарса, солай болады.

Байсары қасында тұрған Жәмкені көрсетті.

– Мына бала шабады.

– Сен нешеге келдің?

– Биыл он үшке келдім, -Бұл сөзді тез, тарс еткізіп жылдам айтқан Жәмке. Көбен мына баланың ширақ екенін байқап қалып:

– Мына бала мінсе бірінші орынды алады. Мынау бір болғалы тұрған бала екен. Сонымен қоса қандай өнерің бар.

– Қисаларды жатқа айтамын. Ән сала білемін.

– Егер жолы болса, атаның да, өзінің де атын шағарар осы жолы. Тұрған бойы тұнып тұрған өнер екен. Көмекейі ағып тұрған ән екен.

– Көбеке, оны қайдан білдіңіз? -деді Байсары.

– Менің түйсігім солай дейді.-Көбен сыншы осыны айтты да басқа аттарды көруге кетіп қалды.

Көбен атты да, адамды да жақсы сынай білетін мықты сыншы еді. Негізі қарақалпақ болғанымен баяғы Жанкелді Бұқара базарына барып сауда жасап жүргенде Өзбектің саудагерінен құлдыққа сатып алған осы Көбенді. Ол кезде құлдардың да әйел-еркегіне байланысты өз бағасы бар еді. Өзбек бағасына келіспей тұрып алған болады. Он үш- он төртке келген бала еді. Бойы да кішкентай екен. Жанкелді бір ірілеуін алуды ойлады. Жүре беріп еді, Көбен біліп тұрған, егер мына қазақ алмаса, өзбек ар жақтағы Қызылбас, не болмаса Араб елдерінің біріне сатып жібереді. Оларға кетсе піштіріп хан сарайыедағы әйелдерге күтуші етіп жіберуі мүмкін. Оны Көбеннің көңілі қаламайды. Мына қазақтың алмағанына қорқып кеткен еді ол. Көбен кетіп бара жатқан Жанкелдіге тіл қатып, тоқтатып сөз бастаған еді. "Ағасы негізіміз бір, тіліміз бір халықпыз ғой. Сіз алмасаңыз мені оңтүстікке сатады. Одан кейін менің сорлағаным. Ағасы, сол сұраған ақшасын беріп мені алыңызшы». Көбен сөзінде жалыну бар еді. Жанкелді мына жас өспірімді аяп кетті, ақыры алған. Былай шыққан соң сұраған одан. «Сен жылқы бағып, қой жаюды білемісің?» «Білемін. Бірақ менің одан да зор өнерім бар. Жылқының жүйрігін айта аламын. Адам бойындағы көрінбей тұрған өнерді білемін». Жанкелді оның мына айтқанына сене қоймады. Күдіктене қарады. Ештеңе айтқан жоқ. Елге алып келген.

Көбеннің айтқанында ешқандай өтірік жоқ екен. Елге келген соң бірнеше аты сынатып көрген. Оның жүйрік деген аттары шын жүйрік еді. Жанкелдінің Көбен көптің бір еместігіне көзі әбден жеткен. Содан, талй айтқаны тура келді. Жанкелді Көбенді құл есебінде ұстамады. Ауылда еркін жүрді. Арада біраз жылдар өткен болатын. Ақыры, Жанкелді Көбенге бостандық берген еді. Астына ат мінгізіп, еліне жіберген. Ол кеткен. Арада бір ай өткенде, қайтып келген. Көп уақыт өткендіктен елін жатсынып, сия алмаған болуы керек, кері оралған. Ақыры, Жанкелді ауылынын бір қыз алып беріп, осында өмір сүріп жатыр еді, содан бері Көбеннің білгірлігін бағалап ауыл адамдары бәрі де сыйлайтын. Алайда, Көбенде бала болмады. Жанкелді айтқан: «Сен ұрпақсыз өтесің бе, тағы әйел ал. Қаласаң менің балаларымның қыздарының біреуін ал». «Жәке, қажет емес, менен бала болмайды. Анау қызды алған түні Жаратушымыз аян берген. Менен ұрпақ болмайды. Қызынды бақытсыз ете алмаймын. Осылай да өмір сүремін». Сөйтіп, Көбен ал деген қызын алмаған. Сол бірінші әйелімен өмір сүріп жатқан.

