Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Текст
Читать фрагмент
Отметить прочитанной
Как читать книгу после покупки
Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап
Шрифт:Меньше АаБольше Аа

Дизайнер обложки Анна Семенова

© Қанат Жойқынбектегі, 2021

© Анна Семенова, дизайн обложки, 2021

ISBN 978-5-0055-4950-1 (т. 2)

ISBN 978-5-0055-4948-8

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Шоң болыс

Карбышев бірде Омбыға барғанда Павловичтің орнына отырған адамға кіріп шыққан. Ол әңгіме үстінде, «Сіз ана Жайықбаевты ренжітпеңіз» – деді. Карбышев Ыбырайдың да бұған тесік тапқанын білді. Сонау жылдары Атбасарда старшина болып істеп, орыстармен сиыспай Ақмолаға қайтып келген. Атасы Қоңырқұлжаның қарауында істеп жүрген. Атасы ауырып қалғанда біраз уақыт оның орнына дуанбасы болған. Онда Омбыда губернатор қарауында істеп жүрген Карбышевтің өзі оны атасының орнына қоюға себепкер болып еді. Өзі ояз болып келгенде де жұмысына араласып отырған. Бір аздау жанжал болып, содан Карбышев оның шын бетін біліп алған. Ол кез-келген бастықтардың басын ақшамен айналдырып алады деген Шоңның сөзіне Карбышевтің көзі енді анық жетті. Губернатордың жаңа орынбасарының да тілін тапқанын білді. Жайықбаевтың соңғы кезде айтқанын тыңдамай, өз қалауымен іс жасап жүргенін білетін. Ол мұндай еркіндікті губернатордың жаңа орынбасары арқасында алып жүргенін де біліп қалған. Карбышев оны мұндай еркіндікке жібергісі келмеді.

Карбышев сол жолы генерал-губернатордың өзіне кіріп, уездегі біраз жағдайды баян еткен. Төрелердің киргиздарға әлі де билік жүргізетінін, оларға айтқандарын жасатып, болыс сайлау тұқым қуалаушылыққа айналып кеткенін, өңкей болыстар өзі орнына, көбіне жергілікті билермен ақылдасып алып, баласын, болмаса інісін қойып, бұл жұмысты өз меншігіне айналдырып алғанын айтқан. Губернатор мұндай сөздерді басқа уездерден де естіп отырған.

Губернатор ойланып отырып: «Болыстарды ондай еркіндікке жібере берме! Онда орыс билігі азаяды. Тіліңді алмайтын болыстардың бәрін қу!» – деп тапсырған. Екеуінің де ойлары бір жерден шыққан еді сол жолы. Карбышевке губернатордың мына сөзі еркіндік, күш бергендей болды.

Ол келісімен көбіне өзінің сөзі емес, Ыбырайдың тілін алатын болыстарды өзгерте бастаған еді. Сайлауға өзі бармайтын, жергілікті билерге жаманатты болмау үшін әдейі Ыбыраймен бірге Герасимовты жіберіп, болыс етіп пәленшені, түгеншені сайлауды ашық айтатын алдында. Алайда, көбіне Ыбырайдың дегені болып келіп жүрді. Жергілікті билер көбіне соны қолдайтын. Осылайша Ыбырай болыс сайлауын өткізуді пайда табу көзіне айналдырып алған. Мұны білген Карбышевтың іші күйіп кеткендей болды. Жайықбаевтың қалтасына көп байлық түсіп жатқанын жақтырмады. Содан оны болыс сайлауынан біржола айыруды ойлады. Енді көбіне Герасимовпен бірге Ыбырайды жібермейтін болды. Жергілікті болыстарға жаманатты болмау үшін Карбышевтың өзі де бармайтын. Болыс сайлауына көбіне Герасимовпен бірге тіл алғыш заседательдерді жіберетін. Ыбырайсыз өткен алғашқы сайлаудан соң жергілікті бір болыс Ыбырайға келіп, өкпесін айтқан. Ол болса Карбышевке кіріп, ренішін білдірген еді. Содан Ыбырай мен ояз арасында біраз әңгіме болып қалған. Карбышев оған айтты:

– Бұл менің шаруам емес, генерал-губернатордың тапсырмасы. Болыс сайлауында қазақшылық көбейіп кетті. Содан кейін ол кісі осылай жасап отыр…

Ыбырай мына сөзден кейін айтары бітіп қалғандай болып, Карбышев қабинетінен шыққан еді.

Карбышевке губернатордың сөзі күш беріп, енді Герасимовты жіберіп, біраз болыстарды өзгерте бастады. Өз көңілінен шыққан адамдарды қойғызды. Өйткені, көбіне болыстарды билер қолдайтын. Содан орнына қайыра сайланатын. Мұндай болмау жағын ойластырды. Әліде өзінің орынбасары Ыбырайды жібермеуге болмайды. Амалсыз жібереді. Болыс сайлауына Жайықбаевпен бірге кетіп бара жатқан Герасимовқа жүрер алдында ұзақ ақыл айтып жіберетін. Дегенмен Ыбырайдың ықпалы әлі де бар еді. Жергілікті билер оны төре деп сыйлайтын. Сонысын ол қатты пайдаланатын. Бір кезде Қоңырқұлжамен дос болған, оны әкесіндей сыйлайтын. Оның өзі жоқ болса да, әйелі Қаниса бар, соны силап, олардың күйеу баласы бұл төрені жұмыстан қууға бара алмай жүрген еді. Сондықтан болыс сайлауына оны амалсыздан жіберетін. Параға берілген Герасимов та кейде соның ықпалында кетіп қалатын. Герасимовтың жарасы жеңіл еді, оны қызметтен айдап шығу оңай, бірақ ол жергілікті билердің мінез-кұлқын жақсы біледі, әрі қазақшаға судай ағып тұр. Сол қасиеттерін бағалайтын. Енді болыс сайлауының билігін Карбышевтың өзі қолына біржола алған соң ол Герасимовқа айтқан, сен Ыбырайдың дегеніне кете берсең қызметтен қуамын деген. Мұндай майлы жерден оның да кеткісі келмейтін. Оның айтқанын жасамаса бұл қызметтен қуылатынын Герасимов онсыз да білетін. Қарбышев осындай шаруалар жүргізіп отырып, бір күні кеңсесіне Шоңды шақырды.