 

Оқуға жіберер алдында немересі Шоңды да сынатқан еді. "Жәке, оқуға берініз бұл балаңыз үшін ең дұрыс жол. Бақытты болады, алдына ешкім келе алмайды, елге сөзін тындататын, не айтса да дәл табатын болыс болады» -деген. Екі ойлы болып жүрген Жанкелді Көбеннің айтуымен Шоңды орыс- татар мектебіне берген болатын.

Көбеннің керемет ат сыншы екенін біліп алған ел, арнайы шақыртып аттарын сынататын. Ондайларға қырсық мінезі бар ол бара бермейтін. Тек, осындай үлкен жарыстарда ғана келіп аттарды сынайтын. Көбен ат сынай бастағанда оның манайында ел қаптан кететін. Бүгін де солай болды. Қазақ қызық халық, күні бұрын жарыс болмай жатып өз аттарын мақтағанын ұнатады. Бірақ Көбен ондайды жасамайтын. Адамдардың байлығына, кедейлігіне қарамай турасын айтатын.

Көбен Жанкелдінің тойына келген аттарды көріп жүргенде Байсары соңынан қалмай еріп жүрген болатын. Үйіне кетер кезде Бпйсарыға оңашалап айтты.

– Мен аттардың бәрін қарап шықтым. Сенің атыңан жүйрігі жоқ. Сәтін салса, бірінші орынды аласың, болмаса екінші орын шаппай берудің өзі болады.– Осыны айтып кетіп қалды. Мына сөз Байсарының көңілін көтеріп тастағандай болды.

Кешінде тойға әдейі ертіп әкелген өнерлілер дайындала бастады. Күн батар алдына шартараптан келген мықтылар, балуандар белдесті. Одан кейін әншілерге кезек тиді. Жиналғандар оларды да қызықтады. Кезке Жәмкеге келді. Бұның өнері басқалардан өзгешелеу еді. Домбыраға қосылып неше түрлі ән салды. Қазақтың қиса- дастандарын жатқа біледі екен, оларды домбыраға қосып айтып берді. Елдің қызыққаны сондай, жіберетін түрлері жоқ. Түннің біраз уақытты болды. Ай туғалы қашан! Жәмкені босатар емес, өңкей шалдар құлағын тосып, тыңдап қалыпты. Зылиқа-Жүсіптен бастап сан түрлі қисаларды айтып жатыр. Елдің құмары қанар емес. Жұрттың арасында Көбен де тұр еді. «Мынау ғажап өнерлі жас екен. Дауысы қандай тамаша» деп қояды. Түн жарымы болды. Ақыры Байсары бала ертең атқа шабады деп алып кетті.

Жәмкенің әке-шешесі жоқ жалғыз еді, ата-анасы ерте өлген. Бір тұяқтан жалғыз қалған бала болатын. Ауылында ерте тұрып елдің малын бағатын. Оның өнері Елгелділер үшін бес тиындық құны жоқ, тәрізді еді. Тек мал бағуға үстаған. Бүгін ғана мына жиналған қауымнан мақтауынан кейін оның құнының қаншалықты екенін Елгелділер білді. Шалдар рахмет айтып жатыр. Келісімен Жәмке жатып қалған. Ол мал жағдайымен күн шықпай тұрұға үйренген. Бүгін уақытында тұриады. Түннен шаршап қалған шығар деген оймен Байсары мазаламаған. Ел аттарын жарысқа дайындап жатыр. Ақыры, Байсары Жәмкені жұлқылап орнынан зорға тұрғызған еді. Бала айтты:

– Бүкіл денем ауырып тұр, Атқа шаба алмаймын.

– Қайтсең де шабасың!

– Шаба алмаймын, -деп бала төсегіне қайыра жатып қалды.

Амалы таусылған Байсары жүгіріп сыртқа шықты. Сол екі арада қасына еріп келген адамдардың бәрі хабардар болып қалды. Ашықбай бастаған Елгелділердің бәрі Жәмке жатқан киіз үйге қайыра кірді. Балада ес жоқ, сандырақтап жатыр. Сыртта Жанкелді қасында отырған Таубайдың құлағына да жеткен.

– Құрығанда ат жарысы құрысын. Бір атадан қалған жалғыз көз еді. Ауырып қалғаны қиын болды ғой. Кеше не тамақ ішіп еді…

– Қайдан білейін, менің көзімше біз ішкен тамақты ішті, – деді Байсары тұрып.

– Кеше Көбеннің көзіне түсіп кеткен жоқ па? -деді Жанкелді.

– Иә, кеше тойда болғанда ел алдына шығып алып, тілі сайрап тұр екен. Болатын бала екен, – деп қайта-қайта айтып еді, Көбен!

Байсарының мына сөзін естіп Жанкелді айтты, сол Көбеннің көзі тиген. Соған ат шаптырыңдар деді.

Көбен көрші ауылда тұратын. Ат жіберілген еді. Ол келіп, мен өз көзімді өзім қайыра алмаймын. Мына көрші ауылда Сары бәйбише деген бір кемпір бар, сол, менің көзімді қайтарады. Соған адам жіберіңдер деді. Енді соған ат шаптырды. Ол келіп, көріп: көз қатты тиген екен. Дегенмен, емдеп көрейінді айтқан. Өзінің мұндайдағы үйреншікті емін жасады. Бірақ та бала орнынан тұрып кете алмады.

Байсарылар ауылдан боз атқа мініп шабатын бала іздеді. Оның сөзін Шоң естіп тұрған еді:

– Бұл атпен мен шабайын, -деді. Баласынын бұл сөзін Телқозы жақтырмады.

– Шапсан, өзіміздін пуылдан да аттар қатысады. Соның біріне мін. Қайдағы бір Елгелдінің атымен шауып, солардың шашбуын көтеріп қайтесің? – Теоқозы Кербестінің бір тұқымын бермеген Елгелдірге өкпелі тағы да көрсетті.

– Мен сіздердің бірінші орынды алмайтын аттарыңмен шаппаймын. Кеше Көбен осы ат не бірінші, не екінші орын алады деген. Осымен шабамын, -деді Шоң. Жанкелді бауырынды өскен Шоң Телқозыны атымен атайтын.

– Телқозы, Ерназар да, Елгелді де Сатыпалды әулетінен. Сіз неге бөлесіз. Оның ішінде Дәулетбикеденбіз. Елгелдінің аты озса, сіздің де беделіңіздің өскені.

Телқозы баласының бұл сөзін сонда да мақұлдамады. Бірақ қарсы сөз де айта алмады. Қасында тұрғандардан ұялды.

Шоңның бұл сөзінде сыр бар еді. Дәулетбике хан қызы болатын. Баяғыда сонау Есімхан заманында хан бір топ батырларын алып жорыққа шығады. Ол қайтып оралғанша Жәнібек ханның тұқымы Тұрсын Түркістанды басып алып Есімханның отбасына үлкен қорлық көрсетеді. Соғыстан қайтып оралған Есімхан Ташкентте отырған Тұрсынды бір түнде басып алып, бүкіл еркек кіндіктен туғандарын түгел қырып, қыздарын қасындағы батырларына бөліп береді. Сонда Қуандық тұқымы Бесімге Дәулетбике бұйырады, Мейрамсопының басқа ұрпақтарына да бір-бір хан қыздарын қосады. Келе жатқанда Бесім ойға қалады, бұл қалай болар екен. Бәйбішем бар, хан қызы қалай тоқал болады, ойға беріледі. Ақыры қыздан сұрайды. Оған айтқан:

«Дәулетбике, менің бәйбішем бар, сен хан қызысын. Қалай болар екен… Сен маған шын көнілден тидің бе, әлде ханның қаһарынан қорыққаныңнан келістің бе? Егер шын көңілден тисең, ана бәйбішемді талақ тастап, сені аламын».