Шоң кезекті жер дауынан келіп отыр еді, Карбышевтің айтқаны:

– Шоң Телқозинович, сені бір жерге болыс етіп жіберсем қалай қарайсың?

Жер мәселесі жүгірмелі жұмыс. Әрі дау-жанжал көп еді. Шоң сөзге келместен бірден келісті.

– Қайда барғың келеді?

– Жіберсеңіз, өзімнің туған жерім Қараағаш жаққа барғым келеді

– Оның дұрыс. Мен сені бүкіл Нұра бойына жібергім келіп отыр. Әр ру сұлтан кезінде өз алдына бір-бір болыс жасап алған. Оны Ыбырай жалғастырды. Соларды таратқым келеді.

– Сіз мені сонда Нұра бойындағы қай болысқа жібересіз?

– Бүкіл Нұра бойына барасың.

Шоң бір үлкен даудың күтіп тұрғанын білді. Сол күдігін жасырған жоқ, ашығын айтқан.

– Сонда соған рудың байлары мен билері көне қалады деп ойлайсыз ба?

– Сен одан корықпа. Менің айтқаным болады. Қарсы келген билердің әңгімесі менімен болады.

Содан кейін Карбышев өз жоспарын айтқан:

– Мен Нұраның ұзын бойын бір болыс жасағым келеді. Оған сен болыс боласың. Оның атын қалай атасақ екен?

Шоң отырып:

– Нұра өзені Сарыарқаның дәл төрінде жатыр. Жаңа болыстың атын «Сарыарқа» қояйық, – деді.

Карбышев «Сарыарқа» деген сөзді жақсы білетін, көңілінен шыға кетті. Содан кейін өз ойын толықтырып айтқан, «Сарыарқа» болысы мына Нұра іргесіндегі орыстардың Романовка заемкасының ар жағынан басталып, Нұраның ұзын бойымен біраз жерге барады. Басқаша айтқанда, сен өз алдына бір уезд болғалы тұрсың.

Шоңның өзіне жаны ашитын Ерназарлар отырған жерге болыс болып бару ойында болатын. Өйткені, ол жақта өзін колдаушылар көп болатынын білетін.

– Семен Иванович, сіз мені Қараағаш жаққа жіберсеңіз.

– Олай болса оны да косып ал. Бірақ мен айтып отырмын ғой, Нұраның ұзын бойына болыс боласың. Қабайдан бастап менің тілімді алмайтын болыстардың бәрін қуамын.

Шоң Карбышевтің Ыбырайдан билікті өзіне біржола осылай алуды ойлап отырғанын білді. Іштей Карбышевтың мұнысы жергілікті билер арасында шу көбейтетінін де сезіп отыр еді, бірақ қарсы сөз айтқан жоқ.

Карбышевтың пәлен болысты бір болыс етуінде бір сыр жатқанын, барлық болыстарға айтқанын жасатып, айдауында жүргізгісі келіп отырғанын сезді. Соның ішінде өзі де кетіп бара жатыр… Алайда, ояздың айтқанына қарсы шыға алмайсың. Ақыры Шоң келіскен еді.

Осы арада тағы бір қауып бар еді. Шоң анау Алтайдан тараған Қареке, Мұрат, Сармантайлар: «Телқозының мына баласы қызымызды алып қана қоймай, енді өзімізге де билік жүргізуді ойлап отыр» – деп сөз шығаратынын болжаған еді. Сол арада отырып оязға айтқан:

– Анау менің әйеліме ағайындас Сармантай, Мұрат, Карекелерді менің болысыма коспай-ақ қойсаңыз, Семен Иванович, одан біз ұтпаймыз, қайта ұтыламыз, ертеңгі күні бізге билік жүргізгісі келіп біздің күйеу бала әдейі қосып алды дейді. Мен ондай сөз естуге барғым келмей отыр.

Карбышев қазақтар жоқтан барды жасап отыратынын білетін еді. Шоңның мына айтқанына келіскен. Ағайынды үш руды өз алдына бір болыс жасауға ұйғарған еді. Оларға кім лайықты дейсіз деп сұраған.

– Қазір байлық кімде болса, сол билік құрып отыр ғой. Үш рудың арасында байлар көп. Қайсысын айтарымды білмеймін. Ол жағын өзіңіз шешіңіз, – деп, Шоң болыс болуға лайықтысын атап айтпаған еді. Карбышевті өз шешімінде қалдырғысы келген. Ертеңгі күні бұл айтқан адам көңілінен шықпаса өзіне сөз келетінін білген еді Шоң. Содан кейін ештеңе демеген.

Осы әңгімеден кейін Герасимов екеуі жол жүруге дайындалды. Шоң жүрер алдында Карбышевтен сұраған еді:

– Семен Иванович, мен мұндағы шаруамды кімге өткіземін?

Кейбір жұмыстарына көңілі толмай жүрсе де, Карбышев жер мәселесіне байланысты шаруамен Шоңның жүргенін қалайтын. Көңілінен шықпағаны – Темештерге байланысты, тағы бірді-екілі тапсырмасын өз ойлағандай орындамаған еді. Бұл кезде Темештер Қорғалжын көліне жақын жерге үлкен ауыл болып отыра бастаған. Олардың мұнысы ояздың көңілінен шықпай жүрген еді. Мұны Шоңның ақылымен жасап отырғанын сезген. Шоңды жер мәселесіне байланысты шаруадан болыстыққа ауыстырудың бір сыры да осында жатыр еді. Дегенмен, Шоңның атқарған көп істері көңілінен шығып жүретін. Сонысы үшін болыс етіп жіберуді дұрыс деп тапқан.

– Жер мәселеніне байланысты шаруаны жүргізетін басқа адамды табамын. Қажет болса, өзіңді де шақырып тұрамыз.

Қазақтар арасындағы кейбір орыстар шеше алмайтын, қазақшылығы көп дауды Шоңға қалдыруды ойлаған. Содан кейін мына сөзді айтып отыр еді. Бұл Карбышевтың көп қулықтарының бір екенін түсінген Шоң да. Осы арада Шоңның басына бір ой түсе кетті. Егер жер мәселесіне байланысты шақырып тұратын болса, онда Ақмолаға жиі келіп тұратынын білді. Өйткені, қалада тұрғанды Әйімкүл де ұнатып жүргенін сезетін. Содан кейін Шоң айтқан:

– Семен Иванович, олай болса мен осы қалада тұрып болыстықты басқара берейін…

– Шон Телкозинович, ол болмайтын шаруа. Онда басқа болыстар да қалада тұрып, сен айтқандай жасағысы келеді.

Карбышевтың мына сөзінде шындық жатқанын білді. Осы маңайдағы болыстардың бәрі де қалада отыруға құмар еді. Содан кейін қарсы сөз айтқан жоқ. Тексұрағаны:

– Сонда менің мекен жайым қай жер болады?

– Анау Қабай отырған Көбетей ауылына барып отырсайшы. Сол ара қалаға да жақын.

Ертеңгі күні мына ояз айтқан ауылға барып отырса әкесі де, басқа туысқандары да өздерінің қазақшылығына салып ренжитінін білді. Сонан кейін Шоң:

 

– Онда мен туған жерім Қараағашта барып отырайын.

Бұған қарсы ояз ештеңе айтқан жоқ. Бұл келісімнің белгісі еді. Кешкісін үйге келген соң барлық жаңалықты Әйімкүлге айтқан:

– Ертең елге жүреміз?

– Неменеге, бастығың айтты ма?

– Бастық та солай дейді. Оның үстіне мынау жүгірмелі жұмыс. Әбден шаршадым. Қараағашқа барып, болыс болып отырамын.

Әйімкүл қала тіршілігіне үйреніп қалған. Шоңның мына айтқанын ұнатпай отыр еді.

– Болыс болу үшін сонда тұру керек пе? Астыңызда жүйрік атыңыз бар, барып-келіп істемейсіз бе?

Шоң Әйімкүлдің қаланы қимай тұрғанын білді. Содан кейін Шоң:

– Сен осы жерде отыра бер. Мен өзім барып-келіп істеймін.

Шоңның «осында отыра бер» деген сөзі Әйімкүл көңілінен шыққан еді.

Шоң Әйімкүлді Ақмолада қалдырып, ертеңіне Герасимов екеуі жүріп кетті. Карбышев болыс сайлауына, бір даулы мәселелердің туындап қалмауын ойлап, Жайықбаев пен Герасимовтің қасына төрт-бес жауынгер ертіп жіберетін бұрын. Шоң қасына ондай адамдарды еріткісі келмеді. Қазақтар орыстың әскери кісілерін жақтырмайтын. Ояз кейбір тіл алмаған билерді Ақмоладағы түрмеге бес-алты күн жапқызып қоятын. Сондықтан да билер болыс өкілінің әскермен жүргенін жақтырмайтын. Шоң оны жақсы білетін. Елді әскермен қорқытуды лайықсыз көріп, Шоң әскер ерітуден бас тартты.

Шоңдар жолай Нұра бойына бірнеше тоқтады. Бірақ, біріне де болыс болғалы бара жатқанын айтпады. Әр рудың билеріне Қарааашқа келгеннен кейін арнайы адам жіберуді ойлаған. Герасимовпен келісіп, бұл туралы жолдағы ағайындас билердің ешқайсына айтпаған.

Ауылына келген соң, ояз болыстыққа ұсынып отырғанын әкесіне ғана айтқан. Өмірінде қазақ үшін болыстан жоғары қызмет жоқ деп санайтын Телқозы есі шыға қуанды.

Нұра бойының болысы болады. Сондықтан болыс сайлауын Шоң Нұра жағасында, Жабағылардың аулында өткізуді жоспарлап қойған іштей. Әкесі көнсе сонда көшіп барып тұру ойы болатын. Мұнда келген себебі, сол тойға соятын малдарды әкесімен келісу болатын. Өйткені, өзінде Жанкелді бабасынан қалған мал болғанымен, бәрін Телқозы билейтін. Шоң сайлауды Жабағылар ауылында өткізгісі келетінін айтқанда Телқозы қатты ашуланып қалды.