Сонда Дәулетбике айтыпты: " Бас ием, бұл да Құдайдың жазуы шығар, саған шын берілдім. Бәйбішеңді тастама, тоқал болып отыра беремін» дейді. Бесімнің бұрыннан Бөтей деген бәйбішесі бар еді. Содан Дәулетбике Бесімнің бәйбішесін ене атап кетеді. Содан Тоқалар бір бөлігі Ене тоқасы аталып кетті. Дәулетбикеден тараған балалар ұрпағы Дәулетбике Тоқасы аталған. Айтқожа, Барғана, Сатыпалдылар хан қызы Дәулетбикеден туғанын мақтаныш ететін. Шоңның айтып тұрғаны сол еді.

Телқозының өзі де хан қызынан туғанын мақтаныш ететін, бірақ баласының мына жерде Елгелділерді қосып айтқанын ұнатпай қалды.

Шоңнын боз атпен шабатынын Таубай естіп, бізден де қанға тартатын ұрпақ өсіп келе жатыр екен деп, Байсары да Шоңның шабатынын естіп мақұлдап, қуанған еді.

Өңкей он мен он бестің арасындағы балалар атқа мінді. Аттарды Қараағаштың шығыс-оңтүстік жағындағы кең жазықтан бері ауылға қарай шабатын болды. Балалар жол бастаушысы бар, солай қарай кеткен еді. Қонаққа келен билер мен байлар талай сәйгүлігін алып келген. Жүйрік аттар көз тұндырарлықтай көп екен. Бірінен бірі өткен, әр түрлі тұқымды жұйрік, сұлу, көрікті аттар еді.

Он жеті мың біткен Тәңірбергеннің баласы Сапақ атаяғы жетер жердегі жарыстың бәріне ат қосатын. Сонау жылдары Ақмоншақ аты болатын. Сол ат талай жерлерден бірінші орын алған. Содан оның есімі бүкіл осы маңайдағы рулар ішінде дүрілдеп тұрған. Жүйрік ат сонда, сұлу қызды сол алатын. Сапақ бұл тойға да бір жүйрігін әкелген болатын. Ауыл арасындағы жарыстарды бірінші орын алып жүрген бұл атқа үміті зор болатын. Анада ағасы Қонысбайдың асында Ақмоншақ аяғы ақсап қалып қойып бірінші орын ала алмаған еді. Ауыл арасындағы күндестік қозып кетте де, Сапақ өзі ала алмаған соң Елгелділерге де бергізгісі келмеді. Сонды Елгелдінің Кербестісі бірінші келіп, үлкен дау болып ретін тауып Телқозы, Сыртанбай, Лау, Сапақ төртеуі дау айтып бірінші орынды Кербестіге бергізбей төтеден қосылды сияқты сылтау айтып, басқа сырт адамына бергізген еді. Турасын айтқанда, бірінші орынды кедей Елгелділерге қимаған. Содан Елгелділер Сапақпен де, Телқозымен де онша емес еді. Таубай болмаған соң ру аралық туысқандықты бұзбайық үшін келген еді осы тойға.

Купите 3 книги одновременно и выберите четвёртую в подарок!

Чтобы воспользоваться акцией, добавьте нужные книги в корзину. Сделать это можно на странице каждой книги, либо в общем списке:

  1. Нажмите на многоточие
    рядом с книгой
  2. Выберите пункт
    «Добавить в корзину»