– Елдің бәрі өз аулында өткізіп жатыр, сен неге осында өткізбейсің?

– Маған қарайтын болыстың жері Нұра бойында жатыр. Бұл жақта өткізуім дұрыс болмас.

– Сонда біз кімге қараймыз?

– Менің болысыма қарайсыздар. Бірақ шалғайлау жатырсыздар ғой. Нұра бойының сөзқұмар қазақтары соны да әңгіме етеді.

– Етсе ете берсін, сенің болыстығыңа шығынды мен шығарамын. Ана Жабағылар шығарады деймісің. Жиынды осында өткіз.

Әкесінің бұл сөзі жөн екенін білген. Сайлау болған соң біраз шығын болады. Оны көтеріп алатын осында отырған туыстары. Герасимовпен ақылдасты, ол да әкесінің айтқанын қолдады. Ақыры, Шоң келіскен. Нұра бойында отырған Құлымбет, Тілендер, Жабағы, Солтан, Аққошқарларды, тағы басқа бірнеше рулардың билерін шақырды. Бұл Нұра бойында тұратын билердің көптен бері болмаған үлкен жиыны болды. Телқозы да аянып қалған жоқ. Елуден астам киіз үй тігіп билерді қарсы алды. Оларды неге шақырып жатқанын әуелінде айтпаған еді. Билер ояздың өкілі шақырып жатыр деген соң бір кісідей болып келген. Болыстар, билер жайғасқан соң Герасимов отырып сөз бастады.

– Губернатордың бұйрығы бойынша болыстар іріленіп жатыр. Осы Нұра бойындағы болыстардың бәрі бұдан былай «Сарыарқа» атанып, соған кіреді.

Бұл сөз әр-әр болысқа өздерінің тәуірлерін сайлап үйренген билердің көңілдерінен шықпады. Алайда, олар ояз өкіліне қарсы не айтарларын білмей отырып қалды.

Бекәлі кеткелі пәлен жылдан бері болыс болып әбден үйреніп алған, Айтқожа-Қарпық болысын билейтін Қабайдың есі шығып кеткендей болды. Ол Ыбырайға пара берудің арқасында Бекәлі кеткелі болыстан шықпай келе жатқан. Көп жыл болыс болғандықтан ел арасында беделі бар еді. Даусы өктем, қаттырақ шықты.

– Сендер немене, болыс сайлауды ойынға айналдырып алғансыңдар ма?

Герасимов та оған тісін басып жүр еді, өзін адамға санамайтынын Герасимов білетін, ол тұрып айтты:

– Қабай, әлі тойған жоқсың ба, сенің дем алатын уақытың болды ғой.

– Менің жұмысыма кояр қандай кінәң бар, салық жинау жоспарын артығымен орындаймын…

Ол кезде жоғары жақ салық жинауға айрықша көніл бөлетін. Сондықтан әлгі сөзді Қабай әдейі айтып тұрған.

– Саған кояр ешқандай кінәміз жоқ. Мен саған болыстар іріленіп жатқанын айтып отырмын ғой.

– Ендеше сол болысты мен басқарамын.

– Ояз оған тұратын адамды белгілеп қойған. Ол мына алдарыңда отырған Шоң Телқозин.

Бір сәт үндемей отырып қалған болыстар біріне-бірі қарап алды да, жарыса сөйлеп кетті: «Бұл жақта ел басқаратын адам жоқ па, ояз өз адамын неге жібереді?» – деген сөздер жан-жақтан жауып кетті.

– Шоң Телқозин сендерге бөтен адам емес, осы Тоқаның баласы. Сендерден артық бір қасиеті бар. Ол орысша біледі. Жоғарыдан келген бастықтармен сөйлесе алады. Сауатты. Ақыл жағынан да көбіңнен алда тұр.

Мына «ақылы да сендердің көбіңнен алда тұр» деген сөз намысына тиді ме, біреу отырып айтқан:

– Біз өз көңілімізден шыққан адамды сайлаймыз. Қанша орысша біледі деп тықпалағанымен, мұндай адамның бізге керегі жоқ.

– Мен айтып отырмын ғой, губернатордың бұйрығы бойынша болыстар ірілендіріліп жатыр. Ал оған болыс кім болатын ояз шешеді. Ол жаңа болысты басқаруға Шоң Телқозинді қалап отыр.

Қабай ғана емес, көп болыстар өз қызметінен айырылғанын білді. Мынау олар күтпеген жаналық еді. Естері шығып кеткендей болды. Жиналғандар енді ашық реніш білдіре бастады. Әсіресе, болыстықтан айрылғалы отырғандары қатты-қатты сөздер айтқан. Қазақшаға судай және қазақ мінезін жақсы білетін Герасимов орнынан тұрып айқай салды:

– Сіздер немене, губернатор бұйрығына қарсысыздар ма?!

Мынау сөз оларды біраз басып тастағандай еді. Жиналғандар бір сәт үндемей қалды. Герасимов сөзін әрі қарай жалғады:

– Ояз бұл болысқа болыс етіп Шоң Телқозинді ұсынып отыр дедім ғой. Соған дауыс бересіңдер. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ!

– Сіздер де өз қалағандарыңызды болыстыққа ұсына берініздер, – деді Шоң. Бұл сөзді жиналғандардың көніл-күйіне қарай айтып отыр еді ол. Герасимов Шоңның мынасын жақтырмай қалды, ол сөзін әрі қарай жалғады.

– Естеріңде болсын, қазір ояз ешқандай сайлаусыз-ақ губернатормен ақылдасып болысты өзі тағайындайды. Сіздердің алдарыңа ояздың өзі қалаған адамды жіберіп, ақылдасып отырғанына рахмет айтыңыздар. Түсініңіздер!

Әлгі Шоң сөзі себеп болды ма, енді мына айтқан Герасимов сөзіне мән бермей билер бірінен соң бір тұрып, өздерінін тәуірлерін атай бастады. Бәрі айтып болған соң Герасимов қайыра орнынан көтеріліп:

– Естеріңізде болсын, біз бұрынғыдай көп болыс емес, бір-ақ болыс сайлағалы жатырмыз. Сол себепті, мына адамдардың санын азайтыңыздар. Тандаған бір-ақ адамдарыңды кіргізіңіздер – деді. Герасимов бұл сөзді амалсыздан әрі қулықпен айтып отыр еді. Герасимов егер Шоңнан басқа біреуді сайлап барса, Карбышевтің күн көрсетпейтінін білді. Сонда да Шоңның мына айтқанына ешқандай амалы қалмағандықтан, еріксіз көніп отыр еді.

Герасимовтың әлгі айтқан сөзі олардың тілектерінен шықпай отырған. Ояз жіберіп отырған адамға қарсы да шыға алмады, бір жағынан. Ақыры ақылдаса келіп, елдің мықтылары төре болғандықтан, жеңсе осы жеңеді деп Қабайды қалдырды. Өйткені, орыстардың қазақтан гөрі төрелерге жақсы қарайтынын білетін. Жоғары жақтың да төрелерге көзқарасы өзгере бастағанын бұлар әлі білмейтін. Оңаша ақылдаса келіп, дауысқа түсетін Шоң мен Қабайға тоқтаған. Қанша дегенмен Қабай – төре, оның сондықтан да бұл жерде билердің арасында беделі бар еді.

Герасимов тұрып тағы қайталап айтқан:

– Болыстыққа ояз Шоңды ұсынып отыр. Соны естен шығармаңдар. Дұрысқа көшіңіздер. Оны жасамасаңыздар, басқа тәртіп болады. Осыны есте сақтаңдар.

Герасимов аузынан мына сөзді естігенде жиналғандар корқып кетті.

– Ол қандай тәртіп? – деді бір би отырып.

– Омбыдан, Ақмоладан жіберілген өкілдер басқарады.

Дуан орнына ояз басқарғаннан кейін ел арасында болыстарды да орыстар басқаратын тәрізді өсек шығып жүрген еді. Ел арасында тарай бастаған сол сөз көптен бері билердің бастарына мықтап орнап қалғандай еді.

Құлымбет руының би Лау орнынан тұрып:

– Ежелден болыс сайлауын жергілікті жердегі билер сайлайтын. Бұл әуелден келе жатқан тәртіп, қазақтың хандарын да баяғыда солай сайлаған. Заман өзгерген соң, амал өзгереді екен. Орыс жіберіп отырғанымен Шоңнан қашпаңдар. Шоң да бізге бөтен емес қой, кешегі Жанкелді бидің ұрпағы. Соны естен шығармаңдар. Сол жағын да ескеріңдер.

Қабай тұрып айтқан:

– Сендер түсініңдер, орыс ойына келгенді жасап отыр. Бұл Нұра бойында отырғандардың бәрі қазақ. Өз тәртібімізбен өткізейік. Орысша тәрбиеленген Шоңның қазаққа жаны ашымайды. Оны естеріңнен шығармандар!

Шоң осы арада шыдай алмай кетті де:

– Қара қазақтың төрелерден тауып отырған жақсылығы жоқ. Пәлен жүз жыл төрелер басқарды. Қабеке, сіз не айтып тұрсыз осы? Төрелер басқарғанда да жетіскеніміз белгілі ғой. Ақыры орыстарға тәуелді болып қалдық. Мен өзім сұранып келгем жоқ. Сол орыстар жіберіп отыр.

Лау тұрып тағы да:

– Шоң дұрыс айтады. Пәлен жүз жыл төрелер басқарды. Жеткеніміз белгілі, ең ақыры өзбектен де қалып қойдық. Қисыққа кете бермей, дұрысқа көшіңдер. Шоң орыс емес қой, кешегі арамызда өскен бала. Орысша тәрбие алды. Бұл заманда оның пайдасынан басқа зияны жоқ.

Герасимов оны қостай кетіп:

– Ол басқа заман, бұл басқа уақыт. Енді орыстардың айтқанымен жүресіздер. Турасын айтқанда, жоғары жаққа кім ұнайды, соған дауыс бересіздер. Олай болмаса оязға барып шағым жасаңдар. Ал қазір менің айтқанымды жасайсыңдар!

Дауыс беру басталды. Санап келгенде екі дауыс Шоңға артық беріліпті.

Герасимов бұған қуанып, ризашылық айтқан:

– Сіздердің Телқозинды қолдағандарыңыз үшін рахмет!

– Жаңағы сөзіңе қарағанда бәрін бүлдіріп отырған сен, Лау мырзасың, – деді Қабай.

– Иә, мен Шоңды жақтап алдым.

«Алда Телқозының баласынан көрешекті көресіңдер. Бұл орыстарға берілген адам» – Осындай сөздермен сайлау алдында Қабай біраз адамды өзіне қаратып алған. Біраз адамдардың оған дауыс беруі содан болатын. Әйтпесе, Тоқадан шыққан Шоңға бәрі дерлік дауыс беретін еді. Әлгі сөзімен Қабай біраз билерді өз жағына шығарып алғанын Лау да біліп тұр еді. Соған орай айтқан:

– Қабай, сен Қоңырқұлжа өлер алдында сайландың. Сенен көрген жақсылығымыз шамалы. Жыл сайын Ақмола базарына мыңдап мал апарып сатасың. Елден пара алдың. Іргеңде отырған менің өзімнен талай жылқы айдап алдың. Елді тонап бітірдің. Енді келіп мынадай сөз айтып тұрғаның не?

Қабайда да төрелерге тән кеуде бар еді. Ол да орнынан тұрып, Лауға біраз сөздер айтып тастады. Қабай жақтан тағы бір-екі адам сөйлей бастап еді. Герасимов өзінің мужиктігіне салып, орысшалап әлгілерді боқтап алды. Өңкей орысша білмейтін қазақтар оның сөзіне түсінген жоқ. Бірақ та ояз өкілінің қатты ашуланып қалғанын сезді де, бәрі де жым болды. Бұл келісімнің белгісі еді. Бұған қарсы ешкім дау айта алмады. Герасимовтың айтқаны болды. Болыс сайлауы осылай Шоңның пайдасына шешілді.

Телқозы орынап тұрып:

– Шоңның болыс болу кұрметіне азын-аулақ той жасамақ едік, сонда болыңдар бәрің, – деді. Оның сөзін естімегендей, Қабай бастаған бір топ адам кетіп қалды. Бұлар орнынан босаған болыстар еді. Қалғандары ымырт жабылғанша тойлап, олар да кетті.

Ертеңіне Герасимов жүретін боп жатқанда Телқозы оның жетегіне күміс ертоқымды бір жүйрік атын әкеп байлаған еді. Шоң мұны көріп қатты ашуланды:

– Мынауымыз мен пара беріп сайланғандай болдым ғой. Ертеңгі күні қазірдің өзінде жанжал шығарып отырған адамдарға не айтасың?! Мына қылығыңмен мені де, өзіңді де, Герасимовты да ұятқа қалдырып отырсың.

– Бұл мына орыстың енбегіне берген сыйлығым еді…

Герасимов Шоңның талай даулы мәселелерін шешіп, ештеңе алмайтынын, тіпті елдің кигізген шапанын да кимейтінін білетін. Алғысы кеп тұрған ол әлгі Шоң сөзінен кейін алмады. Оңашада Телқозыға айтқан:

– Сіз қалаға жиі келіп тұрасыз ғой. Бір келгенде алып келерсіз.

Телқозы оның бұл сөзді әлгі Шоңға ренішіне байланысты айтып тұрғанын түсінді. Ол оның бұл айтқанына келіскен еді.

Болыс сайлауын ойлағандай өткізіп Герасимов кеткен. Ол кеткен соң Шоң әкесіне айтқан:

– Әлгінде оған күміс ертоқымды атты неге ұсындың. Олай жасап орыстарды жаман үйретесің ғой…

– Бір жылқыда тұрған не бар. Береген қол алаған болады, – деді.

Шоң әкесінің сөзінде қандай мән жатқанын түсінді. «Ертең сен де аласыңды» айтып тұрғанын ұқты.

– Мен елден бір үзік жіп алмаймын.

– Оны жасамасаң болыс болып ұзақ істей алмайсың.

– Неге олай дейсіз?

– Алмасаң сенің дұшандарың көбейеді. Сенің алмағаныңды басқаша ойлайды…

Шоң әкесінің мына айтқанында қандай мағына жатқанын түсінді. Көп тұра алмайсың деген мән жатыр еді. Шоң «алмаймынмен» бір сөзбен ғана жауап берді. Шоң жүріп кетті. Орнынан тұрып, Телқозы дауыстады:

 

– Қайда бара жатырсың?

– Үлкен әкемнің басына барып құран оқып қайтамын.

– Мен де сенімен бірге барып оқиын.

– Қажеті жоқ, – деді Шоң.

Телқозы баласының әлгі ояз өкіліне ат мінгізбегеніне өкініп тұрып қалды. Бұл алғашқыда ғой, кейін үйренеді деген корытындыға келген.

Екі күн өткен соң Шоңдарға жақын Айтқожа, Барғана, Сатыпалдының сорпа бетіне шығатындарын шақырған Телқозы. Олардың бәрінің жетегінде бір-бір күміс ертоқымды аттар бар еді. Шоң олардың бәрін есік алдында тұрып қарсы алған. Аттарды көріп айтқан:

– Бұл аттарды не үшін әкелдіңіздер?

– Бауырым, мынадай қуанышта бір-бір ат мінгізу міндетіміз ғой, – деді Айтқожаның тәуірі, сексенді алқымдап отырған Бектас.

– Мен болыс болмай тұрғанда неге әкелмедіңдер?

– Қатарынан озып ел билеуге шыққанда осындай ат мінгізу ежелден келе жатқан халық дәстүрі.

– Сіздер дәстүр дейсіздер, ертең біреулеріңіз мұны пара дейді. Маған көп аттың керегі жоқ, осы аттарыңның ішінен Лау әкемнің атын алайын. Маған бір ат та жетеді. Қалғанын өздеріңіз алып қайтыңыздар!

– Шоң бауырым, алып келген сыйымызды алып қайтың не? – деді Бектас.

– Елдің азып, тозуы осыдан басталады. – Шоңның бұл сөзіне көпшілігі түсінбей калды.

Телқозы келгендердің бәрін дастарханға шақырды. Ел етке тойып, қымыз ішіп болған кезде Шоң тұрып айтты:

– Менің сіздерге бір сөзім бар.

Елең ете қалып, құлақ тосқан жиналғандар.

– Осы отырған үш рудың адамдары Нұра жағасына жиналып бірнеше ауыл болып отырсыздар. – Қай жер екенін де айтқан – Құлымбеттер отырған Нұра мен Құндыздының қиылысқан жерінде. – Енді бір топтарыңыз Аққошқарлар отырған жерге барып қоныстаныңыздар, – деді.

Шоңның бұлай деуінде бір сыр бар еді – қалың қазақ жиналып отырған жерге орыстардың бармайтынына оның көзі анық жеткен. Темештер даулы жерге қоныстанған соң Елизаветовка заемкасын салудан Карбышев бас тартқан. Нұра бойында сондай тұтасып отырған үлкен ауыл ету ойы болатын Шоңның. Солай жасаса өзен бойына бір орыс келіп қоныстанбайтынына көзі жеткендей болған. Мына сөзді содан кейін айтып тұр еді ол.

Шоңның мына айтқаны елдің көңіліне қонбайтындай сөз еді. Үш рудың тәуірлері қорқып кетті. Қыбыр-сыбыр көбейді. Шоң өздері еркін отырып сөйлессін деп сыртқа шығып кеткен. Біреу отырып айтты: «Мынау ана ояздың айтқанын жасап болыс болған ғой. Расында, Қабай айтқандай, шын орыс болып кеткен шығар».

Шоң қайта кіргенде бір би отырып:

– Өзіміз де бір ауыл болып отырмыз ғой, – деді.

– Екі-үш үйден отырған ауыл болмайды, отыз, елу үйден үлкен ауыл болып отыру керек. Елдігімізді сақтап қалу үшін солай болып отырған жөн. Сіздер әлі алда болатын жағдайды түсінбейсіздер. Орыс келіп жатыр. Нұра бойындағы жақсы жерлерді алып қояды. Анау Темештердің қасына қоныстанған, мына Жабағылардың іргесіне де келіп қоныстанғанын көрдіңіздер ғой. Бұл бастамасы ғана. Әлі сан үй орыс көшіп келеді. Нұра жағасына топталып отырсаңдар кіре алмайды. Елу үйден кем болып отырмаңыздар. Олай болмаса ертең жерден айырыласыздар, елдіктен кетесіздер.

Бір би отырып:

– Шоң шырағым, Жабағылар жанына сол орыстарды әкеп қоныстандырған өзің емес пе едің?

– Ағасы, менде ешқандай билік жоқ. Ояз апарып қоныстандыр деді. Мен айтқанын жасадым. Басқа менде билік жоқ. Сізді қойса да соны жасайсыз. Басқа амал жоқ. Ертеңгі күні осылай шашырап отыра берсеңіздер тағы да көшіп келеді. Сонда нулы-сулы Нұраның жағасынан айрыласыздар.

– Сен енді болыс болдың, ана жоғарыда отырған орыстарға айтпайсың ба?

– Олар менің тілімді алмайды. Ал сіздер сол Нұра жағасына барып отырып алсаңыздар, ештеңе жасай алмайды.

– Ендеше болыс болып неге келдің?

– Болыс болғаныммен ол менің қолымнан келетін шаруа емес. Орыстарды қоныстандыруды жоғары жақ жүрізеді. Бұл менің сіздерді сақтандырғаным. Жақсы жерлерден айрылып қалмаңыздар деймін.

Шоңның бұл сөзіне ешқайсы сенбеді. Әлгі сөздің бәрін орыстар Шоңға саясатпен айтқызып отыр деп ойлады. Осыдан кейін ел көп отырмады, орындарынан тұра бастады. Сайлауда Шоңға көңілдес болып дауыс бергендердің өзі Шоңның мына сөзінен кейін бір пәленің бетін көргендей болды. Шоңның соңғы сөзіне ешқандай жауап бермей жиналғандар ауыл-ауылдарына тарап кеткен. Баласының мына сөзі Телқозыға да ұнамады. Ел түгел тарап, онаша қалған соң ол сөз бастаған болатын:

– Сенің елге әлгі айтып отырғаның не? Орыстар солай деп отыр ма?

– Ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Бұл менің өз ойым. Тоқалар Нұра бойында бірнеше үлкен ауыл болып отыруы керек. Орыстар екі-үш үйден отырған үйлерді ауыл демейді. Ертеңгі күні қастарына келіп он үйден, жиырма үйден қоныстанып алады да, сол жерден қуып шығады. Көптің аты көп. Үлкен ауыл болып отырсаңдар, ештеңе айта алмайды. Орыс келіп қасыңа қоныстанса тілден, салттан айрыласыңдар. Одан айрылсаңдар, елдіктен айрыласыңдар. Бәріміз орыс болып кетеміз. Малға да, тұрмысқа да жайлы Жанкелді тұқымдарынан бастап Нұра бойына көшіп барыңдар, – деді Шоң.

Мына сөзді естігенде Телқозы шошып кеткендей болған. Аузына сөз түспегендей отырып қалды да, біраздан кейін айтқан:

– Мен ата қонысымнан ешқайда кетпеймін…

– Заман соны талап етіп отыр. Көрдіңіз ғой, мына Жабағылар қасына орыстар көшіп келді. Ертеңгі күні олар үлкен ауыл болып отыру үшін ана ояз тағы әкеледі. Анау Ақмолаға да жақын, Нұра жағасына да орыстар қоныстанып жатыр. Бұл жаққа, Қараағашқа да келуі мүмкін. Мен айтқанды жасамасаңдар ертең елдіктен айрыласыңдар, соны айтып отырмын ғой, сізге. Немерелерің орыстан әйел алып, тіліңді, дініңді жоғалтып, орыс болып кетесіңдер. Сондықтан мен айтқан, қырық-елу үйден аз болмай отырыңдар. Сонда ғана елдіктеріңді сақтап қаласындар. Ру-руға бөлініп отырудың қажеті жоқ. Бүкіл Сатыбалдыға қарайтындарың бір жерге отырыңдар.

Шоңның мына сөзі Телқозының көңілінен шықпады. Анау Ақмолада отырған бастығының айтқанын жасағысы келіп отырғанын болжаған ол:

– Сен болыс болып осыны айту үшін келдің бе? Бүкіл елді үркітіп жібердің. Ертең болыс болып қалай істейсің? Бір адам сенің тіліңді алмайтын болады. Мына сөзіңмен билерді өзіңе қарсы коясың. – Ашулы Телқозы орнынан тұрып кетті. – Барсаң, сол Нұра бойына жалғыз өзің бар. Жанкелді ұрпақтары осы жерде отырады. – Ол болмастан әкесін қайта отырғызды.

– Мен айтып отырмын ғой, ең суы мол Нұра бойы. Сусыз жерде тіршілік жақсы болмайды.

– Жайылымды қайтесің?

– Орыс сусыз сенің жайылымыңа келіп таласпайды. Оларға алдымен су керек. Шаруашылығының бәрін соған реттеп жүргізеді. Бұл қасиет олардың қанында бар. Тоқалар жаппай сиғанша Нұра бойына қоныстану керек. Олай жасамасаңдар енді бір елу жылда Нұра бойында Тоқаларға жер қалмайды. Бәріне орыстар қоныстанып алады. Амалсыздан қазіргі отырған ана Құлымбет, Тілендердің өзі қырға шығып кетеді. Олар келмей тұрғанда менің айтқанымды жасаңдар!

– Сонда малды қайтеміз? – Алдында қойған сұрағын тағы қойды.

– Малды осы жерде қалдырыңдар. Бұл ара малға кең жайлау болып қалады, бұрынғыша. Ауыл Нұра бойында болуы керек. Сонда араларымызға орыстар келіп кіре алмайды. Айтып отырмын ғой, енді біраз жылдан кейін өзен бойына орыстар қаптап кетеді. Анау Жабағылардың қасына келгендер бастамасы ғана. Келешекте қазақ бір малмен өмір сүре алмайды. Мал бір жұттық ғана. Орыстар тәрізді егін егіп, огород салу керек.

– Ел дұрыс айтады, орыстарды көшіріп әкелген сенсің дейді. Бұл шындық. Енді оған көзім жетіп отыр.

– Менің қолымнан келсе, бұл жаққа бір орысты жібермес едім. Ол ана жоғарыда отырған орыстардың жасап отырғаны ғой. Біз оларға қарсы келе алмаймыз. Өйткені, біз оларға бағынышты халықпыз.

Телқозы Шоңның айтқанына сене қоймады. Іштей жалғанға болжаған еді. Әбден орысша оқып, басы айналып кеткен деген корытындыға келген-ді. Баласының мына сөзі оның көнілінен шықпады. «Анау орыс бастықтары осындай айтқанын жасағаны үшін әдейі болыс сайлап отыр ғой». Телқозы енді ашуға беріле сөйлеп кетті:

– Сен бұл шаруаны орыстарға жағыну үшін жасап отырсың ғой. Ежелден аталарымыз осылай отырған. Орыс келсе келе берсін. Бізге түк жасай алмайды. Есі дұрыс орыс біздің арамызға келіп отырмайды.

– Телқозы, есіңде болсын, атамыздың тіршілігі ертеңге келмейді. Біздің балаларымызды басқа өмір күтіп тұр. Қазірден бастап өзіміз де ыңғайлана беруіміз керек. Орыс келсе жерден ғана емес, елдіктен айрыласыздар деп отырмын ғой. Қалай түсінбейсің? – Тағы да толып жатқан дәлелдер келтірді. Телқозы баласының айтқанына мойын бұрмады. Баласының мына айтып отырғаны бос сөздей болып көрінген оған. Орысша оқудың әсері деп бағалаған. Енді осыны орысша оқытқанына өкінгендей болды. Шоң әкесіне ақыры түсіндіре алмай қойған. Басқалар түсініп, басқалар бастаса Жанкелді тұқымы да ешқайда кетпейді деген қорытындыға келген еді Шоң. Содан кейін аулында екі-үш күн болып Нұра жағасында отырған аз ауыл Жабағыларға келді. Ойы – Сегізкөңде отырған Жабағылар мен оларға іргелес отырған Елгелділерді Нұра бойына, Қожамжар қасына тарту болатын.

Купите 3 книги одновременно и выберите четвёртую в подарок!

Чтобы воспользоваться акцией, добавьте нужные книги в корзину. Сделать это можно на странице каждой книги, либо в общем списке:

  1. Нажмите на многоточие
    рядом с книгой
  2. Выберите пункт
    «Добавить в корзину»